20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құранның шипа аяттары

Құранның шипа аяттары

Мақалалар
Жарнама

Құран Кәрім денедегі болатын және ішкі сезімдік аурылардан сақтайтын мұсылманның қорғаны. Құранға назар аударатын болсақ, кез келген қиыншылықта, ауру-сырқаттарда адамға жәрдем беретін аяттардың бар екендігін байқаймыз. Бұл аяттарды оқыған кезде, оқушы адам еш күмән келтірмей, ем-шипаның Алладан болатынына кәміл түрде сенуі тиіс.

Шын мәнінде, Құран арқылы ем алу, шариғатта рұқсат етілген емделу түрлерінің бірден бірі. Олай болатын болса, Құран Кәрімдегі шипалы 6 аятты қарастырып көрейік.

1 шипа аяты

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

Қазақша мағынасы: «Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді»[1].

2 шипа аяты

ثُمَّ كُلِي مِن كُلِّ الثَّمَرَاتِ فَاسْلُكِي سُبُلَ رَبِّكِ ذُلُلًا ۚ يَخْرُجُ مِن بُطُونِهَا شَرَابٌ مُّخْتَلِفٌ أَلْوَانُهُ فِيهِ شِفَاءٌ لِّلنَّاسِ ۗ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَةً لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

Қазақша мағынасы: «Сонсоң әр түрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!». Араның қарындарынан түрлі-түсте бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қаумы үшін ғибрат бар»[2].

3 шипа аяты

وَلَوْ جَعَلْنَاهُ قُرْآنًا أَعْجَمِيًّا لَّقَالُوا لَوْلَا فُصِّلَتْ آيَاتُهُ ۖ أَأَعْجَمِيٌّ وَعَرَبِيٌّ ۗ قُلْ هُوَ لِلَّذِينَ آمَنُوا هُدًى وَشِفَاءٌ ۖ وَالَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ فِي آذَانِهِمْ وَقْرٌ وَهُوَ عَلَيْهِمْ عَمًى ۚ أُولَٰئِكَ يُنَادَوْنَ مِن مَّكَانٍ بَعِيدٍ

Қазақша мағынасы: «Мүбада оны бөгде тілде бір Құран қылсақ, әлбетте олар: «Аяттары неге ашық баян етілмеген? Арапқа бөгде тілде айтыла ма?»,- дер еді. «Ол Құран иман келтіргендерге бір тура жол және шипа» де. Ал иман келтірмегендердің құлақтарында кереңдік бар. Сондай-ақ Құран оларға бір соқырлық (қараңғылық). Олар ұзақ бір жерден шақырылғандай»[3].

4 шипа аяты

...وَيَشْفِ صُدُورَ قَوْمٍ مُّؤْمِنِينَ

Қазақша мағынасы: «...Сондай-ақ иман келтірген елдің көкіректеріне шипа дарытсын (көңілдерін ашсын)»[4].

5 шипа аяты

وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاءٌ وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ ۙ وَلَا يَزِيدُ الظَّالِمِينَ إِلَّا خَسَارًا

Қазақша мағынасы: «Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі»[5].

6 шипа аяты

وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ

Қазақша мағынасы: «Ол (Алла Тағала), қашан ауырсам, маған шипа береді»[6].

Құран Кәрімнің ішінде осындай шипа мағынасында келген аяттардың барына Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Осы аяттарды оқып, түсініп, жаттап, қайталап жүрген мұсылман үшін абзал іс болмақ.

Құраннан шипа іздеуші мұсылман үшін ескеру керек болған кейбір жайттар:

– Алладан шипа тілеп, дұға жасау;

– Алладан шипа берілетініне күмәнданбау;

– емделудің себептерін жасау (Аллаға тәуекел етіп, дәрігерге қаралу, дәрі-дәрмек қабылдау, күтініп жүру т.с.с.);

– аурудың себептерін анықтау (істеп қойған күнә-қателіктері үшін истиғфар айтып, Аллаға тәубе ету);

– «Алла маған неге шипа бермей жатыр?», - деп, асығыстық жасамау, сабырлық таныту;

– шипа аяттарын оқитын алдында ниетті түзету;

– шипа аяттарын оқыған сәтте, мағыналарын түсініп, ұғыну;

– шипа аяттарын толық жазылғанға дейін әрдайым қайталап оқып отыру;

– шипа аяттарынан бөлек, (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үнемі жасағандай) қосымша «Фатиха», «Ықылас», «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін оқып жүру.

Мүминдердің анасы Айшаның (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзіне және отбасына үнемі шипа аят-сүрелерін оқып отыратын, және сахабаларына оқып жүруді бұйыратын еді. Сондай-ақ, тағы бір ескерілетін жайт. Құранмен емделу үшін, Құранды өзі оқи алатын, сауаты бар адамның басқа біреудің қызметіне жүгінуі аса маңызды емес. Қайта өзіне-өзі дем салып, Құран оқып емделген абзалырақ, әсері де көбірек болмақ. Алла Тағала білушірек!

Берікбол ЖАНАҚ


 

[1] «Юнус» сүресі, 57-аят.

[2] «Нахл» сүресі, 69-аят.

[3] «Фуссиләт» сүресі, 44-аят.

[4] «Тәубә» сүресі, 14-аят.

[5] «Исра» сүресі, 82-аят.

[6] «Шұғара» сүресі, 80-аят.

Бөлісу: