16
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

ІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

ІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Мақалалар
Жарнама

«Ұлық болсаң, кішік бол», «Жемісті ағаш иіліп тұрады» деген мақалдардан халық санасындағы асыл қасиеттің тозбас бағасы мен мызғымас орнын бағамдауға болады. Мұнда айтылған ізгі құндылық – кішіпейілділік.

Шын мәнінде, кішіпейілділік – пенденің ерекше қасиеті. Бұл қасиет – барша  Пайғамбарлар мен күллі әулиелерден, барлық тақуалардан мирас болған айырықша мінез-құлық. Бұл мінез жайында Құранда былай делінеді:

وَعِبَادُ الرَّحْمَٰنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الْأَرْضِ

«Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы түрде жүреді...» («Фурқан» сүресі, 63-аят).

Ал, кішіпейіл болудың адам өміріндегі маңызы жайлы ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Әнәс ибн Маликтен (р.а.) риуаят етілген мына бір хадисінде былай делінеді:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырған: «Алла Тағала маған бір-біріңізге қарсы кішіпейілділік танытуды және кейбіреулеріңіздің басқаға зұлым етпеулеріңді әмір етті» (Сахих Мүслим). Осыдан біз кішіпейіл болудың мұсылманның басты сипаттарының бірі екенін ұғынамыз.

Аталған қасиеттің Алла құзырындағы мәртебесі жайлы Расулулланың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде баяндалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді. Ал, кімде-кім көкірек қақса, Жаратушы оны мұрнымен жер сүздіреді», - деген (Имам Ахмад ибн Ханбал, Муснад). Тағы бір хадисте «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» (әл-Хаким) десе, енді бір хадисте «Алла үшін пенделерінің иманы ең толықтары – көркем мінезділері, бауырмалдылары, әрі бауыр басып тұратындары. Бауырмал еместер мен бауырына баспайтындардан еш қайыр жоқ» (Табарани риуаяты) делінеді. Бұл хадистерден кішіпейілділіктің, көркем мінез-құлықтың мәні мен маңызын бағамдауға болады.

Күндердің бірінде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алдына келген бір кісіні Расулалланың (с.ғ.с.) мысы басып, әлгі кісі қалшылдап қатты қорқа бастайды. Мұны аңғарған Расулулла (с.ғ.с.): «Өз-өзіңді бас, мен патша емеспін. Шын мәнінде, мен қақталған ет жейтін бір әйелдің баласы ғанамын», - деп жауап береді («Сунән Ибн Мәжәһ» (3303-хадис).

Өмірде кішіпейілділік категориясына жататын амалдар жетерлік. Бұл қасиет Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айырықша қасиеттерінің бірі екенін байқаймыз. Айталық, Ол кісі (с.ғ.с.) тәкаппарлықтан мүлдем алыс жан болатын. Мәжілісте отырғанда орын таңдамайтын, қай жерден орын тисе, сонда отыратын. Адамдардан ерекшеленуді жаны қаламайтын ғажап тұлға болды. Топты ортада төрге шықпайтын. Сырттан келген танымайтын адамдар ол кісіні қатардағы адамдардың бірі деп бек ойлап қалатын. Міне, адамзаттың ардақтысының кішіпейлілдік өнегесі осылай болды.

Мұхаммед (с.ғ.с.) тағы бір ұлағатты хадисінде: «Кішіпейілділіктің басы – кездескен адамыңа бірінші болып сәлем беруің, сәлем бергенге жауап қайтаруың, мәжілістің шетінде отыруға болса да разы болуың, мақталуды, нәпсіңді қорғаштауды, істеген жақсылықтарыңның жариялануын жақсы көрмеуің» - деп бұйырған. Шын мәнінде, бұл құндылықты өмір салтына айналдырған бабаларымыз өте көп үлгі боларлық дәстүрлер қалдырған. Мәселен, келген қонақтың алдынан шығып атының шылбырынан ұстау, атын байлау, кісіге есік ашу, қолына су құю, киімін киіндіру. Лұқман хакім: «Барлық нәрсенің құралы бар, амалдың құралы – кішіпейілділік» - деген. Расында, біз тілге тиек еткен дәстүрлердің барлығы да, қонақ жасының үлкен-кішісіне қарамастан кішіпейілділікпен жасалатын игі дәстүрлер болып саналады.

Абай хакім:

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, - деп адамзатты кішіпейілді әрі көркем мінезді болуға шақырады.

Бірде бір ғұламадан «Кішіпейілділік не?» деп сұрағанда: «Хаққа мойынсұну, бағыну. Кім айтса да, кімнен естісе де хақты (ақиқатты) қабыл ету» деп жауап қайырған екен. Шын мәнінде, әрбір тақуалықтың астарында кішіпейілділік жатады. Расында, Аллаға кішіпейілділік танытып, тәкаппарланбаған адам ғана бойұсынып, тақуалық таныта алады.

Қорыта айтқанда, кішіпейілділік – үлкен кісіліктің, салихалы мұсылманшылықтың жарқын көрінісі болмақ.

Мамлюк Мусаев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: