22
Жұма,
Қараша

һижри

Ұрпақ ұлт тарихынан үлгі алса ғана, ұтылмайды

Ұрпақ ұлт тарихынан үлгі алса ғана, ұтылмайды

Мақалалар
Жарнама

Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналған ширек ғасырда өз саяси сорабын таңдауға һәм экономиканың қара қазанын толтыруға көбірек күш жұмсады. Осы жылдар ішінде мемлекеттілікті нығайтуға қажетті ілкі реформалар жүзеге асырылды. Тәңірге тәубә дейік, еткен еңбегіміз жанып, еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Бүгінде қазақ мемлекеті мұқым ғаламға бітімгер һәм бейбіт ұстанымдағы дамушы ел ретінде танылып үлгерді. Елімізді халықаралық саясатта өзіндік орны бар дара суверенитет болып қалыптасты деп толық айта аламыз.

 

Тәуелсіздіктен кейінгі етек-жеңіміз қымтала бастаған шақта саясат және экономикамен қатар, ел руханиятына да көңіл бөліне бастады. Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» (1997), «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» (1998), «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» (1998) секілді игі бастамаларда өшкенімізді жандыруға, руханияттағы кем-кетігіміздің орнын толтыруға тырысып бақтық. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы (2003-2006) аясында да тарих пен руханият саласында кешенді зерттеулер қолға алынды. Бұл бастамалар ұлт руханиятына себезгілеп өз нәрін төгіп, өткен мен бүгіннің тарихи сабақтастығын арттыра түсті.

Саясат пен экономиканың ұдайы дамуды талап ететіні секілді, руханият та – кенеуі кең, шет-шегі жоқ, тұңғиық бір әлем. Ал оны игеруге ағымдағы бір бастаманың немесе белгіленген кесімді бір мезгілдің жетпейтіні анық. Сондықтан руханият мәселесі мемлекеттің ұдайы назар аударатын негізгі функцияларының біріне жатады. Себебі, мемлекет руханиятқа көңіл бөлу арқылы қоғамдағы түрлі індеттер мен жағымсыз әдеттердің және қылмыстардың алдын алып, халықты рухани кемелдендіріп, мәдениетті парасат биігіне көтере алады. Яғни, руханияттың қамын жасауға халықпен бірге мемлекет те мүдделі.

Өткен жылы Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді. Сонымен қатар әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өтті. Елбасының осы бастамасынан кейін іле-шала елімізде кешенді реформаға жүк болар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада руханияттың ел болашағы үшін қаншалықты қажет екені сөз болып, ел ертеңі үшін атқарылуы тиіс атпал мәселелер атап көрсетілді. Және осы құжат аясында арнайы құрылған экспедиция жыл бойы еңбектеніп, ұлт құндылығының толғақты мәселелерінің түйінін тарқата білді.

Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Соңғы жылдары әлемде орын алған түрлі лаңкестік оқиғалардың барлығы БАҚ құралдарында исламмен байланыстырылып, күллі әлемде исламофобия адамдар санасына сіңіріліп жатқаны бәрімізге мәлім. Осылайша діни экстремизм мен терроризм секілді тақырыптар жаһандық проблемаға айналды. Бұл үдеріс біздің еліміздегі діни жағдайға да айтарлықтай салқынын тигізіп үлгерді.

Қазіргі таңда қазақ мемлекетінің тұтастығына басты қауіп шеттен келген радикалды ағымдар әрекетінен туындап отыр. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан діни-рухани көзқарасы мен мәдени мұралары осы ағымдар тарапынан мансұқталуда. Қазақ қоғамы әртүрлі діни көзқарастарға бөлініп, топ-топқа жіктеле бастады. Бұл – еліміздің діни тұтастығына қарсы бағытталып отырған үлкен қауіптердің бірі. Өкінішке қарай, тарихы мен дәстүрін, ділі мен дінін жақсы білмейтін жастарымыздың көбі «таза ислам» ұранына алданып, діни радикалдардың арбауына түсіп қалды. Кейбірі, тіпті өз елін тастап «жихадқа» кетсе, енді бірі бұл елде ислам мүлдем болмағандай жергілікті жамағаттың діни дәстүрлерінің барлығын «бидғатқа балап», «ширкке» шығарды. Өз кезегінде ел бірлігі мен діни тұтастыққа қауіп төндіретін мұндай керітартпа пікірлермен күш қолдану арқылы күресу жемісті нәтиже бермейді. Идеологиялық қатерлерге ғылыми тұрғыдан жауап беруіміз қажет.

Кез келген халықтың мәдениеті, өмір салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде діннің және соның негізінде қалыптасқан діни түсініктің алар орны ерекше. Ал қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сүнниттік Ханафи мәзһабының рөлі бір бөлек. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүниттік-ханафи мектебіміздің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде елдің рухани тұтастығын сақтау, сондай-ақ қоғамдық бірізділікті қамтасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын бұл шаруаны тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – біздің бүгінгі борышымыз. Бұған ғылыми һәм идеологиялық базамыз жетерлік.

Қазіргі таңда, көптеген елдер тарихи түп-негізімен тамырлас өз діни идеологиясын жаңғыртып, төл діни мектебін қалыптастыруды қолға алуда. Мысалы, Малайзия, Өзбекстан, Шешенстан және басқа да бірқатар елдер өткеніне сүйене отырып, өзіндік мектептерін дамыту жолында әрекет жасауда. Біздің еліміз де жаһандануға жұтылып кетпес үшін діни санамызға сіңіскен төл діни мектебімізді қайта жаңғыртуы қажет. Және өз тарапымыздан осы мәселеге қатысты ғылыми жоба ұсынамыз.

Біз ұсынған жобаның негізгі мақсаты – дәстүрлі ислам түсінігі мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалдастығы, бұрынғы тарихи кезеңдердегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуы, төл ғұламаларымыздың ислам ілімдерін дамытудағы рөлі, дін қайраткерлерінің идеологиялық ұстанымдарының мемлекетпен өзара байланысын және дәстүрлі мұсылман қазақ қоғамының ұлттық тұтастығын қалыптастырудағы орнын анықтау, бүгінгі дәстүрлі ислами ұстанымды орнықтыруға септеу, тарихи мұраларды таныту, насихаттау, Қазақстанның төл исламтану ғылымын қалыптастыруды ғылыми тұрғыда негіздеу, концепциясын (ұстанымын) жасау және т.б.

Жобаны жүзеге асыруға әлемге белгілі ғұлама, көрнекті шығыстанушы ф.ғ.д, профессор Ә.Дербісәлі, елімізбен қатар шетелдерде танымал айтулы шығыстанушы-ғалым, т.ғ.д, профессор Ә.Мүминов, белгілі фольклортанушы әрі шығыстанушы ғалым, ф.ғ.д, профессор Ш.Керім, ф.ғ.д, профессор Д.Кенжетай, дінтанушы Phd доктор, доцент А,Әділбаев, ф.ғ.к, доцент Т.Қыдыр, ф.ғ.к, доцент Р.Мухитдинов, дінтанушы Phd доктор М.Исахан секілді зерттеушілер қатысуда.

Осы жоба негізінде Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Қазақстандық исламтану мектебін дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясы жасалады. Зерттеу жұмысындағы мәліметтер мен жасалған қорытындылар теріс діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтаруға және Қазақстандағы мұсылмандық тұтастықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Ғылыми жобаның нәтижелері негізінде жасалған ғылыми ұсыныстар ұлттық идеяның қалыптасуы мен қазіргі отандық ислами жүйені қайта құрып, отандық исламтану мектебі негізінде дәстүрлі исламның идеологиялық платформасын айқындайды деп ойлаймыз. Бұл игі бастаманың мемлекетіміз тарапынан қолдау табуы қуантарлық іс. Сондықтан уақыт оздырмай осы жобаны іске асыру қазақстандағы исламтану ғылымы үшін де, тарихи санамызды жаңғыртып, өзіміздің сара жолымызды қалыптастыру үшін де аса қажетті.

Елбасының: «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақ­тал­маса, ешқандай жаңғыру бол­майды» дегені бар. Біздің ұлттық кодымыздың негіздерінде ислам дінінің құндылықтары жатқандығы айпарадай анық. Ал ол құндылықтарды ашып көрсету, түлету, бүгінгі руханиятымызбен сабақтастырып, ел игілігіне жұмсау кезек күттірмейтін өткір мәселе. Яғни, біз тарихи сабақтастықты сақтай отырып, өзіміздің жаңа мұсылмандық келбетімізді айқындауымыз қажет.

Тағы да айтайық, жоғарыдағы бастамамыз бен жобамыз бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді кең көлемде насихаттап, бүгінгі сана болмысымен түсінуге көмектеседі. Жас ұрпақ кешегі жолымызды танып, болашаққа ұлттық келбетімен, қазақи қасиетімен құлаш ұруы қажет. Сол кезде ғана болашағымыз жаһанданудың дүрмегіне жұтылмай, рухани, діни құндылықтарымен ілгерілей береді.

Алау Әділбаев

ҚМДБ найб-муфтиі

Бөлісу: