30
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

Діни танымды сақтап қалудағы бабалар тәжірибесі (І)

Мақалалар
Жарнама

Тарихқа үңілсек, дәстүрлі Ислам құндылықтарын жоққа шығаратын өзге дінді насихаттаушы миссионерлер, жат ағымдар мен идеялогиялардың насихаттаушылары қай кезеңде де болғанын білеміз. Кезегі келгенде мұндай құбылысқа біз де куә болып отырмыз.

Бұларға қарсы күрес мәселесінде дүниежүзілік тәжірибемен қатар жалпы мұсылман әлемінің өзіндік теориялық-практикалық тәжірибесі бар екені белгілі. Алайда, он неше ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып, діні мен дәстүрін қабыстырған қазақ даласының да жат ағымдар мен өзге діни ұйымдардың миссионерлік әрекеттеріне қарсы өзіндік тәжірибесі бір төбе.

Әмме есті қазаққа аян Абай хакімнің 1897 жылғы монихеймен жауаптасуы (кейбір деректерде «тартысы» деп те айтылады. – О.С.) болған. Бұл тартыс халықымыздың тұтасымен шоқынып кетуінен аман қалуына себеп болып, патша үкіметінің салын суға кетіріп, жабылған мешіттерді қайта аштырған жауаптасу болғандықтан, бұл процестің методикасында тұтас халықтың діни, мәдени қабаттарын аман сақтаудың тарихи тәжірибесі жатыр.

ХІХ ғасырдың соңына қарай отаршыл патша үкіметі қазақты шоқындыру ісіне мықтап кіріскен. Қазақ даласына келген патшазада архиерейі Сергейді қазақтың білгір молдасымен діни айтысқа түсіріп, молда жеңілісе, жиналғандардың сақал-мұртын қырып, сол майданда шоқындыруды бастамақ болған. Сонда 15 мешіттің имамы жиылып, ақылдаса келе Кәмәли хазіретті (Хазіреттің аты тарихи деректерде түрліше айтылады. Камалатдин (Әуезов), Қамараддин (Мәшһүр Жүсіп), ел аузында Қамар хазірет, Қамар молла (Мәшһүр Жүсіп), Кәмәли хазірет (Көкбай) деп түрліше айтылады. Анығында толық есім-сойы – Айжарық Айтілеуұлы екені, Бөкей Ордасының қазағы екені жайлы нанымды деректер бар (Машһүр Жүсіп, Серікбай Қосан). Біз Көкбай Жанатайұлының естілігі негізінде Кәмәли қазірет деп отырмыз. – О.С) Баянауылдан алдырып, Сергеймен жауаптасуын өтініпті.

Ал, 15 мешіттің имамы қол қусырып, біліміне бас иген Кәмәладдин хазірет кім еді? Арқадағы сияқты жеті дуанды жайлаған ел балаларының көкірек көзін ашып, ескі мен жаңаның парқын түсіндірген жадитшыл ғалым.  Бұхара шәріфтен 18 жыл білім алған. Өз кезінде Қадет корпусында сабақ берген. Абайға ғылым жолын нұсқап, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуахас, Ақан сері, Науан, Шаймерден сынды Алаш ұлдарына білім нәрімен сусындатып, өмірінің соңында сабақ берген Баянауылдан 25 академик шығуына себепкер болған ірі тарихи тұлға.

Міне, біз бұдан бабаларымыздың халықтың тарихи діни танымын сақтап қалу жолындағы насихат жұмыстарында кімді таңдайтынын байқаймыз.

Яғни, біздің имамдарымыздың өзі бұл мәселеде орталарындағы ең білікті, өте білімді маманға жүгінетінін байқаймыз. 15 мешіттің имамдары ақылдаса келіп, Баянауылдан Кәмәли хазіретті алдырып, өтініш жасауы соны меңзейді.

Мән-жайды білген Кәмәли хазірет жауаптасудан бас тартқан. Хазіреттің ондағы уәжі – жауаптасу тек шариғат, Құран төңірегінде ғана емес, әлде қайда ауқымды болуы мүмкін. Өйткені архиерей басқа дінінің өкілі. Осыны айта келіп, бұл іске олардың да кітабын оқыған адам керек екенін баса айтқан. Сүйтіп, бұл іске Тәуратты, Зәбурді, Інжіл мен Құраннан толық хабардар, патшаның заңынан да, жауаптасуға келген кісінің дінінен де, жергілікті халықтың тарихынан да хабары бар екенін айтып Кәмәли хазірет өз орнына Абайды меңзеген.

Осылайша, ел имамдарының таңдауы түскен ғұлама ары қарай даналық таңдауын жасаған.

Міне, бұл – ұлағатты хазіреттің дәстүрлі Ислам құндылықтарын қорғау мәселесіндегі кейінге қалдырған өнегесі.

Мұнда Кәмәли хазірет теріс ағымдармен күрес мәселесінде тек шариғат мәселесін ғана білудің, Ислам дінін ғана жетік білгеннің өзі жеткіліксіз екенін меңзеп, жауаптасудан бас тартып отыр. Әйтпесе, біз жұмбағын толық шеше алмай отырған Абайдың діни көзқарасының негізін қалаған ұстаздың білімі кімнен кем болуы мүмкін.

Бұл оқиғаның тұтас барысынан біз жауаптасу (тіпті бүгінгі таңдағы белең алған жат ағымдармен күрес) немесе ағарту, оңалту жұмыстарына қатысты аса ірі үш шарт бар екенін байқаймыз. Ол шарттар:

Бірінші, ақтаушы өзі ақтағалы отырған ғылым саласын жақсы білуі керек. Яғни шариғат мәселелеріне жүйрік болу. Әуелгі 15 мешіттің имамдарының өнегесі – осы.

Екінші, қарсы тараптың өздері дағуа етпек болған діни концепцияларын жетік білу. Бұл бүгінгі сөзбен айтқанда жалпы діндер тарихынан, исламтанудан ғана емес тұтас теологиядан өте жетік білімі болуы деген сөз.

Үшінші, тарихи-мәдени танымының тереңдігі. Кәмәли хазірет Абайды таңдауда келтірген бір уәжі осыны меңзейді.

Кәмәли хазірет те өзінің  бірінші шартқа толымды екенін айта отыра, соңғы екі шартқа байланысты жауаптасудан бас тартып отыр. Ескере кететін бір жайт, қазақ руханиятындағы талай алыптарды тәрбиелеген Кәмәли хазіреттің де тарихи-мәдени танымы терең екені шүбәсіз. Мүмкін, сол кездегі саяси жағдайға байланысты бас тартқан болуы да мүмкін. Тіпті, Абайды бұл тартысқа дайындауы да бек мүмкін. Алайда, Абайды ұсынғанда келтірген уәжі терең танымның қажеттігін көрсететіні ақиқат. Шын мәнінде білгір ғұламаның қосқан бұл шарттары (екінші, үшінші шарт) өте өзекті. Ислам теориясында «хикметпен жеткізу» деп аталатын үлкен концепция бар. Анығында, соңғы екі шартқа толымды маманнан сол концепцияның жемісін үміт етуге болады.

Аядай жазбада айтылған уақиға желісі бүгінгі таңда халқымыздың дәстүрлі діни танымын қорғау, дәстүрлі Ислам құндылықтарын басқа діни ағымдар, салафизим, тәкпіршілдік, тәңіршілдік сынды жат ағымдардан қоғау (немесе олармен идеялогиялық күрес) барыснда мейлі баспасөзде болсын, мейлі бетпе-бет болсын кім қалай жауаптасуы (немесе жауап айтуы, жауап жазуы) керек екенін саралау мәселесіндегі бабаларымыздың өнегесі.

Сан ғасыр бойы діни алауыздықсыз ұстануында осындай жергілікті хазіреттердің абыз шешімі, дана тәсілдерінің өлшеусіз үлесі бар екені анық. Ендеше, хазіреттің бұл өнегесі ҚМДБ-ның барша имамдарына, зайырлы дінтанушыларға ғана емес қарашадан ғалымына дейінгі әрбір мұсылманға керекті тарихи тәжірибеміз.

Әйтпесе, радикалды, деструктивті діни ағымдар, жат идеялогиялармен күрес мәселесінде әлеуметтік желіде, жеке үстел басында «бас-басына би болып» әркім білгенін айтса, дінде не қасиет, сөзде не дуа қалсын.

Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: