21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясындағы киелі жерлерге библио-саяхат

М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясындағы киелі жерлерге библио-саяхат

Мақалалар
Жарнама

Ұлы жазушы М.Әуезов  «Абай жолы» эпопеясында шеберлікпен   кестелеген, ата-бабаларымыздың өткен өмірінің айшықты көріністеріне   куә, киелі орындарға тағзым ету.

Туған жерге деген патриоттық сезім мен сүйіспеншілік қосылып, еліміздің туризм саласының дамуына  аз да болсын, өз үлесімді қосқым келді. Ұлан-ғайыр жері мен  өшпейтін өлшеусіз тарихы, тамаша табиғаты, дархан көңілді халқы бар елімізде туризм саласын дамытуға баршамыз атсалысуымыз керек деп ойлаймын. 

Туған жер – өз үйің ғана тұрған жер емес, өз халқыңның кіндік қаны тамған, ата-бабамыздың тіршілігінен бастап,  ізі қалып, жүріп өткен жолы, ұрпағын өрбіткен жер. Ал оның  кешегі, бүгінгі, ертеңі туралы біз білуіміз қажет! Сондықтан алтын бесік, туған жерімізді қорыштай қорғап, қадірлеп, құрмет тұтып, өтуіміз керек! Көбіне өз туған жерін халқына  белгілі жазушылар шығармаларына қосып суреттесе, танымал ақындар құдіретті қара өлеңге қосып жырласа, ал мен сол атақты тарихи жерлер туралы  жарық көрген басылым беттеріне шолу жасай отырып  таныстырғым келді.

Бола­шаққа бет түзеген қазақ  халқының  Ұлы Даласы киелі жерлерге толы. Біз үшін Шығыс Қазақстанның Абай ауданындағы тарихи жерлердің  әрбір сүйем жері қасиетті де киелі.   Халық арасынан шыққан өз кезеңінде аты шығып, дүркіреген көрнекті тұлғалардың кесенелері мен қорымдары, халықтың жадында елеулі із қалдырған немесе беймәлім тарихи-саяси оқиғаларға байланысты орындарды білуге болады.

Көпті көрген қария Шыңғыстаудың тауы аласа болғанымен, қойнауы аңыз, естелік, шежірелерге толы, небір оқиғаларға куә, тарихтағы орны оқшау өлке.

Шыңғыстау – Хан биігінде атақты Шыңғысханды кигізге отырғызып хан көтерген киелі өлке. Шыңғыстау – қазақтың маңдайына Абайдай дара дананы, Шәкәрімдей ғұлама дарияны, Мұхтардай алып дарынды сыйлаған аруақты өлке.

Абай өз заманында халқына қорған бола білген, ақиқат жолында нар тәуекелге бара алған ерекше рух иесі. М.Әуезов өзінің атақты «Абай жолы» эпопеясы арқылы ұлы ақын есімін әлем оқырмандарына танытты.

Біз сапарымызды бастасақ. Ел мен жер тарихына тоқталмай өте алмайсың.

Қаладан шыққанда жолдардан бастау алатын  бекет, кезең, мұражай, ауыл, қорым, мазарлардың барлығы да әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кездесетін тарихи жерлер.  «Абай жолында» кешегі ата-бабалардың тұрмысы, тартысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап жатыр. Ұлы ақын «Абай жолы» романы иісі қазақ бауырларымыздың барлығына рухани нәр беретін сарқылмас қазына іспеттес.

Семей қаласынан шығып, Абай ауданына апаратын қара жолға түсесіз. Бұл Абай елінің ерте заманнан бері Семей қаласымен қатынас жасайтын ежелгі қара жолы. Абай елін бетке ұстап шыққан жолаушының жолындағы алғашқы кездесетін елді мекен, 24 шақырым жердегі Балтатарақ  ауылы. Балтарақ аулының да өзіндік атауы бар, ертеде бұл жерді Ұлықыз бекеті деп те атаған. Тағы да айтылатын «қыз бен жігіттің балта мен тарақты ұмытып тастап кетіп, сол балта мен тарақ тауға айналған» деген аңыз да бар.

(«Абай жолы».2.т.,555-бет). «Абай бұған әуелі өзі көрген жолдағы елі Уақтың жайын сұрап еді. Әбдінің айтуынша жол бойы  Балта-Орақ, Мұқыр, Арқалық, Күшікбай, Қанай – бәрінің тұсында қар орасан қалың, мал қолға қарап қалыпты. Дәрмені бардың бәрі маңындағы Құйқалы тауға немесе Ертіс жағалап тоғай бойына, азды-көпті пішен болған өңірлерге қарай шұбырып жатыр,-деді.».  Түйіндей келгенде, «Абай жолындағы» нақты дәлелдерге сүйенсек, «Балта-Орақ» деген атауы болған екен. Кейін фонетикалық жағынан өзгеріске ұшырып, Балтатарақ аталынған екен.

Тағы бір жайтқа тоқталсам, бұл жерде әйгілі Ұлы ақын А.Құнанбайұлының талапкер   шәкірттерінің бірі Көкбай ақынның ұрпағы тұрақтаған жер. Өткір тілді, ұшқыр ойлы, суырып салма ақын   Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Шыңғыстаудың етегінде, Тақыр өзенінің бойында, қазіргі Абай ауданының  Көкбай ауылында дүниеге келген. 1925 жылдың қазан айының басында ауруының асқынуына байланысты, Мәскеуге бармақ болады. Бірақ бұл ақынның соңғы сапары болды. 1925 жылы Күшікбай кезеңінде ақын дүниеден қайтады.( Көкбай Жанатайұлы. 6-бет).

«Ұлы Абайдың ең сүйікті шәкірті, әрі жан досы Көкбай ақын 1926 жылы атақты Күшікбай бұлағында қайтыс болғанда, туған жері Мұқыр өзенінің бойына Көкбай көлінің жағасындағы өзі салдырған мешіті мен медресенің іргесіне жерленіп, «Түйемойнақ» тұрғызылған».(М. Жанболатұлы: Би ата (Кенгірбай би Жандосұлы).-57- бет).

Көкбайдың өлеңмен жазған «Араб тілінің грамматикасы» еңбегі, «Сабалақ», «Құлынды», «Ғаділ патша», «Арұнрашит» дастандары, Әріп, Кемпірбай, Жүнісхан, Жидебай, Саржандармен айтыс т.б. шығармалары көпке мәлім. Көкбай ақын өмір бойы Абайдың іні-досы, шәкірті болған. Көкбай ақыннан туған  сөзге жүйрік болған Ахметқали атты ұрпағы 1905 жылы Мұқырда дүниеге келген. Қиын-қыстау заманда қуғынға ұшырап, 1930 жылы 18 наурызда ұсталып, үш жыл абақтыда отырады. Ақталған жылы 1989 жылы толық ақталынған. Ұрпағы Аманкелдіні қиын-қыстау заманда Ресейдің Орынбор қаласына жіберген. Амангелді Ахметқалиұлы Көкбай Омск қаласында облыстық сотта көп жылдар істеген. Қазір де сол қалада отбасымен тату-тәтті тұрып жатыр.

Тектінің ұрпағы, асылдың сынығы Аманкелді аға туған жер ата-баба қонысына келіп тұрады. Балтатарақ ауылында Ишан әулиенің жатқан  қасиетті жері бар. Осы аталған ауылда Ахметқалидан туған қызы Ғайнижамалдың балалары тұрады. Көкбай бабамыздың ұрпағы Нұртаза Төлеуғазы әкей де өз туған жеріне жерленген. Бүгінде Нұртаза әулетінің бәрі өнерлі, әншілер. Соның бірі – Қарлығаш Нұртазақызы, ҚР еңбек сіңірген әнші. Тағы бір ұрпағы Сандуғаш Төлеуғалиқызы Нұртаза көп жылдар, СММУ университетінде, кітапхана директоры, М.Мәметова атындағы мұражай директоры болып мінсіз қызмет атқарды.

Көкбай ақын туралы кітаптар баршылық. Соның бірі Ж.Әубәкірұлының кітабы.

Жолдың оң жағында алыстан мұнартып,  Көкен тауы көрінеді. Ол-Уақ елінің ежелгі мекені. Уақ елімен Абай өмір бойы тату-тәтті болып, көп араласқан. Абайдың ақылдас адамдарының бірі, Әз аға деп қадірлеген адамы – Әлімқан: ақынның замандасы, жанашыр досы – Нұрке; Абайдың шәкірт досы, домбырашы-музыкант, әрі әнші-ақын Мұқа сол Көкен елінің адамдары. Бұлардың бәрі де «Абай жолы»  романының кейіпкерлері.    

Арқалықтың жолы асатын кезең Күшікбай кезеңі деп аталады. Ол жол бірнеше шақырым жердегі Күшікбай батырдың кезеңі басына тоқтаймыз!

Бұл әйгілі батыр Күшікбай жерленген жер. М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде 7-8 беттерінде Күшікбай батыр туралы баяндалады. «Күшікбай батыр жиырма бір жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен.Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында  оған да жетіп, егескен елінен кегін алып, иегер қылып жүргенде шешек шығыпты. Шешек ауру болып, төсекте қозғала алмай, көп уақыт жатып қалған. Сол кезде  Күшікбай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған қызыл бесті деген атын тал-түсте тартып алып кетіпті. «Пәленше атыңды алып кетті» деген ағайынның жетімсіген сөзін естігенде, жаны шыдамай, ауруымен алысып, жылқыдан ат алғызып, жалаңаш етіне бір шекпенді кие салып, жауының артынан қуып кетіпті. «Батырды мұқаттым» деп, үйіне келіп, жаңа жайланып, жауы отырғанда: Күшікбай атын ойнақтатып, найзасын түйілтіп, өрт сөндіргендей болып зәрін шашып, жетіп келген. Сол бетімен самсаған қалың қолға: «соғысамын, қан төгемін» деп әлек салған. Бірақ жиылған елдің ішіндегі басты адамдар: «Уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп арандаспасын» деп, ат-шапан айыбымен Күшікбайдың атын қайырыпты. Батыр еліне қайта қайтқанда, ауруы меңдей бастап, атқа әрең жүріп, осы күнгі бейіті тұрған биіктің басына келгенде мұршасы құрып, найзасын тіреп аттан түсіпті. Сонан соң басын оңға қаратуға ғана шамасы келіп, жан-тәсілім қылған. Артынан ағайын-туғаны жылап барса:шешегінің ауыздарын шекпен қажап, қотырының суы шекпеннің сыртына шып-шып шығып кеткен дейді. Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен деп, бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді».

Жол жүріп келе жатқан, қайта қалаға кетіп бара жатқан жолаушылар мен меймандар да тоқтамай өтпейді.

Өйткені, қасиетті жер. Осы қасиетті жерде тұма бұлақтан қысы-жазы емдік қасиеті бар мөп-мөлдір шипалы су ағып жатады.Тоқтаған жолаушылар шипалы суды емдік қасиеті бар деп,арнайы әкелген ыдыстарына құйып алып жатады. Жерленген жеріне ескерткіш орнатылған. «Абай жолында» Күшікбай батыр суреттелген. Оң жақта Күшікбай батыр, сол жағында М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі бейкүнә пәк кейіпкер Ғазизаның бейіті бар.

М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» (1921) әңгімесін: «С.қаласының (Семей қаласын айтады Қ.М) оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге  Арқалық  алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады», - деп бастайды.

Күшікбай кезеңінен асқан соң Абай ауданының жеріне аяқ басасыз. Жаңа Семей мен Абай ауданының шек аралығы – Қарағандыөзек. Бұл өлкені Абай заманында Қондыбай, Қанай аталатын ел жайлапты. Сондықтан бұл өлкені Қанайдың қарағаны деп атайды.

Қарағандыөзектен өтіп, Абай ауданының жеріне жеткеніңізде сол жағыныздан жеке-дара боп, Баршын тауы көрінеді. Ертеде Абай ауылының көктем кезінде және күз күндерінде жайлайтын қонысы осы  Баршын тауының бауыры».                           

Сол заманның құбаны болған шынайы куәгер кейіпкер Ғазизаның басына келгенде, бойыңды аяныш пен күйзеліс сияқты, әйтеуір, түсініксіз жағдайды бастан кешесіз. Басына ескерткіш тақта жазылған.

«Күшікбай кезеңінің түбінде бір жіңішке қара сызық секілденіп Қанайдың жалғыз қорасы көрінді». (10-бет.).

Келесі жол Бөрілі. Абай ауданына қарайды.

Қазақтың заңғар алыбының  бірі М.Әуезовтың ата-бабасының жатқан мәңгілік мекені. Бұл жер М.Әуезовтың кіндік кескен, туған жері. 1897 жылы 28 қыркүйек күні, болашақ ұлы жазушымыз – М.О.Әуезов дүниеге келген Бөрілі қыстауына таяу Аяққараған Әуез ауылының күзегі.

Шыңғыстың Бөрлі мен Тұма көлі «Шығыстың данасы», қазақтың Мұхтарының кіндік кескен атамекені.

Семей-Қарауыл күре жолы бойындағы 82 км.қашықтықта. Бөрілі-Қасқырлы мекен деген де сөз бар. Бөрілі елдің құтты мекені саналып, одан ел үзілген емес. Мұхтардың туып-өскен, ержетіп, тұңғыш отау иесі болған жері-осы Бөрілі. Бөрілі төбелерінің арғы жақ бөктері Абайдың сүйікті жары Әйгерімнің қыстауы. Ол жер Аралтөбе деп аталады. Қыстаудың жанындағы бейітте мәңгі-бақи жай тауып, Әйгерім мен Ділдә жатыр.

Ауыл ортасындағы төбеде М.Әуезовтің әкесі Омархан мен анасы Нұржамал Әбсеметқызының мавзолейі бар. Мұнда М.Әуезов атындағы мұражай бар. Мұражайдағы жәдігерлер (экспонаттар)  М.Әуезовтің  өскен орта, ата-тек шежіресін танудағы мол деректер берумен қатар, оның үйренген, үлгі алған ұстаздарын, туған халқы үшін істеген еңбегін айқындайтын дәлелді құжаттарға толы. Бөрілі – Мұхтардың балалық шағы өткен жер. Сондықтан, Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтиды. Мұражай ішін аралай жүріп, тамаша әсер аласыздар!

Бөріліден шыққан соң, мәңгілік махаббат мекені, қос ғашықтың аттары аңызға айналған «Еңлік-Кебек» мазары бар. Мұнда да өткен, кеткен жолаушылар тоқтап, зиярат етеді. Тиын-тебен тыстап, немесе ырым етіп алып жатады. 

«Жүргіншілер Ералының қазірде қуаң тартқан шалғынын біраз аралап өтті.Топтың алдына таман озғындап келе жатқан Абай бір кішкене төбешікке қарай тартты. Ол төбенің басына шыққанда, барлық аттылар сәл ғана томпиып жатқан ескі екі моланы көрді.

Жастардың жүзінде Абайдың бұл молаға тоқтағанына таңырқау бар.Олар ескі моланың кімнен қалған көне белгі екенін білмеуші еді. Абай атының басын өзгелерден озырыңқырап кеп, қос молаға көз жіберіп, көп үнсіз тұрып қалды...

- Осы жалғыз мола, осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартқан күз кепті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі осы мола. Бұл қос мола ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Бұнда жатқан бірі - қыз, бірі - жігіт. Жігіті – Кебек, қызы Еңлік атанушы еді!  -деген кезде Абайдың үні ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледі.

- Осы екеуін махаббат үшін өз елінің қатал үкімі, өз замандастарының қолымен, зорлықпен өлтірткен болатын. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға бұғау болған ел заңы осы екеуін ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірткен.

Абай аз тоқтап, күз желісінің суылдай соққан лебінен әлдебір суық сарын есіткендей болды. Аласа төбенің селеу мен көдесі қалтырай түсіп, бас шұлғып, баяғы бір ескі зардың болғанына куәлік айтқандай. Абай қарасөз бен көне бір балада сазын шертіп тұрғандай.

- Еңлік пен Кебек қуғыннан қашып, аңдай боп, мына Орда тауын паналап, азғантай ғана дәуір сүрген-ді. Сол бұйырмаған махаббат, достықтан біткен екеуінің баласы, жөргектегі нәрестесі - жас ұлан, әкесі мен шешесінің айырылған күні  жөргегінде жылаған күйінде, мынау шеткі Ақшоқының ессіз биігінің басына апарып тасталды. Дәл сол қаза күні байып батқанша шегі қатып, жылап жатты. Суық дүние, тылсым дүние ортасында, тас бауыр адамнан алыс, жалғыздықта ... үні өшті! Мәңгі өшті!.. » деді де Абай сөзін бітірді». (Абай  жолы: роман-эпопея. Абай аға.2.б.- 7-бетінен үзінді.).

Абай осы қайғылы уақиғаны ақын-шәкірттеріне баяндап беріп, поэма етіп жазуды тапсырған. Мағауия ақын «Еңлік-Кебек» атты поэма жазған.

Бұл жерден сәл ары Ащысу өзенінің ең суы мол тұсы – Ералы жазығы.

«Биылғы көктемде өз бойына қалың елді, жүзден аса ауылды тартқан сол Ералы болатын. Ол тұста отырған Ырғызбай, Бөкенші, Жігітек, Көтібақ рулары. Және осы тұсқа жақын, сонау биік тау-Орданы қыстайтын Мамай да көп. Қазір осы Ералыдағы ел үстіне сайлау келді. Бұл –болыс сайлауы...».(386-бет.)

Ойқұдықта тасқа қашалған ескерткіш жазудан:

«1917 жылы 7 маусымда қазақ халқының сахна шымылдығы тұңғыш рет қазақ үйде, осы Ойқұдықта, «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Пьесаны қойған автордың өзі-Мұхтар Әуезов» деген сөз оқисыз.

Ералы Әулие Кеңгірбайұлы (1790-1864) – Кеңгірбай (Би ата) Жандосұлының (1735-1825) үлкен ұлы.  Ералы болса, Кеңгірбай бидің (Би ата) бәйбішесінен туған үлкені. Ералыдан - атақты Бөжей.

Шыңғыстауда туып-өскен. Әкесі Кеңгірбай  үлгісімен ел билеуге мүмкіндігі болса да билікке ден қоймаған. «Ол өзінің бойында киелі қасиет барын сезбесе де, болашақты болжап, сырқат адамға, малдың індетіне ем жасаған... (М.Жанболатұлы:Би ата.-17- бет).

Баба басына арнайы тәу етуге, түнеуге арнайы келгендерден өзге жолаушылардың бәрі де онда тоқтамай, мінәжат етпей өтпейтін.

М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы белгілі қайраткер Бөжей Ералин осы бала болатын». (//Абай.-№12.-1994.).

«Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген мәтел сөз қалған. Күрделі дауларды шеше білген. Болашақты болжап, алдын ала айтатын көріпкел, болжампаздығын жұрт мойындап, әулие атанған кісі.

Кенгірбай бидің баласы, Бөжейдің әкесі Ералы дүние саларында ағайын-туғандарын жинап алып, арыз-қош айтысып жатып: Ащысу өзені бойындағы төбені нұсқап, «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер», - деп өсиет қалдырған. Халық бұл жерге ат басын бұрып, барып тұрған.

Негізі кітап оқып отырып, жол үстінде келе жатсаңыз да ой құшағында шырмалып отырасыз!

Одан кейін Жидебайға бет аламыз. Ұлылар жатқан қасиетті жер – Жидебай, Абай ауданының аймағында орналасқан.

Жидебай Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер. Осы Жидебай, Борсықбай, Барақ деп аталатын жерлерді ерте заманда Құнанбай иемденіп, қыстау салған. Кейін Ұлжаннан туған кенже баласы Оспанның (Абайдың інісі) еншісіне тиген. Жидебайдың солтүстігінде он бес шақырым жердегі Құнанбай  ауылының бір күзегін ескі там деп те атайды. Абай сегіз жасынан бастап, сол ескі там медресесінде оқыған. Жидебайға таяу үш шақырым жерде Мұсақұл төбесі. Құнанбай мен Жігітектің атқа мінерлері жерге таласып, қол жинасып, ұрыс майданын ашқан жерлері. Тарихта болған, «Мұсақұл соғысы» аталып кеткен уақиға «Абай жолында» баяндалған.

(1.т.157). «...Жасақтың жиылатын ортасы Мұсақұл, дәл сол Бөжей аулының үсті Құнанбайға қарсы белдесуге шыдап, қол жиғызып отырған Байдалы, Байсал болды. Осы түнде  Құнанбай қолы да дамылсыз ағылып кеп, Жидебайға жиылып жатты. Мұсақұл Жидебай арасы үш-ақ шақырым.Осы екі қорық үлкен майданның орны болуға айналды...».

Сонау алыстан көрініп тұрған шошақ бейіт, Еңлік пен Кебекке үкім айтып, ат құйрығына байлатып, өлтіретін Кеңгірбай бидің (Би ата) бейіті. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында суреттелетін Жігітек руының жері осы. Жер үшін, ата қоныстары үшін таласқан ру тартысының шиеленіскен Жігітек руынан  Базаралы бастаған 17 адам Сібірге айдалып кететін жердің ең бастысы осы Кеңгірбай би жатқан жер.

Кеңгірбай би (Би ата) он жеті жасында Абылай ханнан бата алған. Орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші биден бата алған Тобықтының кие қонған ел иесі, аузы дуалы көреген биі – Кеңгірбай Жандос (Жігітек) ұлы еді. Өз заманындағы Тобықтының көсемі, иесі, сыйынатын аруағы болған Би ата (Кеңгірбай би) ел Сырдың бойынан Кеңгір өзенінің бойында 1735 жылы туып, 1825 жылы Шығыстауда қайтыс болған. Кезінде Арғын, Тобықтының аузынан түспейтін, сыйынатын киелі аруағы болған. (М.Жанболатұлы:Би ата.-47 бет).

(Абай жолы.1.т.,74-бет). «Бүгін түс кезінде Бөжей, Байсал, Байдалы бар - он шақты кісі Кеңгірбай бейітіне әдейі бұрылып кеп құран оқып, көп уақыт үйіліп тұрысып, содан кейін күнбатысқа – Шұнайға қарай сапар тартып кетіпті...».

Жидебай қорығы да талай-тартыстың майданы болған жер. Абайдың шешелері Ұлжан мен Айғыз да бір кездері осы Жидебайда тұрған. Абайдың әжесі Зере осы Жидебайда дүниеден қайтқан. Абай немерелерінің де тәрбиеленген жері осы.

Ұлы ақынның жерленген, мәңгілік мекені де осы жерде. Абай інісі Оспанның жанына жерленген.

«Осыдан бір жарым ай өткен соң, жайлаудың елі Шыңғыстан қайта асып, бауырға қарай үздік-создық көштер созылды.

Абайдың туған жері, анасының қонысы, қыс қыстауы Жидебайда пішендік шалғын ұзарып өсіп болған. Маңындағы дала шөбі сарғайған.Жидебайдағы тақау жалғыз қара биік Өртеңнің төсіндегі көде, бетеге сап-сары жадау жүзді...»

«Жаз ортасынан бері сол Оспан бейітінің қасына және де сандықтап қойған Абайдың бейіті – жаңа бейіт орнаған...» (Абай жолы.Эпилог.4.т.396-бет).

Абай ауылы Шыңғыстауының сыртындағы жаз жайлауы Балашақпақ өзеніне көшіп барды.Сол жерде 1904 жылы 23 маусым күні Абай дүниеден қайтты.(Қ.М).

Жидебай – Абайдың әкесі Құнанбай әулетінің ата қонысы. Мұнда ақынның әдеби мұралары: қарасөздері, өлеңдері, аудармалары жазылды. Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер. Жидебайды Тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен. 19 ғасырдың орта тұсында Жидебай, Борсықбай, Барақты - аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы иемденіп, қыстау салдырған. 1850 жылы Құнанбай Жидебайдан 15 шақырым жердегі Ескі Там қонысына медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абай 8 жасынан бастап осы медреседе оқып сауат ашқан.

1880 жылы Абай Жидебайда өз қаражатымен жаңадан медресе салдырған. Құнанбай қажы дүние салған соң, 1885-91 жылдары  Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған баласы Оспанның еншісіне тиген. 1891 жылы інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін қыстау Абай иелігіне көшкен. Қазір мұнда ақынның мұражай-үйі жұмыс істейді.

Ақын мұражайын кезінде өркендетуге үлес қосқан жазушы, ғалым, қайраткерлер Қ.Туғанбаев, Қ.Мұхамедханұлы болды. Мұражайда жазушы М.Әуезовтің өз қолымен сыйға тартқан ақынның көз тірісінде түскен фотосуреттері және Абай үйінің дүниелері асылдың көзіндей сақтаулы.

Алыстан көрінетін екі шоқының біреуі – Үлкен Ақшоқы, екіншісі – кіші Ақшоқы деп те аталады.

Ақшоқы - Абай ауданының солтүстігіндегі таулы мекен, Абайдың  алғашқы қыстауы болған. Кейде мұны Құнанбайдың Ақшоқысы деп бөлектейді. Шеткі Ақшоқының басында Тобықты мен Найманның билері ортақ үкім шығарып, Еңлік пен Кебекті өлім жазасына бұйырып, осы Ақшоқыдан оларды асау аттың құйрығына байлап жіберіп, Ералы жазығында сүйреттіріп, азаптап өлтірген (1780). Тарихи куәгер жер.

Ақшоқы көзге қарапайым ғана жайдақ жер, жазда жайлау, қыста қыстау.

 «Сонымен, қар кетісімен әлі елдің бәрі қыстауда отырғанда, осы Ақшоқыға көшті....». (1.т. Еңісте.365-бет.).

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші кітабының «Екінші» тарауында Ақшоқының Құнанбай-Абай мекені екені кеңінен суреттелген. Сол екінші кітаптың «Биікте» аталатын тарауында А.С.Пушкиннің «Евгений-Онегин» романынан Абайдың «Татьяна әні» дейтін өлмейтін сазы, өлеңі осы Ақшоқыда аударылып, алғаш шырқалғаны жазылған.

«Ақшоқыға» арналған ән бар. Халыққа танымал әнші Г.Ноғайбаева айтады. Қонақтарға осы әнді қойып, таныстыруға болады.

Таудың төскейінен шығып, күнбатыс жағындағы Ойқұдық аталатын алқапқа қарай ағып жататын мөлдір бұлақтың өлкесі, ерте заманда Өскенбайдың, онан соң Құнанбай ауылының күзегі болған. М.Әуезов атындағы ауыл орталығының күнбатысындағы, үш шақырым жердегі бұрынғы Құнанбай ауылының күзегі - Қасқабұлақ.

Бұл атақты Қасқабұлақ жері қасиетке тұнған киелі жер. Өйткені екі бірдей Ұлы тұлға дүниеге келген жер. Бірі Абай болса, екіншісі Мұхтар.

«Алыста қоңыр көкшіл тартып, бүктүсіп жатқан алыс адыр Шолақ Терек көрінеді. Ойқұдықтың қала жақ алдындағы қара жол асатын ұзын жота, ақ қайқан - Қасқабұлақ, Шолпан адырлары көрінеді.» (1.т.,432-бетте).

Бұл киелі жер – Абайдың кіндік кескен жерін көріп, ақ сүт берген аяулы анасы Ұлжанды, немересін емірене сүйген, ақ көңіл, ардақты әжесі – Зерені еске аласыз.

Қасқабұлақ ауылында, Ұлы ақын Абай (Ибраhим) Құнанбаев 1845 жылы тамыз айының 10 күні дүниеге келген, мұны Ысқақов Әрхам Кәкітайұлының, «Абайдың өмір жолы» естелігінде айтылады. (Әрхам Кәкітайұлы (1885-1963) - Абайдың туған інісі Ысқақтың немересі).

«Үдере көшу деген жүгін ерте салқында артып қонған жеріне итарқа, жаппа тігіп малын сулатып, сарықтатып, адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді. Сондай қалыппен көшкен Құнанбай ауылдары Қасқабұлақ деген бос сулы қонысқа келіп қонады. Таудың төскейінен күнбатыс жағындағы Ойқұдық даласына қарай ағып жатқан көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбайдың күзеуі. Үдере көшіп, шаршап-шалдығып келген ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Ел қайта көшерде Құнанбайдың шешесі Зере келінімнің күні таяу, салт атқа мінсе баласына зақым келер деп Ұлжанды өзінің пәуескесіне отырғызып келген еді. Бала шыр етіп жерге түскен соң әйелдер, балалар, Ұлжан аман-есен босанып ұл тапты десіп Зереден, Құнанбайдан шүйінші сұрасып жүгірісіп жүр».

Кезінде бұл жер Абай бұлағы атанған. Абай бұлағы – Абай дүниеге келген жердегі бұлақ. Бертін келе Абайдың Қасқабұлағы атала бастады. Абай  ауылы жаз, күз мезгілдерінде қоныс теуіп отырған. Осы бұлақ басында ақынның «Күз», «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай..»деген өлеңдері жазылған.(Абай энц.25-бет.).

«Абайдың Қасқабұлағы» атты кітап бар. Кітаптың авторы жерлес белгілі ақын Б.Жақып. Абайдың Қасқабұлағы [Мәтін] : Өлеңдер / Жақып, - Алматы : Жазушы, 2012 . - 216 бет.

Арқат ауылына кіре беріс бұрылыстан қарсы алар – Мамай батыр ескерткіші тұр. Мамай батыр Тобықты руының басын біріктірген. Батыр, әрі би болған.

Мамай Жұмағұлұлы (1702-1799) - Жоңғар шапқыншылығында батылдығымен танылған батырлардың бірі. Абылай ханның сенімді үзеңгілес серігі. Орта жүз Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан.

Жоңғар шапқыншылығы «Ақтабан шұбырында, Алқакөл сұлама» болып қазақ халқының есінде мәңгілікке қалды.

Орда тауын мекендеген Мамай батыр.

«Қалмақты шабысуға Мамай келген,

Босағанын Шыңғыстың көзі көрген.

Барған соң жеті Момын баласына,

Хан Шыңғыс босады – деп хабар берген.

(Шәкәрім) Мамай батыр.-4.б.

Орда-Архат күміс қазық, алтын ірге,

Тамырын терең жайған кеніш жүлге

Қуалар дарын, өнер сол жүлгені,

Замана өзгерсе де неше түрге.

Ұрпақтары бесінші рет салған Мамай батыр (1993 жылы) күмбезі көк тіреп, ол да осы Орда бөктерінде тұр.//Абай елі.-2008.-15-30 сәуір.Б.8.

Өте ыстық көрінетін, көзге жас ұялататын Орда бөктері. Орда ауылы құдіретті мекен. Осыдан тура сегіз жүз жыл-сегіз ғасыр бұрын көк тәңірінен нұр алған Шыңғысхан өз ордасын (ставкасын) дәл осы араға тіккен. Қазақтың басын біріктіріп, азаттығын  әлемге танытқан Абылайханның да өз ордасын осы араға аялдатқанына да үш жүз жылдай уақыт болыпты. Елді Сыр бойынан бастап әкеліп, осы Ордаға туын тіккен Мамай батыр ұрпақтарының қоныстанғанына да екі ғасырдан артық мезгіл өтіпті. Абай Семей қаласынан қайтқан сапарында Орда тауындағы Бекейдің үйінде Әйгерімді (Шүкіман) алғаш көріп, әнін естіп, қатты ұнатады. «Әнді керім (жақсы) айтады екен. Атын Шүкіман емес, Әйгерім қою керек қой», - дейді толқып. Содан бастап оны Әйгерім деп атап кетеді. Көп ұзамай құда түсіп, айттырып алады. Әйгерім Абай әндерін нәшіне келтіріп орындаған.

Кіші Орданың батыс жақ қойнауында Үйтас тұр. Шәкәрім қажы жырлаған «Еңлік пен Кебектің»қашып жүрген шағында  паналаған – Үйтасы осы. Орда жерінде. Екі ғашық елсізде елегізіп, аз уақыт дәурен сүргенде мекен-жәй болған Үйтас. 1780 жылдар шамасында Еңлік пен  Кебек Қаражартастан қашып, Жидебайға жақын Үйтасқа келіп жасырынған. Еңлік-Кебек ұрпағы ескерткіш тақта тасқа:

«Бұл –ұлға бұғау, қызға тұсау болған зар заманда өмір кешіп, тас бауыр, қатал билер үкімімен өлтірілген Еңлік-Кебек мекен еткен Үйтас» - деп жазыпты.

Жазықсыз мерт болған қос мұңлықтың қайғылы тағдыры Абайды қатты толғандырып, Шәкәрім, Мағауияға дастан жазуға тапсырма берген. (Абай энц.-577-бет).

Жас Абайдың жүрек қылын тербеп, асқақ сезімін оятқан әнімен де, сәнімен де Ұлы ақынды тәнті еткен Әйгерім апамыздың да ата қонысы осы Орда бауырында.

Кіші Орда, Үлкен Орда аталатын екі таудың арасын қақ жарып өтетін жол, аты әйгілі Шілікті кезеңге алып келеді. Шілікті кезеңге аялдамай, асып кете алмайсыз. Бұл  Шүкімән сұлудың ата мекені. Атын өзгертіп, Әйгерім атандырған арудың ауылының қонысы.

(1.т.311-бет). «Ертеңінде, Абай мен Ербол Шілікті кезеңнен аттанып шығысымен, Шүкіман жайын ауызға алысты.

- Керім... Керім...Несін айтасың!-деді Абай.

-Әй, керім!..Әй, керім!-деп, Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстінде еді».

(1.т.,302-бет.).

«Екі жігіт Семейден шығып, күн бата бергенде Орда тауының Шілікті  кезең деген тұмсығына кеп ілікті.Ел атаулы жайлауға қарай тартып, жолда қонатын ауылдар сиреп қалған.Бір қоналқы жер болса, Орданың осы тұсында болмақ. Дәл Шілікті кезеңде Орданы қыстайтын Мамай руының  кедейлеу, Байшора деген атасы бар...»

Қала мен Орданың осы кезеңінің екі арасы жүз отыз шақырымдай жер.

«Ербол бұл кісімен түс таныс екен. Абайға тыста келе жатып, ақырын күбірлеп:

- Бекей-Шекей дейтін екі ағайынды Байшора бар еді ғой, осы Ордада. Соның Бекейі осы, - деген. Жігіттер бұл ауылда бұрын болып көрмеген-ді...».

«...Үлкен қиын түйін осымен шешілген еді. Абай Бекейге де, ана Мамайға да көп мал беретін болды...» (1.т.318-бет).

Ендігі сапарымыз, Орда тауынан ары Шыңғыстау бөктерінің күншығысындағы Арқат ауылы. Арқат ауылының тарихы да ерекше, табиғаты да солай, айналасын тау қоршаған, ортасында ақ жұмыртқадай ауыл орналасқан. Елдің айтуынша, Қозы-Көрпеш Баян сұлу аңызындағы Қозыны іздеуге шыққан ағасы Айбас батыр жолда  астындағы аты арықтап, тоқтаған екен. Содан «арық ат» деген ат алған, кейіннен фонетикалық өзгеріске ұшырап, Арқат аталып кеткен деседі. Небір текті тұлғалар өмірге келген өлке.

Үш бірдей  арқаттық Кеңес Одағының Батырлары Серікқазы Бекбосынов, Баян  Байғожина, Закария Белібаев сынды еліміздің мақтан тұтар қаһарман, ержүрек батырлары дүниеге келген қасиетті мекен.

Ұлы ақын А.Құнанбаев осы Арқат ауылы поштасынан маңызды хаттар алып тұрған. Абай елдің бәрін жинап, билік-бітім айтатын тарихи орындары бар.

Сондықтан да кейде Батырлар ауылы деп те атайды.

(Абай жолы.2.т.478-479-бет). « Арқат бұл өңірдегі таулардың көбінен өзгеше. Көлемі шағын жалғыз тау болғанмен бұның құз-құялары, биік жартастары көп. Қыр арқасының серек тастары ерекше сұлу біткен, бірақ қиын тау. Осы Арқаттың ең биік тұсы оқшау біткен жылтыр құз, текшедей бөлініп, аспанға шаншылып, қызық көрініс береді.Сол құздың биік басы мен төменгі әдейі қырланған күймедей боп біткендіктен «Күйметас» деп аталатын.

Қазір Күйметастың шығыс жақ баурайындағы Қопа дейтін кең қонысқа тағы да көп үйлер тігілген. Бұнда қалың жиын жүріп жатыр. Қопа кең шалғынды, жылып аққан мол сулы, мөлдір бұлақты және тауға қараған төрінің көбі тал, терек, жасыл әсем жас тоғай. Бұнда да бүгін тігілген үйлер, ауыл үй, жеке адамдар мекені емес. Сирек болатын бөгде топқа арналып тігілген үйлер. Үй саны мол, елу-алпыстан асады. Кей тұста сол үйлер үйіріліп топталып қонса, тағы бір тұста өлке бойының көгалы  жіңішкелеу тартқан жерлерде екі қатардан ұзай созылып тігіліпті».

(«Абай жолы».1.т.-110.бет)  «Тоғжан кеп отырғаннан кейін Сүйіндікке қарап:

- Сүйіндік аға,осы мына сіздің жердің алдындағы Қарауыл дейтін жалғыз биік не себепті Қарауыл атанды екен?-деді.

Сүйіндік:

- Кім білсін, шырағым!-дей түсіп, аз отырып:- Е, Тобықты мен Матайдың шабуылы, жаулығы қалған ба?Сондағы қуғыншы мен жортуылшының бірі қойған аты-дағы. Өзі өзге таудан бөлініп,айдалаға оқшау барып тұр ғой. Содан қарауылдамай, қайдан қарауылдасын!-деді.

- Сүйтіп, бұл атты Тобықты қойған дейсіз бе? Тобықты келмесе бұрын сондай ат жоқ па екен?

- Қайдан болсын?Бұл өңірдегі барлық атты Тобықтының өзі қойған.

- Әй, білмеймін-ау! Бар атты өзі қойса, Шыңғыс дегені несі екен?

Шыңғыс деген Тобықты бар ма?

- А, жоқ! Мынауың жаны сөз бар сөз. Бәсе, бұ Шыңғыс деген осы үлкен алып таудың аты неге Шыңғыс атанды екен бұл?-деп, Сүйіндік өзі де ойланып қалды.

- Әділбек әкесінің мүдіргенін намыс көріп:

- Шыңғыс деген сөз «шын қыс» дегеннен, қысының қаттылығынан болыпты-мыс деседі ғой!-деп еді.

Абай бұған күлді де:

-Олай болмас.Шыңғыс деген белгілі хан аты ғой,-деді.

-Бәсе, осы сөз менің де құлағыма бір тиген еді. Жадымда қалмапты. Қане, білсең өзің айтшы, шырағым,-деп Сүйіндік Абайды тыңдағысы келді.

Жас қонақ Шыңғыс хан жайында өзі білген, есіткен әңгімелерін айтып кеп, ақырында өз көңіліндегі біраз долбарды қосып:

-Тауының «Шыңғыс», биігінің «хан» аталғаны содан. Және сонау бір бөлек тауы «Орда» аталғаны да сол. Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы паш етеді. Қарауыл демек те сол кезден қалған ат емес пе екен?-деп тоқтады.

Сүйіндік Абай сөзін қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы ішілмей, кесесі суып қап еді...

Үй іші Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап, көңілденіп қап еді.Асылбек, Қарабастар:

-Қисынды-ақ екен!-десті.

 Шыңғысты былай қойып, тақ осы Сүйіндік қыстауы Түйеөркештің қасында тұрған «Хан» биігін, онан соң Мамай қыстайтын анау «Орда» деген таудың бәрін де шешті. Соны осы күнге шейін неліктен аталғанын білмей жүру, мұндағы үлкеннің бәріне енді ғана орасан көрініп еді».

Жол Шілікті кезеңнен асып алған соң, Абай ауданының орталығына қарай ойысып, тура тарта береді.Біраз жүрген соң, алыстан мұнартып, көгілдір тартқан Шыңғыстауының қатпар-қатпар биік жоталары көзге түсе бастайды.Жазық далада дара көрінетін биік-Қарауыл. Абай ауданының орталығы осы аталған атаумен аталады.Бұл аудан 1929 жылы құрылған. 1940 жылы Шыңғыстау атанып келді де, ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесі құрметіне сол жылдан бастап Абай ауданы атанды.

Абайдың туған жеріне әдейілеп келіп, Ұлы ақынның басына тағзым ететін сан алуан құрметті қонақтар үнемі үзілмейді.

(1.т.313-бет).Абай Ордадан шығып, дәл Қарауылға жеткенше, түстік жерге барғанша айықпай, айнымай жыр шертті, өлең тебірентті.Қай жерде, қалай келе жатқанын мүлде ұмытып кеткендей. Тек Қарауыл суының бойына ілінген кезде ғана түс-қиялдан аз оянып, селт еткендей болды.Бұл ояну да рақат еді. Елді, жерді қыс бойы қатты сағынып қалған екен.Өзінің туған қоныс, өлкелері. Әсіресе өзінің ең ыстық көрген өзені – Қарауыл».

Қоңыр әулие үңгірі – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Тоқтамыс ауылы аумағындағы Шаған өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Тау ішінде үңгір, үңгір ішінде көл бар. Сол көлдің емдік қасиеті шипалы.

Қоңыр әулие туралы аңыздар да бар. «Бүкіл әлемді су тасқыны басқан заманда Нұх пайғамбардың кемесіне көп адам сыймай қалыпты.Сол адамдардың арасындағы үш пайғамбардың біреуі Қоңыр әулие екен...».(Қазақ аңыздары мен аңыз-әңгімелерінің желісі бойынша).

Іші адамнан босамайтын Қоңыр әулие үңгірі туралы аңыздардың біреуі, ауыз әдебиетінде сақталған деректер бойынша жоңғар шапқыншылығымен байланысты болып келеді. Бұл үңгір атауы «Қабанбай батыр» мен Шәкер Әбеновтің «Тоқтамыс батыр» дастанында жиі кездеседі...

«Осыдан жиырма күн өткен шамада, Абайлар салбурында, аң соңында болатын.Қазір аңшылардың үш қосы елсіз сыртта. Иесіз үлкен тау –Бақанас тауларында. Соның Қырғыз Шаты деген тоғайлы, өзен сулы, үлкен жақпар қия тасты, бір терең сайына қатар тігілген. Қырғыз Шатының дәл осы тұсын - «Кіші әулие» дейді. Олай дейтін себебі-осы жартасты биіктің төбесіне жақындаған иық тұсында, тау ішінде тереңдеп кіретін үлкен үңгір, қара қуыс бар. Шыңғыс тауында осындай үңгір екеу. Біреуі бұл арадан күндік жерде, Тасболат деген елдің қыстайтын мекеніндегі үлкен үңгір. Оны кейде «Әулие тас», кейде «Қоңыр әулие» дейді». (Абай жолы.1.т.,453-бетте).

Мына Қырғыз Шатындағы үңгір кішілеу болғандықтан «Кіші әулие» деп атанатын.Қостар сол Кіші әулиенің дәл етегінде. Алдын өзен мен қалың қайың, мойыл, терек өскен сайға беріпті.Арты биік жартастың тамағының асты. Соған кіре қоныпты.Бұл күнде сыртта бірнеше рет қар жауған, түн асса сонар болады.Әлі қалыңдап қар түскен жоқ, бірақ келте сонар боп таңға жақын жауатын, не жұқалаң қырбақ қар, не қылау күн сайын болады».

«Аңшылар «Әулиенің» басына шаққанда, қыстың күні ақ қаралы, қалың қатпар жоталарда қызыл иектеп, сәуле шашты. Жаңа ғана, алыстағы Сыбан қонысы-Ақ Иректің белінен жартылай шығып келеді екен. Әулиенің бір биігінде Тұрғанбай томаға тартты. Ар жағындағы бір жотаға барып, Шәке томаға тартты...» (1.т.,455-бет).

(2.т.515-бет.)«Абай рахат бір әдемі жайлы әсер байқайды.Енді аңдаса, Шыңғыс жақтан асықпай соққан салқын самал тұлабойын шіміркендіріп, өзгеше бір тыныш рахатқа, қоңыр салқын майда бір лепке орағандай екен. Ішінен: «Түу, не деген рахат жел, қоңыр жел!»-дей түсіп, омырауы ашық кең көйлегінің бойын, шапанын ашып, төсін сол желге төсей береді.тамаша жайлы салқын самал бет, мойын, кеуде, қол барлығын қоршалай сипай орағанда, тағы бір шақта жел емес, әдемі мөлдір таза суға да ұқсайды.Адам бейнебір жайлы қоңыр, салқын суға шомылып тұрған тәрізденеді.

Бұл күй айналадағы бар дүниеге ақынның дағдыдан тыс дәл бүгінгідей ой көзімен үңіле қарауына жетекші болады.Тағы да кең, тыныш, жым-жыртөлкеге, өзі туып өскен осы өңірге Абай ұзақ-ұзақ көз тастайды».

«Тегінде Шыңғыстың асыл шөбі-мық жусан.Бұл қойдың ырысы.Ал қыстау атаулы қойға жайлылық жағынан бағаланады.

Қойдың құты Шыңғыс болған соң, көп елдің жақсы қыстау іздегенде тығылатыны да сол Шыңғыс». (1.т.63-бет). 

Туған халқыңа мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. «Абай жолы» ұлы жазушының ұлы туындысы – бас кітабы, ол өзінің өлшеулі ғана ғұмырында өлшеусіз шығармашылық ерлік жасап, өзінің осынау мәңгілік кітабын жазып кетті. Дананың өз ортасынан әрқашан озық, оқшау тұратын даралығы да осы арада жатыр.

Міне, құрметті қонақтар өздеріңізге Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының  туып өскен қасиетті ата мекені, жайлауы мен қыстауы сияқты жер аттары, бала кезінен араласқан тарихи оқиғаларға шолу жасай отырып, «Абай жолы» романындағы киелі жерлерге саяхат жасап, библио-ақпараттармен таныстырдым.

Сөз соңында «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, сіздерді халқымыздың дара тұлғасы, данасы Абай Құнанбайұлының туған өлкесіндегі киелі жерлерге саяхат жасауға шақырамын! 

 

 

Айкебаева Шолпан Убигожиновна

Семей қаласы,

ЖОББМ №30 ҚММ мектептің

педагог-кітапханашысы.

Бөлісу: