21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Шынайы түзетушіден бол!

Шынайы түзетушіден бол!

Мақалалар
Жарнама

Құран Кәрімде: «Алла Тағала бұзушыны, түзеушіден айырып біледі»[1], – делінген. Біз көп жағдайда қандай да бір адамның сыртқы көрінісіне қарап баға беріп жатамыз. Алайда, адамның жан дүниесін, ішіндегі шынайы ниеті мен ықыласын Алладан басқа ешкім толық біле алмайтыны ақиқат. Ал енді, адамдар арасында қаншамасы бар, түзетушінің тонын киіп, іші толы арам ой, жаман ниет. Сырт көзбен қарағанда, істеген амалына қарай адамдар оны нағыз жақсы адам деп ойлауы мүмкін. Жоғарыдағы келтірілген Құран аяты жетімдердің хақысына байланысты түсірілген аяттың үзіндісі. Жетім балаға қарайласушы адам қоғам алдында өзін жанашыр адам ретінде көрсеткісі келгенімен, шын мәнінде оның түпкі ниеті жетімді өзінің дүниелік мақсаттарында пайдалануы әбден мүмкін. Негізі, жетімге қамқорлық етуді қалаған адам оның малына қол сұқпау қажет. Жетімге қандай да бір жолмен қиянат жасамау керек. Осы тұрғыдан Алла Тағала адамзатты Құран Кәрімде қатаң түрде ескертеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде бұзушылық жасайтындар туралы: «Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!»,- делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз» дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді»[2], – деген. Осыған байланысты, бұзақылық жасаушының үш түрлі категориясы болады. Оның бірі анық бұзушы, әрі бұзушы екендігін өзі жақсы біледі. Екіншісі, бұзақылық етуші біреу, өз-өзін және істеген ісін ақтап алғысы келеді. Үшіншісі болса, нағыз бақытсыз адам – бұзушы екендігін өзі жақсы біледі де, бірақ айналасына «мен тек түзетушімін» деп сендіруге тырысады. Бұзушының осы үш категориясының бәрі де Алланың құзырында айыпталатын жаман сипат болып табылады. Алладан шынайы түрде қорыққан, Одан ұялған пенде ондай іс-әрекеттерге, ниет-пиғылдарға бармайтыны сөзсіз. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Өткен пайғамбарлардан жеткен бір сөз бар: «Ұялмасаң қалағаныңды істей бер»[3], – деп ескерткен.

Түзетушінің тонын киіп, бұзақылық істеген адам бұл дүниеде бір-екі адамды, мүмкін барлығын алдап өтер, бірақ сырларды толық Білуші Алла Тағаладан оның айласы аса алмайды. Өйткені, «Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла тәсілшілердің жақсысы»[4]. Сондықтан, момын-мұсылман қоғам ортасында айналасын түзетумен айналысудан бұрын, «бұл істеген ісім, айтқан сөзім шынайы түзету үшін бе, әлде бұзушылық па?» деп,  жүрек көзімен, ақыл-парасатымен алдын ала таразылап алған жөн.

Дайындаған: Берікбол Мергенбайұлы


[1] «Бақара» сүресі, 220-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 11,12 аяттар.

[3] Имам Бұхари.

[4] «Әли Имран» сүресі, 54-аят.

Бөлісу: