23
Жұма,
Қаңтар

һижри

«Намазды оқысаң, кемеліне жеткізіп оқы!» («Исра», 78)

«Намазды оқысаң, кемеліне жеткізіп оқы!» («Исра», 78)

Мақалалар
Жарнама

Заманымыздағы психолог ғалымдар адамның өзіне арнаған күнделікті күйбең тіршіліктен тыс уақыты болуы керек екенін айтады. Сол өзіне арнаған уақытта адам сәл болсын дамылдап, жұмыс қысымынан, өмірдегі ананы істеу керек, мынаны істеу керек деген нәрселерден алыстайды.

Біраз болсын өзіне уақыт арнап, ойын жинақтап, өмірінің қай арнаға кетіп бара жатқанын бақылай алады. Іштей өз-өзімен тілдесіп, сарқылып бара жатқан энергиясын қайта жинап, қуатын қайтарады. Дінімізде де өмірлік балансты ұстауға сілтемелер бар. Шариғатта тән мен жанның, жұмыс пен қыдырудың, тіршілік пен демалыстың тепе-теңдігін ұстау қарастырылған. Тіпті намаз да парызы болсын, нәпілі болсын, адам өмірін жүйелеу үшін белгілі бір уақыттарда ғана оқылуы міндеттелген. «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді» ("Ниса", 103).

Адамның өзіне арнаған уақыты, отбасысына арнаған уақыты, жұмысына, қыдыруына, сапарлауына арнаған уақыттары болғаны сияқты ғибадатына, намазына арнаған уақыты болуы керек. Сонда жан мен тәннің арасында баланс, яғни тепе-теңдік орнайды. Осы ақиқатты білдіргісі келгендей Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз уақыты кіргенде: «Жанымызды жадыратшы, уа, Біләл!» – дейтін.

Яғни «Намазға азан айтып, дүниелік кірбіңнен шығаршы. Намазға азан айтып, бітпейтін шаруадан, үлкен жауапкершіліктен шығаршы. Намазға азан айтып, өмірімізді қараңғылап тұрған күнә-қателіктен, арқамызға батқан ауыр жүктен, болмысымызға еніп кеткен жаман қасиеттерден құтқаршы. Намазға азан айтып, нәпсінің арбауынан, жүректің құбылуынан, асылыққа кетіп қалудан шығаршы. Намазға азан айтып, намаз оқып, тап-таза, мінсіз аппақ болып шығуымызға жағдай жасашы» дегендей көрінеді. «Намазды кемеліне жеткізіп оқы!» ("Исра", 78).

Осы сөз Құранда қанша рет қайталанғанына мән бердің бе? «Оқы!», «Оқу», «Оқыды», «Оқушы», «Оқушылар», «Оқиды» деген тіркестермен келген. Осы қайталанған әрбір сөздің астарында бір мән-мағына бар. Әрбір сөз бір нәпсіні білдіріп тұрғандай. Намазды кешіктірмей өз уақытында оқы. Намазды шарттарымен, сүннеттерімен, рүкіндерімен оқы.

Намазды жүрегіңнен барлық нәрсені шығарып тастап оқы. Намазды Алланың құзырында тұрғандай, Ол сені әрбір қимылыңды бақылап, қарап тұрғандай, жан тыныштығымен, жайбарақат оқы.

Намазды барлық күнә-қателіктерден тыйылып, ешкімнің ақысын жемей, біреудің наласына қалмай оқы. Намаз жамандық пен арсыздықтан тыяды. Намазды құлшылық пен ғибадаттың шынайы дәмін тататындай кемеліне келтіріп оқы. Әрбір ісіңнің оңынан болып, әрқашан бақытты болуыңа себепші болған намазыңды Раббың үшін ең бірінші жасайтын амалдар қатарына қос. Ісіңді намазбен баста!

Шейх Әли Тантауи былай дейді: «Есіңде болсын! Намазға өз өміріңде бірінші орынды берер болсаң, қалған ісіңнің бәрі өз орнын тауып кетеді».

 

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: