27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Абайдың жиһады және оның маңызы

Абайдың жиһады және оның маңызы

Ақида
Жарнама

«Абай» журналының 1992-жылғы 3-санында жарияланған «Тұрағұлдың естеліктерінде» мынадай жолдар кездеседі:

«Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді. Жасы ұлғайған адамның бәрі де жасып, қайрат ажары кеміп, жұмсармағы табиғаттың жолы шығар. Бірақ, менің әкем осы жұмсарғандығын бір жағынан өзі еңбек қылып тапты деп білемін,» - дейді.

Бұл арада ашуды азайту және мінезді жұмсарту үшін Абай атамыздың өзі күш салып, еңбек еткенін көреміз.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһаттан үлкен жиһадқа бет алдық», - дейді. Сахабалары «үлкен жиһаттың» не екенін сұрағанда, «ол – өз нәпсіңмен күрес» деп тағылым берген екен. (Байхақи, әз-Зухдул-кәбир)
Ал, тағы бір хадисте «Мүжаһид (жиһад жасаушы) – Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау тұрғысында өз нәпсісімен күресуші»[1] дейді. Міне, «жиһад» сөзінің мағынасы мен мәні.. Бұны ғалымдар Пайғамбар (с.ғ.с.) ізімен «үлкен жиһад» деп айтады.

Жоғарыдағы әңгімеде Тұрағұл айтып отырғаны Абайдың жиһады. Бұл жерде біз Абай жиһатының екі үлкен тарауын аңдаймыз.

Біріншісі – өз мінезін жұмсарту. Жұмсарту – ділдің қаттылығы, мінездің қаталдығын түзету, мейірімін молайту деген сөз. Бұл түзетуге жаман мінезді жоғалтып, есесіне жақсы қасиеттерді дамыту жатады. Яғни, адам мінезіндегі жаман әдеттерді жақсы әдетке айналдыру дегендік. Басқаша сөзбен айтсақ, адам жанында көмескіленген жақсы әдеттер мен тамаша қасиеттерді оятып, кәдеге жарата білуі.

Екіншісі – ашуын азайту. Ашуға берілу мұсылман баласын ұятқа жолдас ететін, күнәға ұрындыратын істердің бірі. Сондықтан да Абайдың ашуын азайту үшін жасаған қадамы да нәпсімен күрес саналып, үлкен жиһад ұғымының аясына қамтылады. Яғни, ұятты, күнәлі іс істемеуге тырысу, өзін тәрбилеу деген сөз. 

Абайдың бұл әрекеттерін бірнеше қырынан қарастыруға болады.

Өзінің жаман әдеттерінен арылуы

Тұрағұл осы еңбегінің нәтижесі жайлы бір эпизодты сөз етеді. Тұрағұл, «менің жоғарыдағы ашуын өзі де бір жағынан еңбек қылып азайтты дегенімнің бір себебі» деп бұл сөзіне мына бір оқиғаны баяндайды:

«1899 жылы май айының бас кезінде, Үлкен ауылға (Ділда апамыздың ауылын айтады.  – о.с.) келіп едім. Менің сәлемімді алар-алмастан:

– Биыл Сыртқа шығасыңдар ма? - деді.

Біз елдің белгілі жайлауы Шыңғыс тауының сыртына, қыстауымыздың қашықтығынан шыға алмай, жазды күні бауырдағы күзектерді жайлап жата беретұғынбыз. Мен:

– Түйеміз аз, жүгіміз сыймайды ғой, - дедім.

– Олай болса, мен түйе жинап берейін, жайлауға көшіңдер, - деді. Сол арада сыйлас Есіргеп дегенге бір жігітті жіберді.

Үш-төрт түйе берсін, біздің Кіші ауыл (Айгерім апамыздың ауылы. – О.С.) Сыртқа артып шығады. Түйесін ақсатпай, жауыр қылмай бергіземін, - деп жіберген жігіті барып келді де:

–  Түйем жоқ деп айтады, - деді...

Бұл Есіргеп біздің Ырғызбайдың төрт баласының ішіндегі ең азы, нашары Жортар деген кенже баласы болады. Сол Жортардың Арқат деген ұлының екі баласының бірі – Есіргеп. Есіргепке орташа дәулет біткен соң, Жортар балаларының ергенінен қашып, екі-үш жылдан бері менің әкемнің қасын қыстап, жаз болса және жайлап, күзеп жүруші еді. Әкем әлгі жауапты естіген соң, азырақ үндемей отырды да, аздан соң басын көтеріп:

- Иә, Құдай! Бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін. Осы Есіргеп Тәңірбердінің қасында отырып, Тәңірберді түйе сұратып жіберсе, «Түйем жоқ» деп айта алмас еді. Бұл түйемді бермегеніме Абай ашуланбайды деп, менің мінезімнің жұмсақтығына сеніп бермеді, - деп қатты қуанды».

Бұл жерде жақын туысы өте мұқтаж көлікті бар болса да әдейі бермей отырғанын біле тұра, ашуланғанның орнына бұл іске өзінің жұмсақ мінезі себеп болғаны үшін шаттанған қуанышын көреміз. Демек, ұлы ойшылдың мінез түзеу сынды үлкен жиһатта жеңіске жетуді өзіне зор мерей санағаны байқалады.

«Іштен шыққан жау жаман» дейді халық даналығы. Яғни, адамдардың жамандығынан ішкі фактордан болатын тойымсыздық, менмендік, т. б. толып жатқан мінездердің асқынған түрінің адам өміріне, арына әкелетін залалын айтқан сөз.

Өз жетістігін нәпсінің талаптарымен өлшейтін бүгінгі рухани деградация кезеңінде Абай жиһадының бұл мазмұны айрықша мәнге ие. Яғни, адамдарды эгоизмнің құрбаны болуға жібермей, айналамызда болып жатқан қателік-кемшіліктерге түсіністік танытуға жетелейтін үлкен құндылық.

Қателіктерін түзету

Айтылған сынды қабыл алу да нәпсіні сындырып, ашуды жеңуді, зор қайрат көрсетуді талап етеді. Ал, түзету одан да қиын... Абайдың өз басы да сынды қабыл алып, елге мін көрінген ісін оңдағаны бар. Аңшылыққа қатты әуес болғаны сондай 2-3 жыл  дос-жаран, өнерлі адамдарды ертіп,  қостап[2] шығып, бірер ай кәсіп етіп, салтанатын келістіріп құс салыпты[3]. Бір тойда жаяу жарыс болып, әйелдер жарысынан Абайларға көршілес отыратын Өмірбек деген кедей кісінің әйелі озып келеді.  Өмірбек жалма-жан әйелін жетектеп топтан алып шығып, үйіне әкеп тығып, есігін басып отырып алады. Бұл ісіне таң қалған жұрт «Бұның не?», «Бәйгеңді ал!» десе көнбейді. «Шықпаймыз да, озғамыз да жоқ, жаным, бәйгең не?! Аулақ жүр» деп келушілерді қуып отырып алады. Бұл ісінің мәнісін сұраған жұртқа «Пәле болды десеңші! Мұны естіген соң ертең Абай мен Оспанның бірі тағы қағып әкетеді ғой. Және онымен қоймай біреуге беріп жібереді десеңші», - дейді. Жұрт күледі. Бірақ бұл сөз Абайға барғанда бұл сөздің күлкі емес, сынау екенін айтып «Етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой мынасы, Оспанға айтшы, осы мінезді қоймаса болмайды екен. Елге жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы дегенді қоймайтын болыппыз ғой. Бізді сынарлық іс екен. Мен қойдым, енді Оспан да қойсын» деп содан бастап елден жүйрік ат, қырат бүркіт, ұшқыр тазы сатып та, қалап та, сұрап та алмайтын болыпты. Бұл сөзден кейін өзін тыйғаны соншалық өзі «Ешкімге зияны жоқ өзім көрген, Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп әспеттеу ерекше қызықтаған кей жылдары бірер ай үй тігіп аң аулайтын әдетінен бас тартады[4]. Өз нәпсісін бұлайша ауыздықтай білу нағыз ердің сипаты, жиһаттың шынайы мәні болмақ. 

Өзінің ғана емес басқа адамдардың жаман қасиеттерінен арылуына көмек те көрсетеді. Алдоңғар деген ұрының әдетін тастату үшін қасына көшіріп алып, Меңке (Әуезов дерегінде Мәніке) деген қызын «құтты орнына қондырамын» деп асырап алғанынан білінеді[5].

Айтып-айтпай не керек, қателіксіз пенде бар ма? Алайда, қателігін жанашырлықпен айтқан адамға алғыс-лепес жаудырып, өз мінезін түзетпек түгілі, жанашыр сынның өзін тыңдай алмайтын азаматтар қаншама. Бір-бірін сотқа сүйреп, бір-бірімен баспасөзде жеке басқа тиісіп айтысып, абыройсыздыққа барып жатқан танымал адамдар да жоқ емес.

Сынды тыңдай білу, оны дұрыс қабылдау, түзетуге тырысу, оңдамаққа әрекет жасау, ол жаман әдеттен құтылу дегендер жеке-жеке үлкен жиһаттың тереңдей түсетін сатылары деуге болады. Ендеше, Абай жиһатының ел аузына қарап отырған өнер адамдарынан қарапайым адамға дейін қатысты бір мазмұны – осы.

Жақындарының жанын жаралайтын ісіне сабырлылық танытуы

Абай Мұқыр болысында екі жылдай болыс болып, елдің бітпес дау-дамайы мен талас-тартысынан жалығып болыстықтан босайды. Мұны білген ел ішіндегі ұры, пәлеқорлар «Абай жерімізді қайнағасы Мұсаға тартып алып берді. Ауылымызды шауып, бес жүз қойымызды алды», «Ауылымызды шапты, қатынымызды бала тастатты, бес түйемізді параға алды» деп неше түрлі қылмысты істер заңына жататын пәле-жаланы жауып арыз жазады. Осыдан соң Абай Семейге шақыртылып, қаладан шықпау үшін қолхат беріп күніге бар екенін білдіріп ояз кеңсесіне барып көрініп кетіп тұрады. Осылайша іс сегіз жылға созылады. Бұл істің ақ-қарасын айыру үшін алты жүздей адамнан жауап алынады. Жергілікті билік Абайдың ақтығына көзі жетіп оны босатады. Міне, осы барыста да Абай не туысқандарынан безбейді, не біреуден кек қумайды. Қайта қаладағы кітапханадан кітап оқып, шәкірт тәрбиелеп, оқыған кітаптарын ертекші Баймағамбетке айтып беріп, оны халыққа жеткіздіртіп, ілім жинау, білім тарату, руханиятын байыту сынды өзіне де, халыққа да пайдалы іс істеумен болады[6].

Арына қаншама сызат түсіп, ұжданына салмақ боларлық іске қаншама уақыт сабырлық танытуы мінез бен жанды тәрбиелеудің нәтижесі деуге болады. Шынында, болмашы іске бола ренжісіп, бірін-бірі көрмей кету, бірін-бірі кешіре алмай соттасу, тіпті одан да зорғы қадамдарға барып жақындарына жат боп, аз ғана ғұмырдың мағынасыздығына себеп болып жүрген қаракөздеріміз қаншама.

Бұл – Абай жиһатының үлкен бір қыры. Бүгінде өз ата-анасының Құдай алдындағы міндеттерін орындамағанына бола үйінен, ғазиз жандардан бет бұрып жатқан бауырларымыз бар. Алайда, дінімізде адамның іс-әрекет шеңбері оларға насихат айту ғана. Орындай алмаса, жазасын беру немесе кешіру Алланың қалауында. Ендеше, хакімнің өнегесі көп азаматтардың жеке өмірін дұрыс реттеуге, имани құндылықтарды дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан Абайдың бұл ісі – біздің заманымыз үшін өте үлкен өнеге мектебі.

Сый-сияпат алмай әділдігін айту

Қолында билігі болып тұрғанда қыруар пара ұсынса да, бас тартып әділ шешімін айту. Ағайынды Тезекбай, Көжекбай деген кісілер болады. Әкелері тірі күнінде бөліп берген жер шекарасына бай, малы көп Көжекбай көнбей, өз руластары мен көрші ауылдардың би, болыс, тілмаштарын шақырып паралап Тезекбайдың жерін тартып алады. Тезекбай ақша мен атқа сатылған, қымыз бен етке тойған би-болыстарға көнбейтінін, тек Абайдың билігіне ғана тоқтайтын айтып отырып алады. Жерін басы бүтін беруге көнбейді. Жиналған көп жуандар не істесе де көндіре алмайды. Сонымен Тезекбайлар таныс біреу арқылы Мағауияға (Абайдың ұлы) тілдесіп, жылқысының ең таңдаулысы Бурыл атты беріп, Абайдың өздерінің жағына билік айтуына әсер етпек болады. Абай жылқыны өте жақсы көрген. Тіпті жүйріктерді, сымбатты, сұлу жылқыны он боталы түйе сияқты өте қымбатқа сатып алатын болған. Алайда, ұлыққа пара беруді[7] және пара алуды, малқұмарлықты өте жек көретін Абай шешуші кезеңде «Ай, Көжекбай, сенің ат беріп, айтқаныңды істететін кісің мен емес» деп ағайынды екеуіне жерді әкелері бөліп бергенін, оны өз көзімен көргенін айтып әділ шешім жасап, жердің Тезекбайда қалуы тиіс екенін айтады[8].

Әйгілі «Көктұма», «Қарамола» сиезьдерінде әділ билік айтқанда пара, дүние-мүлік, туыстық қарым-қатынас, атақ пен беделге қарамай елің дау-жанжалын әділ таразылап, малы кеткеннің малын, қақысы кеткеннің қақысын өндіріп береді. Қала берді Тентек ояз (Қара ояз) жазықсыз Жиреншеге дүре салмақ болғанда арашаға өзі түсіп дүрелетпей қояды[9]. Сыбан мен Мұрын ортасындағы жесір дауында Оразбай мен Жиреншеге көнбей, «Кеңгірбай жолын» бұзып, Мұрын қызына теңдік әпереді[10]. Уақ Нүркенің қызы (Мағауия Абай баласының атастырылған қалыңдығы), жіпсіз байланып отырып, Айтқазымен қашқанда ешбір жаулыққа бармай, достарымен жаға жыртыспай, қызға ерік береді[11]. 1897 жылғы Мұқыр болысының сайлауында болған өзіне қамшы сілтеу (елдер Абай сабалды деп жүр, сабалған жаны емес, ары еді. - О.С.) ісіне қатысты, кек қуыспай, заңдық құқық тұрғысынан ешбір хақы талап етпей, «неше жылғы араздық осы іспен аяқталсын» деп зор ізгі ниет жасап, істі аяқсыз қалдырады[12] – Абайдың өз нәпсісімен (дүниеге арбалмау үшін, ақша, мал-мүлік, туыстық қарым-қатынас, бет-беделге сатылмау үшін де нәпсімен күресу керек) күрескен үлкен жиһаттарының нәтижесі. Көкбай Жанатайұлының «Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны[13]» деуі де осы ойымызды қуаттай түссе керек.

Қорыта айтқанда Абай жиһадының бұл мазмұны үлкенді-кішілі билік тегершігінде отырып аз ғана дүние алданышына бола өмірлік құндылықтарды тәрк етіп, ақыры қылмысқа, абыройдың төгілуіне алып келетін жолдарға шалыс басқан азаматтарға үлгі боларлық. Және отбасынан Отанға дейінгі билік сатысында отырған әр қазақ баласына түсірер сәулесі, нұсқайтын игілігі көп қырларының бірі.

Ашуын азайту

Ашу – адамды орға жығатын, ел алдында ұятқа қалдыратын жаман қасиет. Демек, оны азайтуға әрекет жасау – адам жанындағы жаман мінездер мен әдет-дағдыларды жоюға күш салу. 

«Көктұма» сиезінде Абайға қызмет қылып, қоштасарда «Нүрке мырза! Қазақтың қалаған, сұраған дегені болады, не сұрайсың?» деген өтінішімен бесік құда болған Нүрке Шыңқожа баласы деген құдасы болады. Атастырған балалары айнып, кейіннен Нүркенің қызын Айтқазы деген Абай екеуі тәрбиелеген жас алып қашып кетеді. Ол кездегі қазақ мінезі бойынша ресми бұзылмаған құдалыққа килігіп, «келінді» алып қашу оңай қылмыс емес. Абай бұл істе де Нүркеге басу айтып, ашуын ақылға жеңдіреді. Айтқазыны шақырып, өзі бастап кешу беріп, Нүркемен де татуластырып, баяғы сыйластығымыз сақталсын деп шешім қылады[14]. Жоғарыда тілге тиек етілген Есіргептен түйе сұрауы, Мұқыр болысының сайлауындағы оқиғадағы Абай мінезі айырықша мәнге ие. Ондағы Абайдың өз ашуын басып, істің аяғын даусыз қалдыруы, ара ағайынның кесігіне әкелген төлем малын кері қайтарып беруі – Абай жиһатының маңызды мазмұны болмақ. 

Демек, Абай атамыз «үлкен жиһатты» жақсы білген. Өзінің нашар мінездерінен жұмсақтыққа қарай өз еңбегімен һижрет жасаса, ашуын жұтып, жүрегін тыңдап, байсал тарту жолында өз нәпсісімен күресіп «жиһад» жасаған. 

Бүгінде хакімнің бұл істері қоғамдық қарым-қатынастар мен құбылыстарға кері әсерін тигізетін, жеке тұлғаның абыройы мен бет-беделіне нұқсан келтіретін көптеген істерге оң әсерін тигізері сөзсіз.  

Қолында мүмкіндігі (билігі, байлығы) болған кездегі жиһады

Адамға пана болу – Абайдың ішкі мәдениет жайлы ауызға алуға татитын айырықша мінезі. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтіні өз басында бар әдеті, рухани өлшемі.

Әуезов дерегінше, Оспан үйінде жалшы боп, кейіннен Абайдың қарамағына өткен Жетібай, Көтібай деген екі кедейді жақсы жалақымен жұмысқа алып, жалақысын асыра төлеп, кейіннен бөлініп кететін кезінде әрқайсысында 600 қой, 100 қарасы бар бай етіп шығарғанын айтады. Мұнан басқа Байсүгір, Дарқан, Мұсабек деген жігітектің ұрысы, Қорамжан, оның баласы Қатпа, т.б. талай адамдардың Абайдың қасында отырып, малданып, әлденіп көшкенін, тіпті жер беріп, қоныс (қыстау) беріп көшіргенін жазады[15].

Абайдың Оспаннан қалған мың жарым жылқы мен үш мың қойдың Еркежанға тиесілі бөлігімен істеген істерінің бір парасы – байлардың әлеуметтік жауапкершілігі сынды бір бөлекше ғибрат. Бұл да аз қажыр-қайратты талап етпесі анық. Шынында, кім-кімнің қолынан келетін шаруа емес. Осылай істеу бүгінгі байлар, бизнес өкілдері, ірі корпорациялар, қомақты қаржысы бар ұйымдардың қолынан келер ме екен? Бүгінгі таңдағы жұмыс берушілер осылай істей алар ма екен?

Күнделікті баспасөзде қозғалатын тақырыптың бірі - жұмыс беруші мен жұмысшы қатынасы. Назар салсақ, бүгінде жылдап малын бақтырып, отын жақтырып алған соң жалақысын бермей жолға салатын, тіпті өзіне жала жауып неше уақыт тегін жұмыс істетуге ұрынатын қожайындар жоқ па? Бар. Болмашы істерге бола қол астындағы адамдарды жұмыстан шығарып жіберетін жұмыс берушілер де бар. Жұмысшының тұрмыстық жағдайынан мүлдем бейхабар бастық аз ба? Жоқ емес.

Анығында, дүниені қиып, соншама бодау беруге нәпсіні тәрбиелеу – бұл ауқатты, бардам адамдар үшін үлкен жиһад.  Абайдың бұл жиһад мазмұны адамдарды «Қолы жеткенде төркінін танымай кетпеуге» шақыратын бір шамшырақ іспетті.

Ғылым үйрену, адамдықты кәмілдікке жеткізу жолында болу

Абай отыз сегізінші қара сөзінде кәміл адам және оның жәуанмәрттік сипаты жайлы айта келіп былай дейді.

«Енді біздің бастағы тағриф бойынша, Құдай Тағала ғылымды, рақым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: иждиһадің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады. Белгілі жәуанмәртлік үш хасләтпенен болар деген: сиддық, кәрәм, ғақыл – бұл үшіндән сиддық, ғадаләт болар.Кәрәм шапағат болар, ғақыл мағлұм-дүр, ғылымның бір аты екенідігі – бұлар әр адамның бойында Алла Табарака уа Тағала  тәхмин бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж беріп, гүлдендірмек, бәлки, адам өз хәлінше кәмәлатқа жеткізбек, жеһәтінде болмақ» дейді. Яғни, ғылым игеріп, рақым (адамзаттың бәрін сүйетін, мейірімді), Алла берген ғақылды реттеп, одан сайын кемелдікке жеткізу жолында іс-әрекет жасауды жиһад санатына жатқызады.

Шын мәнінде Абай бар білімін елмен бөліскен кісі. Орысшасын Ысқақ, Оспан, Шаһкерім, екі Мұрсейіт, т.б. көршілері, інілеріне үйретсе, тәмәм елдің Батыс әдебиетін, Шығыстың әйгілі қисса-дастандарын білуіне, басқа елдің озық мәдениеті мен технологияларын (Тобықты елінің ер жасау, етік тігу, темірілішіктегі күптеу, аптау, өрнек салу жұмыстарына Арқа қазақтарының, кафказдың, сергеш халықтарының әдіс-тәсілерімен толықтырады) ел мәдениетімен ұштастыра білуі оның осы жолда өз нәпсісін жеңіп, өзі айтқандай ақылды (бұл жерде ақылдан туатын мәдениетті) кемелдендіруге қызмет қылады.

Мұхтар Әуезовтың «Өзі үшін, елі үшін ізденді, ізденді де тапты және бар тапқаны мен тудырғанын ұстаздыққа салды»[16] деуі ақынның нәпсісін біліммен тәрбиелеп, одан қорытқан тәжірибе мен оқыған-тоқығанын елдің игілігіне жұмсағанын меңзесе керек.

Қазіргі таңдағы білім саласындағы, ғылым жолындағы ағайын үшін қаншама өнеге жатыр. Абай жиһатының бұл парасы аталған салаларда қалыптасқан келеңсіздіктерден тазартып, таза ғылым жолының тынысын аштын рухани фактор деуге болады.  

Демек, Абай атамыз жиһадын жете түсіну бүгінгі замандастарымыздың бірқатар рухани дерттерден айығып, дін мәселесінде оң көзқараста болуға, ашық ойлы, дұрыс түсінікке негізделген қоғам құруға өз септігін тигізетіні айдан анық. 

Оразбек САПАРХАН


 

[1] Тирмизи, Зүхд, 164

[2] Қоспен бару, қос тігіп отырып аң аулау.

[3] Құс салу – бүркіт, қаршыға, т.б. құс арқылы аң аулау дәстүрі.

[4] Әуезов М.Шығармаларының    елу    томдық    толық    жинағы. –Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 201  .15-том. Мақалалар, зерттеулер, пьесалар. 1937–1940.  – 392 б. 159-бет

[5] Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет. 180 б.; М. Әуезов Шығармалары. 15т. 151 бет

[6] Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет. 107-108 беттер.

[7] Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б. 159-бет.

[8] Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет. 128-132 б.б.

[9] Әуезов М. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б. 186-бет.

[10] Сонда. 186-187 беттер.

[11] Сонда. 188-189 беттер.

[12] Сонда. 197-бет.

[13] Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет. 208 б.

[14] Абай туралы есстеліктер. –Алматы: «Қаламгер» баспасы. 2018. –504 бет. 116-128 б.б.

[15] 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б. 215 бет.

[16] Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –448 б. 87-бет.

Бөлісу: