25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Мына қағидалар адамзат қоғамын танымастай өзгертті

Мына қағидалар адамзат қоғамын танымастай өзгертті

Мақалалар
Жарнама

Мұсылман баласы өміріндегі толғандырған һәм мазалаған сауалдар шешімін Құран Кәрімнен табады. Жақсылық пен жамандықты ажыратушы кітапты оқитын және амал ететін әрбір пенде Алланың ризашылығына бөленері хақ.

 Қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеуге қатысты сұрақтардың жауабын да осы иләһи кітаптан ала аламыз. Хужурат сүресінің 10-аятында

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ.

«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», делінген.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) діндегі бауырластық жайлы айтқан бір сөзінде:

إنّ من أمنّ الناس عليّ في صحبته و ماله أبو بكر, و لو كنت متّخذًا خليلا لاتّخذتُ أبا بكرٍ و لكنّ أُخوّة الإسلام و مودَّته ...

«Адамдардың арасында маған жанымен және малымен жәрдем еткен (мен ең көп қарыздар кісі) Әбу Бәкір. Егер мен дос таңдасам Әбу Бәкір менің ең жақын досым болар еді. Алайда, Исламдағы бауырластық бұдан үстем...», - деген екен.

Әрине, бір құрсақтан туған бауырлар бір біріне өте мейірімді болады. Алайда, өмірде есейгенде безбүйрек болып кеткендері де аз емес. Бірақ, діні мен ділі бір болғандар араб ақыны айтқандай «бір анадан тумасаң да, саған бауырдай болатын жандар». Біздің сеніміміз бізді бауыр етеді. Бірақ, ол бауырластық біздің қоғамда қаншалықты байқалады?

Алла Елшісі (с.ғ.с.) он үш жыл бойы Меккеде дін таратты. Осы жылдар Мекке шаһарының мүшриктерінен қатты қысым көрумен өтті. Алайда мұсылмандар саны азаюдың орнына, күн санап өсіп отырды. Алла елшісі (с.ғ.с.) жайлы хабарды естіген ақиқатты іздеуші адамдар шар тараптан Меккеге келіп мұсылманшылықты қабылдап жатты. Солардың ішінде Ясриб  (Мәдина) қаласынан келгендер пайғамбардан өз қалаларына қоныс аударуын өтінді. «Жәрдемші боламыз, пана боламыз», - деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) барлық мұсылмандарға Ясрибке көшуді тапсырды. Сахабалар үй жайын, мал мүлкін тастап Алла жолында һижрет етті. Осылайша мұсылмандар мүшриктердің азаптауынан біржолата құтылды.

Алайда, жаңа қалаға отбасымен келген меккелік мұсылмандардың баспанасы жоқ еді. Сонымен бірге бала-шағасын асырайтындай жұмыстары да болмады. Дегенмен, мұсылмандар өздері жаңа бір қоғамға айналды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына һижрет етіп келген күннен бастап жаңа қоғамның негізін сала бастады. Ең әуелі мешіт құрылысын қолға алды. Себебі мешіт мұсылмандардың рухани орталығы. Сонымен қатар мешіт дінді үйрену, сауат ашу және ғибадат орны. Мешіт дегенде біздің санамызға осындай түсінік келуі қажет.

Жаңа қоғамның келесі негізі адамдардың қарым-қатынасын нығайту. Сол себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екінші кезекте мухажир және ансар сахабаларды бір бірімен бауырластырды. Меккелік және ясрибтік мұсылмандар арасындағы бұл бауырластық байланыс туыстық қарым-қатынастан да берік болды.

Алла Елшісі кемел дәрежедегі бауырластық байланыстың негізін қалай салды? Бұл мәжіліс Әнәс бин Маликтің (р.а.) үйінде өтті. Қатысқан тоқсан кісінің қырық бесі мухажир және қалған тең жартысы ансар еді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларды бір-біріне жәрдем беру негізінде бауырластырды. Тіпті, екі бауырдың бірі қайтыс болған күнде бір-бірінің мұрагері болуға құқық берді.

Бұл жөнінде Бухари сахихының тафсир тарауында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят бар:

كان المهاجرون حين قدموا المدينة يرث المهاجريُّ الأنصاريَّ دون ذوي رحمه للأخوة التي آخى النبي بينهم

«Мұхажирлер Мәдинаға (Ясрибке) қоныс аударып келгенде Алла Елшісі (с.ғ.с.) бауырластырған мұхажир ансардың (туысқаны болмаса да) мұрагері болды. Ниса сүресінің «Әке-шеше және жақындарыңның қалдырған мұрасына мирасқор еттік» деген аяты түскеннен кейін бұл тоқтатылды. Мұрагерлік тек туысқандар арасында болатын болды. Осымен бауырластықтың мұрагерлігі тоқтатылғанымен, бір-біріне жәрдем етуі және насихат етуі жалғаса берді».

Ислами бауырластықтық қоғамға берер пайдасы:

Бірінші: Болашағын ойлаған әрбір мемлекет өз халқының бірлігін басшылыққа алуы қажет. Ал, халықтың бірлігі тек ұрандап айқайлаған бос сөздерден тұрмауы керек. Бірлік елде ішіндегі барша жұрттың бір-біріне деген бауырмалдығы мен өзара мейірімімен көрініс табуы шарт. Ал, бір-бірін бауыр сезіне алмаған қоғам адамдары ұлы бір мақсат үшін ауызбіршілік құра алмайды. Ал, мақсаты бір болмаған халық мемлекет ретінде өмір сүре алмайтыны анық.

Екінші: Қай заманда болмасын қоғамның жай тобырдан айырмашылығы ауызбіршілігінде. Қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасы өзара ауызбіршілік пен жәрдемге негізделеді. Және де бұл ауызбіршілік пен  жәрдемдесу өмірдің және тұрмыстың барлық жағын қамтиды. Егер де өзара көмектесу теңдік және әділдік ұстанымына сүйенсе, онда ол нағыз әділетті қоғам болмақ. Ал, керісінше бірін-бірі алдау мен жәбірлеуге бағытталған болса, залым және дұрыс жолдан тайған қоғамға айналады. Дүниелік тіршілік пен қарапайым тұрмыстық күн көрісінде әділетті басшылыққа алған қоғамның сол «әділдік» түсінігін теріс пайдаланбай, баршаға ортақ түрде іске асырудың кепілі неде? Қоғамдық әділеттіліктің табиғи кепілі – бауырмалдылық. Қоғамда бауырмалдылық рухы сезілсе, ол рух заңның қорғанына айналады. Мемлекет әділдікті өз адамдарының арасында бауырмалдылық пен мейірімділік арқылы жүзеге асырады. Ал, қоғамда бауырмалдылық болмаса, мейірімділік жоғалса адамдар іштарлық пен көреалмаушылық дертіне шалдығады. Ал, бұл зұлымдық пен шектен шығуды тудырады. Қоғамда бауырмалдылық жойылған сәтте зұлымдықтың ең қорқынышты түрі бой көтереді.

Сол себепті, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұхажир және ансар сахабалардың бауырластығын әділетті қоғамның бастамасы етті. Осылайша енді ғана пайда болған мұсылман қоғамы дүниеде ең үлгілі мемлекетке айналды.

Үшінші: Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл ісі тек сөз жүзіндегі ұран болмады. Мұхажирлер мен ансарлар арасындағы бауырластық олардың өмірінің барлық жағын толық қамтыған еді. Бауырға айналған сахабалар бір-бірінің алдында шынайы жауапкершілікті сезінді. Бұл бауырластықтың бір ғана көрінісін мысал ретінде келтірейік. Ансар сахаба Сағд бин Рабиғ (р.а.) өзінің мұхажир бауыры Абдурахман бин Ауфқа (р.а.) өз баспанасымен және мал-мүлкімен тең бөлісті. Ал, өз кезегінде Абдурахман бин Ауф рахметін айтып, тек Мәдина базарын көрсетуді сұрады. Өз еңбегімен табыс тауып, отбасын қамтамасыз еткенді жөн көретіндігін білдірді. Мұхажир бауырына осылайша малы мен баспанасын ұсынған тек Сағд қана болмады. Барлық ансарлық сахабалар өздерінің мұхажир бауырларына барынша көмек көрсетті. 

المسلم أخو المسلم لا يظلمه و لا يسلمه من كان في حاجة أخيه كان الله في حاجته, و من فرّج عن مسلم كربة فرّج الله عنه بها كربة من كُرَب يوم القيامة, و من ستر مسلما ستره الله يوم القيامة.

Мағынасы: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол (бауырына) зұлымдық және сатқындық етпейді. Кім (бауырының) шаруасына жәрдем етсе, Алла оның жәрдемшісі болады. Ал, кім (бауырының) дүниелік бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қиямет күнгі қайғысын сейілтеді. Кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла оның айыбын жасырады», - деген Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисі де сахабалар арасындағы ауызбіршіліктің негізі болды.

Бауырластықтың белгісі өз бауырыңа пайдалы болуды қалауың. Жеке басыңызға жеткен бір пайдалы нәрсе сізді қалай қуантар болса, діндес бауырыңызға пайдалы болу соншалықты дәрежеде сізді шаттандыруы қажет. Егер діндес бауырыңызға пайда келтіру үшін тер төгетін болсаңыз сіз Аллаға ең сауабы мол ең шынайы құлшылықпен жақындай түскеніңіз, деп жазады Мұхаммед Ғазали.

Абдулла бин Аббас (р.а.) Алла Елшісі мешітінде итикаф құлшылығында еді. Бір кісі мешітке келіп хазіреті Абдуллаға сәлем берді де отырды. Ибн Аббас оған: «Ей пәленше! Уайым-қайғыда отырғаныңды көрып тұрмын, не болды, жөніңді айт?» - деді. Ол: «Уа, Алла Елшісі көкесінің ұлы! Менің пәленшеге берешек қарызым бар. Мына қабір иесі (ардақты пайғамбарымызды меңзеп) құрметімен ант етемін, қарызымды өтеуге шамам келмей отыр», - деді.

Ибн Аббас: «мен барып сөйлессем қайтеді?» - деді.

Ол: «қалауыңыз білсін», - деді.

Абдулла бин Аббас (р.а.) аяқ киімін киіп, мешіттен тысқа шықты. Әлгі кісі: «Сіз мешіттегі шаруаңызды ұмыттыңыз», - дейді. Ибн Аббас: «Ұмытқаным жоқ, осы қабір иесінен

من مشى في حاجة أخيه و بلغ فيها كان خيرا له من اعتكاف عشر سنين و من اعتكف يوما ابتغاء وجه الله تعالى جعل الله بينه و بين النار ثلاثة خنادق أبعدَ مما بين الخافقين.

«Кімде кім бауырының шаруасы үшін жүгіріп, орындап беретін болса, он жыл итикаф еткеннен абзал әрі жақсы болмақ. Ал, кім Алла ризалығын көздеп бір күн итикафқа кірсе Алла Тағала оны мен тозақ арасына шығыс пен батыстан алыс болған үш орды қояды» деген сөзін естіген едім», - деп көзіне жас алады. Бұл пайғамбарымыз дүниеден озғанына аз уақыт болған кез еді.

Имам Бухари және Муслимде келтірілген аталмыш хадис көркем бейнедегі бауырластық байланыстың ұлылығын суреттеп тұр. Сондай-ақ қоғамның іргетасы мен қабырғалары берік болуы үшін қажетті жалпы қызмет түрлерінің дәрежесін көрсетуде.

Ұлы сахаба Абдулла бин Аббас (р.а.) діндес бауырының шаруасын бітіріп беруді итикафтан жоғары қойып тұр. Ал, итикаф Алла құзырында жоғары құлшылық. Итикаф намаз, ораза және зікір құлшылықтарын қамтитын ғибадат. Сонымен бірге сахаба ол сәтте Алла Елшісінің мешітінде итикафта еді. Ал, Алла Елшісі мешітінің мәртебесі өзге мешіттерден жоғары. Және онда жасалған құлшылық сауабы еселенетіндігі жөнінде хадистер де бар. Бұған қоса хазіреті Ибн Аббас білімінің тереңдігімен ерекшеленген сахаба. Итикаф құлшылығын тоқтатып, діндес бауырының шаруасына жәрдем етуге жол сілтеген оның білімі. Себебі, сахабаларды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай тәрбиелеген.

Дүниенің ауыртпалығы кісі белін қайыстыратындай көп. Ал, қиыншылықтар шұрайлы шөпке де, сусыз қаңсығаннан тілім-тілім болған жерге де нөсерлеп жауатын жаңбырша толассыз адамдардың әлін діңкелетіп жібереді. Адам баласы жеке өзі ұзақ уақыт бойы қиыншылыққа төтеп беруге қауқарсыз. Ал, «жолдасы көптің олжасы көп» дегендей басына түскен ауыртпалықты бауырлары бөлісетін болса, қиындықты оңай жеңеді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) досқа көмек беру туралы:

انصرْ أخاك ظالما أو مظلوما

«Бауырыңа зұлымдық етіп жатса да, зұлымдық көріп жатса да жәрдем ет», деген екен. Сонда сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Зұлымдық көргенге жәрдем етеміз. Ал, зұлымдық етіп жатқанға қалай жәрдем етеміз?» - деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның зұлымдық істеуіне жол берме! Міне, бұл сенің жәрдемің», - деп жауап берген екен.

«Нұр Астана» Орталық мешіті

сауат ашу бөлімінің

Директоры Руслан Қамбаров

Бөлісу: