Алла Тағала «Нахыл» сүресінің: «Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине олар түсінер»,– деген аятында, пайғамбардың Құран аяттарын баяндайтындығы айтылған. Осы тұста «пайғамбар Құран Кәрімнің барлық аяттарын тәпсірлеп, ондағы барлық үкімдерді баяндаған ба? Әлде, кейбір аяттардың ғана тәпсірі мен үкімдерін баяндаған ба?» – деген сұрақ туындайды.
Ғалымдар бұл тұрғыда ортақ пікірге келмеген. Ибн Тәймия секілді ғалымдар, пайғамбардың (с.а.с) сахабаларына Құран Кәрімнің барлық аяттары мен сөздерінің мағыналарын баяндап кеткендігін айтса, имам әс-Суюути сынды ғалымдар, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларына Құран Кәрімнің аз ғана бөлігін баяндап кеткендігін алға тартады. Пайғамбардың (с.а.с.) Құран Кәрімнің барлық аяттарын баяндап кеткендігін айтқан топтың дәлелдері:
1. Алла Тағала: «Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине олар түсінер» («Нахыл» сүресі, 44),– деген аятында, пайғамбарына «Құранның аяттары мен сөздерінің мағыналарын ашық баян етерсің» деп айтуда. Егер, олай жасамағанда, пайғамбар өз міндетін толық атқармаған болады.
2. Убәй Абдуррахман әс-Саламиден жеткен деректе, ол: «Бізге Құран үйреткен Осман ибн Аффан, Абдуллаһ ибн Масғуд секілді тұлғалар пайғамбарымыздан Құранның он аятын үйренсе, соның ішіндегі ілім мен тағылымдарды көңілдеріне түймей әрі қарай жалғастырмайтын. Олар: «Құранды және ондағы ілім мен амалдың барлығын үйрендік дейтін»,– деген.
Сол үшін де олар ұзақ уақыт Құран жаттаған. Имам Мәликтің «Муатта» еңбегінде, Ибн Омардың «Бақара» сүресін жаттау үшін сегіз жыл өмірін арнағандығы айтылған. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мұхаммед с.а.с.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінулерің үшін» («Сад» сүресі, 29),– дейді.
Ал, Құран аяттарын түсіну – оның мағыналарын ұғыну арқылы болатыны сөзсіз. Сахабалардың Құран аяттарын түсінбей оқуы һәм түсінбей жаттауы мүмкін емес екендігі белгілі.
3. Әдетте, медицина, есеп-қисап секілді, қандай болмасын бір саланың кітабы толықтай түсіндірілмеуі мүмкін емес. Ал, оның қасында, адамзаттың дүние мен ақиреттегі бақыты қамтылған Алланың сөзі қалай толық түсіндірілмейді?!
4. Имам Ахмед, Ибн Мәжә Омардың (р.а.): «Ең соңғы түскен өсімге қатысты аят болатын. Алланың елшісі (с.а.с.) оны тәпсірлемей тұрып дүние салған еді»,– дегенін жеткізеді. Яғни, Алла елшісінің (с.а.с.) аят түскеннен кейін көп уақыт өтпей дүние салуы себепті, осы аяттың баяндалмай қалуы, пайғамбардың (с.а.с.) әрбір түскен аятты тәпсірлеп отыратындығына анық дәлел.
Пайғамбардың (с.а.с.) Құран Кәрімнің аз ғана бөлігін баяндап кеткендігін алға тартқан топтың дәлелдері:
1. Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) Құранның Жәбірейіл үйреткен санаулы аяттарын ғана тәпсірлеген болатын»,– дейді.
2. Алла Тағала, пенделері Құран аяттарына пікір жүгіртулері үшін пайғамбарына барлық аяттардың мағынасын баяндауды бұйырмаған.
3. Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына Құран Кәрімнің барлығын баяндаған болса, Ибн Аббас үшін: «Иә, Алла оған дінде терең түсінік бер және тәуилді (Құран тәпсірін) үйрет»,– деп дұға қылмас еді.
Мұхаммед Хусейн әз-Зәһәби аталған екі топтан әсірелеу байқалатындығын айтып, олардың сүйенген дәлелдерін былайша талқылайды: «Пайғамбар Құранның барлық аяттары мен сөздерін түсіндіріп кетті»,– деген пікірді ұстанған Ибн Тәймия секілді ғалымдар дәлел қылған: «Адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің» аяты, олардың ұстанымына нақты айғақ бола алмайды. Өйткені, бұл аяттағы «пайғамбардың баяндауы» – Құран аяттарының барлығын қамтымай, тек түсініксіз, мағынасы анық болмаған тұстарын ғана түсіндіруін ұғындырады. Ал, Осман ибн Аффан, Абдуллаһ ибн Масғуд секілді сахабалар Алла елшісінен (с.а.с.) Құранның он аятын үйренсе, ондағы тағылымдарды көңілдеріне түймей, ары қарай жалғастырмағандығы, олардың, аяттардың жалпылама мағынасын пайғамбардан үйренгені секілді, басқа сахабалар мен өз түсініктеріне де сүйенген болуы мүмкін.
Үшінші дәлелдері – белгілі бір саланың кітаптары түсінікті болғанындай, Құранның да түсінікті болуы тек пайғамбардың түсіндіруімен шектелмейді. Өйткені, Құран аяттарының пайғамбар дәуірінен кейін де сахабалардың және пайғамбардың мұрагерлері болған ғұламалар тарапынан кейбір сырлары ашылғаны белгілі. Ал, төртінші дәлелдеріне келсек, ең соңғы түскен өсімге қатысты аятты Алла елшісінің (с.а.с.) тәпсірлемей тұрып дүние салуы, оның әрбір түскен аятты тәпсірлеп отыратындығына анық дәлел емес. Өйткені, кейбір мағынасы түсініксіз болған аяттар секілді, осы аяттың да мағынасын түсіне алмаған сахабалардың, пайғамбарға жүгінулеріне тура келуі мүмкін. Пайғамбардың (с.а.с.) Құран Кәрімнің аз ғана бөлігін баяндап кеткендігін алға тартқан екінші топтың дәлелдеріне келсек, олардың сүйенген бірінші дәлелі, яғни Айша анамыздан келген риуаят, көпшілік хадис ғалымдары тарапынан қабылданбаған. Бұл хадис «мункәр ғариб», себебі тізбегінде хадистанушылар тарапынан мін тағылған – Мұхаммед Жағфар әз-Зубәйри бар. Ол жайлы әл-Бұхари: «хадисіне жүгінілмейді»,– деген.
Өзге ғалымдар да оның хадисі қабылданбайтындығын айтқан. Кейбір ғалымдар, егер бұл хадисті дұрыс деп қабылдайтын болсақ, онда ол Құрандағы ғайып мәселелеріне қатысты айтылған дейді. Сол секілді, басқа сүйенген дәлелдері де нақты дәлел бола алмайды. Ендеше екі көзқарастың ортасын ұстанар болса, дұрыс хадистер жинағында келгені секілді, Алланың елшісі (с.а.с.) Құран Кәрімнің көптеген аяттарын баяндаған. Алайда, барлық Құран аяттарын тәпсірледі деп айта алмаймыз. Өйткені Құранда Алла Тағаланың ілімімен жасырылған, тек Алланың ғалым пенделерімен ғана мәлім болатын, араб тілділердің ғана түсіндіруімен айқындалатын және түсінігі ешкімге қиындық тудырмайтын мағыналар бар.
Ибн Жарирдің риуаятында Ибн Аббас: «Тәпсірдің төрт жағы бар: Арабтардың өз тілдерімен ұғынуы (Құран араб тілінде болғандықтан арабтардың түсінуі), Түсінігі ешкімге қиыншылық тудырмайтын тұсы, Ғұламаларға ғана мәлім болған тарабы және Алла Тағаладан басқаға белгілі болмаған жағы»,– дейді.
Пайғамбар (с.а.с.) арабтарға ұғынықты болатын аяттар мен сөздерді тәпсірлеп жатпады, себебі Құран араб тілінде түскен еді. Сол секілді түсінігі ешкімге ауыр келмейтін, мағынасы анық аяттарды да түсіндірмегендігі белгілі. Сонымен қатар, қиямет, рух секілді Алла Тағаладан басқа ешкімге мәлім болмаған ғайып мәселелерін қамтыған аяттар жайлы да көп сөз қозғамаған. Ал, ғалымдардың түсінігіне қалдырылған немесе ғалымдардың ижтиһады және мағынасы көмескі аяттарды айқындау, жалпылама айтылған аяттарды жалқылау секілді жолдармен жүзеге асатын аяттарды баяндаған. Пайғамбардың (с.а.с.) барлық Құран аяттарын тәпсірлемегендігіне, сахабалардың кейбір аяттардың тәпсірінде бір ауыздан келісе алмағандығы дәлел болады. Олар Алла елшісі (с.а.с.) баяндап кеткенде, бұндай пікір қарама-қайшылығына түспес еді.
Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін көптеген ғалымдар Құранға түсініктеме ретінде том-том кітаптар жазған. Алайда, ол ғалымдар да, қиямет күніне дейін келетін тәпсіршілерде өз еңбектерін пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеттерін негізге ала отырып жазары сөзсіз. Өйткені пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті Құран сынды, оған Алла тарапынан берілген уахи болып табылады. Яғни, Алла Тағала уахи жолымен түсірген кітабын тек сол уахи жолымен түсіндіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені – көкейіне салынған уахи ғана» («Нәжім» сүрсі, 3-4),– дейді. Сондықтан Алла елшісінің (с.а.с.) дінге, шариғатқа қатысты әр сөзі, әрбір іс-қимылы, оның жүрегіне түсірілген уахи болып табылады.
Құран аяттарының басым бөлігі мағына жағынан жалпылама түрде берілген. Мысалы, Алла Тағала Құранда мұсылмандарға намаз оқуды, ораза ұстауды, зекет беруді және қажылыққа баруды бұйырған. Аталмыш құлшылықтар мұсылман адам үшін өте маңызды, өйткені олар исламның парыздарынан екені белгілі. Солай бола тұра, Құранда намаздың күніне неше мәрте, қанша ракағат оқылатындығы, үкімдері, яғни оны бұзатын және бұзбайтын жағдайлары мен парыздары айтылмаған. Сондайақ, Құранда ораза, зекет және қажылыққа қатысты үкімдер де толығымен баяндалмаған. Осы секілді Құранда баяндалмаған көптеген маңызды үкімдерді сүннеттен ғана табамыз. Сондықтан, имам әл-Әузағи: «Сүннеттің Кітапқа (яғни Құранға) мұқтаждығына қарағанда, Кітап та сүннетке аса мұқтаж»,– деген.
материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz