19
Жұма,
Сәуір

һижри

Садақа бәле-жаланы тосады

Садақа бәле-жаланы тосады

Мақалалар
Жарнама

Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

Шариғат бойынша мүмкіндігі бар әр мұсылманға ісімен, қолымен және сөзімен қайырымды болуыға үндейді. Қасиетті Құран-Кәрiмде садақа беру туралы: «Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», (Бақара сүресi, 215) және «Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады» (Али Имран сүресі, 180).

Садақа – қайырымдылық істердің бастауы.  Бұл жақсылықты жасай отырып, біз Алладан еселенген сауаптар аламыз. Қоғамда біреке  мен бірлік пайда болады.  Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бір тобы келіп: «Уа, Расулалла! Байлық иелері көп сауапты алып кетті: олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза тұтады, сосын мал-мүліктерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла сендерге садақа шығаратын нәрселер жасамап па еді? Шындығында әрбір тәсбих («Субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тәхмид («Әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («Лә иләһә иллаллаһ» деп айту) – садақа, жақсы іске үндеу – садақа, жаман істен тыю – садақа, тіпті, біреулеріңнің мүшесінде де садақа бар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда біздің біреуіміз (әйелімен қосылып,) құмарын қандырса, соған да сауап бар ма?» – сұрады. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көрмейсіңдер ме, егер онысын харамға салса, сол үшін оған күнә болмай ма? Соған керісінше егер ол онысын халалға салса (яғни, некемен қосылса) оған сауап болады», – деді. Мүслім риуаяты.

Осы тұста,  садақа беру кезінде бірқатар тәртіптер мен ережелерге мән беру керек деп санаймын. Ислам ғұламалары садақа беру жөнінде мына мәселелерге айрықша тоқталған. Олар:

- Әуелі шынай ниет болуы, яғни ерікті түрде ықыласпен беру;

- Адал жолмен тапқан ақшадан беру. Кісінің ақысын тартып алған, харам жолмен келген ақшаны садақаға беру күнә арқалатады;

- Нағыз мұқтаж жандарға беру. Ал мұндайлардың қатарына пақырлар мен міскіндер, жағдай нашар жандар, жетім мен жесірлер, қарызға белшесінен батқандар кіреді т.б.;

- Садақаны өзіндегі мал-дүниенің ең жақсысынан беру. Керек қылмай тастаған затты, сол сияқты ескі-құсқыны садақаға бермеу;

- Садақаға өзіне ұнамды, қымбат нәрсені беру. Өзі қатты жақсы көретін нәрсені садақа ету, сауапты арттырады;

- Берілген садақасын міндетсінбеу. Қайырымды іс жасап тұрған жан, өзінің садақа беруге мұқтаж екенін білгені жөн;

- Шындығында жағдайы төмен өз туған-туыстардан бастау;

- Дін жолында жүргендерге, мешіт пен медреседе тәлім беруші ұстаздар мен шәкірттерге беру;

- Алла жолында берілген садақаны жасырып ұстау;

- Садақа беру – шүкірлік ету. Алланың сізге берген нығметін сезіну деп біліңіз.

- Алла жолында берілген садақаны қайтып алмау, оны қайтару шариғаттағы ең жиіркенішті амалдың бірі болып саналады.

Құрметті жамағат! Қорытындылай келе Алла Тағала баршамыздың қайырымды істерімізге разы болып, қияметте мол сауапттарды нәсіп етсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Әмин!

 

Бақдаулет Абдурахманов,

Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана»

мешітінің найб имамы

Бөлісу: