28
Сейсенбі,
Қаңтар

һижри

Дін тұрақтылық пен бірлікке қызмет етеді

Дін тұрақтылық пен бірлікке қызмет етеді

Мақалалар
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) біріктіріп отырған мұсылман азаматтар Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолын ұстанып, соған сәйкес амал етуде. Бұл, біріншіден, дәстүрлі емес ислам ағымдарының енуіне жол бермесе,  екіншіден, елдегі мұсылман жамағатының бірлігі мен ынтымағын сақтауға және күшейтуге  мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлi танылады» деп атап көрсетілген.

Ал қоғамда «зайырлы» ұғымын дұрыс түсінбегендіктен кейбір әсіредіншілдер тарапынан зайырлылық қағидаттарға идеологиялық тұрғыдан қарсылық танытып жатқандарды кездестіруге болады.  Олар зайырлылық қағидаларын мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі ретінде сезінсе, әсіредіншілдікке бой алдырмас еді.

Бүгінде дінді құндылық ретінде дұрыс ұғынып-түсінбей, сырттан келген теріс уағыз-насихатқа еріп, адасушылыққа бой алдырған азаматтар бар. Олардың ұлттың құндылықтарына, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретіні ақиқат. Қоғамда кейбір азаматтар зайырлылық дегенде мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлек деген қағиданы біржақты түсініп, дін мен мемлекетті, тіпті дін мен қоғамды қарсы қоюда. Әсіресе қоғамда олардың ішіндегі ең белсендісі – салафилік идеологияны ұстанған жамағаттар.

Салафилік идеологияны ұстанушылардың басты мақсаты – тек ислам шариғатына негізделген мемлекет құрып, демократиялық қағидаттарға негізделген зайырлы мемлекеттік құрылымдарды жою болып табылады. Уаһабшылық-салафилік ағым идеологтары зайырлы елде өмір сүріп жатқан мұсылмандарды «надан» қоғамнан оқшаулануға, «кәпір» болғандармен немесе дінге «бидғат» («жаңашылдық») енгізетіндермен барлық қарым-қатынастарды үзуге үндейді. Олар өз ішінде сурурилер, мадхалилер және тәкфіршілер болып бөлінетінін дінтанушы мамандар тарапынан айтылып келеді.

Жекелеп тарқатып айтар болсақ, сурурилер – Сауд Арабиясы билігінің елге Америка Құрама Штаттары әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, оларды кәпір ретінде айыптаған мәдиналық салафилер жамағаты. Сурурилер төзімсіз діни ағымға жатады. Олар мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым-қатынас жасамауы қажет деп санайды.

Ал, мадхалилер негізгі ұстанымы қандай жағдайда болмасын мемлекет басшысына бағыну болғандықтан, мадхалилер кейбір араб-мұсылман елдерінің билік өкілдеріне ұнап, белгілі бір дәрежеде қолдау табуда. Олар өздерін «мадхали» деп атамайды және тақлид (еліктеу, ұқсау, біреудің ісін қайталау, біреудің жолымен жүру) жасауды дұрыс деп санамайды.

Өздерін нағыз салафи, әхли сунна уәл жамағат жолында деп санап, өзгелерді адасуда деп ойлайды.

Ең қауіптісі тәкфіршіл-жиһадшылар ислам діні жөніндегі мәселелерде өзінің ұстанатын діни түсінігі мен бағыт-бағдарына сәйкес келмейтін кез-келген адамға (әсіресе мұсылманға) «кәпір» деген айып тағу арқылы оны діннен шыққан деп есептейді. Олар өз идеологиясында салафилік діни түсінікке сүйенеді. Дәстүрлі исламды ұстанатын өзге мұсылмандарға «дінсіз» деген үкім береді.

Тәкфіршіл-жиһадшылар мұсылман елдеріндегі билік басшыларының, құқық қорғау органдары мен құрылымдарының әрекеттері өз идеологияларына қайшы келсе, оларға қатысты «тәкфір» үкімін жариялап, ондай мемлекетті «тағұт» (пұтқа табынушылар) деп атайды. Айналадағы қоғамды толығымен кәпірге шығарып, «тағұт» деп айып таққан соң, тәкфіршіл-жиһадшылар екі әдістің бірін қолданады: «кәпір» атанған өзінің тұрып жатқан жеріне «жиһад» (соғыс) жариялайды немесе ислам жеріне «хижра» (көшіп қоныстану) жасайды. Олардың бұл әдістерінің ешқайсысы дәстүрлі ислам қағидаттарына сәйкес келмейді. Бұл идеологияны таратушы «Ат-тәкфір уәл-хиджра» ұйымына Қазақстан аумағында соттың шешімімен  тыйым салынған.

Қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін осы секілді басқа да дін атын жамылған теріс пиғылды діни ұйымардың басты мақсаты – зайырлылық қағидаттарын терістеу. Өздерінің идеологиясы арқылы қоғамды шетін көзқарасты қалыптастыра отырып, өз мақсаттарына жету екені белгілі.  

Сондықтан еліміздің танымал сарапшылары қоғамдағы  тұрақтылықты сақтауда зайырлылықтың орны ерекше екендігін айтады. Себебі, зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекеттің сипаты.

Қоғамда зайырлылық қағидаттарымен қатар діни қызмет те өз арнасымен жалғаса береді. Оның насихатталуы мен нығаюы – Қазақстан дамуының басты нәтижелерінің бірі. Өйткені, дін де тұрақтылық пен бірлікке қызмет ететіні аян. 

Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тұрақтылығына, дамуына, береке-бірлігімізге нұқсан келтіретін жат діни ағымдардың алдын алу – әрқайсысымыздың негізгі міндетіміз. Елімізде мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайта отырып, дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол берілмеу керек.

Тұрар Әбуов,

дінтанушы-сарапшы

Бөлісу:

Пікірлер қалдыру