19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 3

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 3

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Сарайда мұсылман болғандардың бірі – хазірет Әсия. Ол хазірет Мұсаға сәби күнінен қамқорлық көрсетіп келген. Мұса пайғамбар сарайға келіп дінге шақырған сәтте-ақ, мұсылман болған еді.

Бірақ Хаман сияқты емес, иман еткенін ашық жария етті. Уағыз жүргізе бастағанда, Перғауын оған өзінің жары болғандықтан, жай ғана тойтарыс беретін. Хазірет Әсия оның бұл тойтарысына құлақ түрмеді. Кейіннен перғауын қатты ашуланып, оны әбден азаптап, көрсетпеген қорлығы қалмайды. Сонда да Әсия өз дегенінен қайтпады. Қатты қиналған Әсия бір күні Хақ Тағалаға: «Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса, әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен сақта. Сондай-ақ залым елден де құтқар»[1], – деп дұға етеді. Ол шейіт болар алдында жәннаттағы рахатқа толы орны көрсетіліп, бұл өмірмен күлімсіреп қоштасты. Хазірет Әсияның Ислам дінінде алар орны ерекше. Ол бес үлкен пайғамбардың біреуін жастайынан өз баласындай, шын ықыласымен тәрбиелеп өсірді. Кейіннен хазірет Мұса пайғамбар болғанда, ең алғаш иман келтіргендердің қатарынан орын алып, оған сүйеу болып, хақ дінді халыққа жаюда ерен еңбек көрсетті.

Мысыр елінің көптеген ер жігіттері перғауынның қаһарынан қорқып иман келтіре алмай бұқпантайлап жүргенде, бұл қаһарман әйел сарайда жүріп-ақ өзінің иман келтіргенін перғауынның алдында жария етіп, оның көрсеткен барлық қорлығына төзімділік таныта білді. Бәзбіреулер балалық шағынан Жақып пайғамбар мен Жүсіп пайғамбар туралы ақиқаттарды естіп өссе де, әрі өздері солардың ұрпағы бола тұра, хазірет Мұсаның мұғжизаларын көре тұра «әлі де күмәндарым бар» деп, тілін кәлимаға келтіре алмай жүргенде, бұл әйел хазірет Мұсаның бір ауыз сөзінен-ақ жүрегі жылып иманға келді. Һәм хазірет Нұхтың, хазірет Лұттың жарлары пайғамбардың әйелі бола тұра иман келтірмегенде, бұл әйел өзін тәңір санаған «шынжыр балақ, шұбар төс» асқан жауыз перғауынның әйелі бола тұра бірден иманға келді. Сол себепті бұл әйелдің Исламдағы орны биік. Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бірде: «Жәннат әйелдерінің бибілері – Хадиша, Фатима, Мәриям және Әсия» – десе, басқа бір хадисте: «Әйелдердің ең ізгілері мына төрт әйел: Мәриям, Әсия, Хадиша және Фатима»[2] – дейді. Хақ Тағала перғауын мен оған табынушылар иманға келмеген соң, ескерту мақсатымен Мысыр еліне қуаңшылық жіберді. Бірақ олар: «Бізді сиқырлау үшін қанша мұғжиза келтірсең де, бәрібір саған иман келтірмейміз», – деп қасарыса түсті. Осыдан барып Мысыр елін сел басты. Бір күні Ніл өзені аяқ астынан тасып қаланы су алып кетті. Мысырлықтар қатты қорқып Мұса пайғамбарға келіп, Хақ тағаладан дұға тілеуін өтінді. Егер алда-жалда осыдан дұға қабыл болып бәрі бұрынғы қалпына келетін болса, бірден иманға келетіндерін айтып сөз берді. Хақ пайғамбар дұға етіп еді, Ніл арнасына түсіп, сахараға жауын жауып, егін мол өнім берді. Алайда кәпірлер осыдан кейін де сөздерінен тайып кетеді. Көп ұзамай Хақ Тағала бұл елге шегіртке жібереді. Сансыз шегірткелер бүкіл қаланы басып қана қоймай, егін даласы мен жайылымдарын түгелдей қырып жеп кетеді. Мысыр елі олардан құтылудың жолын таппай шарасыз қалады. Ақыр соңында Мұса пайғамбарға келіп өлердегі сөздерін айтып уағда қылады. Хазірет Мұса тағы да дұға қылып, шегірткелер жоғалады да, кәпір ел тағы да баяғы әніне басады. Мұнан соң Хақ Тағала оларға биттерді жібереді. Биттер егін атаулымен бүкіл бау-бақшаларына құжынап қана қоймай, адамдардың өздеріне шабуылдап, өне бойларына қандалаша қадалды. Халық қанша тырысса да, биттерден құтыла алмай, қайта Мұса пайғамбардың алдына келуіне тура келеді. Алайда дұға қабыл болып, биттен құтылған кәпір ел қайта әуелгі әуеніне басты. Хақ Тағаланың пәлесі мен нәубетінен құтылған жан болған ба дүниеде?! Сол пәлекеттің артынша Мысыр еліне құрбақалар қаптады. Құрбақаның кірмеген есігі, ұяламаған төрі қалмады. Олардың құрылдаған дауыстарынан мысырлықтар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Ақырында хазірет Мұсаға тағы да жалынып-жалпайып пәледен құтқарсаң, «иманға келеміз» деп ант-су ішті. Алайда дұға қабыл болып, пәледен құтылғанда, олар тағы да екі жүзділікке басты.

Жаббар Ие бұдан соң оларға үлкен азап жіберіп, Ніл өзенін қанға айналдырды. Мысырлықтардың негізгі су көзі осы Ніл еді. Бір күні олар таңертең тұрғанда, Ніл өзенінің қып-қызыл қан болып ағып жатқанын көріп, ақыл-естен айырыла жаздады. Қаладан ішерге бір тамшы су таба алмады. Сол күндері күн де қатты ысып, кәпір ел шөлден қаталап, су іздеп шартарапты шарлады. Құдықтан алған сулары да қанға айналғанын көргенде, шарасыз қалды. Бұл тек кәпірлер үшін ғана еді. Алайда Исрайылдықтар мұндай нәубетті көрген жоқ. Мысырдың кәпір халқының төбесіне төнген осы пәлекеттер шамамен он жыл бойы бірінен-соң бірі айналып келіп тұрды. Әр пәлекет келгенде, хазірет Мұсаға жалынып, пәлекет кетісімен, уәдеден тайып тұрды. Әрі исрайылдықтардың да Мұса пайғамбармен бірге елден кетулеріне рұқсат бермеді. Исрайыл халқының Мысырдан көшуі Перғауын мен оған ерген халқының бұдан былай иманға келмейтінін білген хазірет Мұсаға Хақ Тағаладан халқын түнделетіп Мысырдан көшіріп әкету туралы уахи келді. Алайда әскерін ерткен перғауынның арттарынан өкшелетіп қуатынын, бірақ бұларға еш нәрсе істей алмайтындығын ескертті. Хақ пайғамбар бір түнде исрайыл халқын қаладан жасырын түрде ертіп шығып, Қызыл теңізді бетке алып қашты. Көп ұзамай олардың кеткенінен хабар алған перғауын да әскерін жинап арттарына түсті. Бұл кезде хазірет Мұса мен халқы қаладан ұзап кеткен болатын. Әйтсе де перғауынның оларды қуып жетуге шамасы әлі де болса жеткілікті еді. Өйткені ол сақадай сайланған әскерлерімен шықса, исрайылдықтар бала шаға, жас-кәрісімен, мал-мүлкін алып ілбіп бара жатты.

Хазірет Мұса Қызыл теңізге жақындағанда, арттарынан қуған перғауынның қалың қолы менмұндалап көрінді. Олардың аяғынан шыққан қою шаң қара құйындай яки төніп келе жатқан жауар бұлттай қорқынышты көрінді. Қатты қорыққан Исрайыл халқы хақ пайғамбарға: «Қақпанға өзіміз келіп түстік. «Өз көрін өзі қазды» деген осы емес пе? Алдымыз мынау Қызыл теңіз. Артымызда өкшелеп қуып құмырсқаша қаптап келе жатқан перғауынның қалың қолы. Енді қайттік?» деп қатты састы. Аса сабырлы хақ пайғамбарды халқының бұл сөзі де, перғауынның қалың қолы да титтей сескендіре алмады. Қайта Хақ Тағалаға деген сенімі бұрынғыдан бетер арта түсіп: «Жоқ, әсте олай емес. Расында, Раббым менімен бірге. (Ендеше зәредей алаңдаушы болмаңдар). Маған сөзсіз жол көрсетеді»[3], – деп арыстандай айбаттанып, күндей күркірейді. Алдында асаудай толқығаншет шегі жоқ теңіз тұрса да, артында көптігінен жер қайысқан перғауынның зұлым әскері келе жатса да, үмітін үзбеді. Хақ тағалаға терең тәуекел ету – пайғамбарларға ғана тән қасиет[4]. Әне-міне дегенше болған жоқ перғауын әскерлері ат шаптырым жерге келіп те қалды. Сол сәтте Хақ Тағаладан хазірет Мұсаға: «Асатаяғыңмен теңізді ұр!»[5] – деген уахи келді. Мұса пайғамбар аса таяғымен теңізді ұрған кезде асау толқын ортасынан қақ жарылып даңғыл жол ашылды. Исрайыл халқы дереу сол жолмен суыт жүріп теңіздің арғы бетіне өте шықты. Осы кезде перғауын да, оның әскері де теңіздің таудай толқындары жол ашып тұрғанын көріп, оның мұғжиза екендігіне көзі жетсе де, сол теңізден ашылған жолмен оларды өкшелеп қуа берді. Исрайыл халқы түгелдей жағалауға шыққанда бұлар да оқ бойы жақындап қалған болатын. Бір кезде Хақ Тағаланың әмірімен теңіз қайта жабыла қалды, перғауын мен оның әскері теңізде кеменің күйреген тақтайларындай әр жерден бір көрініп өлім құшағына еніп бара жатты. Көп ұзамай теңіз баяғы қалпына келді. Перғауын теңіз жолымен жүріп келе жатқанда, екі жағында асқар таудай болып толқып теңіздер тұрған еді. Ол іштей қатты қорықса да, әскерінің алдында беделі түсіп, өзінің пенде екендігін көрсетіп алатын болғандықтан амалсыз кері қайта алмай, осы жолға түскен-тұғын. Перғауын залым болса да, ақымақ, санасыз адам емес-тін. Ол санасыз болса, елін басқара алмайтын еді. Сондықтан хазірет Мұсаның хақ пайғамбар екендігін жақсы білетін. Әсіресе сиқыршылардың аяқ-қолын бір-бірлеп кесіп, азаптап өлтірсе де, олардың «қыңқ» етпей жан үзуі және сүйген жары Әсияның азаптан көз аша алмай өліп бара жатып күлімсіреуі бұған қатты әсер еткен еді. Өзінің немере ағасының да иман келтіргенін сезетін. Бірақ өзі иман келтірейін десе, өз тағынан да, бағынан да айырылып қаламын ба деп қатты қорқатын. Өйткені ол елге «тәңірмін» деп құқайлану арқылы ләззат алатын. Һәм Исрайыл халқы оның құлақ кесті құлдары еді. Енді келіп бір кездері суға ағып бара жатып, өз адамдары арқылы сарайға әкелінген исрайылдық бір баланың артынан еру бұл үшін өлімнен де өткен қорлық еді. Шайтан оның осы осал жерінен мықтап ұстағандықтан ол ақтық деміне дейін нәпсісін жеңе алмады. Осындай ойлар санасында сапырылысып жатқанда, бір кезде артындағы мыңдаған әскерінің құлақ тұндыра шыңғырған жан дауыстары оны селк еткізді. Ол әу баста не болғанын білмей аспанға қарап еді, таудай екі теңіздің өзіне қарай құлдилап құлап келе жатқанын көріп қалды. Ол сонда ғана өлетініне көзі анық жетті. Осы уақытқа дейін бойындағы өзін алдап келген нәпсісі ғайып болды да, ақылшы шайтаны аяқ астынан жоғалып кетті. Ол: сол сәтте дереу сәждеге жығылып: «Исрайыл ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бойсұнушылардан болдым», – деп, өзінің мұсылман болғандығын жариялайды. Алайда шыбын жан шығар сәтте тілін кәлимаға келтіру иман келтіргенге жатпайды. Оның үстіне перғауынның аятта айтылған сөздеріне зер салып қарасаңыз, оның шынайы мұсылман болғаны нақты білінбейді. Ол «Исрайыл ұрпақтары иман келтірген Тәңір», – дейді. Бұл Исрайыл ұрпақтарының ішіндегі қай исрайылдықтарды меңзеген? Өйткені Исрайыл ұрпақтарының ішінде Хақ Тағалаға иман келтірген де, одан өзге бұзауға яки басқаға табынғандар да бар еді. Иман келтіргендерінің өзі Хақ Тағалаға дұрыс сенбейтін. Тұп-тура иман келтіру деп перғауын сиқыршыларының иман келтіруін айтуға болады. Олар кезінде сәждеге жығылып: «Әлемдердің Раббына иман келтірдік. Мұса мен Харунның Раббына», – деген еді.

Бұл жерде олар біріншіден, «Әлемдердің Раббына» деп күллі ғаламзатты жаратқан Жаратушыны айтып тұр. Екіншіден, «Мұса мен Харунның Раббына» дейді. Яғни ол екеуінің пайғамбарлығын мойындаумен бірге соларды жіберген жалғыз Жаратқанға иман келтіріп тұр. Үшіншіден, исрайылдықтар секілді емес, Мұса мен Харун қалай сенсе біз де солай сендік деп ақида-сенімдерінің дұрыстығын меңзеген. Мінеки, бұл жерде сиқыршылардың иманы осы тұрғыдан ең мықты терең иман болатын. Оларды суға тұншықтырса да, отқа күйдірсе де, алған бетінен қайтпайтындықтары осы сөздерінен белгілі. Хақ Тағала: «Сенен кейінгілерге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз»[6], – деп, Мысыр перғауынының денесін кейінгі ұрпаққа ғибрат ретінде сақтады. Құранда Алла Тағала: «Кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық жасаса, ол оны көреді» дегеніндей, перғауынның осы жарамсыз кәлимасы мен сәждесінің өзін оң қадам, кішігірім жақсы амал ретінде бағалап, оның жан қалауын береді. Яғни оның денесін қияметке дейін шірітпей сақтайды. Өйткені перғауындар мәңгі жоқ болып кетуден қорыққан. Өлген соң денелерін мумиялатып пирамидада сақтатуы да сондықтан еді.

Перғауын теңізде өлгенде, Хақ Тағала оның зорлықпен болса да тілмен айтқан иманының құрметіне сай осы тілегін қабыл алып, оның денесін ғасырлар бойы теңіз астында мумиясыз-ақ сақтайды. Кейіннен еуропалық ғалымдар осы перғауынның мумиясын теңіз жағалауын қазып жүріп тауып алады. Перғауын сол сәждеге басын қойған күйінде тұрады. Ғалымдар зерттей келе табылған адамның денесі сол перғауын заманына сәйкес келетіндігін анықтап қатты таңырқайды. Өйткені оның денесі сол күйінде шірімей сақталған болатын. Олар қанша зерттегенмен, ғасырлар бойы мумияланбаған адам денесінің қалай шірімей келгеніне саналары жетпейді. Теңізге батқан перғауынның денесін көп ұзамай теңіз толқыны жағалауға шығарып тастады.

Исрайылұлдары бұл перғауынның жансыз денесін өз көздерімен көрді[7]. Қазіргі таңда Лондонда танымал Британия мұражайында мумиялар бөлімі бар. Мұнда әлгі перғауынның сәждеде жатқан денесі халықтың назарын өзіне аудармай қоймайды.

Бұл денені ағылшын зерттеушілері құм астынан тауып алып, Британия мұражайына қойған. Дене дін аман, дене мүшелері мен ішкі ағзалары түгел. Тіпті, сарғыш шаштары мен сақалдарына дейін сақталған. Тағы бір таңқаларлығы дене мумияланбаған. Әдетте, мумияланатын дененің ішкі ағзалары алынып, арнайы бальзамдалады. Ал мына денеге ешкімнің қолы тимеген. Бұл денені көрген адам «30 ғасыр бойы шірімей, қалай сақталған?» деп ойланбауы, ғибрат алмауы мүмкін емес. Тақтайшаға: «Бұл бағзы заманнан біздің дәуірімізге дейін бальзамсыз бұзылмай жеткен бірден-бір мәйіт. Оның сан ғасыр бойы бальзамсыз сақталусыры: Мәйіт құм астында қалған кезінде ылғал мол болған. Құмдағы ылғалдың кебуі мәйіттің бойындағы судың да сорғуына жағдай жасаған. Құмның бірте-бірте кебуі нәтижесінде Перғауын денесі де бабымен сүрлене бастаған. Осы үрдістер нәтижесінде бұл дененің бүлінбей сақталынуынажақсыжағдай туған»296, – деп жазылған. Алайда бұл жорамал ғана. Бұл жора-малда дұрыс та бар, бұрыс та бар. Анығында, бұл тек Құранның мұғжизасы, әрі оның ақиқат кітап екеніне бірден-бір дәлел.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Тахрим» сүресі, 11

[2] Ахмад ибн Ханбал, 1/293; Хаким, Мустадрак, 3-том. 160-бет

[3] «Шұғара» сүресі, 62

[4] Осындай бір оқиға Мәдина кезеңінде Ор соғысында болған еді. Сол кезде аймақтың барша кәпірі бірігіп, Мәдинаны қоршап алып, сахабалар шарасыз қалған шақта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға көп ұзамай Сасанид және Рим мпериясын

күйретіп өздеріне қарататындығы туралы сүйінші хабар айтқан еді.

[5] «Шұғара» сүресі, 63

[6] «Жүніс» сүресі, 92

[7] Сәғлаби, Қысас, 176; Замахшари. әл-Кәшшаф ән Хақайки Ғауамизит-Тәнзил. Каир. 1987. ІІ/329; Бәизауи. Әнуар.

ІІІ/213

Бөлісу: