24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Адамзаттың пайғамбарға мұқтаждығы

Адамзаттың пайғамбарға мұқтаждығы

Мақалалар
Жарнама

Адам баласы – санасы мен ерік-қалауы бар жаратылыс. Қалаған нәрсесін сөйлеп, қалаған жағына бара алады. Жалғыз емес, қоғам болып өмір сүреді. Басқалармен үнемі қарым-қатынас, байланыста. Бойында әр түрлі қасиеттердің көзі бар.

Тас сияқты қатты, мақта сияқты жұмсақ та бола алады. Мейірімді де, қатігез де бола алады. Ал басқа жаратылыс олай емес. Мысалы, арыстан әрқашан жыртқыш, ал қой үнемі жуас, момын. Алма ағашында өрік, өрік ағашында алма өспейді. Қарға бұлбұл секілді ән салып, бұлбұл қарғадай қарқылдай алмайды.

Өйткені барлығы өзгермейтін тұрақты қасиеттерге ие. Ал адам жақсы-жаман әр түрлі қасиеттерді бойында жинай алатындай кейіпте жаратылған. Иман етуі де, етпеуі де өз қолында. Қаласа сауатсыз, қаласа ғалым бола алады. Тілінен туралық та, жалған да шығуы мүмкін. Қолын қанға былғап, қатігездікте жыртқыштарды да артқа қалдыруы мүмкін. Дәл осы адам мейірімділікті ту етіп, шартарапқа бейбітшілікті жаюы да ықтимал. Міне, адам баласы осындай түрлі қалау мен сан алуан қасиеттердің иесі болғандығы үшін мына дүниеде ол үшін сынақ әрі ана дүниеде жәннат, тозақ бар. Міне осындай әр түрлі жолға бағыт бұруға бейім адам үшін тура жолды көрсететін, әлемнің сырын ашып, оның қайдан пайда болғанын, кімнің жаратқанын, жаратылуындағы негізгі мақсат-міндетін түсіндіріп, жауабына қол жеткізе алмайтын небір сұрақтарына қатесіз жауап беретін, әрбір ісінде үлгі болатын шамшырақ керек. Ол – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген пайғамбарлар екені шүбәсіз. Жалғыз ғана ақыл бұларды еш қатесіз, кәміл түрде шешуге жеткілікті емес.

Дін нұрын шырақ тұтпаған небір зерек ақылдылардың, атақты пәлсапашылардың жаратылыстың сырын аша алмай орта жолда шаң қауып қалғаны немесе қате түсініп адасқаны, адасып тығырыққа тірелгенде ақылынан айырылып, жынды болып кеткеніне тарих куә.

Иә, адамның бүгін тура дегені ертең қате болып жатады. Бұған күн сайын өзгеріп отырған сансыз «измдер» дәлел. Дәлірек айтсақ, көбіне «ақыл» адамды тек біржақты бағалайды. Ақылдың ойлап тапқан «коммунизм» секілді басқа «измдер» де адамды тек материалдық тұрғысынан әрі осы дүниемен шектеп қана қарастырады. Оның рухани жан дүниесін және мәңгілік екінші дүниесін ұмыт қалдырады. Міне, дін адамды һәм рухани, һәм заттық, һәм екі дүние таразысының басын тең ұстап бағалағандықтан, адам дінге, дінді жеткізетін пайғамбарларға әрдайым мұқтаж. Діні жоқ ешбір қауымның жоқтығы осының белгісі. Қысқасы, Құран тілімен айтқанда: «Жаратушы жаратқанын білмейді ме?»[1].

Егер пайғамбарлар келмегенде Ұлы Жаратушыны толық, кемел сипаттарымен қатесіз тану мүмкін болмас еді. Жаратушы деп түкке тұрмайтын нәрселерге құлшылық жасап, табынуы әбден мүмкін. Пайғамбарға сенбеген қауымдардың жаратушы деп өз қолдарымен жасаған пұттарға, Ай, Күн, жұлдыздарға сыйынғандары, міне, осы тұсты айқындай түседі.

Адамның ақылы «Дүниеге не үшін келдім? Міндетім, мақсатым не? Жаратушым менен нені талап етеді?» деген сұрақтардың жауабына жете бермейді. Адам «өзін мақсатсыз, басым бос» деп пайымдайды. Жақсы-жаман, адал-арам деп талғамай, қалағанын істейді. Сондықтан адамға жаратылуындағы мақсатын, адамдығына сай міндетін түсіндіріп, Ұлы Жаратушысының бұйрықтары мен тыйымдарын жеткізетін пайғамбарлар керек.

Адам баласына өлімінен кейінгі құбылыстар мүлде беймәлім. Сондықтан пайғамбарлар адамға өлгеннен кейін қайта тірілетіндігін, дүниеде істеген әрбір ісінен сұрақ алынып, жәннатпен марапатталып яки тозақпен жазаланатынын түсіндіріп, ескерту үшін жіберілген.

Пайғамбарлардың жіберілу мақсатының бірі – үмбеттеріне қайталанбас үлгі-өнеге көрсету. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Міне, солар (пайғамбарлар) нағыз Алланың тура жолға салған құлдары. Ендеше, сен де олардың тура жолына ілес!»[2] - делінсе, басқа бір аятта:«Расында, сендерге, Алладан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Алланы көп зікір еткендер үшін Алланың Елшісінде жақсы үлгілер бар», - делінеді[3].

Пайғамбарлар – біз үшін жолбасшы әрі имам. Намазда имамға ұйығанымыздай, өмірдің әр қадамында Оны үлгі тұтып, Оның жолымен жүреміз. Бізге нағыз шынайы өмірді пайғамбарлар ғана көрсете алады. Исламның алғашқы дәуірін көргендер Алла елшісінің (с.а.у.) қас-қағым сәттерін де қалт жібермей мұқият қадағалап, Одан үлгі-өнеге алып отырған.

Пайғамбарлар дүние мен ақырет тепе-теңдігін құру үшін келген. Олардың әкелген тепе-теңдігімен адам баласы өмір жолының астамдығы мен нұқсандығынан құтылып, дұрыс бағытын табады. Бұл – поптар мен монахтардай дүниені тәрк етіп, монастырларға қамалып, елден бөлектену, тұмшаланған әлемге кіріп, ғұмыр бойы жалғыз өмір сүру емес, керісінше, үнемі орта жолдан айырылмай, дүние мен ақыреттің өзіндік салмағына қарай тепе-теңдік сақтай ғұмыр кешу. Бұл – уахидың (Алладан келген хабар) нұрлы әлемінде ғана қол жеткізуге болатын табыс.

Пайғамбар жеткізген ақиқаттан мақұрым жалаң сана арқылы мұндай тепе-теңдік орнығуы әсте мүмкін емес. Құран Кәрім осы тепе-теңдік жайында: «Алланың саған берген бар мүмкіншілігімен ақырет жұртын іздеп, соған ұмтыл. Бірақ дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де өзгелерге жақсылық істе. Сондай-ақ, жер жүзінде бүлікке ілеспе. Күдіксіз Алла бүлікшілер мен содырларды жақсы көрмейді»16 - дейді17.

Ақыретте «бізге пайғамбар жіберіп, тура жолды көрсеткеніңде адаспайтын едік» деп сылтауға басқысы келетіндердің аузына құм құйылуы үшін, оларға хақ пен нахақты түсіндіріп, жеткізетін пайғамбарлар жіберілген.

Осылайша сылтауларының алды алынған. Бір аят бұл мәселені былай баян етеді:

«Елшілерден кейін Аллаға айтар желеуі болмас үшін пайғамбарларды сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік: Алла Азиз (аса үстем), Хаким (хикмет иесі)»[4].

«Имани гүл» кітабынан


[1] Тәбарак сүресі/14

[2]   Әнғам сүресі 90-аят.

[3]   Ахзап сүресі 21- аят.

[4] Ниса сүресі 165-аят.

Бөлісу: