19
Жұма,
Сәуір

һижри

Дәурен ТІЛЕУХАНҰЛЫ: СӘУЛЕЛІ СӨЗ – Қазіргі қазақ қоғамы хақында

Дәурен ТІЛЕУХАНҰЛЫ: СӘУЛЕЛІ СӨЗ – Қазіргі қазақ қоғамы хақында

Мақалалар
Жарнама

«Абай рентген сияқты, кеудеңе тоссаң  бүкіл иттігің көрінеді.»

                                               Серік Ақсұңқарұлы

…Қазақ—сөз қонған жұрт. Сөздің киесін, жүйесін біледі. Бірақ, заман өзгерген сайын біздің санамыз соқыр, миымыз мүгедек хәлге айнала бастаған тәрізді. Таным көкжиегіміз тарылғандай күйдеміз. Оның басты себебі—РУХАНИ ДАҒДАРЫС! Жастың да, кәрінің де «санасын тұрмысқа билетуіне» қарағанда, біздің қоғам Абай айтқан сәулелі сөздер мен ғұмырға азық боларлық ғибратқа әлі де зәру.

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват…», дейді хәкім Абай. Демек, бүгінгі айналамыздағы арсыздық синдромына, шектен шыққан ұятсыздыққа біздің де кінәлі болғанымыз ғой?! Өзі өмір сүріп жатқан қоғамдағы (қоғамды құрайтын адамдар!) кез келген жөнсіздікке көз жұму адамның азаматтығына дақ салады десек, бұл жерде Абай біздің ахуалдың диагнозын дәл қойған және ақынның айтқанына қосылмасқа шара жоқ.

Осыдан келе «жаман адам қайдан шығады?» деген сауал санамызда сарнап тұрады. Оның да жауабын біз ақынның өзінен тапқандай болдық.

           Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
           Сонда толық боласың елден бөлек.
           Жеке - жеке біреуі жарытпайды,
           Жол да жоқ жарыместі жақсы демек…

Біз бойымыздағы ең нұрлы құндылықтардың басын біріктіре алмағанымыздан—арзан қасиеттердің арбауында қалады екенбіз. Сондықтан, «толық адам» тұжырымын түсінбей,  «компьютербасты жарты адамдарға» (М.Шаханов) айналып кеттік. Сондайда «мұңдасарға сөз ұғатын кісі таппаған» Абай: «Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек» деп жамандардың жағымсыз әрекеттерін әшкерелей түседі.  Абай секілді қазақты сүйген адам аз шығар деймін ойланып отырып. Айтулы Асқар Сүлейменов: «ұлтты сүйе алу үшін алдымен оны жек көріп алу керек» деп бекер айтпаған шығар. Абай  «сабырсыз, арсыз, еріншек» қазағын, «әсемсіп, сәнсіп, білгенсіп, бәлсіп» сөйлейтін қазағын жек көре тұра, жанымен сүйе білген адам.

«Абай—Алаштың автопортреті!» Қазақтың көкірегін кеулеген қайғы мен кеудесін кернеген кеселдің бәрін осы рентген тайға таңба басқандай анық көрсетіп тұр. Алайда, қиянатқа құштарлығымыздан, ұрлық-қарлық пен сауатсыздыққа арланбайтынымыздан «жаман» атанып жүргеніміз өзімізге білінбейтіні белгілі.

«Қазақ қайтсе ел болады?..»

«Өршіген өзімшілдіктен қайтсек құтыламыз?..»

Дана Абайды «қырқында қартайтып», күлкісін һәм ұйқысын ұрлаған ең ауыр сұрақ осы болған шығар деп ойлаймыз. Десек те,  хәкімнің бұл сұрақтың жауабын бізге бір жарым ғасыр бұрын беріп кеткеніне қарамастан – «Абайдың қазағынан қара үзіп кеткен қазақ жоқтың қасы»(А.Сүлейменов), неге?! —

жалғыз жауап:

Абайды толық танымағандығымыздан!

Ал Абайды тану—өзімізді тану деген сөз екенін ұмытпағанымыз абзал.

«Келісті жақсыны, кейіпсіз жаманды» Абай өлшемімен бағалап, Абайға қарап бой түзесек, «бас-басына би болған қиқымдардың» азаяры анық.

Бірақ біз алтынымызды арзандатып алып, өзгенің күмісіне көз сүзген елміз! Табынарымыз—«тоқсан бірге» (ninety one), тыңдайтынымыз— «той әндеріне» айналғалы қашан?

Ақынның: «Единица болмаса, не болады өңкей ноль» дейтіні содан шығып отыр.

Қазақ «керуен кері айналса, ақсақ түйе алға шығады» дейді. Тұлғалар кеміп, тобырлар қалған қоғамға керек дұрыс даңғыл—Абай жолы!..

 …Міне, жаңа ғасырдың жағалауына тоқтадық. Ақпараттар тасқынында, әркім қара басының қамын күйттеп кеткен кер кезеңде халықтың санасын сілкіп, көзін ашатын адамға(сәулелі сөзге!)  мұқтажбыз. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді хәкім 37-інші сөзінде. Адамдықтың ақ туын ұстап, Алланың адал құлы болғаннан артық бақытты қайдан табамыз? Ол үшін Абай айтқан жаныңды жақсылыққа жетелейтін асыл сөздерді сүйекке сіңдіру керек…

                                              

                                                Дәурен ТІЛЕУХАНҰЛЫ,

                                                Түркістан қаласы.

Бөлісу: