23
Сенбі,
Қараша

һижри

Манарбек Айдынғалиұлы: Ұлы Абаймен сырласу

Манарбек Айдынғалиұлы: Ұлы Абаймен сырлаcу

Мақалалар
Жарнама

Қамын ойлай ұлт пен елдің келешегін қарайлап,    

Өлең жаздың, мұңын жаздың, сөзін жаздың абайлап,

Ғұмырыңның бар қызығын шүберекке түйдің де,

Халық арын жырлап өту, дедіңіз-ау, маған бақ.

 

Дедің-дағы, әр қазақтың көкірегін ашамын,

Ойлы сөздің зергерісің, сөзден мүсін қашадың.

Өлең деген патшалыққа қу тірлікті сыйғызып,

Шабыт деген тұлпарыңнан өлгенде тек босадың.

 

Сіз жатқан қара жерден жырдың гүлі бүр жарып,

Қазақ жері құлпырады әр көктемде қызарып.

Жидебайға бұлт көшкіні дастан болып төнеді,

Найзағайлар сәлем беріп, өлең-жаңбыр құйылып.

 

Тұлпар болар құлыншақ та жақын келер үйірге,

Жүрек жырлап елдің қамын, бұрып тұрар бүйір де.

Самал желі ақын қылған біз сияқты пендені,

Сізден қалған теңіз ойлар буырқанған күйінде.

 

Білесіз бе, қазақ күліп бір қазаққа жүр әлі,

Екі жүздің өзге жаннан жоғарыда тұрағы.

Арлыларды құлатумен мәз болады басқалар,

Биліктінің сөзінен тек итақайлар бұғады.

 

У ішкізіп даналарға, намыссыздар күліп жүр,

Билікқұмар кейбір жандар іштерінен іріп жүр.

Төрді бермей тоғышарлар шіренеді қасқайып,

Шындық деген босағадан әрі аса алмай ұлып жүр.

 

Маған енді Сізден қалған ой кеміру – үлесім,

Жырды жұтқан жүректінің жайын жақсы білесің.

Сөз ұқпайтын жамандарға қара сөзді қару ғып,

Рухыңмен, көктен бәлкім бізге көзді тігесің.

 

Шаршағанда әр сөзіңнен қуат алам ғаламға,

Сізден қалған түйір ойдан жан бітеді қаламға.

Өткен ғасыр ғұламасы өлмес өлең өріп ең,

Сіздің жырмен таң атады дархан мынау даламда.

 

Сіздің сөзді жазып алып жүрек, парақ, тасқа да,

Өзге жұртқа қараймыз біз Сізді балап асқарға.

Сіз айтқан сол надан жандар әлі де бар не шара?

Бұрмай қойды мойындарын ақылға һәм басқаға.

 

Сізден қалған мұңды біз де жырға қосқан боп жүрміз,

Ұлы Абайды әдебиеттің шамшырағы деп жүрміз.

Сіздің әлем - біздер үшін ашылмаған ғаламшар,

Тырнақтың да сынығына жарай алмай біз жүрміз!

Манарбек Айдынғалиұлы Қарекенов,

Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу: