24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Ақыл мен ақиқат

Ақыл мен ақиқат

Мақалалар
Жарнама

Ақыл – Алла Тағаланың адам баласына берген ең құнды нығыметі. Ақыл адам мен басқа жаратылыс арасындағы ең үлкен айырмашылық. Әрі адамды тұлғалық қасиетке баулитын ең басты фактор.

Адам ақылды болғандықтан Алла Тағала тарапынан Жер бетін басқару құқына ие. Жаратушы Хақ жердегі барлық нәрсені, яғни, көркіне көз тоймайтын көркем табиғатты, алуан түрлі жемістер мен ағаштарды, судағы, құрлықтағы барлық жан-жануарларды пенденің игілігіне берген. Жәматтың (ауа, су, топырақ, қуат) Нәмадқа (өсімдік атулының барлық түрі), Нәмадтың Махлұқатка (жан-жануар), ал Махлұқаттың адамзатқа қызымет етуі, бағынышты болуы осының дәлелі.

Енді осы арада осыншама жаратылыстың бір өзіне бағынышты болғанын түсінген адамзаттың өзі «кімге бағынышты болып, кімге қызымет етуі керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, иманды адам мұның жауабын ойланбастан айтады. Ақиқаты сол, осы сұрақтың шешіміне келгенде ақыл адамзатты екі топқа бөледі. Бір тобы, мұның астарына үңіліп ойланатын, ақыл ой жүгіртетін, жаратылысқа қарап ғибрат алатын, сол арқылы ақиқатты табатындар. Екінші тобы, ойланбайтын, көзі ақиқатты көруден, құлағы естуден қалған санасыздар.

Адам баласының Жаратушысын танып, ақиқатты мойындауына ақылдың маңызды рол атқаратынын қасиетті Құран аяттарынан анық аңғарамыз. Мысалы: «Олар ойланбай ма?» («Ясин», 68-аят). «Ойламайсыңдар ма?» («әл-Ғимран», 65-аят). «Сонда да түсінбейсіңдер ме?» («Ясин», 62-аят). «Ойлаған қауымға (Аллаһтың барлығы мен біреулігіне) белгілер бар» («әл-Ғимран», 190-аят). «Ей, ақыл иелері  Менен ғана қорқыңдар» («Бақара», 197-аят). «Бұны тек ақыл иелері ғана түсіне алады» («Бақара», 269-аят). «Олар Құранға ой жүгіртпей ме? Әлде олардың жүректері құлыптаулы ма?» («Мұхаммед», 24-аят)... Атап өтетіні, осы аяттарда айтылған «ойлау», «түсіну», «ақыл иесі», «ой жүгірту» деген сөздердің бәрі арабшада «ғақалә» етістігінен шыққан. Оның түбірі «ғақл», мағынасы бәрімізге белгілі «ақыл, ой» дегенді білдіреді. 

Қасиетті Құранда осы ақыл етістігі 49 рет берілген. Бұл аяттардың жиырма екісі Мадинада жиырма жетісі Меккеде түскен. Бұл аяттар жартысы Меккедегі имансыз халыққа, жартысы Мәдинадағы иман еткен қоғамға бағытталып айтылған.  

Расында Алла Тағала қасиетті Құран аяттарында «ақыл» сөзі арқылы пендесіне қаншама ой тастады. Жердің құрлымы, тіреусіз көк аспан, самсаған жұлдыздар, Күн мен түннің ауысуында ақыл тоқтатып, ойланған адам үшін хикмет бар. Күн нұрының тұзды судың бетіне түсуімен судың булануы, содан тұздың суда қалып, буға айналған тұщы суыдың жоғарыға көтеріліп белгілі жерге барғанда суық ауамен араласып ауырлауы, сол кезде жел соғып Жердің шаыңын көтеріп әкеліп әлгі буды қамыр сияқты илеп, ақ-қара рең беріп, бұлтқа айналдыруы, одан соң, жел оны Алланың қалаған жеріне айдап апарып, өлшемді қысым арқылы бұлтты сығып, су тамшыларын жерге түсіруін қараңыз. Ойлаңыз! ... Жаңбыр болып түскен су тамшылары Жерге түгелдей сіңіп те кетпейді, не жер бетіне көлкілдеп тұрып та қалмайды. Белгілі мөлшері ғана жерге сіңіп, ағаш пен өсімдіктердің сусындап нәр алуына көмектессе, қалғаны тасқа иәки қатты нәрселерге түсумен бұлақ болып, өзен суларына қосылып, алыс-жақындағы тіршілік атаулының өмір тынысына айналады.

Осы мағынадағы аяаттар айтылғанда Алла Тағала ақыл иелерінің  ойлануын талап етеді. Өйткені, бұл Аллаһтың шексіз құдіретін түсінуге түрткі болатын, көзге көрініп тұрған өте қарапайым мысал. Тек адам баласы ақылын саналы түрде, ақиқатқа жету мақсатында істетсе болғаны. Әрі қарай иманның кәусар бұлағына Жаратқанның өзі жеткізеді. Сол үшін Алла Тағала ақылды пендесін ойлануға шақырады. «Ақыл» атты желкенді қайыққа отырып, ақиқатты бетке алуға үндейді. Ал ойсыз, ақылсыз, санасыз ақымақтың халын хайуаннан бетер жаман екнін ескертті. Себебі, олар өзге түгілі өзін ұмытқан, адами қасиетін мүлде жоғалтқан еді. Ақыл мен басқа жаратылыс арасындағы ақыл сынды осы бір құнды нығыметтің қадыр-қасиетін сезіне алмауынан, өзіне бағынышты болған күллі махлұқаттың алдында ең сорлы, жарамсыз жан иесіне айналған-ды.

Негізінде ақыл иманды құлдың екі дүние қазынасының кіліті. Айша (р.а.) анамыздан  жеткен хадисте былай дейді: «Мен пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): Иә, расуллуллаһ (с.ғ.с.)  адамдар дүниеде несімен бір-бірінен артық болады?» - деп сұрадым. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақылмен» - деді. «Ақыреттеші» деп сұрадым. Тағыда: «Ақылмен» - деп жауап берді. Мен: «Адамдар істеген амалына қарай сауапқа не жазаға тартылмаушы ма еді?» - дедім. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Айша (р.а.), олар Алла Тағала берген ақылдың шама шарқына қарай амал жасамай ма?! Ақылы неге жетсе, амалы сол болады. Амалы қаншалықты болса сауабы мен жазасы соншалықты болады»- деп жауап берді. 

Ақылдың адам иманына, тақуалығына, дүние танымына және өмірлік бағыт- бағдарына ерекше әсері барын түсінген Ислам ғалымдары, оны ақиқатқа жетудің алғашқы әрі соңғы сатысы деп баға берген. Ақида пәнінде ақыл туралы алуан пікірлер өрбіген. Кейбір ғалымдар: «Ақыл – бір нәрсенің жақсы- жамандығын  және жаратушыға иман келтіріп, оның берген нығыметтеріне шүкірлік етуді танытатын құрал» - десе, екіншілері: «Хақты ақылмен танып иман келтіру уәжіп» - деп қараған. Әрине, бұл көзқарас имамымыз әбу Ханифадан (р.а.) жеткен. Ол (р.а.): «Адам өзінің, аспан әлемінің және басқа жанды-жансыз нәрселердің жаратылысына қарап тұрып, Жаратушысын мойындамай қасарысуына еш хақы жоқ. Тіпті, Алла тарапынан пайғамбар жіберілмеседе, адам баласының өз ақылымен Құдайын тануы міндет» - деген. 

Біз бұл пікірмен қарсылықсыз келісуге хақылымыз. Себебі, ғылым-білім шарықтап, дамып, өркениеттің тасы өрге домалаған бүгінгі қоғамда хақ діннің нәсихаты құлағына шалынбаған адамдар әлі де баршылық. Сонау ит тұмсығы өтпейтін Жунглидің орман-тоғайлары мен Африканың ұлан-қайыр даласында, Жер бетінің біз білмейтін тағы бір пұшпағында өмір сүріп жатқан адам балалары қанша ма? Анасынан туғаннан Жер қойнына кіргенге дейін денесіне бір қиқым шүперек бұйырмай, әуретін ағаш жапырағымен жауып,  қалған тәнін ала-құла бояумен сызып, соны дінғып, дәстүрғып өтетіндер қаншама? Оларға Алла Тағаланың кәләмі нәсихатталмаған. Соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) бақытты үмметінің қатарында болу бақыты да маңдайына жазылмаған. Қысқасы, мәдениет үйлесім таппаған  жерде дін тәлімі болмайтыны осыдан-ақ білінсе керек. Олар ғасырлар бойы тағылықпен, тауқыметпен өмір сүруде. Әртүрлі тәбиғи апаттар мен айналасын торуылдаған жыртқыш хайуандарды айтпаған күннің өзінде, өркениетті бауырларының қызыл-қырғын соғыстарының өзі олар тұрған аймаққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сөйте тұра олар тайпасын, бала-шағаларын қорғап, ұрпағын жалғастырып келеді. Олардың осындай қым-қуыт тіршілікке үйірлесіп, өздеріне тән салт-дәстүр қалыптастырып, адам сипатында әрекет етуі, әлбетте олардың ақыл иесі болуында еді.  Олар басқа адамдардай дамыған өркениет, құрлымды қоғам құра алмаса да, өздеріне лайық тұрмыстық орта қалыптастыра білді. Оған тек ақыл-ойдың арқасында ғана қол жеткізді. Олай болса, соншама уақыт жан сақтап, Алла Тағала берген тиесілі несібесін тауып жеуге жеткен ақылдың, айдай анық ақиқатқа жетпеуі мүмкін емес қой.

Әрине өз нанымы бойынша сиынатын құдай, силайтын дәстүр қалыптастырған халықтың ақиқатты тануға келгенде кібіртіктеп кейін шегінуі, яки ата-бабасынан қалған салтты сылтауратып, тоң мойындық көрсетуі ықылым заманнан келе жатқан қағида. Шайтанның ақылға салған тұсауы. Бірақ ертең Аллаһтың құзырына барып жауапқа тартылғанда, бұл сылтаудың іске аспасы анық. Себебі олар да, біз де ақылды адам баласымыз. Ақыл мен ақиқатты тануға тең құқылымыз. Мейірімді Алла Тағала пендесінен ақиқатты тануы үшін терең білім, ғылми жұмыс талап еткені жоқ.  Тау мен тасқа, өзен, суға, айналасын қоршаған сан алуан жаратылысқа қарап, оның қайдан, не үшін, кім үшін екеніне сәлде болса ақыл-ой жүгіртуін, ізденіп талпыныс жасауын ескертті. Хадис құдсидың бірінде: «Ей, пенделерім! Мен һидаятқа (тура жолға) салғаннан басқаларың адасудасыңдар. Сендер һидаятқа жетуді (талпынып)  менен сұраңдар. Мен сол һидаятқа (тура жолға) жеткізейін...» - дейді. 

Кейде мәдениетті қоғамның өзінде ақылдың қадыр-қасиеті дұрыс бағаланбайды. Оны дұниенің уақыттық ләззатынан рахаттану үшін ғана пайдаланады. Мысалы, бір имансыз адамның Алла Тағала берген ақыл қабілетін ғасыр бойы қоймада сақталған шараптың дәмін айыруға жұмсауы, оны қандай адам ішуі керектігін зерттеуі немесе француз әтірінің исін бір-бірінен ажырату үшін қабілет-дарынын сынап әрі шыңдап жетілдіруі... Мұның мысалы, патша қазынасын күзететін құлдың қоймада тұрған алтын кездікті алып, өз жанында темір пышағы бола тұра жаңағы алтын кездікпен картоп аршып, мал сойып, кездікті қарапайым шаруаға істеткені сияқты. Ақыл құнының өлшемі, оның ақиқат арасындағы ара-қашықтығымен белгілі. Яғни, ақыл ақиқатқа жақындаған сайын адам ойы тереңдеп, санадағы жалған пікірмен жарамсыз заттар азая бастайды. Ал ақиқаттан алыстаса, сананы тұман торлап, ақыл құнсызданады. Содан құнсыз ақыл құнсыз нәрсеге құмартады. Құнсыз затты құндыға бағалайды. Соны құрмет тұтады. Керек десеңіз, кір арзымайтын құнсыз нәрсені нағыз ақиқаттан жоғары қояды. Өмірлік бақытын да содан тапқандай болады. Мұны қазақы ұғымда «ақылдан алжасу» деп атаған

Демек, құнды ниғыметке шүкірлік етіп, оны дұрыс бағалаудың өзі құндылық екенін түсіну ақыли қабілеттен болмақ. Баяғы даналарымыз ақылдың не екенін, онымен ақиқат арасындағы нәзік сырды қалай түсініп, баға жетпес құнын қалай бағалауға болатынын жіпке тізген маржандай етіп айтып кеткен. Сондай ақылияның бірінде: «Ақыл – Аллаһтың адам денесімен бірге жаратқан рухани гаухары. Ақыл – ақиқат пен жалғанды танитын жүректегі нұр. Ақыл – өзі арқылы заттың ақиқаты білінетін нәрсе» - десе, хакім Абай сол ақиқатты таныған ақылды бір ауыз сөзбен «нұрлы ақыл» деп түйндейді. «Нұрлы» дегені Алла Тағаланың хикіметін сезінген, иманның нұрына бөленген, сөйтіп, кемелдік мақамына жеткен ақылды айтқаны. Нұрлы ақылдың кереметі, ол иесін Ұлы Жаратушыны тануға шақырады. Әрқашан ұлылыққа баулып, ақиқат шуағына бөлейді. Нұрсыз ақыл иесін қараңғы түнекке тартып, соңында құздан құлатады. Қасиетті Құран кәрімді оқығанда адамды ойландырып, толғандырып, Алла Тағаланың хикіметін сезінуге талпындыратын ақылды да осы нұрлы ақыл деуге болады.

Олай болса Алла Тағала әрбір мүмін ер мен мүмін әйелге Абай атамыз айтқан «ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл» берсін деген тілекпен сөз түйінін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисымен аяқтайық: «Адам өзін жамандықтардан бойын аулақ ұстап, тура жолға апарған ақылдан артық ешқандай табыс таппаған».

 Еркінбек АЛТАЙ 

Исламтанушы


 1.Исаұлы. М. Сынақ өмір аланы. – Алматы: Мұсылман баспа үйі, 2010. 87- б.

2.Имам әл-Ғазали. Ихия ғулумид дин. – Каир: «Дәру фажр», 1999. Ιт, 123- б.

3.Имам Мұхаммед әл-Бәбартий, Шарх Уасая Имам әбу Ханифа. – Амман: «Дәрул фатх», 2009. 65- б.

 4.Сахих Муслим. – Каир: «Дәрул-Хадис», 2010. 1т, 2577-хадис.

Бөлісу: