19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Мешіт неге қиратылды?

Мешіт неге қиратылды?

Мақалалар
Жарнама

Пайғамбарымыз ﷺ Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін шаһар халқы мұсылман болып, Алла Елшісінің көрсеткен жолымен жүре бастады.

Дегенмен, бұл көрініс Мәдинадағы кейбіреулер үшін кәдімгідей жағымсыз көрініп, көңілдеріне жақпады. Дәл айтқанда, мұсылман емес, не кәпір емес екіжүзді мұнафықтар Мәдина мұсылмандарының көгеріп, көктегенін қаламайтын. Олар сырт көзге мұсылман болып көрінгенімен немесе өздерін мұсылманбыз деп тілмен жәй ғана айтқаны болмаса ақиқатында мүлдем басқа жандар. Неге екеніне алдағы сәтте тоқталмақпыз. Біз сөз еткен мұнафықтар сәл мүмкіншілік таба қалса мүшріктермен (Аллаға серік қосушылармен), Мәдиналық яһудилермен бірігіп, мұсылмандарға қарсы күрес жүргізуден тайынбайтын. Мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убай бин Салулдің көкесінің баласы Әбу Амир жәһилият дәуірінде өзге діннің басшыларына еліктеп, солардың киімін киіп жүретін.

Пайғамбарымыздың ﷺ Мәдинаға қоныс аударғанын көрген Әбу Амир өн бойын жайлаған қызғаныштан ізіне ерген елу шақты адамды алып, Меккеге кетеді. Бәдір соғысында мүшріктермен бірігіп алып, Пайғамбарымызға ﷺ қарсы соғысады. Ұхұд пен Хәндак шайқастарында да мүшріктер арасынан табылған Әбу Амир Меккенің азат етілуінен кейін Тайфқа бет алады. Ол жердегілердің де жүрегі исламға бет бұрғанын байқаған Әбу Амир Шам шаһарына кетеді. Өйткені, Мекке қаласы мұсылмандар қолына өткеннен бастап, ислам діні кең қанат жайып, жылдам тарай бастайды.

Мәдинадағы бір топ мұнафықтар «Құба» мешітінің жамағатын бөліп, мұсылмандардың арасына іріткі салуды көздейді. Мұнафықтардың басшысы Әбу Амир жанғалы тұрған шоқты тұтату үшін: «Мен «Құба» мешітіне кіре алмаймын. Өйткені, Мұхаммедтің достары көрсе, маған көңіл тартпаған зиянды әрекеттер жасауы мүмкін», - дейді. Онсызда «Құба» мешітіне аяқтарын әрең сүйреп басатын мұнафықтар оған: «Онда біз бір мешіт салайық. Сен сонда отырып, бізбен болсаң қайтеді», - дейді. Күткені де осы болатын. – Олай болса, сендер мешіттеріңді салыңдар. Күштерің жеткенше ішіне қаруларыңды толтырып, сақадай сай етіп әзірлеп қойыңдар. Мен Византия патшалығына бара жатырмын. Олардан үлкен әскери жасақ әкеліп, Мұхаммед пен оның достарын Мәдина қаласынан қуып шағарамын, - дейді Әбу Амир оларға рухани күш берген болып.

Сырттай қарағанда «Құба» мешітінің мұсылмандарымен намаз оқып жүргендей көрінген бұл мұнафықтар Әбу Амирдің сөзіне елігіп тағы өзгеріп салады. Сосын барлық мұнафықтар жабылып жүріп «Құба» мешітінің қасынан «Дырар» мешітін тұрғызады. Мақсаттары – өздерінің қатарын көбейту арқылы мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлу болды.    

Тәбук сапарына шығып бара жатқан Пайғамбарымызға ﷺ «Дырар» мешітін салушылардан менмін деген бес кісі келіп қыстың түндерін, былайғы жауын-шашын күндерін, ауру-сырқауларын т.б. әрнәрсені сылтауратып «Құба» мешітіне бара алмайтындығын айтады. Сол үшін өздеріне игі ниетпен мешіт салғанын алға тартып, Алла Елшісінен ﷺ ашып беруін сұрайды. Сүйікті Пайғамбарымызﷺ оларға сапарға шығып бара жатқанын ескертіп, қайтар жолда соға кететінін жеткізеді.

Шындығында «Дырар» мешіті сыртқы көрінісінде мешіт секілді болғанмен мұсылмандарды бөлу, араларына іріткі туғызу үшін салынған ең алғашқы бүліктің ошағы еді. Өйткені, мұнафықтар өздерінің мақсаттарына жету үшін осындай бүлік әрекеттерге баруды қалады. Тіпті, Византия әскерлерін шақырып, мешітке жинаған қаруларымен оларға болысуды да жөн көрді. Осылайша теріс пиғылмен салған мешіт арқылы мұнафықтар Пайғамбарымызды ﷺжәне өзге мұсылмандарды ауына түсірмек болды.

Пайғамбарымыздыңﷺ Тәбук сапарынан Мәдинаға қайтып келе жатқанын естіген әлгі мұнафықтар алдынан шығып, баяғы келіскен есеп бойынша «Дырар» мешітіне алып кетуді көздейді. Дегенмен мұнафықтардың айласынан хабарсыз Пайғамбарымызға ﷺ Алла Тағала Жәбірейіл періште арқылы мешіттің мұсылмандарды бөлу мақсатында салынғанын білдіріп, Құрандағы «Тәуба» сүресінің мына 107-110-аяттарын түсіреді. Аталған аяттарда «Дырар» мешітінің игілікке емес, мұсылмандарға зарар беру үшін салынғандығы баян етіледі.

Аятқа тоқталсақ:

«Сондай зиян тигізу, қарсы келу, Мұсылмандардың арасын ашу және бұрыннан Алла және Елшісіне қарсы соғысқан біреуді күту үшін мешіт жасап алғандар: «Игілікті ғана қалап едік» деп әлбетте ант ішеді. Сондай-ақ Алла олардың асқан суайт екендігіне куәлік етеді. (Мұхаммед Ғ.С.) ол мешітте әсте намаз оқыма. Бастапқы күннен бері тақуалық негізінде салынған (Құба) мешіті намазға тұруына тағы лайық. Онда тап-таза болуды сүйетін кісілер бар. Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді. Ендеше, іргетасын Алладан қорқып, ризалығына сәйкес салған біреу жақсы ма? Немесе іргесін құлайтын бір жардың ернеуіне салып онымен тозаққа құлаған біреу жақсы ма? Алла залым елді тура жолға салмайды. Сондай олардың салған мешіттері; жүректері быт-шыт болғанға (өлгенге) дейін үнемі көңілдерінде күдік болған бойда қалады. Алла толық білуші, хикмет иесі. («Тәуба» сүресі, 107-110-аяттар)

Жоғарыда аталған аяттар Пайғамбарымызға ﷺ шындықты көрсетіп, мұнафықтардың айласын аңғартты. Алла Елшісі ﷺ Тәбук жорығынан келе жатып сахабаларына зиянды мешітті қиратуға әмір берді. Сахабалар мұнафықтардың тұрғызған «Дырар» мешітін өртеп, құлатып, жермен жексен етті. Жақсылық жасағандай болып көрінген мұнафықтардың бұл бүлік ошағы осылайша жанбай жатып өшірілді.

Тарихтан тағылым: Иә, ислам тарихында орын алған бұл оқиға кейінгі үммет үшін үлкен сабақ. Шындығында ислам діні күллі адамзат баласына бейбітшілікті, тыныштықты әрі амандығын қалайды. Дегенмен, жүрегінде қыңырлығы бар бәзбіреулер кез келген қоғамдағы тыныштықты ұнатпай, бүлік тудыруды жаны қалап тұрарын қайтерсің.

Тарих қайталанады деген. Мүмкін ол жақсылыққа немесе жамандыққа қайталанар. Бұл жағы бір Аллаға аян дүние. Бірақ бүгінгі қоғамнан әлгі ислам тарихында орын алған дін дұшпандарының әрекетіндей ылаңдарды әбден аңғаруға болады. Қазірде исламды насихаттаған болып көрінген қаншама астыртын топтар, жат ағымдар еліміздің ынтымағына, халқымыздың татулығына іріткі салып, жік-жікке бөлу жолында небір қулық жұмыстар жасап, өз мақсаттарына еркін жетуді көздеуде. Тіпті, ислам атын жамылған ағымдар кей отандастарымызды әсіресе жастарымызды адамгершілік, мейірімділік секілді рухани құндылықтардан алыстатып, «Жихад» деген желеумен жүректерін қатайтып, соңдарынан көзсіз елітіп бағуда. Соқыр сенімнің етегінен ұстаған осындай жандар діннің ақиқатын айырмастан жат қолдың құрбаны боп кетіп жатыр.

Дана халқымыз мұндайды: «Сырттан келген жаудан да, іштен шыққан дау жаман», - деп бірауыз сөзбен жеткізген. Тіпті, ынтымақ жүрген жерде ырыстың бірге жүретінін де атап кеткен. Сол үшін әрбір мұсылман исі қазақ баласы ислам тарихынан тағылым ала отырып, бүгінгідей бүлікші жат топтардың айлаларына жол бермегені жөн болар.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ

Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы

Бөлісу: