22
Жұма,
Қараша

һижри

Ханафи мәзһабы бойынша ғұсылдың парызы

Ханафи мәзһабы бойынша ғұсылдың парызы

Ақида
Жарнама

Ханафи мәзһабынша ғұсылдың парызы – үшеу:

Ауызды сумен шаю (мадмада). Ауызды сумен шайғанда, тамаққа дейін апарған абзал.

Мұрынға (кеңсірікке  дейін)  су  тарту (истиншақ).

Тұтастай тұла бойын сумен жуу. Яғни, шаш пен сақалдың түбіне, құлақ пен кіндіктің ойығына түгелдей су тиюі тиіс. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Әрбір шаштың түбінде жүніптік  бар.  Сондықтан  шаштарыңды жуыңдар. Денені де жақсылап тазалаңдар»[6].

Ханафи мәзһабында, қиындық келтіретін жағдайда ғұсыл құйынатын әйелдердің өрген шаштарын ашып жуғаны қажет емес. Тек қана өрілген ұзын шаштардың түбіне су барса, жетіп жатыр. Хазіреті Айша былай дейді: «Біз өрілген шаштарымызды жаймай-ақ жуынатынбыз».

Кейде адам асығыстықтан денесінің кейбір мүшесін жууды ұмытып кетіп, кейіннен есіне түссе, қайта ғұсыл алудың қажеті жоқ. Тек қана сол жерді жуса, жетіп жатыр. Бірақ парыз намазын оқып қойған болса, қайта оқуы керек.

Ғұсыл  алған  адамның  егер  тісі  алтын,  күміс секілді нәрселермен қапталған, ойықтары толтырылған болса, ғұсылға кедергі етпейді. Өйткені, бұл жараға таңған орауыш секілді. Орағыштың бетіне мәсіх тарту қандай болса, бұл да сондай. Ханафилардың атақты ғұламаларынан Кәсанидің «қапталған тіс – тістің рөлін атқарады» деген фәтуасы бар.

Жүніп адам ғұсыл алу ниетімен аузы мен мұрнын сумен шайқап, одан кейін көлге, өзенге, хауызға сүңгісе немесе – жауын астында тұрып, барлық денесіне су тисе, ғұсыл алған болып саналады. Жүніп мұсылман тәндік тұрғысынан лас саналмайды. Мұндай жағдайда дәрет алып, тым болмаса қолы мен аузын сумен шайып тамақ жей алады. Басқа істерін де жасай алады[9]. Жүніп – рухани ластық. Ондай адаммен амандасуға да, әңгімелесуге де болады. Хазіреті Хузәйфә сахаба былай дейді: «Алла Елшісі (ﷺ) сахабаларымен кездескенде қол алып амандасатын. Жақсы тілек, бата беретін. Бір күні таңғы уақытта Алла Елшісін (ﷺ) көрдім. Бірақ көрмей қалған адамдай бұрылдым да, басқа жаққа қарай кетіп қалдым. Кейіннен сәске кезінде қайтадан алдына бардым. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) маған қарап: «Мен сені көрген едім, бірақ сен дереу бұрылып кетіп қалдың. Неліктен бұлай жасадың?», – деп сұрады.

«Пайғамбарым, мен ол кезде жүніп едім. Менімен қол  алысып  амандасуыңнан  қорқып,  бұрылып  кетіп қалдым»,  –  дедім.  Алла  Елшісі (ﷺ) сонда:  «Мұсылман ешқашан лас болмайды» деп жауап қатты».

Ғұсыл құйынған адамның дәреті де болады. Яғни, жекелей дәрет алудың қажеті жоқ. Өйткені, ғұсыл алған адам барлық мүшесін жуады. Дәреттің парыздары да соның ішіне кірмейтін бе еді?! Бұған байланысты Хазіреті Айша айтады: «Алла Елшісі (ﷺ) ғұсыл құйынып, таң намазының сүннеті мен парызын оқитын. Оның ғұсылдан кейін дәрет алғаны есімде жоқ».

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: