26
Жұма,
Сәуір

һижри

Пітірді қай жерге берген абзал

Пітірді қай жерге берген абзал

Мақалалар
Жарнама

Пітір – жан садақасы. Рамазан оразасының парыз болуымен бірге әрбір мұсылман үшін міндетті болған садақаның түрі. Яғни, жағдайы жеткен мұсылман үшін пітір беру міндет болады.

Ислам дінінде әрбір нәрсе тегіннен тегін міндеттелмейді. Әрбір құлшылықтың өзіндік мұрат, мақсаты, жеке адам мен қоғамға тигізер пайдасы болады. Пайғамбарымыз ғалайһиссаламның айтуы бойынша, пітір садақаның мұраты оразада жіберген кіші-кірім қателік-кемшіліктердің орнын толықтыру[1] және мұқтаж адамдарды қуандыру екен[2].

Ақиқатында Ислам діні кеңшілік пен жеңілдікке толы. Ұстанушылардың шамасы жетпейтін нәрсені зорлықпен міндеттеу мұсылманшылыққа жат. Пітір садақа да солай. Оны біз пітірдің мөлшеріне қарап білеміз. Яғни, кісі басына бірдей мөлшерде бидай, арпа, мейіз және құрмамен беруге болады. Мұның ішінде бидаймен беру – пітірдің ең аз мөлшері. Яғни, шариғат бойынша 2 кг (жарты сағ) бидай. Ал, қалған дақылдармен әрбір адам үшін 4 кг (яғни, бір сағ) мөлшерінде беріледі. Алайда, нарықтағы бұл дақылдардың бағасы әр түрлді. Бидай арзан болғанымен, құрма мен мейіз қымбат. Арпамен төлесе бидайдың салмағындай екі есе болады. Демек, жағдайы төмен жандар бидайдың құнымен есептеп беретін болса, жағдайы тәуір адамдар арпаның құнымен, ауқаттылар мейіздің, байлар өз деңгейіне қарай құрманың сорттары бойынша (құрманың да сортына қарай арзан қымбаты болады) есептеп береді. Бұның өзі дініміздің әлеуметтік әділеттік көрсеткішін сақтайтын асыл қасиетін меңзейді. Ал, біздің елімізде шариғаттағы пітірдің ең төмен мөлшері болған бидайдың бағасымен есептеліп жүр.

Ғалымдардан жеткен бір нақыл сөзде «Алла Тағала өзінің құлдарына нәсіп еткен байлықты олардың өмірінен, іс-әрекетінен, құлшылығынан көргісі келеді» деген екен. Демек, жағдайы бар, ауқатты, бай адамдар бұл мөлшермен шектеліп қалмай жоғарыда айтылған өз дәрежесіндегі дақылдармен бергені абзал болады.

Бүгінде қоғамда пітірді қайда беруге болатыны жайлы сұрақтар көп. Шариғат бойынша пітір пақырларға, міскіндерге, зекет (пітір) жинауға тағайындалған адамдарға, құлдарды азат етуге (яғни қоғамдық мәні бар жұмыстарға), көңілдерді жібітілуі тиіс жандарға (дінді жақсы көрсету үшін басқа дін өкілдеріне), қарызға батқандарға, Алла жолындағыларға, жолда қалғандарға беріледі.

Қазіргі таңда қалыптасқан екі түрлі формасына тоқталып кетейік.

Мешітке беру. Халқымызда бүгінгі күнге дейін пітір садақаны мешітке әкеліп беру үрдісі қалыптасқан. Бұл өте құптарлық іс. Мешіт дін жұмысын жүргізіп отырған орын және зайырлы мемлекетте дін ісі дін адамдарына жүктелгендіктен жоғарыда аталған «Зекет (пітір) жинауға тағайындалған адамдар» мен «Алла жолындағылардың» үкіміне кіретіндігі жайында машһүр ғалымдардың пәтуасы да бар.

Шын мәнінде, бүгінгі таңда мешіт жұмысытары сан-салалы. Яғни, ел мешіттерінде қайырымдылық көмек сұрап келетіндер көп. Осылайша мешіт әлеуметтік-қоғамдық жұмыстарды шешетін ордаға айналып келеді. Қала берді мешіттің әр мезеттегі үлкенді-кішілі жөндеу, әрлеу, т.б. шаруашылық шығындары, коммуналдық шығындар, оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуге, тазалық жұмыстарының шығыны мен қызметкерлердің жалақысы өз алдына қаражатты талап ететін жұмыстар.

Мешіт те мұндай шығындарды демеушілердің қаражаты мен халықтың садақасынан төлеп отырады. 

Сонымен бірге қала мешіттерінде көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға (дәстүрлі «Мейірімділік мекені», «Жақсылықта жарысайық» акциясы), ауыр науқасқа шалдыққан сәбилерге, жолда қалған жолаушыларға, мектеп оқушыларына («Мектепке жол» акциясы) көп мөлшерде қайырымдылық көмек көрсетеді.

Ал, «қыстың қамын жаз ойлауға» тура келетін ауыл мешіттерінде коммуналдық шығындарды өтеудің өзі қиындыққа соғатын жағдайлар жиі кездеседі.

Сондықтан да, пітір садақаны мешітке бергеннің сауабы мен қоғамдық маңызының айырықша екенін бағамдаймыз.

Пақыр мен міскіндерге беру. Шариғат бойынша садақа да, зекет те беруге болатын мұқтаж жандар. Пітір садақаның бір мақсаты да осындай күн көрісі төмен, табысы шығынынан артылмайтын адамдарды қуандыру.

Дегенмен, бүгінгі таңда осындай адамдарды жазбай танып, қолына тигізудің өзі бір қайырлы іс саналмақ. Алайда, көптеген мұқтаж адамдар құжаттарымен келіп, мұқтаждықтарын дәлелдеп мешіттерден қайырымдылық көмек сұрап жатады. Ал, мешіттеріміз оларды тіркеп алып, орайы келгенде қол ұшын беріп келеді.

Осы тұрғыдан да мешітке берушілердің әрекеті құптауға тұрарлық.

Алла Тағала пітір садақаларымызды қабыл етсін!

Ummet.kz


[1] Әбу Дәуіт риуаят еткен

[2] Әбу Дәуіт, №1371 хадис

Бөлісу: