29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қадыр МƏЛІКОВ: ИШИМ туралы 1500 жыл бұрын айтылған

Мақалалар
Жарнама

Хадистерде ислам дінінің ішкі жаулары қалай бейнеленген? «Қара байрақ» дегеніміз не? Тəкпіршілердің терминдері қандай? Сирияға кетпек болған адамды қалай анықтауға болады? Назарларыңызға «delo.kg» сайтына шыққан танымал журналист Вадим НОЧЁВКИННІҢ белгілі ислам ғалымы Қадыр Мəліковтен алған сұхбатын ұсынамыз.

Қ ы р ғ ы з ж ұ р т ы ү ш і н И Ш И М географиялық тұрғыдан алыс жатқан, бүгінде аймақ пен тележобалардан көрінетін үрейлі бейнеден бері аттап, таянды. Ол – біздің тура жанымызда. Олар шалғайдағы соғысқа қатысу үшін отбасыларын тастап кеткен еркектер мен əйелдерімізді жалмап қана қойған жоқ. Бішкектің орталығында болған шілде қақтығыстарына да ИШИМ-нің қатысы бары енді анықталып отыр. ИШИМ талай азаматтың санасын бағындырып, «шынайы мұсылманның» жалғыз ақ жолы ретінде миларына сіңіп алған. «Дін. Құқық. Саясат» зерттеу орталығының басшысы Қадыр Мəліков бүгін саясаткер ретінде емес, ислам ғалымы мен діндар мұсылман ретінде өз ойларын ортаға салады.

 «ҚАРА БАЙРАҚ КӨРСЕҢІЗ...»

– Ең алдымен терминнің басын ашып алайық, – дейді Қадыр Мəліков.

– ИШИМ деген не? Журналистердің құлақ үйреткен бренді. Шындап келгенде, бұл аббревиатура, яғни, «Ирак жəне Шам ислам мемлекетін» білдіретін шартты түрде қысқартылған сөздер ескірген. ИШИМ-діктердің өздері бұл атаудан қазір бас тартып отыр. Өздерін тек ИМ – «Ислам мемлекеті» (арабша – ад-Дауля əл-Исламия) деп атайды. Бірақ, дүниежүзінің (бірінші кезекте Сауд Арабиясының) мұсылман ғалымдары атал- мыш атаудың «ислам» атты сөзін қолдануға тыйым салды. Араб əлемінде ұйым жай ғана «дауля» немесе «мемлекет» деп аталып жүр.

– Демек, ислам теологтары ИШИМ-ді (ұйымды əдеттегі қалыппен осылай атай берейік) ислам атауынан айырып отыр ғой?

– Дəл солай. Себебі, «халифат» деген атау таңдап алған «мемлекетті» құру кезінде де, «азаматтарының» əрекеттерінен де өте үлкен қателіктер кеткен. Қатыгездік, жаппай тазарту, өлім жазалары, вандализм, мəдениет ескерткіштерін қирату – мұның бəрі исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмақ емес. Бір нəрсе айтайын, кезінде осының барлығын мұсылмандарға Мұхаммед пайғамдардың өзі айтып ескерткен. Хадистерінің бірінде ол исламның ішкі жауларын былайша бейнелеген: «жасы кіші, жарым ес адамдар пайда болады, олар адам асылының (пайғамбардың) сөзін сөйлегенімен, исламнан садақтан ұшқан жебе оғындай алыстап кетеді. Мұндай адамдардың сенімі тамақ тұсынан ары аспайды» деп жорамалдап кеткен. Басқалай айтқанда, Құран сөздері тек тілде сақталып қалады. Ал, төртінші тақуа халиф, Мұхаммед пайғамбардың немере ағайыны, күйеу бала- сы, əрі жақын серігі Əли ибн Əбу Тəліптің бұған қатысты қалдырған сөзі мынандай. Ғалымдардың пікірі бойынша, олардың қазіргі ИШИМ-ге тікелей қатысы бар.

«Қара байрақ көрсеңіздер, – деп айтты ол, – жерге жастанып, аяқ-қолды қимылдатпай, тыныш жатыңыз». «Ислам мемлекетінің» туы, шынымен-ақ, қара түсті екенін бəріміз білеміз. Сондықтан, қара түсті ту көрген сəттен бастап мұсылмандар өз орындарынан қозғалмай, қатарына қосылмаулары керек. Ондай адамдарға не əрекетімен, не қаржылай көмек беруден бас тартулары қажет. Міне – аталмыш сөздердің мəні осында, деп тарқатады ислам ғалымдары.

«Содан соң, деп ескертті халиф, – жүректері темір кесек тəрізді əлсіз де шағын халық пайда болады. Олардың өз мемлекеті болады». «Əлсіз» бен «шағын» – дін, мораль, діни практика тұрғысынан түсіндіріледі. Аталмыш халық соғыс тұтқындарын аяусыз өлтіретін болады, халықты қатты қинайды (темір жүректер). Мемлекетке келер болсақ, тұтас ғасыр бойы əлі ешкім де халифат құру туралы жарияламаған еді – ИШИМ алғашқы болып мұндай əрекетке барды. «Олар, – деп сөзін жалғастырды Əли ибн Əбу Тəліп, – сөзге адал емес, келіссөз талаптарын орындамайды». Жақында ғана орын алған оқиғадан үзінді – Сириядағы Шаетат сүнниттер тайпасы ИШИМ-діктерге адал қызмет етуге ант етті. Бірақ, соңғылары жауап ретінде тайпа мен өздері арасындағы келісімді бұзып, жүздеген еркектері мен əйелдерін қан қақсатты. Енді, міне, тайпа ИШИМ-мен өш. ИШИМ-діктер сол Сирияда журналис- тер мен гуманитарлық көмек миссиясының қызметкерлерін қастандықпен өлтірді.

«Олар ақиқатқа шақыратын болады, бірақ өздері ақиқат адамдары болмайды». Ақиқат адамдары қайырымды, себебі, пайғамбар «кешірімді болыңдар, сендердің де күнəларың кешірілетін болады», деп ескерткен.

«Өздеріне олар қала мен елдер атауларына сай ат қоятын болады». ИШИМ басшыларының есімдеріне қараңыздаршы – əл-Бағдади, əл-Заркави, əл-Туниси! «Олардың шаштары тура əйелдікіндей ұзын болады». ИШИМ содырларының көбі, расымен де, шаштарын ұзартып өсірген.

«Жəне олар бірімен-бірі араздыққа түскенге дейін осылай жалғаса беретін болады. Сонда ғана Алла қалаған адамына ақиқат танытады». Араздық басталып та кетті. ИШИМ мен оның «жаратушысы» – «Əл-Нуср майданы» террористік ұйымы арасындағы бір жылдық қақтығыстың арты мыңдаған адамның өліміне ұласты! Мұның барлығы 1,5 мың жыл бұрын алдын ала болжанып қойған! – Керемет!

– Ал қолына қару алып, мұсылманға қарсы қол көтерген «жарым естерге» қатысты пайғамбар «Сол себепті, оларды қай жерден көрсеңдер, өл тіріңдер, себебі, олардың өлімі үшін сендерге Қайта тірілу күні сый тартылады. Олар – жаратылғанның ең жаманы...» деп айтты.

– Жұмсартып айтқанда, мұндай жат мемлекеттің содырларын қалай атауға болады?

– Мұсылмандар тарихындағы өзінің ескі атауымен – харижиттер деп атаған дұрыс. Осы сөзді «қолға қару алып, мұсылман мен билікке қарсы шыққан адам» деп аударуға болады. Нақ осылар жайлы пайғамбар да, төртінші тақуа халиф те айтқан болатын.

Сауд Арабиясының ғалымдары болса, оларды мүлдем мұсылмандарға жатқызбайды. Кəпір, яғни, мұсылмандықтан безгендер деп айыптап, оларға қатысты қатаң көзқарас ұстанады. Сүнниттік ғалымдардың қалған бөлі гі (солардың арасында біздер де бар) харижиттерді əлі де болса мұсылман деп есептейді. Бірақ, олар дін мен дінсіздік арасында құбылып тұр. Бір сөзбен, адасқандар деп айтуы мызға болады. Бірақ олардың сүннит деп аталуға еш қақысы жоқ. Олар – СЕКТА.

Көптеген елдердегі сүнниттік ислам ғалым дарының барлығы біржақты шешім шығарды десем, бəлкім, сенбессіз. Аталмыш сектаға түскен адамды бейбіт жолмен исламға қайта шақыру керек. Бірақ, қолына қару алған адаммен күресу керек, бұл – əр мұсылманның парызы. Сондықтан, олардың іс жүзінде көзін жоюға рұқсат етілген. Ғалымдар ИШИМ-нің пайда болуынан еш жаңалық таппаған. Ұқсас оқиғалар үшінші жəне төртінші тақуа халифтер кезінде де болған. Бұлар сол хариджиттер қолынан қаза тапқан. Біреуін намаз оқып жатқан жерінде өлтіріп кеткен. Хариджиттер пайғамбар серіктерінің бірін де өлтірген. Басын алып, аяғы ауыр келіншегінің ішін жарған. Мұнымен шектелмей, жатырдағы баланың денесін қақ бөлген. Мұның бəрі хадистерде баяндалады. Қарап отырсаңыз, бүгінгі хариджиттер ескілерден ары асып кетпеген.

ӨШПЕНДІЛІК СӨЗДІГІ

– Қырғызстанда ИШИМ біраз жақтас жиып үлгерген. Бұл – жасырын емес. Бұлардың да дені харижиттер ме?

– Осы тұста тəкпіршілер деген басқа терминді қолданған орынды болар. «Тəкпір» сөзінің баламасы «басқа мұсылманды күпірлікке айыптау» дегенге саяды. Бірақ, жалпыға ортақ қабылданған ережелерге сай, мұсылманды кəпір етіп айыптауға ешкімнің құқы жоқ. Мұндайда мұсылман іс-əрекетімен, не болмаса сөзбен исламнан бас тартуы тиіс.

Біз, сүнниттер, күнə жасаған адамды күнəһар деп айтуды қалаймыз, бірақ оны мұсылман болу құқынан айырмаймыз. Тəкпіршілер болса, ондай адамды исламнан, заңнан аластап, оны өлтіруге, мүлкін тартып алуға жəне т.б. жол ашады. Шындап келгенде, Жаратқанды кімді кəпір, ал енді кімді діндар деп айыптау құқынан айырады. Осы ісімен олар үлкен ширк – аса ауыр күнə жа- сайды. Бұл – тəкпіршілердің басты ерекшелігі. Тəкпіршілердің секта екенін дəлелдейтін ерекшеліктері көп. Ал олар – ислам үшін аса қауіпті ағым.

– Тəкпіршілер мен харижиттердің айырмашылығы неде?

– Хариджиттер – сол тəкпіршілер. Бір өзгешелігі – қару қолданған харижиттер адам өлтіруге кіріскен. Басқалай, хариджиттер теорияны нақты іс жүзінде асырған тəкпіршілер деп айтуға болады.

– Қырғызстанның қандай діни топтарын тəкпіршілдік деп айтуға болады? Ваххабиттер немесе «Хизб ут-Тахрир» ұйымы олардың қатарына кіре ме?

– Жоқ. Тəкпіршілдік деп ваххабизм (сəлəфизм) аясынан тыс шыққан əсіре радикалды топтарды айтуға болады. Такпіршілер ваххабиттердің өздерін мұсылмандыққа жат санайды. Билік жағымпаздары деп атайды. Сондықтан, мемлекеттік идеологиясы ваххабизм болып табылатын Сауд Арабиясында тəкпіршілерге, ИШИМ-ге сұқтана қарайды. «Əл-Каиданың» өзі (идеологиясы, шын мəнінде, тəкпіршілдік болып саналса да) ИШИМ-ге қарағанда, салыстырмалы байсалды. «Əл-Каида» шариғаттың белгілі бір заңдарына бағынатын еді, бейнекамера алдында ешқашан бас кеспеген, басқа дін өкілдерін ислам дінін қабылдауға зорламаған, дін белгілеріне қарап, кудаламаған, жаппай тазарту жасамаған. Əрі ислам ғалымдарын – көзқарастарымен келіспегендердің өзін өлтірмеген. ИШИМ болса, бірінші кезекте ғалымдарды өлтіреді! Басқыншылығы да, ең алдымен, мұсылмандарға қарсы бағытталған. Сипаты ерекше айқын тəкпіршілік топ деп қырғызстандықтарға айрықша таныс Өзбекстанның ислам қозғалысын айтуға болады. Бұрынғы ӨИҚ жоқ, ол тұтасымен дерлік ИШИМ-ге жұтылып кеткен. Оның ант суын ішкен. Қазіргі ӨИҚ – ИШИМ-нің жергілікті филиалы.

– Қырғызстанда қанша тəкпіршілер идеологиясын тасушылар бар?

– Оны əлі ешкім білмейді. Бірақ, Қырғызстанның 300-ге жуық азаматы теориядан практикаға өтіп, ИШИМ-ге қосылу үшін Сирияға аттанса, идеология тасушыларының саны біршама көп деп ойлаймын. Қазір барлығы бірдей қару алуға дайын емес. Кейбіреулерге бұл идеология жай ғана ұнайды. Бүгін олар бейбіт өмір кешуде, алайда, керек кезде – елден береке кетіп, тұрақсыздық орын алған жағдайда – ұйқыда жатқан ұяшық, «араб көктеміндей», Сириядағыдай, ояна бастауы мүмкін.

– Алдыңдағы азамат тəкпіршіл болса, оны анықтаудың амалы бар ма? Мысалға, ата-ана баласының тəкпіршілер ықпалына түскенін қалай біледі?

– Анықтау қиын емес. Тəкпіршінің бірнеше айрықша белгілері бар.

– Сақал өсірген, дамбал киген еркектер (соңғы кезде оларды жиі кездестіре аласыз) тəкпіршілер ме?

– Адамның сыртқы көрінісіне əсте қарауға болмайды! Оған қоса, біреуге сырт келбетіне қарай қысым жасау, оны қудалау да дұрыс емес. Бүгінгі мұсылмандар əр түрлі киінеді. Біреулері джинсы шалбар кисе, енді біреулері костюм, «пакистанка» деп аталатын киім, араб көйлегін қалайды. Керісінше, тəкпіршілер бейбіт жағдайда өздерін сырт көзге көрсетпеуге тырысады, зайырлы киім киеді. Тіпті, соғысқа дайындалып жүріп, сақалдарын алатындары бар. Сырт келбетіне емес, идеологияға мəн берген жөн. Тəкпіршілер арасындағы əңгімеге зер салу керек. Одан басқа... Кеңесім сөзге ерсі көрінер, адамның көзін байқаңыз.

– Сонда көзінен нені көреміз?

– Қарапайым мұсылманның көзі (əсіресе, ол намаздан тұрған соң) нұр, қайырымдылық шашып тұрады. Ал тəкпіршілер мен харижиттердің көзінен агрессия сезіліп тұрады. Оны қарапайым адам тұтас дене бітімімен сезеді. Ондай адамның (өзге дін өкілдерін айтпағанда) басқа мұсылмандарға бауырлық сезімі жоқ, олар шейхты, əмірлерді керек етпейді – олар үшін ешкім басшы емес. Бізге тек қана Алланың əмірі жүреді, деп айтады олар. Осыған ұқсас оқиға Мұхаммед пайғамбардың кезінде де болған. Əсіре фанатизмге салынған мұндай адамдар қай кезеңде де өмір сүрген. Алла қалауымен Құранға түсірілген пұтқа табынушылар мен екіжүзділерге қатысты аяттарды олар бұрмалап, мұсылмандарға қарсы бағыттайды.

– Тəкпіршіні сөзінен қалай ұстауға болады?

– Өздері қолданатын терминдер арқылы. Мысалы, «жиһад» сөзінен ұстай аласыз. Тіпті, əдеттегі тəкпіршінің тұтас сөздігін де жасап құрастыруға болады. «Амалиат», «ганимат» – əскери операция, соғыстағы олжа. Осы терминдер арқылы жасырын жиһадтық топтар ақша тартып алу, тонау, бопсалау əрекеттерін жасырады. «Муртад» – исламнан аластатылған, кəпір мұсылман. Осы терминмен тəкпіршілер құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, зайырлы заңдар мен билікті қолдайтын адамдарды, сонымен қатар идеологиясына қарсы шыққан ғалымдар мен мамандарды атайды. Тəкпіршілердің ұстанымы – кім де кім біз кəпір деп санайтын адамды кəпір деп мойындамаса, оның өзі кəпір. Мұндай терминдер баршылық. «Мүшрік» – көп құдайға сенетін адам. Біздің ханафи мəзһабымыздың күллі мұсылмандары мен сопыларды тəкпіршілер мүшрік санайды. «Тағұт» – «кəпір» билік, яғни, зайырлы мемлекет. «Мұхаджир» – «кəпірлер жерінен» ислам еліне қарай қоныс аудару. Қырғызстанды тəкпіршілер «кəпірлер елі» деп айтады. Сонымен бірге мұсылманның парызы – оны тастап, «халифатқа» көшу, яғни ИШИМ-ге барып қосылу деп сенеді.

– Қысқасы, өшпенділік сөздігі дейсіз ғой...

– Өшпенділік пен асқан төзімсіздік сөздігі! Аталған терминдерді қолдануға тыйым салынғанымен, оларды кез келген адам оңды-солды шашуға болмайды. Себебі, бұл – шариғат терминдері. Сондықтан, оларды шариғат білгірлері мен ислам құқының мамандары қатаң бақылап отыруы тиіс. Тек осы адамдар ғана терминдерді қашан қолдану немесе қолданбауды шешу керек. Бес-алты адам жиылып, адамды кəпір етіп айыптай алмайды. Ол – тек Алланың ғана хақы. Құранда Алла: «Мен қалаған адамды жазалаймын. Қалаған адамымды да кешіремін. Тура жолмен де қалауым бойынша жүргіземін. Тура жолдан қалауыма сай адастырамын» деп айтқан. Біз адамды күпірлікке, егер ол сөзімен немесе іс-əрекеті арқылы исламнан бас тартқан болса, айыптай аламыз. Мысалы, Құранды отқа жақса. Дегенмен, осындай келеңсіз жағдайға жол берілсе де, мұсылманды исламнан тек ислам құқықтанушылары ғана шығара алады.

Бір қызығы, мұндай төзімсіздікке, көп жағдайда жол беретін неофиттер, яғни, діннің немесе ағымның жаңадан шыққан жақтаушысы болып табылады. Басқалай айтқанда, кеше ғана мүлдем басқа өмір салтын ұстанған адамдар (соның ішінде өмірін ырду-дырдумен өткізген адамдар немесе қылмыскерлер) аяқ астынан «дұрыс» мұсылман кебін киіп шыға келгені... Араб тілін білмесе де, қолдарына орыс тіліне аударылған Құранды ұстап ап, таласқа түскісі келеді, аяттарды өздігінше түсіндіреді. Басқа мұсылманнан іргесін аулақ салып, амандасқылары келмей, сəлемдесуге жауап қайтармайды. Бізді адасқандар деп санайды. Қысқасы, тəкпіршілік – əдеттегі секталық идеология. Ислам пікір алмасуды қолпаштайды. Тобыңыздың идеологиясын сынға алған ғалымды кəпір деуге болмайды. Одан да, соған ұқсас ғалымды тауып алыңыз, сіздің атыңыздан ол пікір таластырсын. Бірақ байқасаңыз, ИШИМ-діктердің бір де біреуі идеологиясын күллі əлем алдында ақтап алатын бір де бір ғалымды шығармаған. Есесіне, аты əлемге жайылған 126 сүннит ғалымдары ИШИМ «халифі» əл-Бағдадиге ашық жолдаумен шығып, «халифаттың» дəрменсіздігін егжей-тегжейлі талдап, дəлелдеді де əл-Бағдадиді тəубеге шақырды. Бірақ жауап үнсіз қалды. Тəкпіршілер мен хариджиттер ымыраға келмейді – олар тек адам өлтіріп, кейін оны кəпір етіп шығарады. Осының өзі тəкпіршілердің кезінде Мұхаммед пайғамбар өзі белгілерін атап көрсеткен қауіпті секта екенін тағы да дəлелдейді.

– Біреудің баласы (күйеуі, ағасы, құдасы) тəкпіршілер ықпалына арбалғанын көрсететін тағы қандай белгілер бар?

– Егер ол, мысалы, кешкілік дəрістерге (сабақтарға, ислам оқытатын топтық дəрістерге) жиі қатысып, сол жақтан сабырсыз, агрессияға толы болып қайтса, бұл – оның тəкпіршілер идеологиясының құрбанына айналып жатқанының айқын белгісі. Егер баласы ата-анасын, мысалға, бес рет намазға жығылмағаны, не болмаса «теріс» ас ішкені үшін үстел басында бірге отырмаса, бұл да тəуелділіктің сипаты. Басқа сектанттар тəрізді тəкпіршілер де өзін ғана аман қалған жамағат деп есептейді. Сол себепті, олар ата-аналарынан да аттауға əзір. Ал егер балаңыздың, күйеуіңіздің, ағаңыздың, сонымен бірге қызыңыз, əйеліңіз, сіңілі-қарындасыңыздың (аталмыш секта торына əйелдер де жиі түседі) сөздік қорында, мысалы, «муаскар» секілді сөздер байқала бастаса, дереу əрекет жасауға ыңғайлана бергеніңіз жөн! Мұндайда жақын адамыңыз Сирияға кетіп қалуы бек мүмкін.

– Жаңадан қосылған тəкпіршінің жақын адамдары мұндай жағдайда не істеу керек?

– Бұл – ең күрделі сұрақ. Бізде əлі күнге дейін тəкпіршілер құрбандарының туыстары хабарласа алатын «қауырт желі», қандай да бір қызмет түрі жоқ. Мұндайда репрессиялық амалдар қолдану орынсыз, сектаға арбалғандармен кəсіби жұмыс жасай алатын психологтар, алымдар (ғалым-теологтар) қажет. Əлі де болса, құпия түрде жұмыс істейтін оңалту курстарының бағдарламалары жоқтың қасы. Тəкпіршілермен, олар қолға қару ұстағанша, үнемі сөйлесу керек! Олар – адасқан жандар. Айтқандай, тақуа халифтер дəуірінде – бұдан 1,5 мың жыл бұрын – исламдағы секталарға қарсы күресті нақ осы ғалымдар жүргізген. Тəкпіршілермен олар үндеу, ағарту жолымен күресті.

– Сирияға кетіп, шахид атанғысы келген Аламедин ауданының əйел тұрғынының (ол туралы газетіміздің өткен санында айтқан едік) басынан дəл осындай оқиға өтті. Мəскеуде кəсіби психологтардың бір күндік жұмысының нəтижесінде əлгі əйел есін жиып, «Мұндайға қалайша бардым? Маған не болды?» деп өзіне-өзі сенбеді.

– Рас, ондай мамандар бізде жеткіліксіз. Ең бастысы – бізде ғалымдардың қызығушылығы жоқ. Байқасаңыз, тəкпіршілікті, ИШИМ-ді сынайтын ғалымдарымыз аз. Неге? Себебі, кепіл жоқ... Бес жыл бойы осы мəселені қозғап келеміз. Бірақ мемлекетіміз экстремизм мен терроризмге, тəкпіршілер мен хариджиттер идеологиясына идея тұрғысынан төтеп беретін имамдарымыз, ислам ғалымдарымыздың қауіпсіздігін қорғай алатын ұлттық бағдарламаны жасап бере алмай отыр. Себебі, Алла сақтасын, мұндай имам немесе ғалым жоғарыда аталған себептермен білгілі бір жағдайға ұрынса, мемлекет оның отбасы мен балаларына келешекте (күш құрылымдары қызметкерлерінің отбасыларына жасағандай) қамқорлық жасайды деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Күш құрылымдарының қызметкерлеріне тоқталсақ... Мемлекет шұғыл тəртіппен Қырғызстанның Қарулы күштері мен күш құрылымдарында діни сауаттандыру мəселесін қолға алуы керек. Жақында ғана көршілес Тəжікстанда болған оқиғалар біз үшін өте жақсы сабақ болды. Десек те, бұл – жеке тақырып. 

Дайындаған Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Бөлісу: