16
Жексенбі, Маусым

һижри

Миск иісі

Миск иісі

Мақалалар
Жарнама

Бірде мешіт ауласында бір намазхан жігіт өзінің жұбайымен сөзге келісіп қалды.

Көп кідірген жоқ, қалың елдің көзінше жұбайын желкелеп мешіт ауласынан шығарып кетті. Көріп тұрған жұрт үдірейіп-үйдірейіп қалысты. Мен де көптің қатарында мешітке беттеп бара жатыр едім. Қасымнан өтіп бара жатқан әлгі жігіттің жаққан мисігінің иісі келді мұрныма...

Және бір танысым әйелінің жаман мінезіне жақтасып, ер-тоқымын бауырына алып тулап, туған әке-шешесінен ірге бөліп кеткені көкейімнен кетпейді. Ол жігіт те үнемі мисіктеніп жүретін еді..

Ұстаған «дінінен» ел қорқар, мисік иісі жер жарып...

Бүгінде дін ұстағанның жөні осы екен деп дініміз түгілі қарапайым этикалық нормаларға жатпайтын қитұрқы әрекеттерін діндарлыққа балап жүрген жандар жоқ емес. Айбаттанам деп айқұлақтанып жүргендер, дін деген осы деп, басы бүтін дәстүрден безініп кеткендер мен күнә үшін күпірліктің үкімін кесіп жүргендер... Бұлардың қатарына шұбалаңдатып сөз үстей беруге болады. Мысалды сырттан іздеп қайтеміз, әрбір мешіттерде бүгінде әртүрлі жамағаттар мен ағымдардың өкілдері бар. Қарның ашатыны бірін-бірі іштей жек көреді. Бұлардың да қасынан жанай өтсең, мисік иісі аңқиды...

Жарайды, идеясы келіспейтін шығар дейік. Бірақ, сырттай жеке құрамда (мазһаб ұстанатыны да, ұстанбайтыны да) келесі топтың «ит терісін басына қаптайтын» ғайбатын айтып, бетпе-бет келсе досындай кейіп танытып, бауырына қысқансып қояды. Ал, шынында мойындағысы келмейді, қомсынады, адасқанға балайды, тіпті, бір-бірін тыңдамайды да. Қалай түсінесіз, осы ішкі мәдениеттің жоғарылығы ма? Осы ахлақ - Ислам ахлағы ма? Бөгде дін өкілдеріне құрметпен қарап, мұсылман болған сәтінде кешегі өзіне дұшпандық жасаған кісілерді кешіріп жіберген Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегесі деп айта аласыз ба? Мешітке кірерде арнайы хош иіс жағысып, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне амал жасап, сүйікті құл болуға тырысқан бауырларым, осы сауалдарға не айтар едіңіздер?

Мәселе - оларды басқа ұрып, түгендеп шығу емес. Мәселе мынада...

Миск иісі мүбәрак Пайғамбардың (с.ғ.с.) әдеп-аманатын есіме оралтады. Иә, Алланың игілігі мен сәлемі болғыр ардақты Елшінің (с.ғ.с.) Құран аңқыған мінез-құлқы бүкіл жаратылысқа үлгі еді.

Бір білеріміз, салихалы ғұмыр кешіп, салмақты сөз айтқан бабаларымыздың дін мәселесінде де кілкіп аққан дариядай телегейлігі мен тереңдігі. Оларға бүгінгі Дубай мен Францияның мисігі жеткен-жетпегені неғайбыл. Бірақ, олардың қасында отырған адам кеткісі келмейтін еді. Әлі есімде. Атамның хош иісі. Жұпар денесін құшырлана иіскейтін едік. Неге екені белгісі денесі мен киімдерінен мисктің иісіне бергісіз хош иіс аңқитын.  

Діннің өзегін түсінбей формалды Исламға мейілінше бас ұрудың салдары әр салада қылаң беріп келеді. Алтын ғасырдың бақытты мұсылмандарын былай қойғанда, кеше өткен ата-бабаларымыздың да өнегелі өмір жоладарынан да мұндай формалдықты табу мүмкін емес. Заңды сұрақ туындайды. Дінді үйренгенде неден бастамақ керек? Мың сан жерден мисік иісін аңқытып жүргенімізбен мұсылманшылықтың көркем сипаттарын көрсете алмасақ, ел біздің дініміздің ақиқат дін екеніне мойынсұнып, Ислам құндылықтарына тамсана қояр ма? Сол үшін де Алла Елшісі (с.ғ.с.) көркем мінезділікке үндеп көп шырылдаса керек.

Ақырдың Пайғамбары Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) бір кісі келіп:

– Дін деген не? – деп сұрағанда:

– Ол – көркем мінез, – деп жауап беріпті.

Әлгі адам анықтап сұрамақшы болып, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Көркем мінез» деген жауапты алған.

– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Көркем мінез, – деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде:

– Алла бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер.

– Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны», – дейді. Мінез-құлықтың жақсылығы –  иман кемелдігінен екенін өсиет етеді. Ал, бірде «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр ба­сатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» екенін айтып адамзатқа дабыл қағады.

Әбу Нәсір әл-Фараби; «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса - адамгершілік ұтады» деген екен. Махмұд Қашқари бабамыздан «Ашу қысса - ақылың ғайып болады» делінген асыл сөз қалыпты. Жөн-ақ!

Түкірігі – түйме алтын, қақырығы – құйма алтын бабаларымыздың жақсы мінезге қатысты Пайғамбарлар сұлтаны Мұхаммет (с.ғ.с.) өнегесінің нұрлы шуағы сіңген, ізгілігінің иісі аңқыған сөздер көп-ақ. Бірақ, айтпағымыз айқындалып қалғасын бәрін тізбелей беріп не керек?..

Ал, енді намаз оқып, сәждеге маңдайын қойып, өн-бойынан миск иісі аңқыған бауырларым, біз Ардақты Расул (с.ғ.с.) айтқан «кемелділікке» қаншалық ұмтылып жатырмыз?

Күніге сан құбылтып, аңқыта әтір жақпаса да, тапқан хош иісімен жүрген ата-бабаларымыздың имани қуаты мен өрлігі алдында ұсақталып кеткен ұрпақтың бүгінгі «діншілдігі» діндарлық деп айтуға да татымас...

Осы сәт. Мен манағы жігітке қарап тұрып, Пайғамбар (с.ғ.с.) ізгілігінің гүлзарынан гүл үзіп, өнеге бақшасының жемісін жегендер арзан мисктермен «абаттанбаса да» жүріс-тұрысынан, нұрлы жүздері мен қимыл-әрекетінен, сөз сөйлегені мен қарым-қатынасынан Ислам мұратының хош иісі аңқып тұрары сөзсіз екенін түйсінгендеймін.

Мұрнымда миск иісі, ойымда Пайғамбар (с.ғ.с.) аманаты, санамда баяғы сол «кемелділік». Көз алдымда қара нөпір миск жаққандар... Ал, қымбат «мисктің» иісі қайда?

Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: