07
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Шаһкәрім: Алла Тағаланың барлығын ақылменен ойлап білмек

Шаһкәрім: Алла Тағаланың барлығын ақылменен ойлап білмек

Ақида
Жарнама

Уа, достар! Алла Тағалаға біреуден үйреніп, яки ата-бабаның жолымен ұғып, нанып, иман келтірген кісі де мұсылман болады. Олай да болса өз ақылыменен ойлап, осы дүниенің, бір құдіретті күшті иесі болса керек деп, оз ақылыменен дәлел таппаған кісі қатты күнәһар болады және ондай кісі шайтанның азғыруына, біреудің алдауына еріп кетуге жақын тұрады. 

Құдай тағала баршамызды сақтасын, адам шын ақыл көзіменен қараса, осынша неше түрлі ғаламды жаратқан бір иесі бар екенін біреуден үйренбей-aқ білсе керек. Құранда Алла Тағаланың барлығына дәлел аят бек коп, алайда болса ақылмен ойлап білуге бұйырған аятты айтайын.

«Құл унзуру мәзә фис-самауати уал-арди» — мағынасы: Айт, әй, пайғамбар, құлдарыма қараңыздар, ақыл көзіменен аспандағы һәм жердегі барша жаралған нәрселерге деген. Әлбетте, соларға қарасаңыз, құдіретінде өлшеу жоқ. Бір иесінің барлығын білесіз. Жағыпар, Садың хазіреттері айтқан екен: Алла Тағаланың барлығына бал жиятұғын арадан артық не дәлел керек кішкентай нәрсенің артында бал, аузында уы бар. Ол екеуі таусылмайды да, бір-біріне қосылмайды, - деген. Және шайқы Сағди деген кісі айтқан парсыша бейіт: «Барк дарахтан сөз дар назар-и-хушияр-һәр варқыш дәфтер ист маруфат қард қор». Мағынасы: ағаштың жасыл жапырағына ақыл көзіменен қарасаңыз, әрбір жапырағы Алла Тағаланы білдіруге бір кітап сықылды емес пе? - деген.

Және адам ойлау керек: осы мені кім жаратты деп? Сонда анық біледі: өзіндей бір адамзат жаратпағанын, әкем жаратты деуге де болмайтұғынын. Әкем себеп болды десе, оның, әкесінің жаратылуына кім себеп болды? Сөйте-сөйте Адам пайғамбарға кім себеп? Ақырында барша себептерді бірінен бірі себеп қылып жаратқан бір құдіретті күшті ие керек болады. Сол ие – Алла Тағала. Және адам ойлау керек: қайдан шықтым, не үшін жаралдым, түбінде не боламын деп. Осылайша ойлағанда, әлбетте, жоқтан бар қылып бір құдіретті, күшті Алла жаратты.

Не үшін жаратты? Жаратқан иесін біліп, соған құлшылық қылсын деп жаратты. Ақырында не қылады? Кімде-кім жаратқан иесінің әміріне мойынсұнып құлшылық қылса, оны құp қалдырмай таусылмас рахат берсе керек. Егерде әміріне мойынсұнбаса – оған таусылмас ғазап қылса керек. Неге десеңіз, осынша ғаламды босқа жаратудың қисыны жоқ. Ақырында жоқ болып кететұғын қылып жаратпаса керек. Онда әншейін бір ойын сықылды болады ғой. Аятта ұқтырып айтқан: «уа ма халақнас-самаға уал-арда уа ма байнаһума лағибина». Мағынасы: Аспан менен жерді һәм оның арасындағы барша нәрселерді ойнап жаратқаным жоқ, - деген. Енді жоғарғы аяттың мағыналарын һәм айтылған дәлел сөздерді анықтап ұғып ойласаңыз, Алла Тағаланың барлығына шексіз көңіліңіз нанар.

Шаһкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Бөлісу: