19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Исра және Миғраж оқиғасы

Исра және Миғраж оқиғасы

Мақалалар
Жарнама

Қасиетті ережеп айында орын алған тарихи оқиғалардың бірі және маңыздысы исра мен миғраж оқиғасы. Мұсылман үмметі үшін бұл тақырыптағы уағыз-насихаттың тағылымы мол, пайдасы зор екендігін ескергеніміз жөн.

Миғраж – хижраттан бұрын пайғамбарлықтың он үшінші жылында (м.622), ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түнінде жүзеге асқан. Пайғамбарлықтың 12-ші жылында болған деген хабарлар да бар. Аталмыш оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына һижрат етуден он сегіз ай бұрын болды. Биыл миғраж кеші сәуір айының 12-13 қараған түнге сәйкес келеді.

Исра дегеніміз – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Иерусалимге жасаған түнгі сапары.

Миғраж дегеніміз – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеті қабат көкке көтерілуі.

 Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену әрбір  мұсылманға парыз.

Алла Тағала Құран кәрімде:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті с.ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін мешіт Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші. («Исра» сүресі, 1-аят). Яғни, екі айлық сапар жолына бір сәтте барып келді. Міне бұл оқиға керемет мұғжизаның көрініс табуы еді».

Бұл жөнінде Мұхаммед Ғазали (р.а.) «Фиқһу сира» еңбегінде: «Исра Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз», - дейді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену әрбір  мұсылманға парыз.

 «Тахауи ақидасы» кітабында имам ат-Тахауи: (р.а.):

وَالْمِعْرَاجُ حَقٌّ ، وَقَدْ أُسْرِيَ بِالنَّبِيِّ وَعُرِجَ بِشَخْصِهِ فِي الْيَقَظَةِ إِلَى السَّمَاءِ ، ثُمَّ إِلَى حَيْثُ شَاءَ اللهُ مِنَ الْعُلَا ، وَأَكْرَمَهُ اللهُ بِمَا شَاءَ وَأَوْحَى إِلَيْهِ مَا أَوْحَى

«Миғраж оқиғасы – хақ. Ақиқатында, пайғамбар (с.ғ.с.) түнгі сапарға шығарылды да, тұлғасымен (денесімен) бірге ояу кейіпте аспанға көтерілген. Сосын Алла қалаған биіктікке дейін барған. Алла оны Өзінің қалауынша ардақтады һәм қалауынша уахи етті: «Сонда Алла құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды» (Нәжім сүресі, 10 аят).

Түсіндірмесі: Исра және Миғраж оқиғасы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен мұғжизасы. Алланың құдіретімен түннің орта белінде Меккеден Құдыс қаласына апарылды. Сосын жеті қат аспанға көтерілді. Бұл үлкен мұғжиза Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапары екендігіне кәміл сенеміз.

Ханафи мазһабының бүгінгі күндегі ғалымы шейх Хазим әл-Киләни «Тахауи ақидасы» еңбегіне жазған анықтамасында: «Миғраж оқиғасының дәлелі  «мутауатир» (бұлтартпас) хабардың деңгейіне жетпеседе, «мәшһур» (кең таралған) хабар арқылы бекітілген. Оны теріске шығарушы діннен шықпаса да «мубтәдиғъ» (дінге қайшы жаңалық енгізуші) болады. Ал, Исра оқиғасының дәлелі Құран аятымен бекітілгендіктен оны  жалғанға шығарушының жағдайы бөлек. (Яғни, исра оқиғасын жалғанға шығарушының діннен шығу қаупі бар)», - деді.

Миғраж оқиғасы қалай болды?

Пайғамбарымыз сол түні көкесі Әбу Талиб қызы Умми һанидың үйіне барды. Умми Һанидың күйеуі Хубәйра аталарының сенімінде болатын. Соған қарамастан Мұхаммедті (с.ғ.с.) туысы Умми Һани келген сайын жылы жүзбен қарсы алатын. Келген қонақты құрметтеу, оны дұшпаннан қорғау арабтар үшін ең абыройлы міндет болып саналатын. Бір үйдің қонағына зиян келсе, сол үйдің иесі үшін үлкен масқара болып есептелетін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол үйде тынығып жатқан еді. Сол кезде Жәбірейіл келіп, көкірегін жарып, зәмзәм суымен жуып, иман, хикметке толтырды. Осыдан кейін оны өзімен әкелген Пыраққа мінгізіп, Меккеден Қудустағы Ақса Мешітіне апарды.

Мекке шаһары мен Құддыс қаласының арасы бірнеше айлық жол болатын. Ал, жер бетінен аспанға көтерілу қанша уақыт алатыны жайлы ол кезде мүлдем ойламайтын да болар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай қашықтықты қандай көлікпен кесіп өтті? Ол бурақ (пырақ) атты тұяғы көзінің ұшы жеткен жерге тиетін ғажайып жануар еді. Бурақ «барқ» яғни найзағай сөзінен алынған. Яғни, шапшаңдығы жарық жылдамдығымен тең жануар. Әдеттегі жағдайда жер шарының бір бұрышынан екіншісіне найзағай жылдамдығында жүріп өтуі мүмкін емес жайт.

Алла Елшісіне (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді:

Біріншісі; мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз болды.

Екіншісі; Алла Тағалаға ортақ, серік қоспаған жандардың жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші.

Үшіншісі; Бақара сүресінің ең соңындағы екі аяты.

Міне осы оқиға барысында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) періштелер аяқ баса алмайтын жерге дейін көтеріліп, жер бетіне Алланың берген сыйымен қайтты. Ол сый – бес уақыт парыз намаз. Мұсылмандар үшін әр бір парыз жер бетінде бекітілді. Тек намаз ғана Сидратуль-Мунтаһа әлемінде парыз етілді.

 Тәпсірші Ибн Кәсир (р.а.) Миғраж оқиғасын баяндауы:

Имам Ибн Касир (р.а.) өзінің тәпсір кітабында жоғарыда аталған Миғраж оқиғасына байланысты хадис имамдарының риуаят еткен хадистерді келтіреді. Төменде сол хадистерде айтылған Миғраж кешінде болған оқиға барысына қысқаша тоқтала кетсек:    

– Жәбірейіл (ғ.с.) бурақ деген жануарды жәннаттан алып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келді. Пырақ – есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар. Оған мініп, Жәбірейілмен (ғ.с.) Бәйтуль-Харамнан (Қағба) Бәйтуль-Мақдиске (Аль-Ақса) барады;

– Аль-Ақсаға жеткенде Расулулла (с.ғ.с.) пырақты мешіт есігіне байлап, жиналған пайғамбарларға имам болып, намаз оқиды;

– Намаздан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Жәбірейіл (ғ.с.)  дүние аспанына көтеріледі. Олар бірінші дүние аспанында Хазіреті Адаммен (ғ.с.) кездесті. Осы жерде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оң жағынан бақыттылар, сол жағынан бақытсыздардың рухтарын көрсетті;

– Екінші аспан әлемінде Хазіреті Зәкәрия ұлы Яхия (және Мәриямұлы Исамен (ғ.с.);

– Үшінші аспан әлемінде Хазіреті Жүсіппен (ғ.с.);

– Төртінші аспан әлемінде Хазіреті Ыдырыспен (ғ.с.);

– Бесінші аспан әлемінде Хазіреті Имранұлы Харунмен (ғ.с.);

–  Алтыншы аспан әлемінде Хазіреті Мұсамен (ғ.с.);

– Жетінші аспан әлемінде Хазіреті Ибраһиммен (ғ.с.) кездеседі.  Жеті аспан әлеміндегі пайғамбарлардың барлығы кездесу барысында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлем беріп, оның пайғамбарлығын мойындап, растады;

–  Осыдан кейін Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  Сидратуль-Мунтаһа (соңғы бекет) әлеміне көтерді. Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден әрі қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.

        Осы ұлы сапар барысында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  көптеген жағдайларға кезікті. Солардан:

  • Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сарайлары алтынмен апталған, күміспен қапталған, топырағы мисктен жасалған, ішкендерге ләззәт беретін, құрамы ашымайтын сүттен және балдан болған, мас қылмайтын шарап өзендері бар Жәннәт көрсетілді;
  • Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жерде Байтуль-Маъмурды (періштелер Қағбасы) көрді. Күнде бұл үйді жетпіс мың періште тәуап етеді, бір рет тәуап еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуапқа кезегі жетпейді екен;
  • Аспан әлемінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  елу уақыт намаз парыз етілді. Кейіннен Алланың шексіз рахметімен елу уақыт намаз бес уақытқа дейін қысқартылды. Намаз уақыты қысқарғанымен, сауаптары сол күйі сақталды, яғни бес уақыт намаздың сауабы елу уақыт намаз сауабына тең;
  • Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Сидратуль-Мунтаһа түбінен шығатын төрт өзен көрсетілді: екеуі батыни (ішкі) өзен, қалған екеуі заһири (сыртқы) өзен. Екі өзен – жәннаттың екі өзені. Қалған екеуі Сидратуль-Мунтаһадан бастау алатын Ніл және Евфрат өзендері. Кейбір ғалымдардың алға тартқан пікірлеріне қарағанда, Ніл мен Евфрат өзендерінің Расулуллаға (с.ғ.с.) көрсетілуінің сыры мынада: Исламның нұры жер жүзіне жайылады. Ислам Ніл мен Ефрат өзендерінің айналасындағы берекелі топыраққа (жерге) ие болады. Сол өлкелердің халқы ирандықтардың отқа құлдығынан әрі Византияның үштік сенімінен арылады. Бұл өлкелердің халқы ұрпақтан-ұрпаққа таухидтің туын көтеріп, Исламға қызмет етеді;
  • Осыдан кейін Нәби (с.ғ.с.) Тозақтың жауаптысы Мәлік атты періштені көреді. Ол періште тозақ жаратылғаннан бері күлген емес. Сол сияқты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тозақ көрсетіледі. Тозақта:

–  Арқаларында түйенікіне ұқсас өркештері бар, зұлымдықпен жетімдердің малын жегендерді көрді. Олардың ауыздарына от паршалары тасталынған сәтте әлгі тастар іштерін күйдіріп сыртқа шығады;

–  Пара алушыларды көрді. Олардың қарындары үлкен болғаны сонша, олар оны қозғалта алмайды және олар қиналып, бар дауыстарымен Алладан қияметтің басталмауын сұрайды;

–  Зинақорларды көреді. Олардың қолдарында таза семіз ет пен шіріген ет болады. Бірақ олар шіріген етпен қоректенеді;

–  Балаларын өзге еркектерден тапқан зинақор әйелдерді көреді. Олар темір ілгішпен омырауларынан ілініп тұрды.

Исра мен Миғраж оқиғасы Ислам тарихындағы «қайғы жылы» деп аталатын ең ауыр кезеңде орын алған. Себебі, мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірі асқынып тұрған сол жылы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үнемі қорған болып жүрген көкесі Әбу Тәліп пен қадірлі жары, қиын жағдайларда жанынан табылатын жанашыры  Хадиша анамыз (р.а) бірінің артынан бірі дүниеден озды. Өзі үшін қымбат жандардың қайғылы қазалары Расулулланың (с.ғ.с.) қабырғасын қайыстыра түсті. Осындай қатты қиналған уақытта орын алған Миғраж оқиғасы хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көңіліне жұбаныш, жанына дәрумен болған Алла Тағала тарапынан жасалған үлкен сый еді.  

Ummet.kz


Пайдаланылған әдебиеттер:

Исра сүресі 1-аят

Имам Ғазали «Фиқху сира» еңбегі

Тахауи ақидасы

Нәжім сүресі 10-аят

Имам ибн Кәсир, 3-том, Исра сүресінің тәпсірі

Бөлісу: