Жұмақтық болу - кез-келген мұсылманның Алланың разылығында іздейтін арманы. Өйткені, Жаннат - Құдіреті шексіз Раббымыздың құлдар үшін уәде еткен үлкен сый-құрметі.
Ақырет күнінен кейін, қияметтен өткен барлық иманды адамдар жәннат бағына бөленеді. Жәннәт – мүминдердің өмір бойы үміт ететін ахиреттік сыйы.
Шындығында жұмақты жаннатқа кірмейінше түсіну мүмкін емес. Алла Тағала біздерге Құранда жұмақ туралы біраз ақпарат түсінік берген. «Олар (алтыннан) тоқылған тақтардың үстінде қарама-қарсы отырып жайғасады. Айналасында мәңгілікке сәби болған балалар ағып жатқан бұлақтан құмыралар мен кеселерді шарап толтырып отырады. Ол шарапты ішкендердің бастары ауырмайды, мас та болмайды. Өздері таңдаған жеміс-жидектер мен тәбеттері тартқан құс еттері ұсынылады. Олар үшін сақталған інжу маржандай сұлу көзді хор қыздары бар. Осының барлығы олардың дүниеде жасағандары үшін сый ретінде. Олар жәннәтта бос, өтірік сөздер естімейді. Тек сәлем, сәлем деген сөздер естиді. Оң жақ иелері. Оң жақ иелері болу қандай бақыт! Тікенсіз Сидр ағашзарларда. Тізілген банандар бумасында. Жайылған көлеңке астында. Сарқыраған өзеннің үстінде. Таусылмайтын әр бас тартылмайтын алуан түрлі жеміс-жидектің астында. Биікке асылған төсектерде жатады...» [Уақиға сүресі, 15-40-аяттар].
Жәннат нығметтері Алла Тағалаға сенім артып, үлкен күнәлардан және лас істерден бойларын аулақ ұстайтын, ашуына бой алдырмай игере білетіндерге, басқа адамдардың кемшіліктерін кешіретіндерге арналған сый.
بِسْمِ اللّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
إِنَّ الْمُتَّقِينَ فِي جَنَّاتٍ وَنَعِيمٍ فَاكِهِينَ بِمَا آتَاهُمْ رَبُّهُمْ وَوَقَاهُمْ رَبُّهُمْ عَذَابَ الْجَحِيمِ
«Әрине тақуалар жұмақтарда ырысқа бөленеді. Раббыларының өздеріне берген нәрселерінің қызығын көреді». («Тур» сүресі, 17-18 аят).
Жұмақты біздің түсінігімізбен түсініп жету еш мүмкін емес, оның қаншалықты әдемі екенін елестету үшін қиялымыз жеткіліксіз. Оның ішінде Алла Тағала иман келтіргендерге беретін, көрмеген және естімеген, есепсіз және шексіз керемет нығметтері қаншама. Жәннаттағы ең көп қауым Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) үмметі болады. Жаннаттық ас дүниелік астарға мүлдем ұқсамайды. Олардың бір айырмашылығы, олар шексіз, таусылмас және мәңгілік болады, жеміс ағашы мол, ішінде аққан өзендер, ағаштарының көптігінен іші көрінбейтін баулар деп суреттеледі.
Хадистерде жәннаттың 8 түрі аталады: дар ул-жалал (ақ маржанмен безендірілген); дар ус-салам (қызыл тастардан тұратын); жаннат ул-мағуа (жасыл асыл тастардан жасалынған); жаннат ул-қулт (сары маржан тастардан жасалынған); жаннат ул-нағим (ақ күмістен жасалған); дар ул-қарар (қызғылт алтыннан жасалынған); жаннат ул-фердаус (күміс, алтын, асыл маржан тастардан жасалынған); адын (ақ асыл тастан тұратын).
Жұмақ – бұл барлық рақымның кемелділігі үшін жаратылған, адамдарға жаны мен жүрегі қалаған нәрсені ұсынатын, адамдардың қажеттіліктерден, уайым-қайғыдан, өкініштен аулақ болатын орын. Сұлулық пен рақымның барлық түрі жұмақта бар және бұрын-соңды болмаған кемелдікке ие болады. Мұның бәрі Алла Тағаланың Өзі разы болған құлына ғана арнаған сыйы. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «(Алла Тағала ) Ізгі құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ естімеген және адам баласының ойына келмеген жақсылықтарды әзірлеп қойдым, дейді», - деп айтылған.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Мен салих құлдарым үшін көздері көрмеген, құлақтары естімеген, ойына алмаған, тіпті қиялына кірмеген нығметтер дайындадым» дейді.[ Сахих Бұхари].
Жұмақтағы адамдардың нығмет, артықшылықтары (киім, тамақ, сусындар, зергерлік бұйымдар, сарайлар) бұл дүниедегі баламасынан әлдеқайда асып түседі. Шындығында, дүниемен салыстыруға келмесі анық, өйткені жұмақтың ең кішкентай орны осы дүниеден және ондағы барлық нәрселерден әлдеқайда артық және жақсы. Ал жәннаттың кеңдігі жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жәннәтта жүз түрлі дәреже бар. Әр дәрежелердің арасы жүз жылдық жол болады». Және бір хадисінде: «Жәннәттә жүз дәреже бар. Әр дәреженің арасы жер мен көктің арасындай кеңдікте. Фирдаус – бұлардың ең жоғарғысы. Жәннәттың төрт өзені осы Фирдаустан бастау алады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннәтты сұрғанда Фирдаусты сұраңдар» [Тирмизи]. Осындай кереметтердің барлығы Алланың бізге дайындаған нығметтерінен. Бірақ мұның бірде біреуі ондағы ең зор нығметпен еш теңесе алмайды. Бұл, әрине, Алланың дидарын көру нығметі.
Бұл нығмет жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде былай дейді: «Жәннәттықтар жәннәтқа кірген уақытта Алла Тағала олардан былай деп сұрайды: «Сендер үшін тағы да нығметімді арттырғанымды қалайсыңдар ма?» «Бізді жәннәтыңа кіргізіп, жүзімізді жарық еттің, тағы не сұрай аламыз?» Сонда Алла Өзі мен құлдарының арасындағы пердені ашады. Жәннәт тұрғындары бұдан артық жақсы нәрсе көрмеген». [Муслим]
Жәннат – нығметі еш таусылмас мекен, алайда жаннатқа кірудің құны – құлдың Алла жолында, разылығын алу үшін қандай құрбандыққа баруымен өлшенеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
إن الله اشترى من المؤمنين أنفسهم وأموالهم بأن لهم الجنة يقاتلون في سبيل الله فيقتلون ويقتلون وعدا عليه حقا في التواراة والإنجيل والقرآن ومن أوفى بعهده من الله فاستبشروا ببيعكم الذي بايعتم به وذلك هو الفوز العظيم
«Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннәтқа айырбастап алды. Олар, Алла жолында соғысады, өледі және өлтіреді. Бұған байланысты хақ уәде Тәуратта, Інжілде және Құранда бар. Алладан артық уәдесін кім орындайды? Ендеше бұл саудаласқан саудаларыңа қуаныңдар! Міне осы ірі қол жетушілік» - дейді .(Тәубе сүресі,111-Аят).
Алла Тағала адам баласына ойлау қабілетін бергеннен кейін, ол ғалым болсын немесе жай ғана иман келтірген болсын, өлгеннен кейінгі өмірдің бар екенін жоққа шығармайды және өзінің өмірін фәнилық әлемде мәңгіліктің ең жақсы өміріне лайық болу үшін жан-жақты өмір сүруге тырысады!
Жоғарыдағы Құран Кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен алынған хадистер Ұлы Жаратушының адамдарға берген жұмақтағы өмір, нығметтері туралы білімнің кішкене ғана бөлігі!
Пайғамбар (с.ғ.с): «Жәннатта жұмақтың өзінен жақсы төрт нәрсе бар», - деген. «Олар:
- онда мәңгілік болу;
- періштелердің қызметі;
- пайғамбарлармен көршілік;
- Алла Тағаланың ризалығы».
Алла Тағала өзінің рақымымен барлық мұсылмандарға жұмақты нәсіп етсін!
Қарлығаш Қажымәлікқызы
«Нұр Астана» мешітінің ұстазы