19
Дүйсенбі, Тамыз

һижри

Шәууәл айының артықшылығы мен сауабы қандай?!

Мақалалар
Жарнама

 Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Бұл оразаны  ұстау ешкімге міндет емес, әрбір адамның өз еркіндегі нәрсе. Алайда,  мұны ұстамаған жан бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады,» – деп,  бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген еді [1]

►Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. Және оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады. Және бұл айдың нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.

►Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпіл оразасын ұстаса да болады. Дегенмен, Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн.

►Ал, Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзалырақ. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан айының оразасы – бізге парыз етілген ораза.

►Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына яғни, күн батқанға дейін жалғасады.

►Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын,» – деді. [2]  Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі.Алла Тағала ұстаған оразаларыңыз бен құлшылықтарыңызды қабыл еткей!

 

[1] Сахих Муслим

[2] Тирмизи

 

ummet.kz

 

Бөлісу: