Ораза толыққанды болу үшін 6 кеңес

Ораза толыққанды болу үшін 6 кеңес

Мақалалар
Құралдар
Шрифт

Рамазан айында оразамыз толыққанды өз деңгейінде болуы үшін мына алты түрлі әдепке көңіл бөліп жүргеніміз абзал:

Бірінші: Көзді шариғат тыйым салған нәрседен сақтау, мұны көз оразасы дейді. Бұл жайлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Тыйым етілген нәрсеге қарау шайтанның улы жебелерінің бірі. Кімде-кім мұндайға қараудан Алладан қорқып тиылатын болса, Алла оған жүрегіне шынайы иман береді», - дейді (Хаким хадисі).

Екінші:  Тілді жаман сөзден, өсек пен ғайбаттан тыю, мұны тіл оразасы дейді. Атақты табиғин Суфиян Саури (р.а): «Ғайбат оразаны бұзады», - десе, Мужаһид (р.а): «Екі жаман нәрсе оразаны бұзады: ғайбат пен өтірік сөз», - деген.

Үшінші: Құлақты ғайбаттан, өсектен сақтау. Мұны құлақ оразасы дейді.

Төртінші: Басқа да дене мүшелерді жаман іс-әрекеттен сақтау. Бұған қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қаншама ораза тұтушылардың ұстаған оразасынан алары тек аш жүргені мен шөлдегені ғана», - дейді. Яғни, кісі тамақ жемей, сусын ішпей жүргенімен жаман сөзден, жаман іс-әрекеттен өзін тыймаса оразаның пайдасы мен сауабынан мақұрым қалады.

Бесінші: Кешкісін ауыз ашқанда тым тойып тамақ жемеу. Тәулік бойы нәр тартпаған кісі бірден тойып тамақтануы денсаулығына өте зиян. Күні бойы бос тұрған асқазан бара-бара жиырылып кішірейе түседі, сондықтан кешке ауызашарда орташа тамақ қабылдау асқазанға да және ас қорыту жүйесіне де пайдалы.  

Алтыншы: Ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі қорқу мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, оразасы қабыл болды ма, болмады ма? Оны тек Бір Алла ғана біледі. Мұсылман баласы әрбір құлшылық жасағанда қорқу мен үміт арасында болғаны абзал. Хасан әл-Басрийдан (р.а) : Ол кісі күліп отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп бара жатып: «Расында, Алла Тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен жарысатын уақыт етіп қойған. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысады. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып өкініште болады. Озып шыққандар жеңіске жетіп, ал қалып кеткендер өкініш-қасіретке тап болып жатқанда күліп мәз-мейрам болғандарыңа жол болсын», – деген екен.

kazislam.kz

e-max.it: your social media marketing partner