20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Нәпіл намаз оқудың сауаптары

Нәпіл намаз оқудың сауаптары

Мақалалар
Жарнама

Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

Нәпіл (араб) -  парыз етілген бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз деген. Ал, Намаз (араб.салауат) сөзінің түп-төркіні «дұға» және «тілек» мағынасын білдіреді. Шариғат кітаптарында  «Салауат сөзінің тілдік мағынасы – «дұға» дегенді білдіреді.

Күнделікті бес уақыт парыз намаздан бөлек қосымша нәпіл намаздар бар. Олардың ең көп және бекітілген сүннет дәрежесінде оқылатыны 12 ракағат намаз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір тәулікте 12 ракағат оқыса, оған жәннаттан үй тұрғызылады. Ол бесіннен алдынғы 4 және кейінгі 2 ракағат, ақшамнан кейінгі 2 ракағат, құптаннан соңғы 2 ракағат және таң намаздан алдынғы 2 ракағат», - деген [1]  және мына хадисте Пай­ғам­ба­ры­мыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Қия­мет кү­ні адам­ның алғаш есеп­ке тар­ты­ла­ты­ны – па­рыз на­ма­зы. Егер осы на­маз­ды то­лық орын­да­са, нет­кен та­ма­ша?! Ке­рі­сін­ше жағ­дайда: «Қа­раң­дар, нә­піл намазы бар ма екен? Егер нә­піл на­ма­зы бол­са, па­рыз­дар­дың ке­міс­ті­гін осы на­маз­дар­мен тол­ты­рың­дар. Бұ­дан кейін­гі бас­қа па­рыз­дар да дәл осы­лай жа­са­ла­ды», – деп айты­ла­ды [2].  Осы орайда, бір қатар нәпіл намаз оқудың сауаптары жөнінде айтып өтуді жөн санаймын.

Қажет намазы: Пенде болған соң  шешілмей жатқан шаруасы, керекті қажеттілігі болған кезде әрине Жаратушы Алла Тағаладан сұрауға міндетті. Ал, дұға-тілектің ең жақсысы намазбен болғаны. Әбу Дәрда (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап етсе, сосын екі ракағат оқыса, екі ракағатын толық етіп оқыса Алла тағала тілегін лезде немесе кейіндеу береді [3]»,-деп айтылған. Қажет намазын барлық уақыттарда екі немесе төрт ракат етіп оқуға болады.

Тахажжуд намазы: Яғни «түнгі намаз» деп аталатын атауы да бар. Тахажжуд құптан мен таң намазы аралығында оқылатын нәпіл намаз. Бұл намазды оқу үшін міндетті түрде бір ұйықтап тұру шарт. Тахажжудтың сауабы жайлы Әбу Үмәмәт (р.а.): «Түнде намаз оқыңдар. Бұл сендерден алдын өткен ізгілердің жолы. Бұл Аллаға жақындатушы, жамандықты жоюшы және күнәдан тиюшы намаз»,-деген [4].

Тәубе намазы: Пенде Алла Тағалаға ең жақын болатын сәттерінің бірі һәм бірегейі сәждеге бас қойған кезі. Күнәһар пенде  өзінің жасаған қате-кемшілігінің кешірілуін тілеп оқылады. Әбу Бәкір (р.а.) риуаят етеді: Мен Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кісі бір күнә жасап қойса, сосын дәрет алып, намаз оқып Алла тағаладан кешірім сұраса, әлбетте кешіреді деп мына: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей айбат! [5]»,-аятын оқыды [6] »,-дейді. Тәубенің негізгі шарты күнә істер мен қателіктерді қайта жасамау қажет.

Дәрет намазы: Дәрет алған немесе ғұсыл құйынған адамға екі ракағат намаз оқу мұстахап. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді. Таң намазы кезінде Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Біләл! Исламда жасаған ең жақсы амалыңды айт, өйткені жәннатта қарсы алдымда сенің кебісіңнің дауысын естідім, - деді. Біләл: Менің істеген амалым күндіз немесе кешке дәрет алар болсам, міндетті түрде намаз оқимын,-деген екен» [7]. Уқба бин Амир (р.а.): «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап орындап, екі ракағат оқыса, намазында жүрегімен және тәнімен бет бұрса оған жәннат міндет болады», - деген хадис бар[8].

Истихара намазы: Истихара – бір нәрсенің жақсысын, қайырын, игілігін тілеу дегенді білдіреді. Истихара намазы жақсы істердің қайсысы өз үшін қайырлы әрі жақсы болатындығына рухани ишарат білу мақсатымен оқылатын екі рәкат намаз. Алғашқы рәкатта «Кафирун», екінші рәкатта «Ықылас» сүресін оқу – мұстахап. Намаздан кейін «истихара» дұғасы оқылады. Дұғаны оқығаннан кейін жүрегінің қанағат еткеніне қарай әрекет етеді. Жалпы, мәселе айқындалмаса, намаз бен дұғаны жеті күн қайталау қажет. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Әнасқа былай дейді: «Әнас! Бір іс жасағың келсе, Раббыңа истихара намазы мен истихара дұғасын жеті рет қайтала. Содан кейін жүрегің қалағанын ойла. Жақсылық сол жерде». Истихара намазын барлық уақыттарда оқуға болады.

Қорыта айтқанда, ең көп оқылатын нәпіл намаздардың саны  көп екені белгілі. Шағын еңбекте ең қажеттісін ғана ұсынып отырмыз. Жалпы, нәпіл намаздарды  ай мен күн тұтылғанда, ұзақ уақыт жауын-шашын болмағанда немесе толассыз жаңбыр жауа бергенде, т.б. уақыттар мен мезгілдерде нәпіл намаз оқуға болады. Алла Тағала оқыған намаздарымызды қабыл етсін!

Бақдаулет Абдурахманов,

Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана»

мешітінің найб имамы.


[1]  [И.Термизи мен И.Насай]
[2]  [И. Әбу Дәәуд].

[3]  [И.Ахмед]
[4]  [И.Тирмизи].

[5] [ Әли Ғымран сүресі, 135-136 аяттар]

[6] [Әбу Дауд, Насаи]
[7] [И.Бұхари, И.Муслим]

[8] [Муслим, Әбу Дауд]

Бөлісу: