22
Жұма,
Қараша

һижри

Құран оқудың артықшылығы

Құран оқудың артықшылығы

Мақалалар
Жарнама

Алла тағала:

 وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُواْ لَهُ وَأَنصِتُواْ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

 «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі  тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер»[1], – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

  خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلّمَ الْقُرأنَ وَ عَلَّمَهُ 

 «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің»[2], – деп өсиет қалдырған.

Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген.[3] Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды», – деген.[4]

 Ибн Масғуд (р.а.): «Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын»; «Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін», – деген.

 Ибн Масғуд (р.а.): «Кімде-кім Құранды күндіз хатым етіп оқыса, сол күні періштелер кешке дейін оған салауат айтып тұрады. Ал енді кім Құранды түнде хатым етіп оқып шықса, таң атқанша періштелер оған Алладан жарылқау тілеп шығады», – деген.

 Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Узайр бин Ғусайд Құранды ұнамды, жақсы бір мақаммен оқитын еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ол кісіні: «Мына Ғусайд  Құранды қандай жақсы оқиды», – деп мақтады. Ғусайд өзінің  естелігінде: «Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда, атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым оқырынып жер тарпи бастады. Оқығанынымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым орнынан тарпи бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда, атым тағы да мазасыздана бастады. Ұлым Яхия аттың жанында ұйықтап жатқан, басып кетпесін деп баламды алып кейін жатқызып қойдым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырап тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанымда: «Ей, Ғұсайд, оқы. Ей, Ғұсайд, оқы», – деген сөзінен Құранды оқу керек екенін білдім. «Иә, Расулалла! Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан басып кетеме деп қорқып Құран оқығанымды тоқтатып едім», – дегенімде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Ғұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Оқыған Құраныңды естіп келді. Сол қалпы оқи бергеніңде, таңға дейін тыңдайтын еді. Көпшілік көзінен жасырынбайтын еді», – деді.

Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اقْرَءُوا الْقُرْآنَ ، فَإِنَّهُ يَأتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَفِيعًا لِأَصْحَابِه

«Құран оқыңдар! Ол қиямет  күні иесіне шапағат етеді», – деп басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген.

Алла тағала:

قَدْ جَاءكُمْ رَسُولُنَا يُبَيِّنُ لَكُمْ كَثِيراً مِّمَّا كُنتُمْ تُخْفُونَ

مِنَ الْكِتَابِ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ قَدْ جَاءكُم مِّنَ اللّهِ نُورٌ وَكِتَابٌ مُّبِينٌ

  يَهْدِي بِهِ اللّهُ مَنِ اتَّبَعَ رِضْوَانَهُ سُبُلَ السَّلاَمِ وَيُخْرِجُهُم مِّنِ الظُّلُمَاتِ إِلَى

النُّورِ بِإِذْنِهِ وَيَهْدِيهِمْ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ

«Расында, сендерге Алла тарапынан  нұр және ашық кітап келді. Сол арқылы Алла тағала Өзінің разылығына ілескендерді амандық жолдарына салады және Өз нұсқауымен оларды қараңғылықтан нұрға шығарады әрі тура жолға салады».[5] Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің аса жоғары болатындығын Абдулла ибн Амр аль-Ась риуаят еткен хадисте айтқан: «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай делінеді: Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы. Расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта».[6] Құранның бір кереметі сол – адам өміріне керектінің барлығын осы кітаптан табады. Құранда Адам атадан бастап келе жатқан адамзат тарихын, олардың әлеуметтік жағдайларын, өз ара қарым-қатынасымен табиғаттың үйлесімділігі барлығы дерлік қамтылған. Жаратылыстың дүниеге келгенге дейінгі, дүниеге келгеннен кейін оның тұрмыс-тіршілігі және ақыретке барғанда оқыған Құран өзіне де, өзгеге де сауабы тоқтаусыз барып тұратын жағдайын суреттеген. Демек ислам жолымен жүрудің ең дұрыс бағыты Құран сөзіне құрмет көрсету, жаттап алу болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құранды жаттау, есту, назар салу, арқылы үйренуге болатынын айтқан. Құранның қасиеті жөнінде мына бір мысалдың  ұлағаты мол: «Баяғыда бір әулие кісі мазардың жанынан өтіп бара жатып, сол жерден шығып жатқан айқай-шудың куәсі болады. Жақындап барып қараса, ол жердегілердің сауапқа таласып жатқанын көреді. Анадай жерде көлеңкеде отырған бір кісінің жанына барады да: «Аналардың жанына барып өзіңіздің сауабыңызды неге талап етпейсіз, сізге сауаптың керегі жоқ па?»-деп, сұрайды. Әлгі кісі: «Мен балама жастайынан Құран оқуды үйретіп кеткенмін, сол балам бүгіндері базарда тіршілігін жасап, ет сатумен айналысады. Тіршілігін де жасайды, Құранын да оқып құлшылығын үзген емес. Сауабын бағыштауды ұмытпайды. Оның маған сауабы жетіп, жемісін қабірде де көріп жатырмын», – деген екен.

Қараңыз ағайын! Дүниедегі амалдарымыздың ешбірі ескерусіз қалмақ емес. Алла тағала қасиетті Құранда:

وَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرّاً يَرَهُ

 «Кім шаң-тозаңның салмағындай жақысылық істесе оны көреді, ал енді кім шаң-тозаңның салмағындай жамандық істесе оны да көреді»[7], – деген.

Қаншама ақынның өлеңіне арқау болған, ғылымның негізіне жол көрсеткен, жазушылардың мақалаларына тақырып болған Құран Кәрім сияқты кітапты ешкім жаза алмайды. Дүниежүзі жазушыларының кітаптары бір бағытта, бір тақырыптың төңірегінде ғана өрбіген. Алла Тағала Құранда:

قُل لَّئِنِ اجْتَمَعَتِ الإِنسُ وَالْجِنُّ عَلَى أَن يَأْتُواْ بِمِثْلِ هَـذَا الْقُرْآنِ

لاَ يَأْتُونَ بِمِثْلِهِ وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَهِيراً

«Оларға былай деп айт: Ант етейін, егер адамдар мен жындар мына Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, тіпті бір-бірін қолдап, күштерін жинаса да оған ұқсас бір кітап жаза алмайды»,[8] – деген.Әбу Убайда Ибрахим ат-Таймидан риуаят етеді: «Бір күні Ибн Аббас хазреті Омардың: «Мына үмметтің пайғамбары бір, кітабы бір, қыбласы бір, мешіті бір бола тұра бір-бірінен ажырап, бөлініп кетті», – деп, айтып отырғанын  естіп қалады да жанына келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі! Бізге Құран түсті, біз оны оқыдық. Оның қандай себеппен түскенін білеміз. Бізден кейін сондай бір қауымдар келеді, Құранды оқиды бірақ оның не себепті түскенін білмейді. Сол кезде олар ақылына сүйеніп шешетін болады. Ақылға салғаннан араларында келіспеушіліктер пайда болады. Келіспеушіліктің нәтижесі ұрыс-жанжалға алып келеді», – деген. Өйткені, ақылды кісі өзінің шектеулі ақылына емес, Жаратушы хақтың нұсқауларына сүйенеді. Абай атамыз айтқандай, ақылды кісіге иман парыз, иманды кісіге ғибадат парыз. Ғибадат – барлық ізгі ниетпен жасалған іс-әрекеттер. Ақылын дұрыс ниетте пайдала білген кісі жақсылық пен жамандықтың арасын ажырата біледі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ

«Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің  сырлас досыңдай болып кетеді»,[9] – деген. Осы аяттардан адамның мінез-құлқы Алланың дінін үйрену арқылы жақсылыққа қарай өзгеретінін білеміз. Жаратушы иеміз әлемді көркем әрі үйлесімді жаратып, оған тыныштық орнатып, адам баласына бағындырып қойған. Бүгінгі ғылымның соңғы жетістіктерін пайдаланып зерттеп жүргендерге әлі де ашылмаған жұмбақ дүниелері көп бұл әлемнің сырлары Құран Кәрімде жатыр. Алла тағала осыдан 14 ғасыр бұрын азғындықтың шегіне жеткен, адами қасиеттерден жұрдай, елді тура жолға салу үшін жіберген пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман жолында үнемі ізгіліктің жаршысы болатын, насихатына құлақ салған кісінің жүрегіне тыныштық орнататын, бойына қуат, көңіліне демеу болатын және ғылым атаулыны қамтыған Құранды тарту етті. Тыныштыққа бөленген жүрек Алланың тура жолына түсіп, Жаратушының рахымына бөленері ақиқат. Алла тағала бұл жөнінде Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

«Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге Насихат, жүректегі дертіңе  дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау келді»,[10] – деген. Ибн Масғуд (р.а.): «Құран Алла тағаланың әдеп мектебі. Құранға мықтап жабысып, шамаларың келгенше, Алланың көрсеткен әдеп жолын үйреніңдер. Ол – ашық бір нұр, дертке дауа, Құран – амал еткен адамға берік қорған, жолын ұстағанды адастырмайтын құтқарушы», – деген. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуының өзі жер бетіндегі тыныштықтың басты талабы. Аты затына сай Ислам дінінің мағынасы бейбітшілік, тыныштық. Бейбітшілік, тыныштық орнаған жерде ырыс-береке, ауызбіршілік, өзара келісім болады. Сол бейбітшілікке апарар жол – Алланың кітабы. Алланың кітабын дұрыс сеніммен, ақылмен оқысақ, бүкіл түйікілді мәселенің шешімін содан табамыз. Ақыл шектеулі, демек шектеулі ақылмен Алланың шексіз құдіретін танып, білу мүмкін емес. Ақиқатты біз тек қана Алланың сөзінен ғана таба аламыз. Адам баласының ақылы жетпеген мына шексіз ғалам адамзат баласы үшін өзінің қызметін бір Алланың  әмірімен ұсынып отыр. Алла тағала:

هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُم مَّا فِي الأَرْضِ جَمِيعاً ثُمَّ اسْتَوَى إِلَى السَّمَاء فَسَوَّاهُنَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

«Алла жер жүзіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты, соңынан аспанды жаратуға кірісті де, оны ақаусыз жеті қабат етіп орналастырды. Ол барлық нәрсені білуші»[11], – десе, Рағыд сүресінде:

 أَلاَ بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады»[12], десе,

وَلاَ تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولـئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْؤُولاً

«Өзің білмейтін нәрсеге ілеспе! (Білмегенді білдім, естімегенді естідім, көрмегенді көрдім деме!) расында, құлақ, көз, жүрек барлығы тергеуге түседі»,[13] – деген.  Адам мүшелерінің сезімі анасының құрсағында беріледі. Дүниеге келгеннен кейін оны жанұядағы тәрбиесімен, білімімен, өмірлік тәжірибесімен жетілдіреді. Бұның бәрі Алланың берген үлкен нығметі. Құранда: «Егер Алланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауыса алмайсыңдар», – делінген. Құранның алғашқы сөздері де жаратқан Раббыңның атымен оқы деп, әрбір істің басы біліммен болатынына меңзеп тұр. Имам Бұхаридің: «Бір нәрсені айтудан және істеуден бұрын білім алыңдар», – деген сөзі бар. Құранның ақиқатын білгісі келген жан  дүиенің білімін қатар алып жүргені абзал. Қасиетті Құранда:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاء

«Алладан лайықты түрде тек қана ғалым құлдары қорқады»,[14] – делінген. Бір саланы терең зерттеп, содан диссертация қорғап, Алланың жаратқан кішкетай бір жаратылысын зерттеп ғылыми атақ алып жатқандар әлі зертелмей өз кезегін күтіп жатқан қаншама дүние барын білер ме екен? Алла тағала:

وَلَوْ أَنَّمَا فِي الْأَرْضِ مِن شَجَرَةٍ أَقْلَامٌ وَالْبَحْرُ يَمُدُّهُ مِن بَعْدِهِ سَبْعَةُ أَبْحُرٍ مَّا نَفِدَتْ كَلِمَاتُ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Егер, жер жүзіндегі ағаш атаулының барлығы қалам болса, оның үстіне тағы жеті теңіз сия болса, оның үстіне тағы жеті теңіз сыя болып қосылса да, Алланың сөздерін (жазып) тауысуға болмайды. Алла анық жеңімпаз, анық хикмет иесі»[15], – деген.  Демек ғылым дамыған сайын Құранның ақиқаты ашыла береді. Алдыңғы үмметтің аша-алмаған жаңалығын бүгінгі күнде ғылым ашып жатса, біздің жете алмаған жетістігіміз кейінгі ұрпақтың еншісінде. Алла тағала Құранда:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ  

«Расында Құранды біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз»[16], – деп, Өзінің дінін Пайғамбарлар арқылы үмметіне жеткізсе, пайғамбарлардан кейін ислам ғалымдары біліммен,  жаны жайсаң жомарт мұсылмандар мал-дүниесімен жоқ-жітік мұқтаждарға исламның төртінші парызын орындап Алланың дініне жәрдем беріп жатыр. Алла адам баласының жәрдеміне мұқтаж емес. Алла тағала:

لِلَّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ إِنَّ اللَّهَ هُوَ الْغَنِيُّ الْحَمِيدُ  

«Көкпен жердегінің барлығы Алланікі. Алла мұқтажсыз бай, мақтауға лайық»,[17] – деген. Алланың дініне жәрдем беру арқылы адамдар бұл дүниенің сауабына кенелсе, ақыретте жазасы жеңілдейді. Ол жөнінде Алла тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن تَنصُرُوا اللَّهَ يَنصُرْكُمْ وَيُثَبِّتْ أَقْدَامَكُمْ 

«Ей, мүміндер! Сендер Алланың дініне жәрдем берсеңдер, Сендерге Алла жар борлып, қадамдарыңды мығымдайды» [18], тағы бір аятта: 

«Егер, оларға (Алланың дініне жәрдем бергендерге) жер жүзінде үстемдік берсек, олар намаз оқып, зекет берер еді, жақсылыққа үндеп, жамандықтан тияр еді. Күллі істің соңы Аллаға тән»[19], – деген.

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Алланың пендесіне рақымы мол,

Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол.

Ол жаратты, Сен-дағы жаратып бақ,

Бардан барды шығарсаң болады сол.

Керексіз қылмайды иең дағы,

Мен де сүйтем деп қана сен де тағы.

Бір Құдайың сабырлы, сенде шыда,

Бәрі осындай ойлансаң артқы жағы.

Мұны білсең, боласың сүйікті құл,

Құлы болсаң қожаңның  сүйгенін қыл.

Шын мұсылман болайын деп ойласаң,

Құдайға құл болудың мәнісін біл», – деп жырлаған 

Пайғамбарлардың  тарихындағы биік таулардың ішінен үңгіп сарайлар салған үмбет бүгіндері қайда? Әлемнің  жеті кереметіне енген ғажайып дүниелер сол заманның адам нанғысыз туындысы емес пе? Алланың берген ұлық нығметін көтере алмай талай үммет қатты азапқа ұшырады. Құранда:

فَكَأَيِّن مِّن قَرْيَةٍ أَهْلَكْنَاهَا وَهِيَ ظَالِمَةٌ فَهِيَ خَاوِيَةٌ عَلَى عُرُوشِهَا وَبِئْرٍ مُّعَطَّلَةٍ وَقَصْرٍ مَّشِيدٍ  

«Көптеген қалаларды, халқы залым болғандықтан ойрандап жібердік. Міне, бұлардың астан-кестеңі шығып жатыр және иен қалған құдықтар мен (қаңыраған) сарайлар жатыр»[20]дейді. Жаратушы хақты танымай өздерін тәңірі деп көкірек керген талай патшалар мал-дүниесімен қош айтысты. Шал ақын жырлағандай:

«Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар», – деп, ақыретті естен шығармауды айтып отыр

Сөз соңында айтарымыз, Алла тағала қыбламыз бір, кітабымыз бір, намазымыз бір деген үмметті Ислам туының астына біріктіріп, басқа ұлттар және діндегілермен жақсы мәмледе болуға шақырады. Алла тағала жұмаға келеген қадамдарыңызға сауаптан жазсын.

Данияр Жұмабаев

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің

Бас имамы

[1] «Ағраф» сүресі, 204-аят

[2] Бұхари, Әбу Даут және Термизи риуаяты.

[3] Термизи риуаяты.

[4] Термизи және Ахмад Ибн Аббастан.

[5] «Маида» сүресі, 15-16-аяттар.

[6] Термизи, Абу Даут және Ахмад риуаяты.

[7] «Зілзәлә» сүресі, 8-аят.

[8] «Исра» сүресі, 88-аят

[9] «Фуссилат» сүресі 34-аят

[10] «Жүніс» сүресі, 57-аят.

[11] «Бақара» сүресі, 29-аят

[12] «Рағд» сүресі, 28-аят

[13] «Исра» сүресі, 36-аят

[14] «Фатыр» сүресі, 28-аят.

[15] «Лұқман» сүресі, 27-аят

[16] «Хижр» сүресі, 9-аят

[17] «Лұқман» сүресі, 26-аят.

[18] «Мұхаммед» сүресі, 7-аят

[19] «Хаж» сүресі, 41-аят

[20] «Хаж» сүресі, 45-аят.

asyldin.kz

Бөлісу: