Адам баласы – Алла тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Олай болса, осы адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы.
Бұл қымбатты жандарды Алла тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» [1] делінеді.
Бұл аятта әуелі Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған. Осылайша Алла құзырында ата-ананың қадірі қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Басқа бір аятта: «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз ай жалғасты» [2],- деп әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады.
Олай болса, Ұлы Жаратушыны танып, Оған құлшылық борышымызды өтегеннен кейінгі міндетіміз ата-анаға деген жақсылық һәм құрмет көрсету борышымыз екен. Алла Елшісі (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм): «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында» [3],- деген хадисі де бар.
Алла Елшісіне тізе бүгіп тәлім алған сахабалардың қалауы да Алланың разылығына бөлену болатын. Аты әлемге әйгілі тәпсір әрі фиқһ мектебінің негізін қалаушы Абдулла ибн Масғуд былай дейді:
«Бірде Алла Елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): Алла тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді? - деп сұрадым. Ол: Уақытылы оқылған намазды, - деді. Мен тағы: Одан кейін ше? - деп сұрағанымда: Ата-ананы құрметтеуді,- деді. Үшінші рет: Одан кейін ше? - дегенімде: Алла жолындағы күресті, - деп жауап берді. Егер де мен одан әрі сұрай бергенімде Алла Елшісі жауап бере беретін еді» [4],- дейді.
Демек, Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында екен. Себебі ата-ана разылығына бөлену ең үлкен бақыт. Олай дейтініміз ата-ананың шынайы жасаған дұғасын Хақ тағала қабыл етеді. Ол туралы Алла Елшісі (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Олармен Алла тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпірдің дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы» [5].
Мына бір оқиға өзгелерге үлкен сабақ болса керек.
...Алқамә (сахаба) пайғамбардың көзі тірісінде құлшылығына берік, өте ізетті, иманды жігіт еді. Күндердің күнінде аяқастынан ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле береді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарымызға хабар береді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алқәманың шешесін шақыртады.
– Алқамә қандай еді?- деп сұрайды.
Анасы: – Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын,- деп жауап берді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сұрақты төтесінен қойып: – Сізбен қарым-қатынасы қалай еді?
Анасы: – Енді «іштен шыққан балам ғой» деп қанша кешіріммен қарағаныммен мені ренжітетін кездері көп еді. Оны айтып отырған себебім, көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын, - деген кезінде, пайғамбарымыз:
– Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамәні тірідей жағамыз, - деп маңайындағыларға бұйырады.
Ана байғұс бірден жанұшырды: – Ойбай-ау, қажеті жоқ. Баламды өртей көрмеңіз, - деп жалынғанда, пайғамбар салиқалы түрде: – Алла Тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – дейді.
Ана разылығын айтып, кешірген кезде баласының да тілі кәлимаға келіп, өмірден озған екен [6].
Иә, ата-ананың бала алдындағы ақысы өте үлкен. Бірде халиф Омарға бір адам келіп:
«Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?» деп сұрайды.
Халиф Омар (р.а.): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің» деген екен [7].
Егер де осыншама нәрсені біле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсіздік көрсетер болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.
Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына:
– Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? - дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйрет», - деді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу...» - деп айтқан еді[8].
Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған.
Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді» [9], – деген. Басқа бір хадисте: «Кімде кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», -деген [10].
Олай болса, адам баласының рызқы, несібесі ата-анасына байланысты.Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі рызық, несібесінің көбеюіне де өзіндік септігі болмақ.
Қалмахан ЕРЖАН,
теология ғылымының докторы,
доцент, Abai.kz