29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мағауин: Тым құрыса жиырма-отыз сүре аударсам деймін

Мағауин: Тым құрыса жиырма-отыз сүре аударсам деймін

Мақалалар
Жарнама

Ес білген шағымда, үлкен әкем Мағауия мені алдына мінгізіп алып, бұрынғы өткен ақылман, айбарлы аталарымның басына апарып, маған бата, тілек сұрап, аруаққа иман, дұға жасап, үнді даусымен, көмекейден, бар мақамына келтіре Құран оқыған кездерінде, ілкіде немесе жаңа ғана осы атам туралы айтылған әңгіменің әсері – әуезді, сырлы, құдіретті сөз – Құдай сөзімен астасып, ағыл-тегіл жылайтын едім.

Тіпті, ересек шағымның өзінде, Құран оқылса болды, көзіме жас келетін. Ер жеттік. Атқа міндік. Атағымыз шықты. Діндар болмадық, бірақ дінімізден айныған жеріміз жоқ. Лә иләһә иллааллаһ, Мұхаммәд расул Аллаһ! – Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі. Құдай – бір, пайғамбар – хақ. Мұның әуелгісі – кәлима, дүниенің тұтқасы, соңғысы – арғы бір заманда атаусыз ғұлама жасаған озық аударманың үлгісі. Бабам көктегі Тәңірінің болмыс-бітісін біржола айғақтаған Исламды ата-баба дінінің жаңғырған нұсқасы ретінде танып, ақиқат ындынымен қабылдаған. Өзім ақылмен ұғып, тәуба қылғам. Балам менен гөрі таза, берік сенімде. Бабам – мұсылман, ұрпағым да Исламның оң жолында болуға тиіс. Адамның адамшылығының ең әуелгі өлшемі – ожданның тазалығы.

Қасиетті Құран сөзі – барлық бастаудың тұнығы. Алайда, Кәләм шарифтың бүгінгі тәржімаларының барлығы да жәутік, мүлде жарамсыз. Мойныма алып, бар қасиетін сақтай отырып, тым құрыса жиырма-отыз сүре аударсам деймін. Әлбетте, бір күннің, бірер жылдың ісі емес. Қалған ғұмырға тұтасымен созылар сәулелі еңбек. Әуелде, «Аласапыранның» екінші кітабын бастаған кезде, Ораз-Мұхамедтің ақ киізге көтерілер сәттегі дұғасы үшін Фатиханы аударып едім. Кейін әрқилы көңіл ауғанымен тағы да екі-үш сүренің, жекелеген аяттардың сәті түсті. Енді үзіп тастамай, үздіксіз толғану керек болады. Пенделік сауап емес, мұсылмандық парыз жөнімен. Жанға пайда, жазуға септік үшін. Рухани өмірде ғана емес, шығармашылық өнерде де жаңа бір тыныс, өзгеше  бір өрнектер табамын деп үміттенем. Түгеліне шамам келмес, тым құрыса бір парасын.

Қасиетті Құранға қатысты сөздің түйіні – қаламнан қайыр күткен талапкердің діні берік, ожданы биік, иманы кәміл болуға керек. Жазушылық – адамтану ғылымы. Ал бұл адамның ең басты қасиеті – ата-бабаның ақ жолына беріктік. Яғни, адамдық негізі өзіңнен басталсын. Қаламгерлік өнерге «Бақсының істегенін істеме, айтқанын істе» деген қисын жүрмейді. Өзің қандай болсаң, жазуың да сондай болмақ.

Мұхтар Мағауин аударған "Дұха" сүресі:

Алакеуім таңға серт!

Қаракөлеңке кешке серт! 

Жаратушың сені жадынан шығарған жоқ.

Һәм жатырқаған жоқ -

Бүгініңнен ертеңің тәуір болар,

Жасаған жарылқайды, жаның жай табар!

Ол сені жетім кезіңде тапты - жебеледі

Жолсыз кезіңде тапты - жөнге сілтеді,

Жарлы кезіңде тапты - байлыққа бөледі!

Мұхтар Мағауин аударған "Шарх" сүресі:

Біз сенің көкірегіңді ашпап па едік?

Ауыр жүгіңді алмап па едік,

Арқаңнан зілдей басқан?

Атағыңды асырмап па едік?

Ол рас - салмақтың алмағы бар,

Рас - салмақтың алмағы бар!

Еңсеңді көтер, еңбектен танба,

Жаратушыға құлдығыңнан жазба! 

Мұхтар МАҒАУИН

ҚР Халық жазушысы

 «Мен» ғұмырбаяндық хамсасынан 

Бөлісу: