22
Жұма,
Қараша

һижри

Бидғаттың жақсы-жаманы бола ма?

Бидғаттың жақсы-жаманы бола ма?

Ақида
Жарнама

Бидғат – аср ус-сағадаттың (алтын ғасыр), яғни сахабалар ғасырынан кейін пайда болған, шариғатта негізі жоқ, сенім, құлшылық және іс-әрекеттер жайында қолданылған бір термин ретінде «осыған дейін ұқсасы болмаған, кейіннен пайда болған (мухдас) нәрсе» деген мағынаға саяды.

Бидғаттың бірі – кең, екіншісі тар ауқымды екі түрлі анықтамасы бар. Кең ауқымдағы мағынасына келетін болсақ, бидғат – Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейін пайда болған барлық нәрсе. Бидғаттың сөздік мағынасын негізге алған анықтама бойынша, діни мәндегі амал мен іс-әрекеттерден басқа күнделікті өмірге қатысты кейіннен пайда болған жаңа пікірлер, амалдар мен әдеттер де бидғат болып есептелген. Бидғатты осылай қабылдағандардың қатарына Имам Шафиғи бастаған Науауи, Иззеддин ибн Абдуссәлам, Мәлики мәзһабы өкілдерінен Шахабаддин әл-Қарафи, Зурқани, Ханафи мәзһабын ұстанушылардан Ибн Абидин, Хәнбали мәзһабынан Әбул Фараж ибн әл-Жаузи, Заһирилерден Ибн Хазм жатады. Бұл көзқарасты ұстанған ғалымдар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалардан жеткен кейбір риуаяттарға сүйенген. Мәселен, бңр риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): Кімде-кім мұсылманшылыққа сара бір жол өзінен кейінгілерге үлгі болса, осы жолмен жүргендердің сауабынан ештеңе кеміместен тура сондай сауап сол жолды салғанға да жазылады. Кімде-кім жаман жолға бастаса, өзінен кейінгілер де осы жолға түссе, бұл жолмен жүргендердің күнәларынан да ештеңе кеміместен тура сондай күнә осы жолға бастағанға да жазылады» - деген. Әзірет Омар да тарауық намазын жамағатпен оқығандарды көргенде: «Бұл неткен жақсы бидғат», - деген. Бидғат кейіннен пайда болған барлық нәрсені қамтиды деген көзқарастағы ғалымдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерде қарсы шыққан бидғатпен әрбір дәуірде күнделікті өмірге мәжбүрлі түрде енген бидғаттардың арасын ажыратудың жалғыз жолы ретінде оны істеген жағдайда қаупі жоқ «жақсы бидғат» (бидғат-и хасана, бидғат-и махуда, бидғат-и һуда) және тыйым салынған «жаман жаңалық» (бидғат-и сәйиә, бидғат-и мадмума, бидғат-и далал) деп екіге бөлуді жөн санаған. Құранды кітап халіне келтіру, тарауық намазын  жамағатпен оқу, мұнара мен медресе салу – жақсы бидғатқа мысал болса, қабірлердің үстіне күмбез салып, ол жерлерге шырақ жағу – жаман бидғатқа мысал бола алады. Міне, бұл хадистерде қабылданбаған жаман бидғат.

Бидғатты тар ауқымда түсінгендерге келер болсақ, олар бидғатқа: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейін пайда болған және дінге жаңадан қосылған немесе алынып тасталған барлық нәрсе» деген түсініктеме берген. Бұл топтағылардың көзқарасы бойынша, дінге қатысы жоқ және діни мәні жоқ нәрселер бидғат болып саналмайды. Сондықтан да, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар бидғат ұғымынан тыс қалады. Тар ауқымдағы бидғат түсінігіне ие болғандар бұл көзқарастарына дәлел ретінде «Істердің ең жаманы – кейіннен пайда болғандар», «Кейіннен пайда болған әрбір нәрсе – бидғат» және «Әрбір жаңалық – бидғат және әрбір бидғат – адасушылық» деген мағынадағы хадистердің жалпылама мәнін негізге алған. Бұлар бірінші топтың дәлел ретінде сүйенген хадистеріне де өз көзқарастарына сай түсінік берген. Мысалы, жоғарыдағы хадисті «Кімде-кім мұсылманшылықта сара бір жол салса және бұл сара жол өзінен кейінгілерге үлгі болса» деген мағынасында емес, «Кімде-кім Исламда жақсы бір жол (сүннетті) жандандырса» деген мағынада түсінген. Әзіреті Омардың тарауық намазын жамағатпен оқығандарды көріп, «бұл неткен жақсы бидғат» деген сөзіндегі «бидғат» сөзін терминдік мағынасында емес, сөздік мағынасында қолданған.

Бидғат жайындағы көзқарастарымен және осы мәселеге арнап жазған «Әл-Иғтисам» атты еңбегімен жұрттың назарын аударған Шатыби бидғатқа «кейіннен пайда болған діни кейіптегі жол» деп анықтама берген. Ол бұл бидғат жолына адамдардың Аллаға көбірек құлшылық қылайын деген ниетпен кіретіндіктерін айтады. Ал діни кейіпте болмаған, діни мәні жоқ мәселелер бидғат болып саналмайды. Мәселен, бір адамның халал болған бір нәрседен өзін тыюы биғдат емес, ал егер мұнысын діндарлыққа себеп деп санаса, онда ол бидғат болып есептеледі. Осы тұрғыда бидғаттың жақсы не жаман болып сипатталуы негізі дұрыс нәрсе емес, нақтырақ айтсақ, жақсы бидғат деген нәрсе жоқ. «Жақсы бидғат» деп аталып жүргендер, негізінде бидғат емес нәрселер. Екінші бір жағынан сүнниттік кәламшылар «әһли бидғат/бидғат иесі» сөзі арқылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалардың ақидасынан ауытқыған мұғтазила, шиит, харижиттер, қадария, жабрия секілді ағымдарды меңзейді.

 материал «Ислам дегеніміз не?» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: