22
Жұма,
Қараша

һижри

Сауап пен жаза мәселесі

Сауап пен жаза мәселесі

Ақида
Жарнама

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Ұлы Алла – шексіз әділет иесі. Сол себепті, Алла Тағала мұсылман мен кәпірді, жақсы мен жаманды тең тұтпайды. Әркімнің жасаған іс-әрекетіне қарай сый немесе жазасын береді. Адамдардың өздері ойлап тапқан ең қарапайым жүйенің өзінде де «сый» және «жаза» деген ұғымдар бар, әрі бұл ұғымдар күнделікті өмір тынысында қолданылатын жайт.

Ынталандыру мен көтермелеуден басқа ескертулер мен ықпалшаралар бар. Егер осы ұғымдар адамдардың қарапайым жүйелерінде орын алып жатса, онда он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағала бұларды қолдануы заңдылық. Сондықтан Алла Тағала пенделерін бойсынуға бұйырып, оны орындағандарға сауабын беріп, жамандықтан тыйылуды бұйырып, оны орындамағандарға жазасын уәде етті. Бойсынғандарға жәннат пен оның рахатын дайындаса, күнаһарларға тозақ пен оның азабын дайындады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бұл Алланың қойған шектері. Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы. Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келіп Оның шектерінен шықса, ол ішінде мүлде қалатын отқа кіргізіледі. Оған қорлаушы азап бар» деген («ән-Ниса», 13-14). Сол үшін ақыретте бойсынушылар үшін сауап, күнаһарлар үшін жазаның барлығына мүмин иман келтіруі – міндет (уәжіп), ал мойындамаған кісі діндегі белгілі болған маңызды істі қайтарғандығы үшін имансыз болады.
Олай болса бұл тақырыпта сөз қозғаған ғалымдарымыз көбінше екі маңызды жайды ұғындырады. Біріншісі Алла Тағаланың істеріне қатысты яғни Алла Тағала өз істерінде адал мен арамды айтуда, сауап пен жазаны беруде және с.с. нәрселерде бір нәрсеге міндетті ме? Әрине жоқ, Алла Тағала еш нәрсеге де міндетті емес. Алла Тағала барлық жаратылыстың Патшасы. Алла пендеге сауапты Өзіне міндет болғаны үшін емес, пенденің бойсынғаны үшін береді. Ал жазаны әділдігімен береді, өйткені күнәһарлар Аллаһтың әміріне және тыйымына өз ерктерімен қарсыласты да, жазаға лайық болды. Бұл пікірге қарама-қайшы Муғтазилия ағымының өкілдері «Аллаһ лайықты болғандардың ішінде өте лайықтысын жасайды. Аллаһтың лайық болмағанды жаратуы, Оның хикмет иесі екендігіне селкеу түсіреді. Сондықтан, өте лайықты іс-әрекет ету Аллаһқа уәжіп» деп түсіндірді. Бұған қарсы Әһлі сүннет ғалымдары жауап қайтарды. Солардың бірі имам Матуриди (р.а): «Алла Тағала жаратылғандардың алдында белгілі-бір іс-əрекеттерді жасауға міндетті емес. Алладан бір нəрсенің жасалуын уəжіп көруіміз, Оны жауапқа тартуымызбен бірдей ұғым. Ал, Алла мұндай кемшіліктен ада» дейді.
Ал, Имам Нәуәуи (р.а) осы жөнінде: «Әһлі сүннет мазһабы Алла Тағалаға еш нәрсе уәжіп емес дейді, Алла ондайдан ұлық. Барлық әлем оның мүлкі, дүние мен ақырет оның басшылығында, оларға қалағанын жасайды. Егер барлық бойұсынушылар мен салих құлдарын азаптап оларды тозаққа саламын десе оның әділдігінен болатын еді. Ал егер оларды құрметтеп жұмаққа кіргіземін десе ол ісі оның фазылынан (нығметінен) болатын еді. Егер азаптаса оларға зұлымдық жасаушы емес, ал егер кәпірлерді нығметке бөлеп жұмаққа кіргізсе де ол өз қалауында. Бірақ олай жасамайтындығын Құранда хабар берген, оның барлық хабарлары хақиқат» деп көрсеткен.
Ақиқатында Алла Тағалаға еш нәрсе міндет болмайды. Тіпті құлшылық қаншалықты көбейсе де, Алланың пенделеріне берген нығметтерінен болған бір нығметке шүкір етуге жетпейді. Құлшылықтың пайдасы Алла Тағалаға емес, жасаушы пенделерге қайтады. Өйткені Алла Тағалаға құлшылықтан пайда, жамандықтан зияндық жетпейді, егер Алла пендесін сауаптап жатса, рақым еткені, ал жазалап жатса, әділдік еткені, оған ешкімнің хақысы жоқ.
Ал екіншісі, адамның іс-әрекеттеріне қатысты яғни пенденің қалау еркі жайлы. Бұл жайлы әртүрлі адасқан пікірлер де болған. Мысалы, Жәбрия ағымы бойынша, «адамда қалау, таңдау еркі жоқ. Олардың пайымдары бойынша пенде бейне бір программаланған робот секілді маңдайына жазылғанды ғана жасайды». Ал Муғтазила ағымын ұстанушылар «пенде барлық ісін өзі жасайды. Алланың бұған ешқандай қатысы жоқ. Яғни, пендеде маңдайына жазулы тағдыр болмайды, ол өз тағдырын өзі жасайды» дейді. Ал, біз әлбетте бұл пікірлерге қосылмаймыз. Себебі, адам таңдау еркі арқылы қандай да бір істі қалауға құқылы.Осыған байланысты имам Матуриди (р.а.) Алла тағаланың бүтін болмысты жаратқанын, болмыстағы әрбір нәрсе Алланың жаратылысы екендігін және бұл мәселеде Алладан басқа ешкім ешнәрсені жарата алмайтындығын алға тартып, Алла тағала адамның таңдауына қарай қарымтасын береді. Яғни, жақсылықты қалауына қарай сауап, жамандықты қалауына қарай жаза беру – Алланың хикметі. Бұл біржағынан Алланың әділеттілігін көрсетеді. Сол секілді Имам Матуриди р.а. «адамның қабілеті бар және осы қабілетімен бірге қалау құқығына ие. Адам осы қабілеті және қалауымен не жаза, не сауап алады» дейді.
Қорыта айтқанда, Адам өз бойындағы әр ісін қадағалап отыруы қажет. Жақсылыққа ұмтылып, амалымызды сауапты амалдардан болғанын тілеп, ізгі ниетімізбен Алланың разылығын іздеу – мұсылманның міндеті.

Төлеген Арғынбайұлы,

«Әлжана ана» мешітінің наиб имамы 

Бөлісу: