Жо-жоқ, бұл мақал «Теңін тапса, тегін бер» деген. Ал мақаламызда теңін тапқан жұптардың ата тегін ауыстыру жайында бірер сөз қозғамақпыз...
Бүгінгі қоғамда тұрмыс құрған қалыңдықтың ерінің тегіне ауысуы жиі кездеседі. Бұл құбылысқа бір адамдар дұрыс қараса, енді бірі бұрысқа балап жатады. Осы тақырып төңірегінде ислам ғалымдарының шығарған пәтуаларына тоқталып өтейік.
Біріншілері:
«Теңі келсе де, әйел кісінің тегін ауыстыруға, өз күйеуінің тегіне өтуіне тыйым салады. Әрбір сөзімізді дәлелмен айтайық: Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде кім өзінің әкесінен басқа кісіні өзіне қатысты қылса, Алланың, періштелердің және адамдардың лағнеті соған жаусын» [Ибн Мәжә] деген.
Ата дініміз ата-анамызға шүкірлік еткеніміз сияқты, шыққан тегімізге шүкірлік етуді, оны қадірлеуді бұйырады. Ислам қағидасы бойынша тегіңнен, ұлтыңнан бас тарту – зор күнә болып есептеледі. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз былай дейді: «Қайсыбір кісі біле тұра, өз әкесінен басқаның баласымын деп жарияласа – кәпір болғаны, ал кімде-кім өзін тегі жағынан қатысы болмаған «бір қауымнанмын» деп жарияласа, тозақтан орын дайындай берсін», - деген [Бухари].
Адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыздың өзі адал жарларын «Мұсылмандардың анасы», «Хадиша бинт Хуайлид», «Айша бинт Әбубәкір» қыздары деп өз тектерімен атаған. Бұл – күллі мұсылман үмметіне қияметке дейінгі үлгі-өнеге.
Тегін ауыстыру үлгісі мұсылман қоғамына жат өзге діндегілердің үрдісі» деген, [«Әл-Әзһар» университетінің исламтану факультетінің деканы Абәлә әл-Каһлауи].
Екінші көзқарасты ұстанатындар: «Әдет-ғұрпымызға сіңген, ежелден келе жатқан дәстүріміз бойынша, қыз баласы тұрмыс құрғанда, келін болып түскен әулеттің тегімен айтылып жатады. Мәселен, «Пәленшінің қызы, түгенше әулетіне келін болып түсті» деген секілді. Алланың өзі әйелдерін күйеулеріне қосып, Құранда атап кеткен: «...Нұхтың (ғ.с.) әйелі мен Лұттың (ғ.с.) әйелін мысал көрсетті», «Алла Тағала иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті» [«Тахрим» сүресі,10/11], - деп айтып жатса, біз неге атамасқа? Бұл аятта әйелдерді таныстыру мақсатында күйеулернің атымен қосып атап тұр. Таныстырудың түрлері көп, бұны да солардың бір бөлігіне жатқызуға болады. Араб елдерінде күниясымен «Уммукулсум» кейде лақабымен «Хумейра» Айша анамыз қызыл өңді кісі болған соң осылай еркелеткен, әкесін біле тұра анасымен атаған, «Ғуләйә ұлы Исмаил», Француз елдерінде «Месье» деп тұрмысқа шыққан әйелдерді атаса, ағылшын тілді мемлекеттерде «Миссис» деген сияқты, осы секілді күйеуінің тегімен атау өзін таныту мақсатында болғандықтан дінімізде қарсылық жоқ. Негізінде шариғат әкесінің атын өзгертуге қарсы болып отыр, тегіне емес» деген [Мысыр ғалымы Әли Жұмға].
Елімізде некеге тұрғандардың тегін ауыстыру жайлы сала басшылары былай дейді: «Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 260-бабына сәйкес атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті қарауды тіркеуші орган Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді. Осыған байланысты, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш күнтізбелік 15 күн ішінде қаралады, басқа органдарға сұрау салу қажет болған жағдайда өтінішті қарау мерзімі, күнтiзбелiк 30 күннен аспайтын уақытқа ұзартылады. Азаматтардың тегін, атын, әкесінің атын өзгерту себептері Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 257–бабында қарастырылған» деген түсініктемелерін ескерсек, біздің заңнамаларымызда тегін ауыстыруға қарсылық жоқ.
Сөз соңында айтарымыз, қыз баласы өз еркімен қалап тұрса, тегін ауыстыруға екінші көзқарасты басшылыққа алып, қарсылық жоқ екенін аңғарамыз, десе де, күйеуі тарапынан ешқандай талап-тілектер қойылмауы шарт.
Қанат ҚАЛЫМБЕТ,
исламтанушы