19
Жұма,
Сәуір

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 4

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 4

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Перғауын Исрайыл ұрпақтарын қаншама жылдар құлдық езгіде ұстап, Оларға көрсетпеген қорлығы қалмады. Сөйткен перғауын мен оның қалың қолын теңіз жұтып тынды. Осыны көрген Исрайыл халқы өз көздеріне өздері сенбеді. Қуаныштан жүректері жарылуға шақ қалды.

Құлдықтан құтылып, азат ел болғандарына тұңғыш рет көздері жетті. Олар көп кешікпей қасиетті жер Канғанға қарай сапар шекті. Олардың ешбірі ата-бабаларының туған жерін көрмеген болатын. Сол себепті жүректеріндегі ата жұртқа деген сағыныш әр қадам сайын арта түсті. Олар жолда Амаликалар өмір сүрген бір елге келді. Олар сиырға ұқсас биік пұттарға табынатын. Олар Мысыр елінде де сиырға табынатын халықпен етене араласқан болатын. Соларды көріп Исрайыл халқы өткен күндерін еске алып, елсіз қу медиен далада жүргендеріне қатты қамықты. Бір күні олар хазірет Мұсаға келіп: «Ей, Мұса! Бізге де осылардың тәңірлері сияқты бір тәңір жасап бер», – деді. Апыр-ай, бұдан өткен санасыздық болар ма? Біріншіден, олар хазірет Мұсаны «Ей, Мұса» деп атын атап, оның лауазымды атын ұмытты. Екіншіден, перғауынның қылышының астынан теңізді қақ жарып отырып аман-есен ертіп өткен құтқарушы пайғамбарларын «бізге тәңір» жасап бер деп қыспаққа алды. Бұл нағыз арсыздық емес пе? Мұса пайғамбар (а.с.) қатты ашуланды. «Сендер расында қараңғы елсіңдер. Сендер сол пұтқа табынған елді шынымен бақытты деп ойлайсыңдар ма? Ол ел көп ұзамай құрдымға кетіп, жерінің астаң-кестеңі шығады. Мен сендерге Алладан өзге тәңір іздейін бе? Бұл қай қылықтарың? Хақ Тағала бұл әлемде мерейлеріңді үстем етті. Сендер бір кездері перғауынның қол астында езілген бейшара құл едіңдер. Өзіңді құл, қызыңды күң етті. Онымен қоймай, жаңа туған ұлдарыңды қойша бауыздап, ұлтыңа ойран салып еді. Сонда сендерді Хақ Тағала құтқарып, азаттық әперген жоқ па? Мәңгілік үстемдік құрады деген перғауынды әскерімен қоса теңізге батырған жоқ па? Естеріңді жиып, тәубаға келіңдер. Өйткені осының бәрінде Раббыларыңнан келген үлкен сынақ бар»[1].

Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні Мұса (а.с.) Тұр тауына келіп, ол жерде отыз күн бойы тынбай құлшылық жасады. Сосын бұрын өзіне уәде етілген кітапты Хақ Тағаладан алып келуге бел буды. Ол кетерде халқын бауыры Харунға аманат етіп: «Елімнің ішінде менің орынбасарым бол. Оларды бақылап түзелтіп отыр. Ел ішінде бүлік шығарғандардың соңына еруші болма»[2], – деді. Хақ пайғамбар Тұр тауында отыз күн бойы құлшылық етті. Сол жерде ол пайғамбарларға тән құндылықтарды сезді. Бір ай толған кезде, Алла Тағала тағы қосымша он күн құлшылық етуді әмір етті. Бекітілген мерзім толған соң, Хақ Тағала пайғамбары Мұсамен сөйлесті. Бір кезде хазірет Мұса: «Я, Раббым! Маған өзіңді көрсет», – деді. (Алла): «Мені әсте көре алмайсың. Бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді». Хазірет Мұса іштей қуанып бүкіл ықыласымен тауға қарап тұрды. «Сонда Раббы таудан елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса талып түсті». Біршама уақыттан соң есін жиып: «Саған тәубе еттім, әрі мен үмбетімнің арасында Сені көрмей иман келтіргендердің алғашқысымын», – деді»[3]. Осыдан кейін Мұса (а.с.) Жәбірейіл арқылы арнайы әмірлер жазылған Тәурат тақтайшаларын алды. Ол кетерде Хақ Тағала оған: «Рас, Біз сенен кейін еліңді сынадық. Сондай-ақ оларды Самири жолдан тайдырды»[4], – деп олардың бұзауға табынып кеткендерінен хабар береді. Хазірет Мұса Тұр тауына кеткен кезде, Исрайыл ұрпағы арасында қайтадан сиыр тәңір туралы сөз қозғала бастады. Сол кезде араларынан Самири деген бір адам шығып, олардың Мысыр елінен алып шыққан бүкіл алтындарын бір жерге жинатып, соларды ерітіп бұзаудың мүсінін құйдырды. Самири оларға: «Міне, сендердің де, Мұсаның да тәңірі осы. Бірақ Мұса осы тәңірін ұмытып кеткен болатын», – деді. Олар Самириге «Е, бәсе, іздегеніміз осы тәңір еді. Мынауың Мысыр тәңірлерінен де ғажап дүние болды ғой. Рахмет саған, Самири», – деп алғыстарын жаудырып, мәз-мейрам болды. Олар алтындарын ерітіп пұт құйып жатқанда, хазірет Харун ашуланып: «Уа, халқым! Сендер осы бұзау арқылы сынаққа түстіңдер. Дегенмен әлі де кеш емес. Өйткені Алла Тағаланың рақымы шексіз. Ендеше дереу тәубаға келіп, маған бойсұнып, бұйрықтарымды бұлжытпай орындаңдар», – деді. Сонда араларынан біреуі суырылып шығып: «Біз Мұса келгенге дейін, бұзауға табынудан әсте бас тартпаймыз» деді. Бұдан кейін хазірет Харун оларды әр түрлі жолдармен Хаққа шақырғанымен, олар бұған құлақ аспады. Тіпті сәл болғанда өлтіруге де даяр еді. Шарасыз қалған Харун пайғамбардың хазірет Мұсаны күтуіне тура келді[5].

Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні хазірет Мұса қолына аяттар жазылған тақтайшаларды ұстап Тұр тауынан түсті. Хақ пайғамбар елінің алтыннан құйылған бұзау бейнесіндегі пұтқа табынып жатқандарын көріп ашуланғаны сонша – қолындағы тақтайшаларды лақтырып жіберді. Ол бір қолымен хазірет Харунның шашынан, енді бір қолымен сақалынан қапсырып ұстап: «Харун! Мыналардың пұтқа табынып жатқандарын көре тұра, қалай жер басып жүргенсің? Бұларға неге тоқтау айтпадың? Егер қолыңнан келмесе, Тұр тауына мені іздеп барып мән-жайды неге түсіндірмедің? Әлде сен де менің әміріме қарсы шыққың келе ме?!» – деп бұлқан-талқан болады. Хазірет Харун: «Ей, анамның баласы! Сақалым мен шашымнан ұстамашы. Мен сенің «Исрайыл ұрпақтарының арасына іріткі салдың, сөзіме құлақ аспадың» деуіңнен қорықтым»[6],– дейді. Аздан соң сабасына түскен Хақ пайғамбар Самириға қарап: «Самири! Сенің мына қылығың не? Бір елді адастыратындай сенің басыңа не күн туды? Бұл елде жеті атаңнан бергі кегің болса да тым шектен шықтың», – деді. Самири сонда: «Мен олардың көрмегендерін көрдім. Елшінің (Жәбірейілдің) ізінен бір уыс топырақ алып, оның ішіне тастадым. Осылай істеу маған қатты ұнады», – деді. Хақ пайғамбар қаһарланып: «Бұл елден көзіме көрінбей дереу жоғал. Бұдан былай өмірің «маған жоламаңдар» деп безілдеумен өтеді. Бірақ осымен құтылып кетемін деп ойлаушы болма. Күн ертең мақшарда тағы да есепке алынып, жазаға тартыласың. Ал, енді өздеріңнің беріліп табынған тәңірлеріңнің сұрқына қара. Біз оны өртеп сосын бөлшектеп теңізге тастаймыз»[7] – дейді. Осыны айтты да, Самиридің көзінше алтын бұзауды ерітіп, бөлшектеп теңізге тастатады. Ал, Самири кейінгі өмірінде ел естімеген ауыр науқасқа ұшырап, елсізде қаңғып өмір сүреді. Денесіне адамның қолы тиіп кетсе-ақ науқасы қатты қозатын, тіпті алыстан адамның қарайған сұлбасы көрінсе, «маған жоламаңдар», «маған жоламаңдар» деп айқай салып қашатын болды[8]. Хақ пайғамбар халқына: «Уа, халқым! Тәңірлерің Алла Тағала ғана. Одан өзге ешбір тәңір жоқ. Оның ілімі барлық нәрсені қамтыған. Сендер бұзауға табынып өз бастарыңа жамандық тілеп алдыңдар. Ендеше, дереу сендерді жаратқан Раббыларыңа жалбарынып кешірім сұраңдар, тәубе етіңдер. Бұл өздерің үшін әлдеқайда жақсы. Сонда тәубелерің қабыл болады. Өйткені Ол өте рақымды», – деп халқын тәубаға, туралыққа шақырады. Хақ пайғамбар осыдан кейін Хақ Тағалаға жалбарынып, елі үшін кешірім тіледі. Елінің надан қылығын кешіру үшін арнайы уақыт белгілеуін сұрады. Хақ Тағала осы тілегін қабыл етіп, орны мен уақытын айтты. Олар Тұр тауына барып сол жерде жамағат болып тәубаға келіп, жалбарынатын болды. Хазірет Мұса елінің ішінен жетпіс адамды таңдап алып, Тұр тауына қарай жолға шықты. Тауға жақындағаны сол еді, айналаны тұман баса қалды. Олар тез сәждеге жығылып, хазірет Мұса дұға тілеп, жамағаты «әмин» деп тұрды. Аздан соң мінәжат бітіп, тұман сейілген кезде жетпіс адамның жүрегін тұман басып: «Ей, Мұса! Біз бұл тауға неге келдік? Қайда әлгі дауысын естіген Хақ Тағала? Ақыры осы жерге келген екенбіз. Біз Оны көрмей қайтпаймыз», – дейді. Хақ пайғамбар оларға Хақ Тағаланы көру мүмкін еместігін бүкіл ынта пейілімен түсіндірді. Өйткені ілгеріде өзі көрмекке талпынып, Ол таудан елестегенде таудың быт-шыты шығып, өзі есінен танған болатын. Хақ пайғамбардың Құдай Тағалаға «өзіңді көргім келеді?» деуі мен басқа Исрайыл халқының «Құдайды бізге көрсет» деуі екі басқа нәрсе. Өйткені пайғамбардың сұрауы иманның күштілігінен әрі Аллаға деген сүйіспеншіліктің белгісі болса, исрайылдықтардың көргісі келуі күмән, күдіктің, пайғамбарға қарсы шығудың белгісі еді. Сол себепті олар сөз соңында қатты кетіп: «Ей, Мұса! Егер сен анық пайғамбар болсаң, онда бізге Құдайды айқын көрсетуің керек. Ал көрсетпесең, біз сенің пайғамбар екеніңе сене алмаймыз»[9], – дейді. Өздерінің бұзауға табынып, тау көтере алмас күнә жасап, соған тәубе еткендеріне сүт пісірімдей уақыт өтпей жатып, пайғамбарларына қарсы шықты. Олар осылайша қырсығып тұрғаны сол еді, кенеттен маңайды ащы бір дауыс кернеді де, жасын түсіп, әлгі күмәншіл халық түгел қырылды. Хазірет Мұса соқа басы ғана қалып, оларға жаны ашып, көз жасын көл қылып жылайды. Ол: «Я, Раббым! Енді мен Исрайыл ұрпағына не бетіммен барамын. Бұлар олардың ішіндегі ең тәубаға келген деген адамдар еді. Осы адамдарды мен өзім таңдап отырып ертіп алған едім. Олар «Біздің ең ізгі адамдарымыз Пайғамбармен бірге қасиетті тауға кетті. Көп ұзамай тәубелері қабыл болып, мәртебелері өсіп келеді» деп асыға күтіп отыр. Менің жалғыз оралғанымды көрсе, «Біздің саған сеніп тапсырған ең ізгі тұлғаларымыз қайда?» деп сұраса, мен не деп жауап беремін. «Я, Раббым! Егер қаласаң, оларды да, мені де бұдан бұрын жоқ қылар едің. Арамыздағы санасыздардың кесірінен бізді жермен-жексен етпекпісің?»[10] – деп, бір күн, бір түн басын сәждеге қойып дұға тілеп, жалбарынады. Осыдан кейін Алла Тағала оның дұғасын қабыл етіп, оларды қайта тірілтеді. Олар тіріліп, өмірге қайта оралғандарын көріп, өздеріне, айналаға таңырқап қарай бастайды

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Ағраф» сүресі, 139-141

[2] «Ағраф» сүресі, 142

[3] «Ағраф» сүресі, 143

[4] «Таһа» сүресі, 85

[5] Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 125-128 беттер

[6] «Таха» сүресі, 94

[7] «Таха» сүресі, 97

[8] Абдуллаһ Әмин Чимен, Ничин хелак олдулар? Стамбул. 2008. 398-бет

[9] «Бақара» сүресі, 55

[10] «Ағраф» сүресі, 155

Бөлісу: