22
Жұма,
Қараша

һижри

Сопылық жол

Сопылық жол

Ақида
Жарнама

Сопылық жол – Ислам ғылымдарының ішінде ең нәзік, ең ауыр  жолдардың бірі. Өйткені адам рухының мына жалған дүниенің қызықтарынан бас тарта отырып, өзінің нәпсі қалауларын Құдай жолында тастап жүрегі мен көңілін оған байлау.

Сопылықты ұстанушы адамға кейбір шариғат бойынша рұқсат етілген әрекеттердің өзін жасамау ләзім болады. Сопыға шариғат рұқсат бергенмен сопылық жол оған рұқсат бермейді. Бұлай дейтініміз сопылық – әдеп пен ұят. Әдетте, сопылық тақырыбы қозғалағанда жүрек тазалығы мен оның хәлдері айтылады. Әрине ол хәлдерге жеткізетін амалдар бар.  Сол хәлдердің бірі – ұят.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)»( Ибн Мажа, 2 том, 4181 хадис) - дейді. Сопылықты ұстанушы адам, адамдардың сөзінен емес Алладан шынайы ұялады. Алла оның жүрегінде, ойында болып жатқан сандаған жақсы жаман пікірлерді көріп, біліп тұрғанын әрдайым сезініп жүреді. Бір сәтке де ұмыт қалдырып ұятсыз әдепсіз қылыққа бармайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кімнен көбірек ұялу керек жайлы «Адамдарға қарағанда ұялуға ең лайықты болған ол Алла тағала» - дейді. Абдуллаһ ибн Масуд Алла (оған разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с): «Алла тағаладан шынайы түрде ұялыңдар» деді. Сонда біз: «Уа Расулалла! Аллаға шүкір расында біз Алла тағаладан ұяламыз» дедік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мен ол ұятты айтпаймын, Алла тағаладан шынайы түрде ұялу ол басыңды және оның қамтыған ағзаларын сақтандыруың. Асқазан мен оның айналасындағы ағзаларды сақтандыруың. Өлім мен жоқ болуды есіңде ұстауың, кімде-кім ақыретті қалаған болса, онда мына дүниенің әдемілігін тәрк етеді. Осы айтылғандарды жасаған адам ол Алладан шынайы түрде ұялған болады» (Тирмизи Сунан, 4 том, 2458 хадис) деді».

Міне осы хадисте айтылған «басыңды және оның қамтыған ағзаларын сақтандыру» дегеніміз – басымызды тек Аллаға ғана иіп оған  иман мен амалда серік қосудан сақтану, оның қамтыған сезім мүшелері көзін сақтау, Алла қалаған нәрселерге ғана қарау, әлбетте Алла адам баласының арсыз болған заттар мен  мына дүниеге шүйліккенімізді қаламайды. Өйткені Алланы қалаған адам дүниеге шүйліге қарап оны армандамайды. Құлағымен Алла қалаған нәрсені ғана есту. Айтылып жатқан ғайбаттар мен жалған сөздерден өзін аулақ ұстап жүрегінің өзгеруінен сақтанады. Тілімен ешкімге зәбір бермей Алла қалаған ізгі салихалы сөздер айтып жақсылыққа шақырады.

«Асқазан мен оның айналасындағы ағзаларды сақтандыру» – асқазанды харам, күмәнді нәрселерден тіпті ләзат алу үшін ішіп жеуден сақтанып азға қанағат қылады. «Өлім мен жоқ болу» – жүректегі тәкаппарлықпен «мен-мендікті» жою. Кез келген уақытта жоқ болатынын сезініп жүру Алладан ұялу. «Дүниенің әдемілігін тәрк етеді» - сопылықтың ең үлкен сипаттарының бірі зуһд (дүниені тәрк ету). Сопылықта мақсат Аллаға ғашық болу, ал дүниеге ғашық адам Аллаға ғашық бола алмайды.

Ғалымдарымыз сопылыққа анықтама берген де «дүниеден баз кешу» - деп берген. Әдетте адам баласының бойынан шығатын жаман мінез құлықтар мен әрекеттер осы дүниеге байланғандықтан шығады. Кім дүние әлемінен шыға алса онда ол нағыз сопы. Ғалымдарымыз сопылыққа нақты бір анықтама бермеген. Сопылық адамды Аллаға рухани байлайтын негізгі мектеп. Кейбір ғалымдарымыз сопылықты исламның рухы деп те атаған. Сопылық жолдың ерекшелігінің бірі зікір. Сопылықты ұстанушы адамның нәпіл құлшылықтары мен зікірлері көп болады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала: «Кімде-кім менің әулие құлыма жауласса мен де оған соғыс жариялаймын. Пендемді маған жақындататын нәрселердің арасында маған ең ұнамдысы парыз еткен нәрселерді орындауы. Пендем маған нәпіл құлшылық жасау арқылы жақындай түседі де, нәтижесінде сүйіспеншілігіме бөленеді. Оны мен жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Менен қандайда бір нәрсе сұраса, сұрағанын беремін, Менен пана тілесе, пана болып, қорғаймын...» (Бұхари, Риқақ 38). Осы хадистегі «Пендем маған нәпіл құлшылық жасау арқылы жақындай түседі де, нәтижесінде сүйіспеншілігіме бөленеді. Оны мен жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Менен қандайда бір нәрсе сұраса, сұрағанын беремін, Менен пана тілесе, пана болып, қорғаймын...» - деген жерінен ғалымдарымыз мұсылман адамның ихсанға жету үшін нәпіл құлшылықтарды көбейту керектігін айтқан.

Сопылықта нәпіл құлшылықтарға көп мән береді. Өйткені адам парыз амалдарды парыз болғандықтан орындайды. Кейде амалсыздан ықылассыз орындауға мәжбүр болады. Ал нәпіл құлшылықтар міндет болмаса да адамның ықыласынан Аллаға деген сүйіспеншілігінен туындайды. Ал ол өз кезегінде хадистегі «сүйіспеншілігіме бөленеді» дәрежесіне ие болады.

Абдусамат Өмірбек,

«Әл-Ғани» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: