19
Жұма,
Сәуір

һижри

Мұхаррам және Ашура

Мақалалар
Жарнама

Бүгін исі мұсылман баласы үшін ерекше күн. Себебі, мұсылманша жыл басы болып табылатын мұхаррам айы кіруде. Қасиетті мұхаррам айымен келген 1437-һижри жаңа жыл басы күллі мұсылман қауымы үшін құтты болғай.

Қасиетті мұхаррам айы һижри жыл санауы бойынша жаңа жылдың бірінші айы әрі қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай Алланың қасында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт айдың бірі. Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі (Зүлқағда, Зүлхиджә, Мұхаррам және Ражәб) құрметті айлар».

Сахаба Әбу Зәр әл-Ғифари р.а.﴿: «Мен Пайғамбарымыздан с.ғ.с.﴿: «Түннің қай (бөлігі) мен айлардың қайсысы қайырлы?» – деп сұрағанымда, ол с.ғ.с.﴿: «Түннің қайырлысы – ортасы, айлардың абзалы – Алланың айы болғандықтан мұхаррам», – деді.

Бұл айға қатысты ислам ғалымдары: «Жыл он екі айдың ішіндегі қасиетті рамазан айынан кейінгі ең абзал ай – қасиетті мұхаррам айы және оның оразасы рамазан айындағы парыз оразадан кейінгі ең абзал ораза болып есептеледі. Сонымен қатар, әр жыл басы қасиетті мұхаррам айымен басталып, әрі қасиетті мұхаррам айына келіп аяқталады», – деп баян еткен. Ал, Хасан әл-Басри р.а.﴿: «Шын мәнінде, Алла жылды мұхаррам айымен бастап және осы аймен жылды аяқтайды. Сонымен қатар осы жылда, Алланың алдында қасиеттілігі себепті рамазаннан кейін мұхаррамнан асқан ай жоқ», – деген.

Мұхаррам айындағы оразаның артықшылық жағынан рамазан айындағы оразадан кейін тұратындығын өзге де хадистерден анық аңғаруға болады. Кейбір ғалымдардың пікірінше осы айдың мұхаррам, яғни «тыйым салынған» ай деп аталуының сырын:«Ол айда соғысу тыйым салынғандықтан. Тағы бір жерде: Ол айда Ібіліске жәннат тыйым салынғандықтан, дұрысырағы алғашқы айтылғаны», – деп түсіндірген.

Алла Тағала Құран Кәрімде айтылған ерекше құрметке ие төрт айда  зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап: «Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар»,– деп қайтарған. («Тәубе» сүресі, 36-аят)Демек жай уақыттың өзінде зұлымдық жасау тыйым салынған жазасы ауыр күнә болып есептелсе, ал, қасиетті мұхаррам айында зұлымдық етудің күнәсі мен оның жазасы қандай болмақ? Біле білсек, осындай қасиетке ие, әрі Алланың разылығына жетелейтін абзал айды құлшылықсыз, нәпіл оразасыз құр босқа өткізудің өзі,  өз-өзімізге зұлымдық ету болып табылса керек.

Бұл мұхаррам айының оныншы күні «ашура» күні деп аталады. Осы аталған күнде ораза тұтқан пенденің күнәсі кешірілетіндігімен Пайғамбарымыз с.ғ.с.﴿ сүйіншілеген. Алланың елшісінен Ашура күні ораза тұту жайлы сұрағанда: «Ашура күнінің оразасы өткен бір жылғы істелген күнәдан арылтады», - деп айтқан. Ал, тағы бір риуаятта: «Ашура күнінің оразасы өзінен алдыңғы бір жылғы істелген күнәдан арылтуын Алладан үміт етемін», – деген.

Ибн Аббас (р.а.)жеткізген хадисте: «Алланың Елшісі с.ғ.с.﴿ Мәдинаға келгенде яһудилердің ашура күні ораза тұтқандарын көріп, соның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл күні Алла Тағала Мұсаны Перғауынға үстем етті. Сондықтан осы күнді ұлықтап ораза тұтамыз» – деді. Сонда Алланың Елшісі с.ғ.с.﴿: «Біз Мұсаға сендерден қарағанда әлдеқайда жақынбыз», – деп ораза тұтуға әмір етті», - делінген.

Сахабалар мұхаррам айында, соның ішінде ашура күні ораза тұтуға аса мән беретін және басқаларды да соған үгіттейтін. Әл-Асуад ибн Язид р.а.﴿:«Мен Али ибн Әбу Тәліп пен Әбу Мұса секілді ашура күніндегі оразаны тұтуға шақырған адамдарды көрмедім»,– деп айтқан.

Бұл күндердегі оразаға тоқталсақ, Ашура күнінің оразасымен қатар мұхаррам айының тоғызыншы күні ораза тұтқан жөн. Бұл жайында Алланың Елшісі с.ғ.с.﴿: «Алла қаласа келесі жылы тоғызыншы күні де ораза тұтармыз», - деп айтқан. Ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қоса тұтудың бір мәнісі яһудилерге ұқсамау. Ибн Аббас р.а.﴿: «Тоғызыншы және оныншы ашура күні ораза тұтып яһудилерден өзгешеленіңдер!» – деп кітап иелеріне ұқсамау үшін ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қосып тұтуға кеңес берген. Егерде бір себептерге орай мұхаррамның тоғызыншы жұлдызы ораза ұстай алмай қалса, онда он бірінші күнді ашураға қосып ұстауға мүмкіндігі болады.

Пайғамбарымыз с.ғ.с.﴿: «Кім ашура күні отбасына кеңшілік көрсетсе, Алла оған жыл бойы кеңшілік көрсетеді», – деген екен. Олай болса, ұлық айдың қадір-қасиетін ескеріп, оған ерекше ден қойғанымыз жөн болмақ. Әрине, ұстайтын оразамыз, жасайтын жақсылығымыз, қылар тәубамыз мұның барлығы айналып келгенде өзіміз үшін. Дейтұрғанмен, сауаптар еселей түсетін қасиетті мұхаррам айы мен ашура күнінің жақсылықтарынан құр қалмай, отбасы, ағайын-туысқанға да кеңдік көрсетіп, осы айдың қадір-қасиетін жеткізгеніміз жөн болар.

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы  

Бөлісу: