19
Жұма,
Сәуір

һижри

АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫ – АТА-АНАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫНДА!

Мақалалар
Жарнама

Ислам  ата-ана мәртебесiн басқа ешбiр дiнде болмаған дәрежеге көтерiп, оларға тиiстi адамгершiлiк, әдеп-инабаттылықты Алла Тағаланың жалғыздығына иман келтiруден кейiнгі екiншi орынға қояды:

 وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوا إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا

 

«Раббың Өзiне ғана ғибадат етулерiңдi, ата-анаңа жақсылық қылуларыңды әмiр еттi [1]»және сондай-ақ:

أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ

 «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым [2]», – деп ескертеді. Ибн Аббастан (р.а) келген риуаятта:

ثَلَاثُ آيَاتٍ نَزَلَتْ مَقْرُونَةً بِثَلَاثٍ لَا يَقْبَلُ اللَّهُ وَاحِدَةً مِنْهُنَّ بِغَيْرِ قَرِينَتِهَا ، أَوَّلُهَا قَوْلُهُ تَعَالَى : وَأَقِيمُوا الصَّلاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ، فَمَنْ صَلَّى وَلَمْ يُؤَدِّ الزَّكَاةَ لَمْ تُقْبَلْ مِنْهُ الصَّلَاةُ. وَالثَّانِي قَوْلُهُ تَعَالَى : وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ، فَمَنْ أَطَاعَ اللَّهَ وَلَمْ يُطِعِ الرَّسُولَ لَمْ يُقْبَلْ مِنْهُ وَالثَّالِثُ قَوْلُهُ تَعَالَى : أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ، فَمَنْ شَكَرَ اللَّهَ وَلَمْ يَشْكُرْ لِوَالِدَيْهِ لَمْ يُقْبَلْ مِنْهُ.

«Үш аят үш түрлі нәрсеге байланысты болып түсті. Олар бір-бірінсіз қабыл болмайды. «Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер [3]». Кім намазын өтеп, зекетін бермесе, құлшылығы қабыл етілмейді. «Аллаға бойұсыныңдар және де Елшісіне бой ұсыныңдар! [4]». Кім Аллаға бойұсынып, Оның Елшісіне бойұсынбаса, оның Аллаға бойұсынуы қабылданбайды. «Маған және ата-анаңа шүкір ет[5]». Кім Аллаға шүкіршілік етсе, бірақ  ата-анасына шүкіршілік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды», – делінген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (): «Кімде-кім ата-анасына жақсылық етіп, әрдайым шүкіршілік танытатын болса, онда оның өмірі ұзақ болады», – деген.

Ата-ананы құрметтеу – ең көркем құлшылық, күллі игі істердің негізі және жұмаққа апаратын жол екендігі ақиқат. Айша анамыздан (р.а.) келген хадистердің бірінде Пайғамбарымыз () айтады:  «Мен түсімде жәннатта екенмін. Жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенімде:  «Харис ибн Нұғман», – деген жауапты естідім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз () сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы сұрайды.

«Оның амалы қандай амал?» – дегенде, сахабаларының барлығы: «Уа, Алланың елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз. Алайда, ол анасына көп жақсылық жасайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (): «Оның істеп жүргені жақсылық», – деп үш мәрте қайталайды.

Ата-ана перзенттеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да, балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала көңілді және қорғансыз бола түседі. Сәбиінің балалықтағы небір қисық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларының мейіріміне мұқтаж болған шақта оларға жақсы қарау – адамзаттың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен орындалмайды. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарайласып, рухани һәм материалдық мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады [6]. Пайғамбарымыздың ():«Сенің дүниеге келуіңе себепкер әкең, ал дүние-мүлкіңнің барлығына өзің себепкерсің. Олай болса, сен де, мал-мүлкің де әкеңнің табысы боп саналады», – деп үмметіне өсиет етуіне зер салыңыз.

Құран Кәрімде былай деп әмір етіледі:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا  وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып: Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр, – деп дұға жаса [7]».

Міне, қандай да бір іс-әрекет арқылы не сөзімізбен ата-анамыздың көңіліне қаяу, жүрегіне кірбің түсіруден аулақ болайық. Жоғарыдағы аятта бұйырғандай, тіпті, «түһ» деп кейіс білдіруден де сақтанайық. Хадисте:

لَوْ عَلِمَ اللَّهُ شَيْئًا مِنَ الْعُقُوقِ أَدْنَى مِنْ أُفٍّ لَنَهَى عَنْ ذَلِكَ ، فَلْيَعْمَلِ الْعَاقُّ مَا شَاءَ أَنْ يَعْمَلَ ، فَلَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ ، وَلْيَعْمَلِ الْبَارُّ مَا شَاءَ أَنْ يَعْمَلَ فَلَنْ يَدْخُلَ النَّارَ

 «Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болса, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент қандай амал істесе де, жәннатқа кіре алмайды. Ал, ол екеуіне жақсылық етуші перзент не істесе де, тозаққа кірмейді», – делінген. Жаратқан Иеміз ата-анасына игілік жасаушы құлдарының қатарынан етіп, жұмаққа кіруімізді нәсіп етсін!

Әке-шешеге жақсылық жасап, құрмет көрсету қиналған сәтіңде дұғаңның қабыл болуына үлкен септігін тигізеді. Хадисте мынадай қисса баян етіледі: «Ертеректе ата-анасын ерекше жақсы көріп, жақсылығын аямайтын қойшы болыпты. Қойшы күндердің күнінде екі жолдасымен сапарға шығады. Үшеуі сапарлатып келе жатқандарында кенеттен қатты жаңбыр жауып, күшті жел соғады. Олар жаңбыр мен желден тасалап, сол маңайдағы үңгірді паналайды. Кенеттен таудың үстінен бір үлкен тас түсіп, үңгірдің аузын жауып қалады. Сонда олар сасқандарынан: «Осы жерде опат боламыз», – деп үрейлене бастайды. Сонда олардың бірі: «Бізді бұл жағдайдан тек ізгі амалдарымызды еске алып, дұға етуіміз құтқара алады», – деп ақыл салады. Сөйтіп, олар істеген ең жақсы амалдарын айтып, Алла Тағалаға жалбарына бастайды. Сонда қойшы: «Уа, Алла Тағалам! Менің қарт ата-анам болатын. Әр күні кешке мен сауылған сүтті балаларыма бермей, алдымен соларға беретінмін. Бірде кешігіп келсем, ата-анам ұйықтап қалыпты. Оларды оятып, мазалағым келмеді. Қарындары ашқан балаларым жанымда жылап жатты. Сонда да болса, алып келген сүтті ата-анамнан бұрын бала-шағама беруді құп көрмей, сүт құйылған ыдысты ұстаған күйде таң атырдым. Таңертең ата-анам оянғаннан соң сүтті алдымен соларға бердім. Уа, Алла Тағалам! Осыны Сенің разылығың үшін істеген болсам, бізді мынау жағдайдан құтқара гөр», – деп дұға етеді. Сол кезде тас жарылып, үңгірден аман-есен шыққан екен... [8]».

Пайғамбарымыз () хадисінде:

بِرُّ الْوَالِدَيْنِ أَفْضَلُ مِنَ الصَّلاةِ وَالصَّوْمِ وَالْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ وَالْجِهَادِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ

«Ата-анаға құрмет көрсету намаз оқығаннан да, ораза тұтқаннан да, қажылық және ұмра жасағаннан да және Алла жолында жиһад еткеннен де абзал», – деген.

Абдулла ибн Амр (р.а.) мынадай бір оқиғаны әңгімелейді: «Бір кісі Пайғамбарға () келіп: «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Алладан мол сауап қалаймын», – деді. Сонда Алла Елшісі (): «Ата-анаңның біреуі тірі ме?» – деп сұрады. Әлгі кісі: «Иә, екеуі де», – деді. Алла Елшісі (): «Алладан мол сауап қалайсың ба?» – деді. «Иә», – деп қуанған оған Алла елшісі (): «Олай болса, ата-анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым-қатынаста бол», – деді [9]». Міне, бұл хадис ата-ана қызметінде болып, ол екеуіне жақсылық жасаудың Алла жолындағы жиһадтан да абзал екендігіне дәлел болмақ.

Балаларының әке-шеше алдындағы әдептері турасында имам Ғазали (р.а.) былай дейді:«Перзенттің әкесі алдындағы әдебі – сөзіне мұқият құлақ асу, оның орнына істі атқаруға әзір тұру, бұйрығын жүзеге асыру, оған дауыс көтермеу, шақырған сәтте дереу жауап қайтару, оның көңілінен шығуға әрекет ету, сабырлықпен құшақ жаю, оған жасаған жақсылықты және орындаған тапсырмасын міндетсінбеу, оған аларып қарап, қабағын шытпау». Фарқад Сабахидің (р.а.) айтқан өсиетінде:

قَرَأْتُ فِي بَعْضِ الْكُتُبِ أَنَّهُ لَا يَنْبَغِي لِلْوَلَدِ أَنْ يَتَكَلَّمَ إِذَا شَهِدَ وَالِدَيْهِ ، إِلَّا بِإِذْنِهِمَا وَلَا يَمْشِي بَيْنَ يَدَيْهِمَا وَلَا عَنْ يَمِينِهِمَا وَلَا عَنْ شِمَالِهِمَا إِلَّا أَنْ يَدْعُوَاهُ فَيُجِيبَهُمَا  وَلَكِنْ يَمْشِي خَلْفَهُمَا كَمَا يَمْشِي الْعَبْدُ خَلْفَ مَوْلَاه

«Бағзы бір кітаптарда оқығаным, перзент – ата-анасымен көріскен уақытта олардың рұқсатынсыз сөйлемеуі, олардың алдына түсіп немесе оң және сол жағында жүрмеуі қажет. Алайда, олар шақырған кезде дереу жауап қайтарып, құлдың қожайыны артынан жүргені секілді ізіне ілесіп жүргені мақұл», – дейді.

Пайғамбарымыз () хадисінде: «Сендерге күнәнің ең ауыры не екенін айтайын ба? Ол – Алла Тағалаға серік қосу және ата-анаға қарсы келу [10]», – деуі арқылы Алла Тағалаға серік қосудан кейінгі ауыр күнәға ата-анаға қарсы келуді жатқызады. Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте:

رِضَا اللَّهِ فِي رِضَا الْوَالِدَيْنِ، وَسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ

«Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – делінеді.

Әнас ибн Малик (р.а.) риуаяты: «Расулалла () дәуірінде Алқама есімді жігіт болған еді. Ол өте ынталы, көп садақа беруші жігіт еді. Бір күні науқас болып, сырқаты асқына түсті. Әйелі күйеуінің өлім халінде екендігінен құлағдар етіп Пайғамбарға () хабаршы жібереді. Сонда Пайғамбар () Біләл, Әли, Салман және Омарға: «Алқаманың халін біліңдер», – деп тапсырады. Алқама тілін кәлимаға келтіре алмай, қатты қиналып жатыр екен. Біләл Пайғамбардың () алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді. Пайғамбар (): «Оның ата-анасы бар ма?» – деп сұрайды. Жанындағы кісілер: «Әкесі өлген, қарт анасы бар», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (): «Ей, Біләл, анасына барып, келе алатын болса ертіп кел, келе алмайтын болса, мен өзім барамын», – дейді. Біләл барған кезде анасы: «Жаным Алла Елшісі жолында құрбан болсын, мен өзім баруға тиістімін», – деп, таяғына сүйенген күйі Пайғамбарымыздың () құзырына келеді. Пайғамбарымыз ()  ол кісіден: «Маған турасын айтыңызшы, өтірік айтсаңыз, Алла Тағаладан маған уахи келеді. Алқама қандай адам еді?» – деп сұрады. Қарт ана: «Уа, Расулалла, ол намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақалар береді, берген садақасының санағын білмеймін», – деді. «Ал, ұлыңызбен мәмілеңіз қалай еді?». Алқаманың анасы сәл кідірістен соң: «Уа, Алла Елшісі, мен оған ренжулімін», – деді. «Не үшін?» - деп сұрады пайғамбарымыз (). «Ол әйелін менен жоғары қоятын, соны қоштап, маған құлақ салмайтын еді», – деп күйінішін білдірді қарт ана. Пайғамбарымыз (): «Ия, түсінікті. Тілін кәлимадан тосқан анасының ашуы екен ғой», – деді. Біләлға: «Көп отын жиыңдар, Алқаманы өртейміз», – деді. Жанұшырған анасы: «Уа, Алла Елшісі! Жүрегімнің жемісі ұлымды көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді. Пайғамбарымыз (): «Уа, Алқаманың анасы! Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егерде сіз ұлыңызды кешірмесеңіз, оның оқыған намаздары мен берген садақаларынан еш пайда жоқ», – деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп: «Жалғыз Алланың Елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп отырып, Алқамаға разы екендігімді жеткіземін», – деп, кешірімін берді. Осыдан соң Алла Елшісі (): «Ей, Біләл! Алқаманың жағдайын біл, кәлиманы айта алды ма екен. Алқаманың анасы менен ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар», – деді. Хазреті Біләл оның үйіне барып: «Уа, халайық! Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Алқама сол күні қайтыс болды. Алла Елшісі оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназасын шығарды. Кейін қабірдің басында тұрғанында:

يَا مَعْشَرَ الْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنْصَارِ مَنْ فَضَّلَ زَوْجَتَهُ عَلَى أُمِّهِ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ ، وَلَا يُقْبَلُ مِنْهُ صَرْفٌ وَلَا عَدْلٌ يَعْنِي الْفَرَائِضَ وَالنَّوَافِلَ

«Уа, муһажир және ансарлар! Кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынетіне ұшырайды! Оның парыз және нәпіл ғибадаттары қабыл болмайды», – деді.

Сондай-ақ, Алла елшісі ():

إِنَّ مِنْ أَكْبَرِ الذَّنْبِ أَنْ يَسُبَّ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ قِيلَ : وَكَيْفَ يَسُبُّ وَالِدَيْهِ ؟ قَالَ : " يَسُبُّ الرَّجُلَ فَيَسُبُّ أَبَاهُ وَيَسُبُّ أُمَّهُ"

«Күнәнің ең ауыры - перзенті өз әке-шешесін балағаттауы», – деп ескертеді. Сонда қасындағылардың бірі: «Уа, Алла елшісі! Бала өз әке-шешесін қалайша балағаттауы мүмкін?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Оның біреудің әкесіне тіл тигізіп, балағаттағаны өз әкесін балағаттағанымен тең. Әрі біреудің анасына тіл тигізіп балағаттағаны өз анасын балағаттағанымен тең», – деп жауап берді[11]». Сондықтан ауыр күнәға батып, ата-анамызды балағаттап алмас үшін тілімізге тиек салып, абай болғанымыз абзал.

Перзентінің ата-анасына жақсылық жасауы жарық дүниеден қош айтысқан соң да үзілмеуі тиіс. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Оларға дұға жасап, күнәлары үшін Алладан кешірім сұрау, өсиеттерін орындау, артта қалған әке-шеше жағынан жақын туған-туыстармен қатынасты үзбеу және олардың достарына сый-сияпат көрсету», – деп үмметіне жол сілтеген. Ал, бақилық болған ата-ананың артынан жасалған дұғаның пайда беретінін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінен аңғаруға болады: «Адам қайтыс болғанда, амал дәптерлері жабылады. Тек үш жолмен сауабы жалғасады: сауабы үздіксіз садақа, адамдардың игілігіне жараған ілім және артынан дұға жолдайтын салиқалы перзент». Ізгілердің заңды жалғасы болған бүгінгі ұрпақ үшін де ата-баба алдындағы перзенттік борышын өтеп, оларға көзі тірісінде де, бақилық болғаннан кейін де әрдайым жақсылық қылуы, дұға етуі міндетті болады.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, 

«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы

 

[1] Исра сүресi, 23 аят

[2] Лұқман сүресі, 14-аят

[3] Бақара сүресі, 43-аят

[4] Ниса» сүресі, 59-аят

[5] Лұқман сүресі, 14-аят

[6] А.Әділбаев, «Ата-ананы құрметтеу, туған-туыстармен жақсы қарым-қатынаста болу».

[7]  Исра сүресі, 23-24 аяттар

[8] Бухари, Муслим

[9] Муслим

[10] Бухари, Муслим

 

[11] Бухари, Муслим

Бөлісу: