Меню

29
Жексенбі,
Желтоқсан
27
Жумад ас-сәни
1446 һижри

Абай қалай сабалды?

Абай қалай сабалды?

Мақалалар
Жарнама

Біздің казақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898-ші жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған.

Оразбай байдың дәулеті асып, дәуірі тобықты ішіне жүріп, Оспанмен екеуінің араздығы Оспан өлген соң менің әкемнің басында қалған. Оразбай мен әкемнің араздығы Тобықты елі болып, үлкен съездерде бір уезге қараған қазаққа жетіп, бір уез елдің адамдары екі жар болатұғын. Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері: «Сіз бармасаңыз болмайды, Оразбай қалаған кісісін сайлатып алып, басымызға пәле жауғызады», - деп, жалынып жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қаспен көздің арасында тұратұғын сорлы казақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ ел ескі әдетімен ауа береді десіп, бірнеше адамдарды сайлап шығарып, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп, жанжал шығарындар», – деп жіберген.

Халықтың бұл сияқты ниетінен хабарсыз отырған әкеме бірнеше татымсыз адамдар келіп, жанжал шығарған жерде бұлардың бұл ақылының ішінде болған адам аналардың қолы Абайға тигенше, маған тисін деп, аналар ұмтылып қамшысын сілтей бергеңде, әкемнің үстіне жығылыпты. Жұрттың таяғы оған тиіп, әкеме таңба түспей қалыпты, бұл кісі Сопының інісі Аппас, бірақ таяқ тиеді не, тимеді не, әйтеуір Абайды ұрдық деген атын көтеріп, мұратына жетті.

Осы ісі туралы ағайын туғаны, балалары, ел жүрты, досы-жары жиылып біз де пәлен етеміз, түген етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ дескенде, менің әкем айтты: «Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, мен жасымда қарғағанымды жер қыламын, алдағанымды зор қыламын деп ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын, дүшпанын жеңбекте жолы болған адамның бірімін. Мен алғаш атқа мінгенде жігіттіктің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең, жай келсе, артықпыз деп жүрген ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байлануына, бірінің артынан бірі барамын деп жапан жүріп бейнетке, қазаға ұшырауына себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зұлымдығынан да болған шығар, бірақ, менің қатты зәрленіп соңына түскенімнен де болды.

Сол Жігітек деген ел қандайлық елдіктен кетіп, кедей болып тұрғандай тозды десең де, бүгін астымда жатса да аяғымды тістеуге жарады.

Бұл жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес, мен енді бұл бітімсіздікті қостауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін» – деп, елді тоқтатты.

98-ден 99-ға қарайғы қысында, Оразбай Меккеге жүрерде бітелік, ризаласалық деп кісі салған соң, әкем жарайды деп, алған-берген еш нәрсе жоқ. Семейде Жақия қажының үйінде бас қосып, Меккеге жүрмекші Оразбайға ризалығын берді. Артынан елге барған соң, Медеу деген Оразбайдың баласы жанжалдағы елдің басты адамдарын жол-жобасымен әкемнің алдына алып келіп, бітім болды. Абай алған жол-жобасы үшін бітім қылды деп ешбір Тобықты айта алмас.

99-жылы обласной землемер болыс- болыстың арасына меже салып, гран жүргізгенде, бұрынғы Мұқыр болысындағы Жігітек, Бөкенші деген екі тап елдің егесі мен ежелгі жау болып келе жатқан екінші 98-ші жылғы жанжалдың иесі, ағайыны, гран бойынша еріксіз біздің Шыңғыс елінің хатына кіріп қалды. Бұлар ашулы арыстанның алдына қол-аяғын байлап тастаған кісінің күйінде болды. Жоқ, әкем сол араз ағайынның бар басты адамдарын, ақсақал, қарасақалын шақырып алып: қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген, енді жаулықты ұмыталық, мен жаулық қылады екен демеңіздер деп, шын жүрегін көрсетіп, қойнын ашып жіберіп еді, олар да бұрынғы жаулықты соншалық ұмытты.

Содан кейін төрт жыл өтіп, бесінші жылдың басында менің әкем дүниеден қайтып, артында мен қалғанда, әкемнің аруағын сыйлап, шын достығын көрсеткен елде тек осы Оразбай болды.

Оразбай секілді әкемнің жаулары еңді мені бишара жетім ғой, енді бұған тиіп неғыламыз деген жоқ. Қаңдай жаулығын қылса да әкемнің достарының арқасында жалғыздық көргенім жоқ.

Тұрағұл Құнанбаев

"Әкем Абай туралы" атты естелігінен