06
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ораза айтты тойлау әдептері

Мақалалар
Жарнама

Күллі мұсылман үшін қасиетті саналатын ұлық мейрам – Ораза айт жақындап қалды. Ислам әлеміндегі маңызды мереке ғибадат-құлшылықпен ұштасады. Шариғатта Ораза айт күндерінде орындалатын сауапты амалдар бар. Жылына бір келетін  мерекені тойлау әдебімен бөлісуді жөн санаймыз.

1)Айт күні ғұсыл құйыну, әтір себу және мисуакты пайдалану.

Зазан (р.х) былай деді:

 «Бірде (бір кісі) Әли ибн Әбу Талибтен (Алла оған разы болсын) ғұсыл туралы сұрады. Әли «Қаласаң, күнде шомыл» деп жауап берді. Әлгі кісі «Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!» дейді. Сонда Әли: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!» деп айтты.

Нәфи’ғ (р.х.): «Ибн Омар әркез Ораза айт күні (намаз оқылатын орынға шығудан бұрын) ғұсыл алып, хош иістенетін»  десе,  Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: «Имам Мәлик:

- Мен ғалымдардың айт күндерінде әсемденіп, хош иістенудің абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін» дейтін.

2) Киімнің ең жақсысын киіп шығу.

Айт мерекесінде әр мұсылман ең әдемі әрі таза киімін кигені жөн.

Ибн Аббас «Алла елшісі (с.ғ.с.) айт күні қызыл шапанын киіп шығатын» деген.

Ал Нәфи’ғ (р.х.) жеткен риуаятта Ибн Омардың айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетіндігі айтылған.

3) Жақын жандарды, ағайын-туысты мерекемен құттықтау, оларды қонаққа шақыру, науқастың көңілін сұрап, жағдайына қарайласу.

4) Ораза айт  намазына үйден үш құрма жеп шығу:

Әнәс (р.ғ.):

 «Алланың елшісі (с.ғ.с.) ораза айтында бірнеше тал құрма жемейінше үйден шықпайтын» деген.Тағы бір риуаятта: «Оны тақ сан етіп жейтін» делінген.

Ибн Аббас (р.ғ.с) айтты:

  «Айт күні шықпастан бұрын тіпті бір құрма болса да жеп шығу сүннет амалынан».

5) Намазға жаяу барып, жаяу қайту:

Ибн Омар (р.ғ.):

 «Алланың елшісі (с.ғ.с.) айтқа жаяу барып, жаяу қайтатын» деп айтқан.

Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ.): «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады» деп айтты.

Имам Ибн Қудама «әл-Муғниде» имам Ахмадтың: «Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ» дегенін жеткізген.

6) Айт намазына бір жолмен барсаңыз, үйге басқа ізбен қайту керек

Жәбир ибн Абдулла (р.ғ.) жеткізген хадисте:

 «Айт күні Пайғамбар (с.ғ.с.) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен оралатын» делінген.

Ғалымдар Пайғамбардың (с.ғ.с.) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар.

7) Айт намазының алдында және одан кейін мешітте нәпіл намаз оқымау

Ибн Аббас (р.ғ.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.) екі ракағат ораза айт намазын оқыды да, оған дейін де, одан кейін де ешқандай намаз оқымады» деді. Ал, кейіннен үйге оралғанда екі ракағат нәпіл намаз оқу мұстахаб. Әбу Сағьид әл-Худри (р.ғ.) «Алланың елшісі (с.ғ.с.) айт намазынан үйіне оралғанда екі ракағат нәпіл оқитын» деп айтты.

8) Айттың бірінші күні ораза ұстауға тыйым салынады.

Ораза айт пен Құрбан айт мұсылмандардың қуаныштарын бөлісіп, бір-біріне айттайтын мереке күндері болғандықтан,  Ораза айттың бірінші күні мен Құрбан айттың төрт күнінде ораза тұтуға тыйым салынған.  

Қуаныш пен шаттыққа толы Ораза айттың бірінші күні мұсылмандар ораза ұстамайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бірнеше хадисінде Рамазан айтының бірінші күні ораза ұстаудан тыйғандығы айтылады.

Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға рамазан мен Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын». 

Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғанына барлық ғалымдар бірауыздан келіскен. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде бұл ішіп-жеу күндері екені айтылады.

9) Ораза айт күні тәкбір айту

Ғалымдар Ораза айты тәкбірлерінің уақыты оразаның аяқталу түнінде басталады әрі имам айт намазына шыққанға дейін жалғасады дейді.

Имам әз-Зухри бұл жөнінде:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.) рамазан айтында шығып, намаз орындалатын жерге жеткенге дейін тәкбір айтатын, әрі намаз басталғанға дейін оларды айта беретін, ал намаз басталғанда, ол оларды айтуды тоқтататын» .

 10) Ренжіскендермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызға ие.

 ummet.kz рухани-ағарту порталы

Бөлісу: