22
Жұма,
Қараша

һижри

Жын-шайтандар әлемі

Жын-шайтандар әлемі

Ақида
Жарнама

Жындар әлемі адамзат баласы үшін қызықты да жасырын бір тылсым әлем. Жындардың болмысы олардың жаратылу ерекешеліктері, тіршілік етуі туралы біраз ақпарат белгілі.

Ал енді осы жындардың адам баласына берер зиян зарары жайлы айтпақпыз. Жын-шайтандар Адам атаға рух берілмей тұрып оған күндес болып, қызғаныш көзбен қараған. Міне сол сәттен бастап оның адамға деген дұшпандығы басталған. Жын-шайтандар адам баласының ең үлкен дұшпандарының бірі. Құранда: «Шындығында шайтан сендерге дұшпан, сондықтан да оны дұшпан тұтыңдар. Расында ол өзінің тобын тозақ тұрғындарына айналуға шақырады» («Фатыр», 6).

Жын-шайтандар адам баласының бұл дүниедегі ең негізгі мақсаттарының бірі — Құдайға құл болып, оған бой ұсынып шынайы құл болуға кедергі жасайды. Аллаға барар тура жолда көлденеңнен кескестеп адам баласын адастыруға бар күшін салады. Олардың мақсаты — адам баласын жамандыққа, лас болған амалдарға итермелеу. Адам баласына әр тараптан келіп, адамның әлсіз жерін іздеп, оның соңына түседі. Құранда: «Ол (шайтан): «Маған олар қайта тірілетін күнге дейін бір мұрсат бер», - деді. Ол (Алла): «Расында сен мұрсат берілгендерсің», - деді. Ол (шайтан): «Мені азғырғаның үшін оларды Сенің тура жолыңның қасында аңдып отырамын. Сосын мен олардың алдарынан, арттарынан, оңдарынан, солдарынан келемін. Сонда Сен олардың көпшілігін шүкірлі күйде таппайсың», – деді» («Ағраф», 14-17).

Адам баласын азғыру, Аллаға серік қосудан бастап шариғат тыйым салған амалдармен жалғаса береді. Адамдардың кейбірін күпірлікке итермелеп кәпір қылса, иман келтірген мұсылмандарын Алланың қойған шектерінен шығып күнә жасауға үгіттейді. Күпірлікке бұйыратындығы жайлы Құранда: «Ол адамға: «Күпірлік ет (бойсұнба)» деп, ал ол күпірлік еткен (бойсұнудан бас тартқанда) кезде: «Негізінен менің саған қатысым жоқ. Шын мәнінде, мен әлемдердің Раббысы – Алладан қорықамын» деді» делінген («Хашр» сүресі, 16-аят).

Қазіргі таңда өзін мұсылманамын деп жүрген адамдардың шариғат шегін аттап жүргенін көреміз. Жын-шайтандар мұсылманды кәпір етіп дінінен шығара алмаса да, оны бақытсыз ететін күнә амалдарға итермелейді. Құранда: «Шын мәнінде, ол сендерге жамандық пен жиіркенішті істерді әрі Алла туралы білмейтіндеріңді айтуды бұйырады» («Бақара» сүресі, 169-аят); «Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?» («Мәида» сүресі, 91-аят).

Ия, қоғамда арақ ішіп, отбасын тастап, бала шаға алдында ата-аналық парызын өтемей, ең сорақысы үлкен қылмысқа барып жатқан құбылыстарда да шайтандардың үлесі бар екен. Құмар ойын ойнап, қарызға батып өз-өзіне қол жұмсауда да олардың үлесі бар екен. Бұл азғырудың бер жағы. Шайтанның адам баласына жасатқан ең азғын әрекеттерінің бірі — адамның жаратылыс сипатын өзгертуі. Құранда Алла Тағалаға жын-шайтандардың атасы Ібіліс адам баласына оның жаратылыс болмысын өзгертуге бұйыратындын айтады «Алла оған (шайтанға) лағынет айтты. Сонда ол (шайтан) былай деді: «Мен қайткенде де сенің құлдарыңнан бір бөлігін аламын. Мен оларды адастырамын, үміттендіремін, оларға түліктердің құлақтарын кестіремін, оларға бұйырамын, сонда олар Алланың жаратылысын өзгертеді». Кімде-кім Алланы қойып шайтанды жақын, жанашыр тұтатын болса, ол орны толмас қасіретке ұшырайды. Ол (шайтан) оларға жалған уәде беріп, үміттендіреді. Бірақ шайтан оларға азғырудан басқа ештеңе де уәде ете алмайды» («Ниса», 118-120).

Қазіргі қоғамымызда пайда болған еркектік болмысын әйелге, әйелдік болмысын еркекке ауыстыру, еркек пен еркектің үйленуі, әйел мен әйелдің үйленуі секілді өз табиғи болмыстарынан ауытқулары шайтанның тікелей азғыруымен болып жатқан құбылыстар. Аятта айтқандай олар адам баласын мәжбүрлей алмайды, тек қана оған жалған үміт беріп оны азғыра алады. «Сенің өз таңдауың», «Сен дұрыс таңдау жасадың», «Әркім өз таңдауымен бақытқа жетіп ләззәт алуға құқылы»-деген секілді жалған үміттер беріп өз жаратылысына қарсы шығуға үгіттейді. Осы арқылы жын-шайтандар қоғамда имансыздық пен арсыздықтың көбеюін көздейді. 

Өмірбек Абдусамат, 

«Әл-Ғани» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: