22
Жұма,
Қараша

һижри

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ ҚАДІРІ МЕН ҚАСИЕТІ

Мақалалар
Жарнама

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Құрбан шалу қайдан шыққан?

 

«Құрбан» – араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Демек, бұл лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау деген сөз. Ал құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы – «Құдайға құлшылық ниетімен ереже-шарттарын ескере отырып, мал шалу».

 

Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «ұдхия» деп, ал айттың өзі «ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «құрбан шалу», «құрбан айты» сөздері қолданылады.

Құран Кәрімде Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың дауы Құдай Тағалаға құрбандық шалу арқылы шешілгендігі айтылады.  Сонымен бірге Ибраһим пайғамбар иләһи аянмен ұлы Исмаилды Құдай жолында құрбандыққа шалмақшы болғандығы баяндалған. Сонда Жаратқанның әмірімен өткір пышақ өтпей қалды. Құрбандыққа шалу үшін көктен қошқар түсірілді. Сынағынан сүрінбей өткен сүйікті құлын Алла солай сыйлаған. Бұл жайында Саффат сүресінде: «Сонда Біз оған: «О, Ибраһим! Көрген түсіңді растадың», – дедік. Расында, бұл үлкен сынақ еді. Біз оған ұлы құрбандық бердік. Ізгілерге сондай сый береміз», – делінген.

 

Құрбан шалудың үкімі

 

Ал адамзаттың асылы, иләһи елшілердің соңы болған Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) шариғатында құрбан шалу қажылықтағы бір рә­сім әрі қажылықтан тысқары мұсылмандар үшін уәжіп құлшылық болып бекітілді. Ғұламалар құрбан шалудың һижраның екінші жылы бекігендігін айтады. Хақ Тағала Кәусар сүре­сінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Сондай-ақ, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (а.с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап берген. Осындай айғақ-дәлелдерді алға тартқан ұлы имам Әбу Ханифа құрбан айтта мал шалу шамасы жеткендерге уәжіп деген пәтуа берген.

Негізінде, парыз бен сүннеттің ортасындағы міндетті іс уәжіп үкіміне ие. Мүмкіндігі бола тұра сараңдықтан, не салғырттықтан құрбандық шалмаған мұсылман күнәлі саналады. Өйткені Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақын­да­ушы болмасын!» – деп қатаң ескерткен.

Асылында, Алла Тағала шал­ынған малдың қанына да, етіне де мұқтаж емес. Керісінше, пенделер Оның рахымына мұқтаж. Сол үшін шынайы ықылас-ниетпен мал шалып, Рахманның разылығына ұмтылмақ керек. Бұл жайында Хаж сүресінде былай баяндалған:«Құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

 

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

 

Балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылманға құрбан шалу – уәжіп. Зекет беретін мөлшер 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат. Құрбан шалу уәжіп бо­луы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да басқалармен бірігіп, ірі қара шалса, не жеке өзі қой шалса, құрбандығы қабыл.

 

Қандай мал шалынады?

 

Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетем деу – әбестік. Әли Имран сүресінде Жаратқан Ие былай деп ескертеді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер».

Әнес сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа мүйізді, ақ ала екі қошқарды тәкбір айтып, өз қолымен шалғандығы туралы жеткізген. Қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ірі қара малды жеті кісі бірігіп шалуға болады. Шамасы жеткен адам өз атынан бірнеше мал шалса да болады. Құрбандық малды басын құбылаға қаратып, «Бисмилла, Аллаһу әкбар!» деп бауыздайды. Құрбандықты айттың үш күні шалуға болады.

 

Мұсылман мейрамдары туралы

 

Хадисте «Әрбірқауымныңөзмейрамыбар» делінген. Расында да әрбір елдің өзіне тән мейрамдары, айтулы күндері бар. Олардың тойлану себептері әркелкі. Шариғатта мейрамды ъид деп атайды. Қазақша айт деп аталып кеткен. Бұл сөздің қолданыстағы мағынасы «мейрам», ал түбіріндегі мағыналары «қайту, оралу, қайтарым». Яғни, жыл сайын қайталанып келетіндіктен, құлшылыққа қарымта мереке болғандықтан солай аталған делінеді. Мерекелер әртүрлі жағдайларға, тарихи, мәдени себептерге қарай нақтыланады. Осы орайда мұсылман мейрамдарының өзіндік ерекшеліктері туралы айтып өткен орынды.

Жаратушыға иман келтірген үмбеттің әрбір ғибадаты, құлшылығы, тіршілігі Алла Тағалаға бойсұнушылыққа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Әнғам сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін деп айт». Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау арқылы болады.

Алдыңғы толқын мұсылмандардағы тақуа жандар: «Кімде-кім Алланы еске алмай қуанып, шаттанса, онысы Раббысын ұмытып, ғапылдыққа салынғаны. Ғапылдықта қалған пенде әуейілікке, нәпсіге еріп, елітеді. Ал ақылды жан Раббысына жасаған тағат-құлшылығы үшін қуанып, тойлайды», − деген екен.

Сондықтан да мұсылмандардың мейрамдарының мән-мағынасы Құдайға деген құлшылықпен тығыз байланысты.

Ораза айтын тойлағанда отыз күн оразаны ойдағыдай атқарып, Жаратқанның жарылқауынан үміт етіп, ғибадат науқанын аяқтағаны үшін шаттанып қуанады. Алла Тағаланың Өзі солай бұйырды. Бақара сүресінде былай делінеді: «(Жаратқан Ие) ...сендердің мерзімді (рамазан айын) толтырып, тура жолға салғаны үшін Аллаға тәкбір айтуларыңды (мейрамдауларыңды)  (қалайды)». Тәпсіршілер мұндағы тәкбір айтудың мағынасы ораза айт намазын оқу, айттау деп түсіндірген.

Ал Құрбан айты қажылық құлшылығымен, құрбандық шалумен тікелей байланысты. Мұсылмандар осы құлшылықтарды абыроймен ойдағыдай орындаған соң айттап, мейрамдайды. Құдай Тағала: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырды. Мұндағы намаз – Құрбан айт намазы, ал құрбандық осы айтта шалынатын мал.

Әлбетте, мұсылман мейрамдарының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, кейбір қауымдар өз мерекелерін шөлмек соғыстырып, арақ-шарап ішумен, күнәлі істерден бастаса, ал мұсылмандар өз мейрамдарын күн шыққаннан айт намазын оқудан бастайды. Мұның өзі қуанышты күннің Құдай Тағаланы еске алусыз өтпейтіндігін білдіреді. Сондай-ақ, мұсылмандар айт намазынан соң бір-бірін құттықтайды. Құрбан айтта шалынған малдың етін жақын-жуықтарына, мұқтаж жандарға таратады. Бір-бірінің үйіне бас сұғып, айттайды. Көптен көрмеген туыстармен қауышады, науқастардың, мұқтаж жандардың хал-жағдайын сұрайды. Дүниеден өткен кісілерге Құран бағыштап, жарылқау тілейді. Осының барлығы мұсылманша мерекелеу мәдениетінің ерекшелігін білдіреді.

Құдайға шүкір, дін жанашыры Елбасымыздың тікелей жарлығымен Құрбан айты Қазақстанда ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып жарияланды.

Алда келе жатқан мұсылмандардың ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын! Қасиетті мереке Алаш жұртына құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік берсін! Әмин!

 

 

Бөлісу: