23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

«Китаб тасдиқ»  хақында бір сөз

«Китаб тасдиқ»  хақында бір сөз

Мақалалар
Жарнама

«Китаб тасдиқта» көтерілген мәселелердің белгілі бір парасының өзін игерсек барлық бағыттарда ештеңеден ұтылмасымыз – айдан жарық, күннен раушан.

Бүгінде дүмшелік желдей ескен қоғамда азаматтарға Абай көзқарасындағы иманның кемелдігінің не екенін ұқтыра алсақ, «инанмақтықтан пайда алу» мен «фиғылымызды (іс-әрекетімізді) соған (Аллаға) өз халіңше ұқсату («фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек»)» дегеннің не екенін тарқатып айтып бере алсақ, айтылған мәселелерді Абай методологиясымен толыққанды түсіндіре алсақ өркениеттің көш басшысы біз болар едік.

Іс-әрекетімізде Алланың сипаттарына ұқсау концефциясы игілік жаратуға, адамдық сапаны көтеруге, салихалы мемлекет құраушыларын қалыптастыруға қызмет ететін рухани күш деуге болады.

Танымы жоқ дүмше діншілдер (радикальды, деструктивті жат ағым өкілдері де, кейбір сауаты таяз дін ұстаушылар, сыңаржақты көзқарастағылар) бұл мәселені таяз көзқарастарымен сөз сыртына ғана қарап, ары қарай қорыта алмайтын сөз екені анық. Өйткені, дүрмекпен ерген дүмшеліктің аталған сөздің мазмұнын білуге қауқары жетпейді. Алайда, Абайша айтқанда бұл жердегі ұқсау «бірдейлік дағуасымен емес», еліктеу деген сөз. Бұл ойдан шығарылып, жоқтан жонып әкелінген дүние емес. «Бақара» сүресінде Құдай Тағала бүй дейді: «...Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді»[1]. Біздің дүмшелігіміз осында сөздің сыртына қарап, бұл аятты көбінесе тән тазалығына қатысты жерде ғана айтып жүрміз. Бір сәт ойлансақ, үлкен тазалық тәнде ғана болмаса керек қой. Айталық, аталған аятқа иман (Абайша айтсақ «инанған») келтірген кімсе, не жұмыс істесе де таза істеуге, адал атқаруға, лас тірлік араластырмауға құлшынбай ма. Ал, егер олай етпесе оның иманы кәміл болғаны қайсы. Бұл сонда бүгінгі жемқорлық пен кейбір бассыздықтардың рухани дәрісі болып тұрған жоқ па?

Мына бір мүбәрак мәтінді хадисте бүй дейді: «Алла Тағала жұмсақ мәміледе болғандарды жақсы көреді» дейді[2]. Алла Тағаланың «Әл-Ләтиф (اللَّطِيفُ) – Жұмсақ, зор кеңшілік Иесі» деген сипатын еске алыңыз. Ендеше, Алла өз сипатына қадари халінше сипатталған пендесін сүйеді екен. «Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін» дегені де осыны меңземеп тұр ғой. Енді осыны білген құл адам баласына қиянат жасамақ түгілі, қиянатқа өзі ұшыраса да көркем кісілік жасамай ма.

«Алла Тағала кешірімді («Әл-Ғафу(العَفُوُّ) – Кешіруші, күнәларды кешуші» деген сипатын ойлаңыз) және кешіргенді жақсы көреді» дейді[3]. Бүгінгі таңдағы болмашыға бола бірін-бірі сотқа сүйреп, анадан бала, баладан ана безіп жатқан кейбір рухани індеттер үшін таптырмас ем-шара осы болса керек. Әйтпесе, құқық пен мораль оқып олардың сыртымен жұмыс жасағаннан олар өзгеретін болса, ендігі біздің қоғам гүлстан болар еді.

Абай «Китаб тасдиқта» Алла Тағаланың адам баласы ерекше еліктеуге тиісті төрт сипатын айырықша атап көрсетеді. Енді қадари хәлімізше сол сипаттарға үңіліп көрелік:

Алланың субути сипаттарының бірі де осы – Ғылым. Демек, ғылым ізденуді, ғылымды болуды, көпке пайдасы тиетін ғалым болуды Алла жақсы көреді. Аллаға ұнау үшін де ғылым білмек болса, ғылымды болмаққа ұмтылудың өзі – Абай айтқан инанмақтықтан (иманнан) пайда алу болмақ. «Китаб тасдиқта» бұл сипаттың баса айтуы да бекер емес. Хакімнің «Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет – біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды» деуі де бекер емес. Ғылым және Құдірет сипаттарының бір-бірін толықтырып, байытып жататынын меңзейді. Ғылымды болмақтықтың жан-жақты құдіретті болмақтық екенін бүгінгі инновациялық индустиялық ғасыр өзі де дәлелдеп отыр емес пе.

«Ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малменен ғылым кәсіп қылмақпыз» деп адамзат өркениетін алдына кәмілдіктің бір өлешеміне нұсқаған Абай биігі иманның ең зор пайдаларының біріне (ең әуелгісіне) ғылымды айтайды. Ол да тегін емес.

Ислам тарихындағы алғашқы, орта кезеңдерінде  иманның бұл пайдасы практикада көрініс тапқан-дүр. Әл-Хорезмидің жаңалығы, Ибн Синаның бүгінге жеткен ғылыми жетістіктері, Әл-Фарабидің ашылып-ашылмай жатқан жауһарлары, Ғылым техника төңгерісіне әсер еткен мұсылман ғалымдардың еңбектері. Бәрі де иманнан пайда алуға жатады. Иманнан туындаған барша әрекеттердің салдары материалдық, этикалық, эстетикалық тұрғыда қоғамдық барлық институттарды жетілдіру еді.  Бүгінгі таңдағы Ислам банктерінің дағдарысқа қарсы қауқарлы болуы да бізге көп нәрседен хабар берметін болар.

Алайда, гендік модификациялық азық-түлікті жеп отырып «жеміс ағаштарын будандастыруға бола ма, болмай ма?» деп ойланып отыру қандай аянышты әрі қорқынышты.

Батыс бүгінде саясат пен технологияда жер бетінің халипасы болса да, руханиятта адамзатқа төреші болуға ар-ұжаны жетпейді. Бүгінгі таңдағы нанотехнология, биотехнология, цифрлық технология, энергияның жинақталуы мен сақталуына қатысты жаңа үрдістер, кванттық ілімдердің құлағында ойнау иманның пайдасының бірі болмақ.

Бүгінгі кванттық ілімі, жоғары ағысты ақпараттық тасымалдау, ал ғалымдар айта бастаған төртінші индустриялық революцияға тамашалаушы, тұтынушы, сатып алушы, пайдаланушы ғана болып бара жатқанымыз өте қоқынышты. Ғылымсыз қалған соң құдіретсіз, тал қармап отырған жоқпыз ба?

Тілге тиек етілген келесі сипат – әділет. Алланың тағы бір сипаты да осы – Әділетті. Демек, әрбір адам әділетті болуы, сөйлесе әділетті сөз айтып, істесе әділетті іс тындырып, жақтаса да, даттаса да әділеттің жағында болса, бастықтан баласына дейдінгі барлық қатынасты осы негізде құрса, Алланың хақысында да, адамның хақысында да әділетті болғанды Иең сүймек. Абай сол үшін де «дін де осы, тағат та осы» деген «үш сүюдың» біріне әділетті таңдаған.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс, - дейді. Мұнда Абай үш сүю (Алланы сүю, адамды сүю, әділетті сүю) жүректе болмайынша ораза, намаз, зекет, қаж сияқты құлшылық адамға татымды жеміс бермейді дейді. Осы арқылы Абай жоғарыда тілге тиек етілген Алланың сипатынан бастау алған адамдық кемелділікті тән құлшылығының алдына қояды. Демек, формадан мазмұнды биік болғанда ғана иман жеміс бермек. Яғни, сонда ғана адам ұғлының өзіне және басқа адамдарға инанмақтығының пайдасы тимек. Шынында бұлай пайдалы болмаса адам баласының «өзі үшін оттаған хаюаннан» несі артық. Дін бұлай пайда тигізе алмаса несімен дін бола алмақ. 

Келесі мейірімділік сипат та адамды толықтырып, өмірді көркемдеп тұратынын біз ғана емес барша адамзат білсе керек-ті. Қазіргі қатыбас бастық, қатігез ана, сүреңсіз әке, опасыз баланың бетін тырнасаңыз мейірімсіздік шығады.

Демек, Абай көзқарасындағы кәмілдікке жету жолын басқан адамда қиянат жоқ. Айталық, Алланың еш нәрсені қалдырмай, еш нәрсені мүлт жібермей бақылап тұратын Көруші, зәредей істері үшін жауап алатын екі дүниенің Патшасы екені, бұларға иман келтіру – иманның шарттарының аясында қамтылатын инанмақ мәселесі. Ендеше, осыған сенген, әділетті, мейірімді, ғылымды (бұл жерде не істеп жатқанын, салдары не болатынын) құрлысшы нысанға әкелінген құрлыс матеиалдарын ұрламайды, сондай мемлекеттік қызметкер биюджеттің ақшасына қиянат жасамайды, сол сипаттағы оқытушы өтірік баға қоймайды, ректор диплом сатпайды, азамат пара бермейді, қолында мөрі барлар пара алмайды... Солай да солай бұл тізбекі мыңдап келтіруге болады. Абай айтқан «инанмақтықтан пайда алу» және «фиғылымызды (іс-әрекетімізді) соған (Аллаға) өз халіңше ұқсату» деген осы екен.

Бүгінде осыны ойлап жүрген көп кәні?

Абайдың діні әділет діні

 Әділет дегеннен шығады... Алланы сүйдім дейтін адам көп. Бір сынаққа түскенде Алласын сатып өз пайдасына жұмыс істеп кетіп жатқандар аз емес. Демек, сүйдім демектіте де әділет болмаса ол сүйгенге жатпайды екен. Адамды сүю де солай. Қиянатқа жол беріп отырып адамды сүймектік шын мәнісінде сүю бола алмас еді. Демек, әділетті болған адам ғана Алланы да өз орнында сүйе алады, адамның бәріне адамшылықпен, махаббат, мейірім көзімен қарай алады. Қарасаңыз, үш сүюдің де өзегінде әділет жатпай ма.

Қиянатқа мейірімділік жасау әділет болмасы анық емес пе? Демек, бұл сипаттың (мейірімділіктің) да өзегінде әділет жатыр. Хакім өзі айтады; «Ғамалус-салих ғадаләтті уә мархамәтті болмақ күллі тән бірлән қылған құлшылдықтардың ешбірі ғадаләтті, мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят – бұл ғадалаттен шығады» дейді.

Сан ғасырлық тарихымыздағы діни алауыздық туылмауына себеп болған бабаларымыздың орта жолды ұстану көзқарасы болса, әділет – дін мәселесінде ғана емес барлық мәселеде орта жолды ұстану, шектен шықпау. Сондықтан да Абай әділетті «Хақ (Алла дегені) жолы осы» дейді.

Абайдың діні алғабасар(кертартпалық жоқ)

Абайдың діни көзқарасы жайында Мұхтар Әуезов былай деп жазады; «Абай алдағы «жұмаққа» жету үшін бүкіл Таяудағы Шығыстың дінге сиынған панисламшылары мен пантүрікшілері сияқты Ислам жолына түспей, бүкіл Шығысты баса отырып, Батысқа қарай қол созды, өз тұсындағы кертартпа заманның қара түнегін қақ жара, елден дара жалғыз өзі жалғызаяқ сүрлеумен алға ұмтылды»[4]. Әуезов тіліндегі «Таяудағы Шығыс[5]» бұл Таяу Шығыс болмаса керек. «...Абай тек өз халқының тарихында ғана емес, сонымен бірге бүкіл Таяудағы Шығыстың тарихында да өз заманының асқан дана, ұлы қайраткері болды»[6] деген бағасынан бұл сөздің географиялық ұғым емес, уақыт ұғымы екенін байқаймыз. Яғни, Әуезовтың «Таяудағы Шығыстың дінге сиынған панисламшылары мен пантүрікшілері сияқты Ислам жолына түспей» деуі соңғы нше ғасырдың бедерінде қалыптасқан дүмше ағым (жат ағым), тоқырауға алып келетін ойлау жүйесін меңзейді. Көкбай Жанатайұлының естелігінде «Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ»[7]. Демек, Абай дінінде дүмшелік пен дүрмек те жоқ.

Шынында Абайдың діни көзқарасында кертартпалық пен дүмшелік жоқ. Керісінше, алғабасарлық бар. Өлеңінде «шыға ойлап, шығандап қылық қылмай» деп замандастарын сөгеіні бар. Осы «шыға ойлау» дегеніңіз бүгінгі «керативті ойлау» дегеннен де бетер ілгері ойлауды меңзейді. Ал, «шығандап қылық қылу» дегені біз айтып жүрген «оптимистті» неше орап алатын іс-әрекет жылдамдығы, өнімділігі. Неге осы сөздерді насихаттап, халықтық танымға айналдырмасқа? Абай оны бүгін айтып отырған жоқ, өкен ғасырдың басында, бәлки арғы ғасырдың соңында айтқан жоқ па? Бұл екі таным да ілгері ойлағанның, іс бітіргеннің жөні осы екен деп қайдағы жоқты алып келуді меңземейді. Озық ойлаумен, биік парасат деңгейінде сүбелі іс тындыру дегендік.

Шынында, біз тілген тиек етіп отырған мәселелер дінде ежелден бар нәрселер еді. Абай соны заманның тіліне салып, түсінігіне келтіріп, біздің халықтың парасат-пайымына жүйелеп бергені. Және жан-жақты мәселелерге бағыттап, қамтыу ақымын кеңейтіп жібергені. Міне, көзқарас пен танымның ішінде отырып, ежелден негізі бар нәрседен уақыт сұранысына жауап беретін, адамдардың дертіне дауа боларлық ұлы танымдар, методттар мен концефциялар алып шығады. Абайдың көзқарасының кемелдігі де осында.

Бұлар бізге аса керекті мінездер.

Қорыта айтқанда, Абай айтқан толық инсаният әрбір қазақтың арманына айналса, елді дүмшеліктің елесі кезбейді, ғылым өркендейді, әділет салтанат құрады, мейірімді қоғам орнайды.

Оразбек САПАРХАН


[1] "Бақара" сүресі, 222-аят.

[2] Мүслим

[3] Хаким

[4] Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б. 130-бет

[5] Кітапта жалқы есім мағынасын беретін формада жазылған - Тяудағы Шығыс

[6] 27-том. 130 б

[7]Абай туралы естеліктер. –Алматы: "Қаламгер" баспасы, 2018. –504 бет. 210 б

Бөлісу: