22
Жұма,
Қараша

һижри

Ислам ақидасының ерекшеліктері

Ислам ақидасының ерекшеліктері

Ақида
Жарнама

Ислам ақидасының өзге сенім жүйелерінде кездеспейтін басты ерекшеліктерінің бірі, анық әрі түсінікті болуында. Ислам ақидасында ешқандай түсініксіз, құпия не қалтарыс қалған мәселе жоқ.

Әлемді құдіретімен орын-орнымен, ретпен, тәртіппен жаратқан Ұлы Жаратушы Жаббар Ие Аллаға иман ету басты міндетіміз. Бұл әуел бастан басы ашық һәм айқын ұстаным. Бүтін әлемдердің иесі жалғыз Аллаһ. Аятта да:«Аспан мен жерде болмаған нәрселердің бәрі Оныкі. Барлығы Оған мойынсұнған» (2.Бақара-116) деп, өзге сенімдердегі тәрізді үштік, дуализм секілді тұманды жайттардан ислам ақидасының толықтай пәк екендігін білдіреді.

Ислам ақидасы тұрақты әрі өзгермейтін ақида жүйесі

Ислам ақидасы артуды, кемуді, өзгеруді қабыл етпейтін тұрақты ақида жүйесі. Қандай да бір рухани мәслихат, құрылтай, съезд, діндер лигасы, дін ғалымдарының ақидада жоқ нәрсені оған енгізуге немесе одан алып тастауға құқықтары жоқ. Ал мәселе, керісінше болған жағдайда ондай кісі діннен шығады немесе адасушы мұсылман үкімін алады. Себебі, Құранда Алла Тағала: «Немесе дін тұрғысынан Алла бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма?» (42.Шура-21) деп, кейіс білдіреді. Бұл тақырып жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кім де кім біз жайында бізде болмаған бір нәрсені шығаратын болса, қабыл етілмейді» (Бухари, Сулх 5; Муслим, Ақдия 17).

б) Ислам ақидасы - адамның жаратылысына ең ыңғайлы сенім жүйесі

Ислам ақидасы адамның ішкі жан дүниесіне, болмысына қайшы келмейтін сенім жүйесі болып табылады. Құранда бұл жайында: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Бәрінен бет бұрып, жүзіңді ислам дініне жөнелт. Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» (30.Рум -30), – делінген.

Ислам ақидасы нақты дәлелге сүйенеді

Ислам ақидасы Құран мен хадис үкімдеріне сүйенгендіктен, кейбір сенімдердегідей «көзіңді жұм да, артымнан ер» деген шолақ түсініктен аулақ. Ислам ақидасы адамзатқа иман негіздерін түсіндіргенде кез-келген мәселені анық дәлелдермен келтіреді. Мысалы, Құранда Алланың бар және бір екендігімен қоса, кәміл сипаттарын жеке-жеке түсіндіретін тұстары кездеседі. Сол секілді әлемнің жаратылысы, адамның жаратылысы және тарихта болған кейбір оқиғалар да келтірілген. Сондай-ақ, Құран Кәрімде өлгеннен кейін қайта тірілу мәселесі адамның алғаш жаратылысымен барабар, һәм аспан мен жердің қалай жаратылғандығына теңей отырып нақты дәлелдермен түсіндіріледі (бұл тақырыпқа байланысты мәселелер «Ақыретке иман» бөлімінде кеңірек баяндалады).

Ислам ақидасы орта жолды ұстанады

Ислам ақидасы бірқатар сенім жүйелерімен салыстырғанда (табиғаттан тыс күштерге, өзге де беймәлім алапат күштерге, бір құдайға емес, бірнеше құдайға сенім, адам өлгеннен кейін оның жаны басқа тәнге өтетініне сенім т.б.) нағыз орта жолды ұстанады. Сондай-ақ, ең негізгісі Аллаға ешқандай серік қоспастан басқа құдайлардың жоқ екендігіне деген сенімге құрылған. Бұл жайында аятта былай делінеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Егер білсеңдер жер жүзі және жер бетінде болғандар кімдікі?» - де. Олар дереу: «Аллаһтікі», - дейді. «Ендеше одан неге тағылым алмайсыңдар?», - де. «Жеті қабат көктің Раббы және ұлы ғарыштың Раббы кім?»,- де. «Алла»,- дейді. «Онда оның қаһарынан қорықсаңдар етті»,- де. «Барлық жаратылыстың иелігі кімнің қолында? Біле білсеңдер, айтыңдаршы адамдарға пана бола алатын кім? Оған қарсы тұра алатын кім, бәріне пана бола алатын кім?»,- деп сұра. «Алла»,- дейді олар. «Сендер қалайша алдандыңдар?»,- деп сұра» (23.Муминун, 84-89).

Ислам ақидасы Алланың сипаттары жайында да орта жолды ұстанады. Яғни, яхудилер секілді Алланы адамға (Алла сақтасын!) ұқсатудан аулақ. Сонымен бірге, мұсылмандық сенім Алланы нұқсан сипаттардан пәк деп қабыл етеді. Аллаyы басқа бір бейнеге ұқсату мүмкін емес, өйткені Ол жаратылған ешқандай затқа ұқсамайды.

Себебі, бұл жайт Құранда: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла әр нәрсені естуші, толық көруші» (42.Шура-11), - деп, айдан анық айтылады.

Исламның ақида жүйесі өзге сенімдегілермен қарым-қатынаста да орта жолды ұстана отырып, олардың сенімдеріне қолшоқпар да болмайды һәм оларды даттамайды. Өйткені, бұл жол – ең дара, ең тура, ең үлгілі және ең ақиқи жол. Сондықтан ешкімнің сеніміне қосылмайды. «Менің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер, бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді Құдай жолынан тайдырады. Тозақтан сақтануларың үшін сендерге Алла осы істерді өсиет етеді» (6.Әнғам-153). «(Мұхаммед (с.а.у.)) Онда Аллаға тәуекел қыл. Өйткені, сен нағыз таза дін жолындасың» (27.Нәміл-79).«(Мұхаммед (с.а.у.)) Сен сондай өзіңе уахи етілген Құранға жабыс. Сен шын мәнінде тура жолдасың» (43.Зухруф-43) аяттары өзге сенімге жалтақтаудың қажеті жоқ екендігін, әрі ең тура жол исламның бұйырған шынайы жолы екенін пай етеді.

«(Мұхаммед (с.а.у.)) Міне сол үшін ақиқатқа шақыр, бұйырылғандай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: Алла келтірген кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың, біздің ісімз - бізге, сендердің істерің - сендерге тән. Біздің өзара тайталасуымыздың жөні жоқ. (Қиямет күні) біздің басымызды бір жерге қосатын Алла. Соңғы баратын жеріміз де Алланың құзыры» (42.Шура-15). «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән, де» (109.Кафирун-6). «(Мұхаммед (с.а.у.)) Егер сені өтірікші етуден танбаса, онда: «Менің іс-әрекетім өзім үшін де, сендердің іс-әрекеттерің өздерің үшін. Менің ісімнен сендер аулақсыңдар, мен де сендердің істеріңнен аулақпын»,- деп айт» (10.Юнус-41) аяттары біздерге өзге дін иелерімен қалай қатынас жасау мен мәмле жасау керектігін үйретеді. Демек, өзге дін иелеріне қарсы ешқандай орашолақ әрекетке бармағанымыз абзал екен. Ең дұрысы өзге жолды ұстанған жандарға айтар бір ғана мәселе бар. Ол өзге діндегілерді хақ дін исламға үндеу: «Рас! Мен мұсылмандарданмын деп Аллаға шақыра отырып, ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?» (41.Фуссилат-33). Сонымен бірге, ислам әмәнде күштеп, зорлап дінге кіргізуге қарсы. Құранда сенім еркіндігі жайлы: «Бұл хақиқат (Құран) Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа сенсін, кім қаласа қарсы келсін» (18.Кәһф-29), ‑ деп, анық ескертілген.

Олай болса, Жаратушыға деген сенім - әркімнің өз қалауында. Алла және бір аятта былай дейді: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық азғындықтан ажыратылды» (2.Бақара-256).

Ислам ақидасы пайғамбарларға иман ету мәселесінде де орта жолды ұстанады. Ешқандай пайғамбарды құдай дәрежесіне көтермейтін өз алдына, сол секілді ешбір пайғамбарды ең төмен адам деңгейіне де түсірмейді. Ислами ақиданың қағидасы бойынша пайғамбарлар да адам. Бірақ, Алла оларға уахи беру арқылы мәртебесін көтерді және үлкен күнә істеуден қорғап, Өз бақылауына алып, оларды барлық жағынан адамдарға үлгі етті.

материал «Иман негіздері» кітабынан алынды

ummet.kz

 

Бөлісу: