07
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Бөкей Ордасындағы ислам дінінің мектептерде оқытылуы және медреселердің қызметі ( XIX ғасыр)

Бөкей Ордасындағы ислам дінінің мектептерде оқытылуы және медреселердің қызметі ( XIX ғасыр)

Мақалалар
Жарнама

Білім беру тарихы - төл тарихнаманың бір саласы және ол тарих ғылымының дамуымен тығыз байланысты. Өткен ғасырларымызда білім беру жүйесінде Бөкей Ордасындағы білім жүйесі ерекшелігімен анықталады.

Бөкей Ордасындағы білім беру мәселесі фрагменттік басқа мәселелермен қосымша түрде берілген. Бөкей Ордасының білім беру тарихы үш басты кезеңге бөліп қаралған. Біріншісінде, қазақтар Жайықтың бергі бетінен көшіп барғаннан бастап, 1841 жылдың ақырына дейін білімді тек ғана исламтану мектептерінен меңгереді, екінші кезеңде, 1841 жылдың 6-желтоқсанынан 1868 жылдың қараша айына дейін алғашқы орыс-қазақ мектебі хан ордасында ашылады, үшінші кезеңде, 1868 жылы жергілікті мектептер әу басынан Уақытша Кеңестің құрамында болады. 1874 жылы жергілікті мектептер ашылып, орысша сауаттылыққа күш салынады.

Ордада алғашқы білім жүйесі  исламтану мектептерімен байланысты. Бұл жерде молдалар үлкен рөл атқарды. Молдалар санының өсуімен Ордада исламтану мектептерінің саны да көбейген. 

ХІХ ғасырдың ортасына қарай Ішкі Ордада 38 исламдық мектеп салынып, онда 400 оқушы оқыды, оның ішінде қазақтардан – 350, татарлар - 50 шәкірт болды. Нәтижесінде, татар жазуы қазақ даласында кеңінен тарап, татар тілін білмеген қазақ өз ортасында сауатсыз болып есептелді. Қазақстанның империяға жақын өлке болуы отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруды жеңілдетті. Қазақ жастары орысша білім алу үшін алғашқы кезде көп уақытқа дейін қазақ жерінен тыс, Ресей қалаларында оқиды. 1840 жылдан бастап Ішкі Бөкей ордасындағы ауқатты қазақтар балаларын Астрахань қаласына орысша оқуға бере бастаған. Астраханьда ер бала жеке-жеке молда жалдап оқуға мәжбүр болғандықтан, оқу қымбатқа түскен. Сондықтан да болуы керек «Жәңгір хан ордалықтарға білім беруді өз жерінде қолға алуды ойластырды және білімнің нағыз бұлағы, жалғыз көзі ретінде Орынборға жол ашуды қарастырды». 

Орынбор Шекара коммиссиясының келісімімен 1842 жылы 24 қазанда Садриддин Мухамет Аминев Ордадағы училищеге  ұстаздық етуге және де молда болып қызмет атқаруға тағайындалған. 

Қазақ балалары Сейітов посадының, Стерлитамактың, Уфаның, Қазанның белгілі медреселерінде білім алды. Ішкі хан ставкасында ашылған татар 64 медресесі үлкен беделге ие болады. 1842 жылы ашылған бұл медреседе дәрістер жүргізу үшін Қазаннан, Сібірден, Нижегородскіден, Томскі губерниясынан татар молдалары шақырылған еді. Хан ставкасында бір уақытта қазақ балаларын гимназияға даярлайтын училищелер де ашылады. 

1861 жылы онда исламтану мектебінің саны 55-ке дейін жетіп, оларды 1300 шәкірт оқыған. 1866 жылы мектеп саны 93-ке, шәкірт саны 3141-ге артқан. 1872 жылы 154 мектепте 3821 оқушы оқыпты. Ал келер мектеп саны бірден 88-ге, оқушысы 3000-ға дейін кеміген. Орда мектептері инспекторының мәліметі бойынша 1888 жылы Ордада 52 татар мектебі болған, онда 1262 ұл және 102 қыз оқыған.

Ислам мектептерінің оқушылары Ордада шын мәнінде татар сауаттылығына қарағанда анағұрлым үлкен дәрежеде дамиды. Мектептегі оқуды молдалар мемлекеттің қолдауымен жүргізеді. Бұл мектептердің бағдарламасы күрделі емес, оқу және жазу татарша, кейбір жатталатын мәтіндер Құраннан және намаз оқу тәртібінен еді. Мектептер ата-аналар және қоғамның қорынан өмір сүрген.

1870 жылы 26-наурызда жоғарыдан бекітілген тәртіпке байланысты ұлт мектептерінде міндетті түрде орыс тілін оқытуды енгізудің керектігі айтылды. Ордада бұл міндет қолданыла бастағанда, кейбір молдалар бұған сенімсіздікпен қарайды. Оларға әсер ету үшін Орынбор мүфтиі молдаларға өз мектептерінде орыс тілін енгізуге келісім беретіндігі туралы циркулярлық қаулы жібереді. Барлық исламдық  мектептері және медреселер, сонымен бірге үйде  және жеке оқытумен айналысатындар 1874 жылы 20-қарашадағы Мемлекеттік Кеңестің пікіріне байланысты Халық Ағарту Министрлігінің оқу басқармасына бағындырылған.

1841 жылдың 6-желтоқсанда Жәңгір ханның өз ордасында мектеп ашуымен қазақтар ішінде орысша-қазақша білім беріле бастайды. Бір мектептің ашылғанына қарамастан хан оған оқушыларды тартуға мүмкіндік жасап, қазақтарға тиетін пайдасын дәлелдейді. Алғашқы уақытта бұл тек ханның жеке қорынан қаржыландырады. Онда балаларынан басқа хан сарайында тұратын орыстар да оқиды. 1852 жылы оқушы саны 23-ке жетеді, олардың көбі қарапайым қазақ балалары еді. Хан өлгеннен кейін, 1848 жылы жоғарыдан келген мәлімдеме бойынша, мектепті ұстау үшін бір жылда 1404 сом бөлініп, жергілікті халықтан жиналған салықтың ақшасынан тағы да 251 сом қосылды. Бұл мектепте екі мұғалім білім беруі тиіс еді. Оның біреуі, жылына 150 сом жалақымен қазақ, парсы және араб тілдерін, ислам дінін үйреткен, ал екіншісі орыс тілін, таза жазу, грамматика және арифметиканы оқытқаны үшін 250 сом алған. Оның үстіне 50 сом бақылаушыға, 25 сом мұғалімдер тамағына, 20 сом тәрбиеленушілердің киіміне және мектеп үйінің жөндеуі мен жылуына 300 сом бөлінген. 1890 жылы 1-қаңтарда есепке алынған 38 оқушының 25-і мұсылман, 13-і христиан. Бұлардың 20-сы мемлекет тарапынан қаржыландырылған. 

Революцияға дейінгі орыс тарихнамасы мен кеңестік тарихнама өкілдері мұсылмандық  білім беру ісін есептемей, қазақтардың тек ғана 2%  ғана сауатты болды деген ұғым қалыптастырды. Медреселер патшалық Ресейдің мүддесін  іс жүзіне асыруына үлкен кедергі болып отырған. Медреселердің күшін жоюға бағытталған біршама жоспарлар жүзеге асырылды. Оның бір парасы араб әліппиінің орнына кириллицаны енгізуде Н.Ильминский, Н.П.Остроумов және Наливкин секілді миссонер ғалымдардың араласуымен Ресей Халық ағарту министрлігі 1870 жылдың 16 наурыз айында арнайы ереже дайындады. Ережеге сәйкес оқу арқылы мұсылман халықтарын орыс рухани тәуелділігіне түсіру бағыты басшыларының ұсыныстары ескеріліп, Илминскийдің  әзірлеген жүйесі негізге алынды және өлкені орыстандыру мен шоқындыру тәсілдері кеңейтілді. Осы уақыттан бастап исламға қарсы оқу ағарту саласында бүркемеленген, мұқият күрес басталды. Бұл жолда патша үкіметі негізгі екі бағытты ұстанды. Біріншіден, мектептер мен медреселерді қаржыландырып  отырған уақыптарды қысымға алу арқылы исламдық  оқу орындарына соққы беріп отыру. Екіншіден, мұсылмандарды орыстармен кіріктіріп, сіңістіретін аралас орыс-түземдік мектептерін ашу болды. Исламдық оқу орындарына мемлекет қазынасынан материалдық көмек көрсетілмеді, керісінше, оларға қарсы ұстаным күшейттірілді. Олар қызметтерін жалғастыру үшін генерал-губернаторлық ережесіне сәйкес рұқсат алу қажет болды. Мектеп-медреселерге орыс тілі мұғалімі болған жағдайда ғана жұмыс істеуге рұқсат берілді. 

Бөкей ордасында кейінірек ересектер мектептері де құрыла бастайды. Ондағы жүргізілген сабақтар ересектерге білім беру немесе сауаттандыру бағытында емес, іс жүзінде ислам негіздері мен тілмаштыққа ғана дайындады. Және екі сыныптық курсты бітіргендер шала сауатты мұғалім ретінде ел арасына жіберілді.

Патша әкімшілігі ислам дінін оқытатын мектептерге Уақытша кеңес құрылғаннан кейін ешқандай көмек көрсетпей қойды. Ресей империясының Ішкі ордаға байланысты 1868 жылғы реформасынан кейін ислам дінін насихаттайтын молдаларды және мектептерді қатаң бақылауға алып, әр түрлі шаралар қолдануға дейін барды. Осы айтқанымызға Ішкі орда жайлы мұрағатта сақталған құжатта: «Дала облыстарындағы қазақтар туралы қазіргі қолдануға енген ереже бойынша Орынбордағы, сондай-ақ Сібірдегі рухани іспен айналысқан мекемелер Орынбордағы Магометтік рухани жиналыс қоғамы қарамағынан алынып, жалпы азаматтық бастыққа бағындырылды», - деп жазылған мәлімет дәлел болады. 

Патша әкімшілігі тарапынан ислам дінін насихаттауға тыйым салу әрекеті жылдан-жылға өрши түсті. Ішкі ордаға байланысты реформа қабылдағаннан кейін де Ресей империясы қазақтарды орыстандыру мақсатымен әлі де ел арасында беделі төмендемеген ислам дініне қарама-қарсы әр түрлі әрекеттер жасады. Мысалға, Ішкі орда жайлы 1870 жылы жазылған құжатта: «Жоғары мәртебелінің бұйрығымен барлық татар мектептеріне орыс тілін оқыту енгізілді, алдағы уақытта жаңа мектеп және медресе ашуға жол берілмесін, әйтпесе онда орыс тілінің мұғалімі болу міндеттелсін», - деп баяндалған. 

Ислам дініне қысым жасау жергілікті жер - Ішкі ордада бұрынғыдан да асқына түсті. Патша шенеуніктері ислам дінін насихаттайтын мектептерге оқушылардың аз баруына барынша әрекеттер жасады. Олар Ішкі ордадағы сұлтан, төре, мансапқор әкім старшындарды пайдаланып ислам дініне қарсы арандату жұмыстарын жүргізді. Сондай әрекеттер жасалғанмен Ішкі орда қазақтары мұсылманша оқытатын мектептерге көбірек барды. Ішкі орда тұрғындары ислам дінін үйрететін молдаларды айрықша құрметтеп, оларға ерекше қызмет көрсетті. Бұған Салық Бабажановтың: «Молда - бұл адамгершілікті үйрететін ұстаз, оларды барлық жерде сыйлап, тамақтандырып, кішіпейілділік көрсетеді және олардың сөзі алғаусыз орындалады», - деп жазғаны айғақ болады. 

Қазақтар сауат ашып, жазуды үйреніп, ой-өрісін кеңейтуді өздеріне парыз санады, оқыған, білімді адамдарды ел айрықша құрмет тұтты, өздеріне, айналасына үлгі етіп көрсетті. Сондықтан орда тұрғындары, әсіресе, ауқатты адамдар өз әулетіне арнап арнайы молда ұстады, сөйтіп өз үйлерінде молдадан ислам шариғатын үйреніп, сауатын ашты. 1896 жылы 1 қаңтардағы Бөкей Ордасының Астархан хандығына берген есебі бойынша Ішкі ордада барлық училищелердің саны 62 болған. Соның ішінде екі каласстық 2, бір класстық ауылдық мектептер 6, жоғарғы мектептер 14, медреселер мен діни бағыттағы мектептер 38 болған. Ішкі ордада мұғалімдер саны 89, оның ішінде діни ұстаздар 58 болған. Медреселер мен діни бағыттағы мектептерде 400 адам оқыған. 

Үкімет органдары исламтану мектептерін материалдық жағынан қамтамасыз етуге қатыспады. Исламтану мектептеріндегі шәкірттердің әлеуметтік құрамы әр түрлі болды. Мектептерде қарапайым қазақ пен татарлардың балаларымен қатар молланың және ауқатты шаруалардың балалары оқиды. Қазақтардың арасында үйден оқыту ісі дамыды. Бірақ үйде білім алу туралы  мәлімет жоқ.

Ал оқу  жұмысына келсек мешіттерде ресми бағдарламалар мен жарғылар болған жоқ. Оқу мектептерде қыста жүргізілді. Барлық оқушылар оқуға ерікті түрде келді. Мектеп ұстаушысы жалғыз мұғалім болды. Тек оқушылар көбейіп кеткен жағдайда мектеп ұстаушысы басқа сауатты адамды көмекке шақыратын немесе жақсы оқушысын тағайындайтын.

Мектептерде араб жазуы, түрік тілдері, дін және арифметика курстары жүрді. Жалпы алғанда оқу-тәрбие жұмысы діни бағытта өрбіді. Бірақ білім жағы төмен болған. Исламтану оқу орындарының жергілікті жерде беделі өте зор болды. Олардың мәдени ағарту маңызы өте зор.

Қазақ жерінде мұсылман мектептерімен қатар орыс мектептерінің көптеп ашылуы, білімге құштар, арманшыл қазақ жастарының өмірлік мақсат-мұратын айқындап, болашақ мамандық таңдау сияқты келелі мәселелердің бетін ашып алуға, талаптануға баламалық жағдай жасады. Алайда, халықтың рухани дәстүрлері - ғасырлар бойы ауысып отыратын мирас десек, өте сақ, алдын ала ойластырылып, құйтырқы жүргізілген рухани отарлау саясатының ауыр зардаптарын да мойындауымыз керек.

            Жарас Аханов,

тарихшы

Бөлісу: