22
Жұма,
Қараша

һижри

Өзгеруді өзімізден бастау үшін...

Өзгеруді өзімізден бастау үшін...

Мақалалар
Жарнама

Имам – ұлағатты лауазым. Имам  атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, өз арыңдай таза ұстау – әр имамның борышы. Ісіне  деген адалдық  қана оның қадір-қасиетін арттырып, құрметке бөлейді. Жамағатын Алла Тағаланың иләһи ілім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар сілтеу имамның басты еңбегі.  

Жалпы мешіттің, имамның  негізгі мақсаты – рухани кәміл, ізденімпаз, адамгершілігі мол, иманды қоғам мен иманды тұлғаларды қалыптастыру болып табылады. «Жаңа қызметімде дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұран тастаймын. Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы да, сана-сезімі де өзгеруі өте маңызды», – деп Бас мүфти Серікбай қажы Ораз атап өткендей қоғамды өзгерту өзімізді өзгертуден, ең алдымен жеке тұлғамызды тәрбиелеуден бастау алады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді»[1] деп баяндаған кезде де осы нәпсімізді тәрбиелеу арқылы өз ішімізде өзгеруді меңзейді. Яғни біз ұрпағымыз үшін жарқын болашақ орнағанын қаласақ, бүгін өзіміз жаңару арқылы айналамызды дұрыс жолға бағыттай аламыз. Ал, бұл өз кезегінде көңілімізде «мен мұндалап» қол бұлғаған өркениетті ел болу арманымызға бір адым жақындата түспек. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында. Әлбетте, бұл жерде үстіртін ғана өзгеру емес, түбегейлі яғни санаңмен, мінез-құлқыңмен, ішкі рухани болмысыңмен жаңаруды айтып жатқаны белгілі. Жаңғыру, жаңару, өзгеру синоним сөздер екені бәрімізге түсінікті. Ендеше, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - дей келе Елбасы: «Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», - дейді. Адамгершілікті сақтаудың бір шарты – бойыңа жақсы қасиеттерді жинай білу болса, екінші бір шарты – ішіңдегі міндеріңнен арыла білу. Мұндайда дана халқымыз «қоғамды өзгерту қиын емес, қиыны - өзіңді өзгерту» дейді. Дей тұрғанмен, хакім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - деп осыдан бір жарым ғасыр бұрын шамырқанғанын ескерсек, талап болған жерде өзгеріс те болатынына сеніміміз арта түседі. Оның үстіне сәт сайын өзгеріске ұшырап отырған қазіргі заман да адам болмысынан  әркез  жаңғыру, жаңару, өзгеруді қажет ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Имам, дін қызметшілері өз санасын неліктен өзгертуі керек?

Имани ілім беруде имамдардың  басты нысаны – халық, жамағат; соның ішінде жастар, жасөспірімдер, балалар екендігі даусыз.  ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жан-жақты үйлесімді дамыған, зерделі, иманды, мейірімді, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Ұлағатты имамнан тәрбие алған адам адал қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Оның мысалы қазақ өмірінде жетіп артылады. Біздің тарихымыздағы бұрын-соңды өткен ұлы тұлғалардың бәрі де ең алдымен имамның алдынан дәріс алған. Ал, біздің міндетіміз – қазіргі заман ағымына сай қоғамды тәрбиелеу, өз білгенімізді жамағат бойына сіңіру. Осы жолда үздіксіз жұмыс жүргізуіміз керек.

Олай болса, күнімізде имамдар діни білім, иман, ихсанның  мақсат-міндеттерін, қадірі мен құнын білгендіктен өзгеруге тиіс. Барлық болмысымызбен  басқаларға үлгі бола білу үшін өзгеруіміз керек.  Өзім ғана өзгеріп қоймаймын, айналамдағы әріптестерімнің өзгеруіне де, жамағат санасына да  өзгеріс енгізуге дайынмын деген басты қағида біздің ұстаным болуы тиіс.

Ғалымдардың зерттеуіне сенсек, бүркіттің тырнағы 40 жасқа келгенде қатты ұзарып, жұмсарады екен. Осының салдарынан жемін аулай алмай, қиналады. Тұмсығы да ұзарып, еркін тамақ жеуге кедергі жасайтын көрінеді. Сонымен қатар кеудесіндегі қауырсындары да  қалыңдап, көк жүзінде еркін самғауына қиындық тудырады екен.  Осы тұста бүркіттің екі таңдауы бар: не өлім, не 150 күндік өзгерісті талап ететін ауыр күндер. Ол өзінің шың басындағы ұясына ұшып барып, тұмсығы сынғанша оны тау мен тасқа ұрады. Артынша жаңа тырнақтары өсуі үшін ұзарып кеткен ескілерін жұлып тастайды. Жаңа тырнағы өсіп шыққан соң кеудесіндегі қауырсындарын да жұлады. Осылайша 5 ай бойы қиналып, тағы да 30 жыл өмір сүреді екен.  Дәл осы  секілді  заманымызға қарай бейімделу үшін бір өліп, бір тірілуімізді қажет еттіретін жағдайлар болады. Кәміл иманды сақтаудың жолы да үнемі өз жан дүниемізді көңіл сүзгісінен өткізіп, тынымсыз ізденіс пен жаңаруды қажет еттіретінін білетін біздер яғни имамдар үшін заманымызға қарай бейімделу еш қиындық тудырмаса керек.

Осы жерде тағы бір дананың мына бір тәмсіл сөзімен ойымды түйіндесем: «Мен бұрын: "Бәрінің өзгеретініне үміттенемін" деп айтатынмын. Кейіннен бәрінің жаңаруы үшін өзімнің өзгеруім керек екендігін түсіндім.»

Исенов Нариман

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

 

[1] Рағыд сүресі, 11

Бөлісу: