22
Жұма,
Қараша

һижри

Бұйрық пен тыйымның хикметі

Бұйрық пен тыйымның хикметі

Ақида
Жарнама

Алла тағаланың мүкәлләфтарға, яғни мойнына жауапкершілік жүктелгендерге бұйрық, тыйым жіберіп, оларды құлшындырып, сақтандыруына қатысты мәселелерге алдында Хусайн (б Мұхаммед ән-Нәжжар) жеткілікті деңгейде тоқталып өткен-ді: Алла тағала тәрбиеленетін, пайда мен зиянды білетін және түсіне алатын дәлелдерге сүйене отырып, метафизикалық әлемге қатысты мәселелерге ой жүгірте алатын мүкәлләфтар, яғни діни тұрғыдан жауапкер болып табылатындар тобын жаратқан. Соған қарамастан мүкәллафтың мәліметке, дерекке қызығушылық танытпауы, надан күйде қалуы, сол себепті де өтірік пен жағымсыз сипаттағы кез келген істі қалыпты деп санауы мүмкін.

Сонымен қатар, мүкәллафты жаратушы осы жаратылудың түрлі кезеңдерінде оған көптеген нығметтер берген. Ақыл нығметке шүкіршілік етіп, алғыс айтуды қажет етеді. Жаратушы аталмыш шүкіршілікті жүзеге асыруды әмір және тиымдар арқылы талап етеді. Алла құлшындыру мен сақтандыруында (уағыд уә уәғйд) ұлықтауға үндеуі және немқұрайлы қараудан аулақ қылу хикметін көздеген болуы мүмкін. Алла тағала мүкәллафты парасаттылықтың барлық түрімен ұлық қылғандықтан, оның сыйы (жәннат өмірі), шексіз болған күпірлік те қарсылықтың шыңы болғандықтан, жазасы да тура соған сай болады. Сонымен бірге, иман – шегі мен шектеуі жоқ мойындау, ал күпірлік – соңы мен шегі жоқ жалғандау. Сондықтан жазалары да соған сай болады. Сол себепті күпірліктен басқа күнәлардың кешірілуі мүмкін. Өйткені, бұл шексіз түрде жоққа шығару емес. Барлық күш-құдірет Аллаға ғана тән!

Әбу Мансұр (Алла оған разы болсын) былай деді: біздің ойымызға бұйрықтар мен тыйымдардың хикметі – солардың иесін тану. Өйткені, алла тіршілік иелерінің арасынан адамзат түрін өзін тану түрімен ерекшелеген. Қалайша пайдалы нәрседен аулақ ұстауының мүмкін болмаса, сол сияқты оларды өзін тану жолынан алшақ ұстауы мүмкін емес еді. Сонымен қатар адам баласы ақылымен барлық ізгі нәрселерді жақсы деп, ал жаманшылықтың барлығын жаман деп көруге қабілетті. Іс жүзінде жаман нәрсені істеу ұнамсыз, ал заңды нәрселерді жасау құп көріледі. Олай болса, бұйрық пен тыйымды қажет ететін жерде әмір беріп, тыйым салу ләзім болған. Алла өзінің біре кендігін және хикметін көрсететін бір әлем жаратқан. Оның мүкәллафтарды мұны білуден мақұрым етуі мүмкін емес еді. Мұндай жағдайда әлемді жаратуының мәні де қалмас еді. Сонымен бірге жауапкершілік жойылған кезде жаратудың хикметі де қалмайды. Өйткені бұл жағдайда жаратылыс жоқ болу үшін жаратылған деген қорытынды шығады. Бір нәрсені арнайы мақсатпен емес, тек бұзу үшін жасаушы бос іспен айналысқан әрі хикметтен мүлдем мақұрым қалған біреу дегенді білдіреді.

Алланың «уағыд» және «уағиды» құлшындыру мен қатаң ескертуге негізделген. Өйткені, бұл ұстаным болмағанда әмірді орындаудан туатын пайда мен оған қарсы келуден туындайтын зиян жойылып, жаратылғандарға тән іс-әрекеттердің мәні қалмас еді. Егер мойынсұнушы бұйрықтарға бағынудың пайдасын, ал қарсы шығушы күпірлігінің зардабын көрмейтін болса, бұйрық пен тыйымның ешқандай мәні қалмайды. Өйткені, мұның екеуі де олардың істерінің қарымына бағытталған болып шығады. Сол себепті уағыд пен уағид хикмет тұрғысынан қажетті саналады. Бұйрық пен тыйым тәсілінде нәпсіні мойынсұнуға мәжбүрлеу, адамның табиғаты ұната бермейтін парасаттылыққа жетелеу факторы бар. Адам жаны табиғаты ұнатпайтын нәрселерден қашады. Сондықтан да сынақ әлемінде ғұмыр кешетін адам баласы нәпсісін жеңуге, оны өзі қалаған және әмір етілген бағытқа бұруда уағыд пен уағид қағидасын үнемі қаперде ұстаудан басқа жол таба алмайды. Нәтижесінде уағыд пен уағид қағидасын берік ұстанған жауапкер үшін парасаттылық жолында нәпсінің қалаған нәрселерден аулақ болу және үлкен қиыншылықтарға қарсы тұру ешқандай қиыншылық тудырмайды.

Алла тағаланың жасаған ізгі амалдар үшін ақыретте беретін сыйының барлығын рақымы деп түсінуге болады. Өйткені, Ол дүниеде адамның шамасы жеткенінше шүкіршілік етуге лайықты сансыз нығметтер берген. Сондықтан ақыретте беретін сый Алланың рақымына байланысты. Алла тағаланың мына бір сөзінен байқағанымыздай сыйдың еселеп артылуы да осындай: «Кімде-кім Алланың алдында бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады. Ал кімде-кім бір жамандықпен келсе, ол тек сол күнәсінің ғана жазасын тартады» («Әнғам») сүресі, 6/160)

Бұл жерде Алла тағала жаманшылық пен күнә істеріне жазаны хикметіне орай, соған лайық көлемде, сол жақсылықтың сыйын рақымшылығымен сан еселеп беретіндігін айтқан. Өйткені сыйға бөлеуді рақымына негіздеген. Барлық күш-құдірет бір Аллаға ғана тән!

 

материал Әбу Мансұр Әл-Матуридидің «Таухид кітабынан» алынды

ummet.kz

Бөлісу: