16
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

АЛЛАНЫҢ БЕРГЕНІН ЕСКЕ АЛ

АЛЛАНЫҢ БЕРГЕНІН ЕСКЕ АЛ

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағаланың адам баласына беретін нығметтерінің көптегі соншалық, кейде пенде оны ұмытып, немесе ескермей кетеді.

Қаншама сағаттап, күн-түнімен Алладан жалбарынып, сұрағанына жеткен соң, қол жеткізген сол Алланың құлына берген нығметі ұмытылып кетіп жатады. Алладан шаршамай, талмай күндіз-түні сұрап, дұға жасап, көз жасын ағызып, уайымнан жүректі ауыртқан күндер-ай...

         Ал енді, Алла Тағаланың сіздің дұғаңызға жауап берген сәттерді бір еске алып көрейікші. Міне, сұрағаныңызды Алла Тағала сізге берді, нәсіп етті, дұғаңыз қабыл болды. Сол сәтте сізде артық бақытты бұл ғаламатта жоқ болған шығар сірә?! Көңіл күйіңіз көтеріңкі, өмірге деген құштарлығыңыз одан сайын артып, жадырап, жайнап, айналадағы адам, табиғат, жануар, бәрі де сіз үшін сондай әдемі болып көрінеді. Осының бәрін жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағалаға деген сіздің алғысыңыздың шегі көрінбейді...

         Сөйтіп, сұрағаныңыз иелігіңізде болып, сәл уақыт өткен соң, Алланың сізге берген сыйлығы, нығметі ұмытыла бастайды. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Құлдарымнан шүкір етуші аз»[1], – дейді.  Тіпті, ол нығметке өз күшімен жеткендей, Алла Тағаланың «әл-Уәһһаб»[2], «әр-Раззақ»[3] деген көркем есім сипаттары естен шығады. Алайда періштелер, өсімдіктер әлемі, таулар, судағы балықтарға дейін Алла Тағаланы еш ұмытпайды. Олар Алланы әрдайым пәктейді, мадақтайды және ұлықтайды. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Дәуіт (Алланың оған сәлемі болсын) пен бірге Алланы дәріптейтін тауларды, құсты бой ұсындырдық. Оны Біз істедік»[4], – дейді. 

         Уақыт өте келе, Аллаға жалбарынып, тағы басқа қажеттіктерімізді сұраймыз. Ризық беруші Алла Тағала біздің дұғамызды қабыл алып, екінші, үшінші, төртінші сұраған нәрсемізді бізге береді. Момын-мұсылман Алла Тағаланың берген нығметтерінің қадірін біліп, Аллаға деген құлшылығын арттырып, үнемі барға шүкіршілік, жоққа қанағат еткені абзал. Сонда Алла әлбетте арттырып береді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»[5], – делінген.

         Йә, Аллам! Сен берген нәрсені бізден тыятын ешкім жоқ және Сен бермеген нәрсені бізге беретін ешкім жоқ. Күш-қуаты бар (біреудің) күші – (пайдасыз), Сенің құдіретіңнен аса алмайды.

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ

 

 

[1] «Сәбә» сүресі, 13-аят.

[2] «Әл-Уәһһаб» – түрлі нығметтерді қайтарымсыз беруші.

[3] «Әр-Раззақ» – жаратылғандардың рызық несібесін беруші.

[4] «Әнбиә» сүресі, 79-аят.

[5] «Бақара» сүресі, 152-аят.

Бөлісу: