20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Исламдағы діни-құқықтық жүйе және оның маңызы

Мақалалар
Жарнама

Қазақ мұсылмандықты қабылдағаннан бастап ханафи мектебінің қағидаларын негізге алған. Осылайша, Әбу Ханифа мәзһабы (діни-құқықтық мектеп) сан ғасырлардан бері қазақ халқына сіңісті, ұлттық дағдысына айналған дәстүрлі жол болып саналады.

 

Ханафи бағытының мәнді ерекшелігі халықты көркем мінездің биік бастауларына бастайды және исламдағы діни-құқықтық жүйе арқылы жастардың дәстүрлі діни танымын тұғырлауға, елдің бірлігін, жамағат арасын онан әрі біріктірудің тетігі есепті.

2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының кіріспесінде халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және өзге де мұсылман этностардың ата діні болып табылатын исламның рухани-мәдени маңызын айғақтайды.

Мәзһаб жайлы дұрыс түсінік қалыптасуы үшін ол туралы таным болуы шарт. Себебі қазіргі таңда мәзһабтың маңыздылығын насихаттаушылармен қатар, мәзһабтың терістігін алға тартушылар да көптеп кездеседі. Сондықтан әрбір ел тұрғынында халықтың мәзһаб жайлы, оның ішінде фиқһ  (ұғым ретінде бұрын діннің барлық салаларында терең түсінікке ие болу мағынасында қолданылатын және сенім, ахлақ (мораль), амал (іс-әрекет) мәселелеріндегі білім) саласы туралы мағлұматы болғаны абзал.

Фиқһ мәзһабтарының құрылымы, қамтитын нысаны жайлы көпшілік біле бермейді. Осы білместіктің салдарынан кейде теріс шешім қабылданып, орынсыз үкім беріліп жатады. Егер фиқһ саласының қаншалықты кең ауқымды екендігін білсе, көпшілік, әсіресе жастар діни мәселелерді шешуге асықпас еді.

Мәзһаб туралы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін фиқһ саласын жете тану өте маңызды. Фиқһ саласының ауқымдылығы мен күрделілігіне қоса, оның күнделікті өмірде жиі қолданылатындығы оның реттеліп жүйеленуіне деген қажеттілікті арттырады. Бұл қажеттілікті өтеуде мәзһабтар үлкен рөл атқарады. Ал мәзһаб жайлы сөз қозғағанда фиқһ турасында да тоқталу қажеттілігі туындайды.

Араб тіліндегі «фиқһ» сөзі сөздікте «бір нәрсені толық түсіну, толық игеру» деген мағыналарды білдіреді. Бұл сөз «ғылым», «түсіну» сөздерінен де терең мағынаны қамтиды. Сонымен бірге бір кісінің айтқан сөзінің мәнін түсіне білуді де «фиқһ» деп атайды. Бір мәселені толық меңгерген, өте зерек, ой-өрісі кең кісіні «фақиһ» деп атайды.

Енді,«фиқһ» сөзінің терминдік мағынасына тоқталайық. Исламның алғашқы кезеңінен бүгінгі күнімізге дейін «фиқһ» ұғымы бірнеше рет өзгергендіктен, оған көптеген анықтамалар берілген. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалар дәуірінде фиқһ белгілі бір жүйеге келтірілген ғылым емес еді. Сондықтан ол кезде фиқһ сөзінің мағынасы қазіргі кездегідей кең ауқымды қамтымайтын. Ол кезде фиқһ тек «ғылым» мағынасында ғана қолданылатын. Имам Әбу Ханифа фиқһқа «Кісінің өзіне пайдалы және зарарлы болған нәрселерді білуі» деген анықтама берген. Ал Имам Шафиғи болса фиқһты:«Шариғаттағы іс-әрекетке қатысты үкімдерді нақты дәлелдерімен білу» деп, – деп түсіндірген.

Фиқһ ғылымы дамыған бергі дәуірлерде оған мынадай анықтама берілді: «Фиқһ – адамның өзіне пайдалы және зарарлы болған шариғат үкімдерін білуі» немесе«Ғибадатқа, жазаға және әлеуметтік хал-ахуалға қатысты шариғат үкімдерін нақты дәлелдерімен білу» [1].

Ислам діні пенде мен Алланың арасындағы байланысты, сондай-ақ адам мен қоғамның және адамдардың арасындағы қарым-қатынасты да реттеп, туындаған мәселелерді шешіп отырады. Осы мәселелерді шешуде Ислам дінінің сүйенетін негізгі дәлел көздері Құран Кәрім мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті болғандықтан кейбір дін ғұламалары Құран Кәрім мен хадис шәріптердің әмірлерін зерттеп, қарапайым халық үшін ережелер мен заңдар дайындады. Бұны «фиқһ» деп атады. Себебі, әрбір адам Құранды егжей-тегжейлі түсіне алмағаны сияқты шариғат әмірлерін игере аларлықтай дәрежеде хадис ғылымын да білмейді. Сондықтан ғұламалар өмірлерін осы жолға арнап, «фиқһ» ғылымын белгілі бір тәртіпке келтіріп жүйеледі.

Фиқһ ғылымы қарастыратын үкімдерді төрт топқа бөлуге болады:

1. Ғибадат  (намаз, ораза, қажылық, садақа сияқты ғибадатқа байланысты үкімдер).  Ғибадаттардың тәртіп-ережелерін, қалай орындалатынын, оны бұзып, бұзбайтын нәрселерді қарастырады.

2. Муамалат (қарым-қатынас). Адамдардың араларындағы өсиет, мирас, сауда-саттық сияқты қарым-қатынастарын реттейтін үкімдер. Осы қарым-қатынастардың қалай жүзеге асырылуын және тараптардың құқығын қарастырады.

3. Мунакахат (отбасына байланысты құқықтар). Некенің шарттары және жауапкершілігі, үйленгеннен кейінгі екі жақтың міндеттері, сонымен қатар ажырасудың тәртіптері қолға алынады.

4. Уқубат (мукәлләфтің /діни міндеттерден жауапты болған кісі/ істеген қылмыстарын және осы қылмыс үшін берілген жазаларды қамтитын үкімдер). Бұл бөлімде қылмыстың түрлері мен дәрежелері және қылмыскердің жағдайы, оған берілетін тиісті жаза, сондай-ақ жазаның түрлері мен іске асыру жолдары қарастырылған.

Қазіргі уақытта «фиқһ» сөзінің орнына кейбір жағдайларда «Ислам құқығы» тіркесі қолданылуда. Бірақ, екеуі бір емес. Соңғысы тек қарым-қатынас, қылмыс және мирас мәселелерін ғана қамтиды. Ал фиқһ болса мұнан да ауқымды, яғни бұған қоса тазалық және ғибадат мәселелерін де қамтиды.

Фиқһ саласы қамтитын шариғаттың амали үкімдеріне негіз болған дәлелдер төрт нәрседен бастау алады. Олар:

1.  Құран Кәрім;

2.  Сүннет;

3.  Ижма;

4.  Қияс.

Ислам ғұламалары шариғат ғылымдарының негізі болған Құран Кәрім мен пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін жан-жақты зерттеді. Сөйтіп, олардан алынатын дәлелдерді бір-бірлеп айқындап, олардың қағидаларын түзді. Осы қағидалардың аясында шариғи үкімдерді шығарушыларға қойылатын талаптар мен шарттарды толығымен белгілеп кетті.

Тарихта Ислам үмбетінің әділдігін дүниеге паш еткен де осы – фиқһ саласы. Фиқһ әзіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мәдинаға хижрет (қоныс) жасауынан өліміне дейінгі он жылдық қысқа уақыттың ішінде тәмамдалып, негізгі принциптері толығымен үмбетке өсиет етіліп, ал бұлардан тыс тармақталған мәселелерді ижтиһад (ыждағаттылық, іздену, талап ету) жолымен онан әрі дамытулары міндеттелген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа – фиқһ мәселелерін ең алғаш реттеп, жинақ түрінде қағазға түсіруші ғұлама. Оның дәрістерін жазып, тіркеу жұмыстарын көбінесе Әбу Юсуф, кейде басқалары да атқарушы еді. Содан барып, басқа жерлерде басқа ғалымдардың арасында осы жаңа тәсіл жайыла бастады. Ғұламалар Имам Ағзамды фиқһ саласында ең алғаш еңбек жазушы, жүйеге келтіріп, мәселелердің ара-жігін ажыратып, дәлелдерді пайдаланудың қағидаларын қалыптастырушы деп санады. Сондықтан «Фиқһ саласында одан кейін келгендер Имам Ағзамға борышты»деген сөз қалды. Өзге ғұлама ғалымдар ол жайында өз бағаларын беріп кетті.

Мысалы, Имам Шафиғи: «Фиқһты Әбу Ханифадан жақсырақ білетін адам шықпады»десе, имам Малик Имам Ағзам Әбу Ханифамен әртүрлі іліми мәселелерге байланысты пікірталаста болып, кейін: «Ол шынымен фиқһ ғұламасы», – деген екен.

Ханафи мәзһабы мұсылмандарды қырағылыққа, парасаттылыққа үндейді. Сондықтан, қарапайым мұсылман ықылым заманнан үйренген жолды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа шақыра отырып, бірлік пен ынтымақтан айырылмаған жөн. 

Тұрар ӘБУОВ,

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми зерттеу және талдау

орталығы, Діни ахуалды талдау

және мониторинг бөлімінің

бастығы, бас ғылыми қызметкер

 

 Пайдаланылған әдебиет:

  1. Karaman H. Anahatlarıyla İslâm Hukuku. – Cilt 1. – İstanbul, 2000. –S.23.

Бөлісу: