22
Жұма,
Қараша

һижри

Имам Матуридидің иман жайындағы көзқарасы

Имам Матуридидің иман жайындағы көзқарасы

Ақида
Жарнама

Имам Матуридидің иман жайында ұстанған пікірлері төмендегідей:

Иман мен ислам жайындағы көзқарасы. Имам Матуриди бойынша, иман – иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ), сенімін тілмен айту (иқрар). Егер адам тілімен иман келтіріп, бірақ жүрегімен бекітпесе, онда ол иман еткен болып есептелмейді. Сол секілді ешқандай қиыншылыққа ұшырамастан сенімін тілімен айтпаса, яғни иманын жасырған кісі де мумин бола алмайды. Өйткені, ешқандай кедергісіз сенімін тілмен айтпау жүректегі иманын бекітпеген болып есептеледі. Иманның мекені жүрек болғандықтан, жүрекке орныққан иманға үкім етуге, яки оны күштеп шығаруға ешкімнің құдіреті жетпейді.

«Иман мен Ислам тілдік жағынан мағыналары бөлек сияқты көрінгенімен, діни тұрғыдан қамтитын ұғымдары бір» дейді Имам Матуриди.

Иман дегеніміз – Алланың барлығына, бірлігіне, серігі мен ұқсасының болмағандығына, барлық нәрсе Оның қалауы мен жаратуының нәтижесінде болатындығына жүрекпен сеніп, оны тілмен айту. Ислам дегеніміз – адамның өзін толығымен Аллаға тапсыруы, Оның әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылу, діни міндеттерді шынайлықпен іске асырып, Аллаға толық сеніммен құлшылық жасау. Бұл айтылған тұжырымдар да, иман мен исламның мағыналық тұрғыдан айтарлықтай айырмашылықтарының жоқ екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, иман еткен бір жанға мұсылман емессің деп айту қаншалықты дұрыс емес болса, исламның шарттарын орындаған адамға да мүмин емессің деп айта алмайсыз. Қысқаша айтқанда, ислам – Алланы тану, білу (мұның орны - кеуде). Ал, иман болса, Алланың Жаратушы екендігін білу (мұның орны - кеудедегі жүрек). Яғни, бірінсіз бірі жоқ.

Мағрифат Алланы сипаттарымен танып білу, мұның орны көңілде, ол да жүректің ішінде. Таухид Алланы жалғыз деп тану, мұның орны сыр, ол көңілдің ішінде. Сөзімізді мына аятпен бекітіп алуымызға болады: «Алла – көктер мен жердің нұры. Оның нұрына мысал: Ішін де жарық бар қуыс сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек бейне інжудей бір жұлдыз. шығыста батыста болмаған берекеті зәйтун майымен тамызылады. Тіпті от тимей-ақ, оның майы жарық бергелі тұр. Нұр үстіне нұр. Алла қалаған кісіні өз нұрына бөлейді. Алла адамдарға осылай мысал береді. Алла әр нәрсені толық білуші» (24.Нұр-35).

Имам Матуриди бойынша амал иманның бір бөлігі емес. Өйткені Құран Кәрімде: «Иман еткендер және ізгі іс істегендер... (иннәл-ләзина әмәну уә амилус салихат)» деп келетін көптеген аят бар. Бұл аяттарда иман мен амал бір-бірінен бөлек етіп көрсетілуде және иман еткен кісіге амалдан бөлек ретінде «мумин» деуде. Егер амалды иманға кіргізетін болсақ, амалмен байланысты үкімдерде кейде нәсх (кейінгі үкім алдыңғы үкімнің күшін жою) болғаны секілді иман негіздерінде де нәсх болу керек еді. Бірақ, иман мәселелерінде нәсх (күшін жоюшы жаңа үкім) болмайды. Бұл да иман мен амалдың бөлек ұғымдар екендігін білдіреді.

Иман біртұтас ұғым, онда арту-кему деген болмайды. Иман, пенденің Аллаға берген нақты уәдесі. Ал егер адамның: «Иншалла» немесе «Алла қаласа мен муминмін» деп айтуы, Аллаға берген уәдесінің бұзылуына, күшін жоюына себеп болады.

Таухид жайындағы көзқарасы. Алла бар, жалғыз, серігі мен ұқсасы жоқ. Ол болмысы мен істері тұрғысынан да жалғыз. Біз Аллаға иман етуімізбен жауаптымыз. Алланың болмысына және істеріне қатысты сипаттары бар. Бұл сипаттар Алланың болмысымен бірге, бірақ, ол сипаттар Жаратушының болмысының өзі де емес, одан бөлек те емес.

Алланың ақыретте көрінуі (руятуллаһ). Имам Матуридидің пікірінше, мумин пенделер ақыретте Алланы қос жанарымен көреді. Құран және хадисте бұл мәселеге дәлелдер бар.Бірақ,. Алланы қалай көретіндігіміз беймәлім (яғни, тікелей мағынасындағы екі көзімізбен бе, әлде көкірек көзімізбен бе).

Ал Алланың көрінетіндігіне дәлел ретінде мына аятты келтіруге болады: «Көздер Оған жете алмайды. Ол көздерді көреді» (6.Әнғам – 103).

Бұл аят бойынша, Алланың көрінуі мүмкін болмағанда «идрак» деген сөздің алдына болымсыз жауапты білдіретін «лә» әріпінің қойылуында құпиялық болмас еді. Себебі, Алла көруге мұқтаж емес бола тұра өзгелерді (идрак) көре алады. Ал пенделер болса, барлық нәрсеге көру арқылы көз жеткізеді. Сондықтан, пенделер көре алмайтын болса «идрак» сөзінің алдындағы болымсыз әріптің де ешқандай мағынасы болмас еді.

Екіншіден, Хазіреті Мұсаның (а.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін», - деуі Алланың көрінетіндігінің мүмкін екендігіне дәлел бола алады. Өйткені, Хазіреті Мұса Алладан мүмкін емес нәрсені талап етуі, Оның Жаратушы Иесін толық білмейді деген ұғымға келеді. Ал сауатсыз бола тұра, оның пайғамбар болуы ақылға қонымсыз жайт.

Үшіншіден, «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап Раббысына қарайды» (75.Қиямет, 22-23) аяты Алланың көрінетіндігіне басты дәлел бола алады. Осы айтылған мәселелер бойынша Алла ақыретте муминдерге көрінеді. Бірақ, Имам Матуриди бұл жерде мына мәселені айтып өтеді: «Алланың ақыретте көрінетіндігін оймен елесте- те алмаймыз және де оны ақли дәлелдер арқылы жеткізу мүмкін емес. Сол үшін ешқандай жорамалға, тәпсірге жүгінбестен мұның солай болатындығына толықтай сену керек». бв) пенденің іс-әрекеті: Имам Матуридидің айтуы бойынша іс-әрекет жасауда адамның қалау еркіндігі бар. Өйткені Құранда: «Қалағандарыңды істеңдер. Сөзсіз Алла не істегендеріңді толық көруші» (41.Фусси- лат-40); «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істесе, ол оны көреді. Ал кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» (99.Зилзал, 7-8), - деген. Бұл да адамдардың іс-әрекетін өздері жасайтындығын білдіреді. Алайда, адам іс-әрекетін өзі жасағанымен оны жарату мен іске асырушы Алла болып табылады. Себебі, мына аят осының айғағы: «Аллаһ сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жаратты» (37.Саффат-96). Бұл жерден адамның қалау еркінің күші жоқ деген қорытынды тумауы ләзім. Себебі, адам өз ықтиярымен іс-әрекет жасауға ниеттенген кезде, Алла оған сол іс-әрекетті істеу күшін береді де, ісін жаратады. Бұл күшті «иститағат» деп атайды. Иститағат – жаңаланып отыратын күш, яки құдірет деген сөз. Адамның сауап немесе күнә алуы оның мақсатына байланысты жасаған іс- әрекеті болып саналады. Мақсатсыз жасалған іс-әрекет үшін сауап жазылмайды (мысалы, ұйықтау, тыныс алу, отырудың мақсатқа ешбір байланысы жоқ болғандықтан, бұл үшін адам Алла алдында жауап бермейді).

Имам Матуриди бойынша адам өлтіру, зина жасау секілді үлкен күнәлар адамды иманнан шығармайды. Яғни, имансыз етпейді. Егер мұсылман пенде үлкен күнә істеп, өмірінде сол үшін тәубе етпестен өлетін болса, жәһәннамда мәңгілік қалмайды. Ал, егер үлкен күнә істеген кісі, істеген ісі үшін өкініп, тәубе ететін болса, оның иманына ешқандай зиян келмейді және Алланың кешірімін алуы да мүмкін) Алланың кәләмы – Құран. Имам Матуридидің айтуынша, Алланың кәләмы (кәләм сипаты деген ұғым) өзінің затымен бірге болған сипат. Яғни, ол Ұлы Жаратушының әуелден болған сипаты. Алланың кәләмы әріп пен сөйлемдерден құралмайды. Өйткені, әріп пен сөйлем кейіннен жаратылған нәрселер (хадис). Кейіннен болған нәрсе қадим (әуелгі) болған Алламен бірге бола алмайды. Бұл жердегі негізгі мәселе «Құранның махлуқ еместігі» (яғни, Құранның кейіннен жаратылмағандығы жайлы) шапағат мәселесі. Имам Матуридидің айтуына қарағанда, шапағат негізінен күнәһарлар үшін беріледі. Күнәсіздердің бұған зәрулігі жоқ. Алла Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) сый ретінде ақыретте күнәһар муминдерге шапағат ету мүмкіншілігін берген. Сондай-ақ, Алла тәубе мен жарылқау тілегендерді кешіретіндігін білдірген. Олай болса, Пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына іліккен пенденің Ұлы Жаратушы тарапынан кешірілуі әбден мүмкін. Себебі, олар үлкен күнәға бой алдырғанымен, имансыз емес-тін. Алланың барлығына, бірлігіне сенгендіктері және иман негіздерінің бәрін қабыл еткендіктері үшін, әлбетте ақыретте Пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына ілігуі бек мүмкін.

материал «Мәзһабтар тарихы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: